Қаллибек Қуанышбаев атындағы театр

Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театры

647
(Жаңартылды 17:11 21.02.2019)
Қаллеки театры Қазақстанда ғана емес, шетелге де гастрольдік сапармен барып, спектакльдер қойып жүр

Астана қаласындағы Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры 1991 жылы 15 қарашада ашылды. Алғаш рет театр сахнасында Ғабит Мүсіреповтің "Ақан сері — Ақтоқты" атты трагедиясы қойылды. Бұл қойылымды театрдың негізін қалаушы әрі дарынды режиссер Жақып Омаров сахналады.

Қаллеки театрына кімдер жетекшілік етті

Театр өзінің ең бірінші жүлдесін 1996 жылы Уфа қаласында өткен түркі тілдес мемлекеттер арасында өткен халықаралық "Туғанлақ" театрлар фестивалінде алды. Мұнда Шахмет Құсайыновтың "Алдар көсе" музыкалық комедиясы лауреат атанған болатын. 

Бүгінгі таңда көрермен көзайымына айналған киелі шаңыраққа 1991-1996 жылдары Жақып Омаров, 1996-1998 жылдары Қазақстанның халық әртісі Қадыр Жетпісбаев, 1999-2009 жылдары кеңес одағының халық әртісі, "Халық қаһарманы" Әзірбайжан Мәмбетов жетекшілік етті.

Театр репертуарындағы қойылымдар мен актерлік құрам

2011 жылы 14 желтоқсанда өнер ордасына "Мемлекеттік академиялық театр" мәртебесі берілді. Театр репертуары классикалық өнер туындыларын заманға сай жаңартып, жаңа қойылымдармен толығып келеді. 

Тағы оқыңыз: "Астана опера" мемлекеттік опера және балет театры  

Театр репертуарында Мұхтар Әуезовтің "Абай", Шыңғыс Айтматовтың "Ғасырдан да ұзақ түн", "Аққудың көз жасы", "Қызыл орамалды шынарым", Серік Тұрғынбекұлының "Мұқағали", "Шәмші", Ұлықбек Есдәулеттің "Зере", Алексей Дударевтің "Кеш", Джон Патриктің "Қымбатты Памела", Думан Рамазанның "Абылай ханның арманы", Шерхан Мұртазаның "Бір кем дүние", Альфонсо Вальехоның "Күн сәулесі түспеген", Антон Чеховтың "Шие", Қанат Жүнісовтің "Сәкен-Сұңқар",

Рақымжан Отарбаевтың "Әміре", Жан-Мари Шевренің "Ізгілік формуласы", Уильям Шекспирдың "Отелло", Валенин Ежовтың "Тыраулап ұшқан тырналар", Мұхтар Әуезов пен Қалихан Ысқақтың "Қараш-Қараш", Олжас Жанайдаровтың "Жұт", Антон Чеховтың "Шие", Роза Мұқанованың "Сарра", Сұлтанәлі Балғабаевтың "Ең жақсы еркек", Асахмат Айларовтың "Сүрінген сүрбойдақ", Кен Кизидің "7+1", Рэй Кунидің "Туған күн", Фурио Бордонның "Қардағы көгершіннің ізі", Эркин Хушвақтовтың "Қызыл алма", Мар Байжиевтің "Тіл табысқандар" сынды қойылымдар бар. Сондай-ақ, балаларға арнап "Ер Төстік", Мария Машадудың "Күлше қыз" және Талғат Теменовтің "Ырылдақ күшік" сынды қойылымдарын театрда тамашалауға болады.

Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында режиссерлер — Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов, Нұрлан Жұманиязов пен Әлімбек Оразбеков қызмет етеді. Қазіргі директоры — Айболат Сексенбаев, көркемдік жетекшісі — режиссер, профессор Талғат Теменов. Актерлік құрамында 59 актер жұмыс істейді. Олар — Қазақстанның халық әртістері — Гүлжан Аспетова, Тілектес Мейрамов, Қорлан Қалиламбекова; Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері — Рымкеш Омарханова, Нұрзада Ташимова, Жұмагүл Мейрамова, Жанат Чайкина;

Қалибек Қуанышбаев театрындағы қойылым кезінде түсірілген сурет
© CC0 / Қаллеки театрының қорынан
Қалибек Қуанышбаев театрындағы қойылым кезінде түсірілген сурет

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері — Түймехан Атымтаева, Омар Ақыш, Қылышбай Гүлбаршын, Бақыт Исабекова, Айман Аймағамбет, Күлия Қожахметова, Лейло Бекназар-Ханинга, Кеңес Нұрланов, Боранбай Молдабаев, Мейрам Қайсанов, Ерлан Малаев, Алтынай Нөгербек, Нүркен Өтеуілов, Қуандық Қыстықбаев, Айнұр Бермұхамбетова, Сырым Қашқабаев, Жанқалдыбек Төленбаев; ҚР Жастар одағы сыйлығының иегері Ботагөз Мақсұтова, ҚР "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының иегері — Жасұлан Ерболат; Қазақстан "Серпер" Жастар одағы сыйлығының иегерлері — Сая Тоқманғалиева, Таңсұлу Баталова, Жанат Оспанов, Шах-Мұрат Ордабаев, Олжас Жақыпбек.

Сондай-ақ, театр және кино әртістері — Майра Омар, Зибагүл Карина, Ержан Нұрымбет, Самат Байыров, Бақыт Жұмғұлова, Бақытгүл Батырханова, Сұлтан Асхат, Аманжол Молдахмет, Бұғыбай Қасымхан, Жәнібек Мұсаев, Алимов Дастан, Айшолпан Ибраева, Айман Карпсейітова, Гаухар Жүсіпова, Жанар Қасымова, Айнұр Жетпісбаева, Нұрсұлтан Есен, Әбілмансұр Серіков, Ақмарал Танабаева, Алтынгүл Серкебаева, Инабат Әбенова, Айкөркем Тұранова, Ерсін Айтмұқаш, Ерғұлан Жанпейісов еңбек етеді. Ал театр оркестрінің құрамында 22 адам жұмыс істейді.

Театр тек Қазақстанда емес, шетелде де өнер көрсетіп жүр. 2000 жылы Германия Федеративтік Республикасының үлкен бес қаласына гастрольдік сапармен барды. Бұдан кейін 2001 жылы Ресей Федерациясының Омбы қаласында Астана қаласы театрының онкүндігін өткізу шарасына атсалысты. 2002 жылы Астана қаласының Мәскеуде өткен өнер күндерінің аясында "Мосовет" сахнасында Ғабит Мүсіреповтің "Қозы Көрпеш — Баян Сұлу" спектаклін сахналады. 2012 жылы 10-16 қараша аралығында Түркия Мемлекетінің Стамбул, Анкара қалаларында Думан Рамазанның "Кенесары — Күнімжан" драмасын түрік тілінде сахналап қайтты. Қоюшы режиссері ҚР еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов болды. 

Театр иеленген республикалық және халықаралық жүлделер

Шие қойылымы кезінде түсірілген сурет
"Шие" қойылымы кезінде түсірілген сурет

Терең мағыналы қойылымдарға бай театрдың ғасырдан астам уақыт ішінде алған жүлдесі мен марапаты да аз емес.

2010 жылдың қаңтар айында Иран Республикасының Тегеран қаласында мәдениет институтының ұйымдастыруымен өткен Фаджр атындағы халықаралық театр фестиваліне Мұхтар Әуезовтің "Қарагөз" шығармасымен үздік деп танылды. Спектакльдің қоюшы режиссері — халық қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетов.
Осы жылы Қарағанды қаласында өткен ХVІІ республикалық театр фестивалінде режиссер Нұрлан Жұманиязов сахналаған "Үйлену" спектаклі жүлделі II орынды иеленді.

Тағы оқыңыз: Халық әртісі Әмина Өмірзақованың өмірбаяны

Мұнымен қатар, қыркүйек айында театр Тараз қаласында өткен республикалық ХVIII Қазақстан театрларының фестиваліне Алексей Дударевтің "Кеш" драмасымен барып, гран-при иеленді. Қойылымның режиссері ҚР еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов болды.

2011 жылдың 25-27 наурызы аралығында Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына және халықаралық театр күніне арналған "Театр көктемі — 2011" республикалық аймақтық театрлар фестивалінде "Сен үшін" комедиясы "Ең үздік қойылым" номинациясын жеңіп алды. Спектакльдің авторы — Еркін Жуасбек, қоюшы режиссері — ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов.

2011 жылдың 23-26 сәуір аралығында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған ұлттық театрлардың республикалық фестивалінде Думан Рамазанның "Кенесары-Күнімжан" драмасы "Ең үздік ұлттық авторлардың драматургиясы үшін" және актер Сырым Қашқабаев "Ең үздік ер адам бейнесі" номинацияларын жеңіп алды.

2012 жылдың 16-24 қыркүйек аралығында Орал қаласында өткен Әзірбайжан Мамбетовтің 80 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XX республикалық фестиваліне Ғабит Мүсіреповтің "Ақан сері — Ақтоқты" трагедиясымен қатысып, "Қадыр Мырзалиев атындағы" арнайы сыйлықты және Науан бейнесін сомдаған актер, ҚР халық әртісі Тілектес Мейрамов "Ең үздік ер бейнесі" номинацияларын иеленіп қайтты. Қоюшы режиссері — ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов.

Тағы оқыңыз: Асанәлі Әшімовтің шәкірттері жаңа театрдың тұсауын кесті

2013 жылдың 23-29 қыркүйек аралығында Ақтөбе қаласында Қазақстанның халық жазушысы, драматург Тахауи Ахтановтың 90 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XXI республикалық фестиваліне Шерхан Мұртазаның "Бір кем дүние" драмасымен қатысып, "Ең үздік актерлік ансамбль" номинациясын иеленіп келді.

Ләйлі-Мәжнүн премьерасына дайындық барысы
© CC0 / Қаллеки театрының қорынан
"Ләйлі-Мәжнүн" премьерасына дайындық барысы

2014 жылдың 15-18 мамыр аралығында Павлодар қаласында өткен қайраткер, тұлға, жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың 125 жылдығына арналған "Алаш Ардақтысы" аймақтық театр фестиваліне Әкім Таразидің "Люстра" шығармасының желісі бойынша сахналанған "Үкілі жұлдыз фарс" трагедиясымен қатысып, гран-приді жеңіп алды. Спектакльдің қоюшы режиссері — ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков.

2014 жылы V Орталық Азия мемлекеттерінің халықаралық театр фестиваліне Жан Ануйдың "Жалын жұтқан Жанна ДꞌАрк" драмасымен қатысып, гран-приді иеленді. Сондай-ақ, актриса Айнұр Бермұхамбетова "Ең үздік әйел бейнесі" номинациясына ие болды.

Қаллеки театрында дайындық барысында түсірілген сурет
© CC0 / Қаллеки театрының қорынан
Қаллеки театрында дайындық барысында түсірілген сурет

2015 жылы Өскемен қаласында өткен XXIII республикалық театрлар фестиваліне Валентин Ежовтың "Бұлбұлдар түні" пьесасының негізінде сахналанған "Тыраулап ұшқан тырналар" атты лирикалық драмамен қатысып, "Үздік режиссерлік шешім" номинациясына ие болды. Қойылым режиссері — Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменов.

2015 жылы 29 қараша мен 6 желтоқсан аралығында Мәскеуде қаласында XIII халықаралық "Золотой Витязь" театр форумында "Тыраулап ұшқан тырналар" лирикалық драмасымен қатысып, гран-при иегері атанды. Сондай-ақ, қойылым барысында өз өнерлерін ортаға салған Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов — полковник Лукьянов, актер Әбілмансұр Серіков — Пернебек Боранбаев, актриса Ақмарал Танабаева — Инга рөлдері үшін "Золотой Витязьдің" алтын дипломанттары атанды.

2016 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Орта Азия мемлекеттерінің "Қазақстан — Еуразия жүрегі" VI халықаралық Қазақстан драма театрларының фестиваліне Антон Чеховтың "Шие" спектаклімен қатысып, гран-при жүлдесін ұтып алды.

2017 жылы маусым айында Татарстан Республикасының Қазан қаласында өткен түркі халықтарының XIII "Наурыз" халықаралық театр фестиваліне Антон Чеховтің "Шие" комедиясымен қатысып, театр сарапшыларының жоғарғы бағасын алды. 2018 жылы Мәскеу қаласында өткен XVI халықаралық "Золотой витязь" театр форумына "Отелло" трагедиясымен қатысып, қазылар алқасының шешімімен "Золотой витязь" гран-при иегері атанды.

Қаллеки театрындағы премьераға дайындық кезінде түсірілген сурет
© CC0 / Қаллеки театрының қорынан
Қаллеки театрындағы премьераға дайындық кезінде түсірілген сурет
Театр актері мен актрисаларының марапаттары

Театрдағы жалпы ұжым ғана емес, жекелеген актер мен актрисалар да түрлі деңгейдегі марапаттарға ие болған-ды. Театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның халық әртісі, кино және театр режиссері Талғат Теменов II дәрежелі "Достық" орденімен марапатталды. Қазақстанның халық әртісі Гүлжан Әспетова "Астана — 20 жыл" мерекелік медалімен, SAMGAU VI халықаралық театр фестивалінде Үздік актриса номинация иегері атанды.

27 наурыз халықаралық театр күні "Шәмші" қойылымы үшін ҚР еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Болат Ұзақов Астана қаласының бұрынғы әкімі Әсет Исекешевтің алғыс хатымен марапатталды.

Қаллеки театрындағы грим бөлмесі
© CC0 / Қаллеки театрының қорынан
Қаллеки театрындағы грим бөлмесі

Astana Film Academy ұйымдастырған мемлекет мақтанышы 2018 сыйлығында Нүркен Өтеуілов "Үздік актер" номинациясына ие болды. ҚР еңбек сіңірген қайраткері, актриса Алтынай Нөгербек "Анаға апарар жол" фильміндегі ана рөлі үшін "Мемлекеттік сыйлық" иегері атанды.

Қаллеки театрының актері Қуандық Қыстықбаев
© CC0 / Қаллеки театрының қорынан
Қаллеки театрының актері Қуандық Қыстықбаев

Мұнымен қатар, ҚР еңбек сіңірген актрисасы Нұрзада Ташимова "Құрмет" орденімен марапатталды. Жанат Оспанов, Шах-Мұрат Ордабаев және Олжас Жақыпбек ҚР "Серпер" Жастар одағы сыйлығының иегері атанды.

Астананың 20 жылдығына орай еліміздің өңірлерінде өткен "Ақ тілекпен, Астана" атты Астана қаласының мәдени күндерін ұйымдастыруға қосқан зор үлесі үшін қала әкімі Бахыт Сұлтановтың атынан "Алғыс хатпен" театр директоры Айболат Сексенбаев пен директордың орынбасары Қуаныш Қалымов марапатталды.

647
Кілт сөздер:
қойылым, өнер, Қаллеки театры, Талғат Теменов, Әзірбайжан Мәмбетов
Тақырып:
Қазақстан театрлары (80)
Тақырып бойынша
Танымал отандық актер түрік фильміне түседі
"Түрімді ұмытып қалды" Назарбаевтың рөлін сомдаған актер көрген қиындықтары туралы айтты
Белгілі қазақстандық актер қайтыс болды
"Астана-Опера" театры қазақ классикасының жауһарын сахналайды
Назарбаевтың дауысын айнытпай салатын актер: президенттің мінезін көрсете білдім
Министр Астанада қазақ театрының жаңа ғимараты қашан салынатынын айтты
Президентке пародия жасайтын белгілі актер ұсталды
Сайлау, дауыс беру, иллюстративті сурет

Мәжіліс сайлауы: кім дауыс бере алады

75
Мәжіліс сайлауында дауыс беруге құқылы сайлаушылар, дауыс беру уақыты мен тәртібі туралы Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

Қазақстанның 18 жасқа толған кез келген азаматы, тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, сайлауда дауыс беруге құқылы.

Сайлауға сот iс-әрекетке қабілетсiз деп таныған, сондай-ақ сот үкiмiмен бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтар қатыспайды.

Мәжiлiс депутаттарын сайлаған кезде сайлаушылар тiзiмi жасалады. Азаматтар жасырын дауыс береді және сайлаушылардың еркiн бiлдiруiне қандай да болсын бақылау жасауға тыйым салынады.

Сайлаушылар тізімінде сайлаушының тегi, аты, әкесiнiң аты, туған жылы (он сегіз жастағылар үшiн – қосымша күнi мен айы), жеке сәйкестендіру нөмірі және тұрғылықты мекенжайы көрсетiледi.

Әрбір сайлаушы сайлау жарияланған немесе тағайындалған кезден бастап тиісті әкімдікте сайлаушы ретінде тіркелуге құқылы.

Сайлау күні басқа қалада жүргендер қалай дауыс береді

Егер азамат басқа өңірде жүріп, дауыс беретін күні сайлаушы ретінде тіркелген қаласына бара алмайтынын білсе, онда өзі жүрген қаланың әкімдігіне жүгінуге құқылы. Жазбаша өтiнiшті сайлаудан кемінде отыз күн бұрын беру керек.

Азамат өтiнiш жасаған соң, әкімдік оны тiркелген жері бойынша сайлаушылар тiзiмiнен шығарып, сол қаладағы дауыс беретiн учаскенiң сайлаушылар тiзiмiне енгiзеді.

Дауыс беру уақыты

Дауыс беру сайлау күнi жергiлiктi уақытпен сағат 07.00-ден 20.00-ге дейiн өткiзiледi.

Алайда учаскелiк сайлау комиссиялары басқа уақытты белгiлей алады. Бұл орайда дауыс берудi сағат 06.00-ден ерте бастап, сағат 22.00-ден кеш аяқтауға болмайды.

Учаскелiк сайлау комиссиясы азаматтарды дауыс беретiн уақыт пен орын туралы сайлау өткiзiлетiн күнге дейiн он күннен кешiктiрмей, БАҚ арқылы, сондай-ақ, өзге де әдiстермен хабардар етуі тиiс.

Дауыс беру тәртібі

Учаскелiк сайлау комиссиялары дауыс берудің басталуына бiр сағат қалғанда дауыс беруге арналған учаскелердi аша бастайды.

Аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы дауыс беру басталардан 30 минут бұрын комиссия мүшелерiнiң қатысуымен сайлау жәшiктерiнде сайлау бюллетеньдерiнiң бар-жоғын, жәшiктердiң бүтiндiгiн тексередi, дауыс беруге арналған жәшiктерге пломба салады немесе мөр басады.  Комиссияның сайлау бюллетеньдерiн беруге жауапты мүшелерiн белгiлейдi.

Әрбiр сайлаушы өзi дауыс бередi.

Тағы оқыңыз: Мәжіліс сайлауы қашан өтеді

Сайлауда дауыс құқығын басқа бiреуге беруге және сол сияқты басқа адам үшiн дауыс беруге жол берiлмейдi.

Бюллетеньдер сайлаушылар тiзiмі негiзiнде жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен соң берiледi.

Сайлаушылар тiзiмге бюллетеньдердi алғаны туралы қол қояды.

Комиссияның бюллетеньдi берген мүшесi оларға өзiнiң қолын қояды, сондай-ақ бюллетеньдi алған сайлаушының тiзiмдегi тегiнiң тұсына қол қояды.

Сайлау комиссиясы төрағасы мен хатшысының бюллетень бepуге құқығы жоқ.

Дауыс берушiлер сайлау бюллетенiн жасырын дауыс беруге арналған кабиналарда толтырады. Оны толтыру кезiнде кабинаға басқа адамның кіруіне тыйым салынады. Бюллетеньдi өз бетiнше толтыруға мүмкiндiгi жоқ сайлаушы өзi сенетiн адамның көмегiн пайдалануға құқылы.

Бюллетеньге қарындашпен белгi қоюға, сондай-ақ оған қандай да болсын түзету енгiзуге жол берiлмейдi.

Толтырылған бюллетеньдердi сайлаушы дауыс беруге арналған жәшiкке салады.

75
Кілт сөздер:
сайлау, Мәжіліс
Мәжіліс залы

Мәжіліс сайлауы қашан өтеді

206
(Жаңартылды 18:32 27.09.2020)
Қазіргі шақырылымдағы мәжілістің өкілеттігі 2021 жылдың 24 наурызында аяқталады. Қазақстан президенті парламент сайлауының өтетін күнін 2020 жылдың 24 қазанынан кешіктірмей белгілеуі тиіс

Парламент – Қазақстанның заң шығару билігiн жүзеге асыратын республиканың ең жоғары өкiлдi органы.

Парламент тұрақты негізде жұмыс істейтін екі палатадан: сенаттан және мәжілістен тұрады.

Мәжіліс конституциялық заңда белгіленген тәртіппен сайланатын 107 депутаттан тұрады. Өкілеттік мерзімі - бес жыл.

Сайлауды кім және қалай тағайындайды

Мәжілістің соңғы сайлауы 2016 жылдың 20 наурызында өтіп, бірінші сессия 2016 жылдың 25 наурызында ашылған еді. Тиісінше, қазіргі шақырылымдағы мәжілістің өкілеттігі 2021 жылдың 24 наурызында аяқталады.

Конституцияға сәйкес, мәжілістің кезекті сайлауы парламенттің жұмыс істеп тұрған шақырылымы өкілеттігінің мерзімі аяқталардан кемінде екі ай бұрын өткізіледі.

Осылайша, төменгі палата депутаттарының сайлауы 2021 жылдың қаңтарынан кешіктірілмей өткізілуі тиіс.

"Қазақстандағы сайлау туралы" Конституциялық заңға сәйкес, мәжілістің кезекті сайлауын президент депутаттар өкiлеттігінің бiтуiне кемiнде бес ай  қалғанда тағайындайды.

Мәжілістің 98 депутатын сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады. Мәжілістің 9 депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды.

Үміткерге қойылатын талаптар

Қазақстан азаматтығы бар және ел аумағында соңғы он жылда тұрақты тұрып жатқан, жасы жиырма беске толған адам мәжіліс депутаты бола алады.

Сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлануға құқығы жоқ.

Мыналар:

  • сотталғандығы белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алып тасталмаған адам;
  • сот сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны үшін кінәлі деп таныған адам парламенттің депутаттығына, оның ішінде партиялық тізімдер бойынша, кандидат бола алмайды.

Мәжiлiс депутаттығына кандидаттар ұсыну

Партиялық тізімдер бойынша сайланатын мәжіліс депутаттығына кандидаттарды тіркелген саяси партиялар, ал Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын кандидаттарды Ассамблея кеңесі ұсынады.

Мәжіліс депутаттығына сайлау үшін адамдарды партиялық тізімге енгізу саяси партияның жоғары органы мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен жүргізіледі. Саяси партиялардың партиялық тізімдерге осы саяси партияның мүшелері болып табылмайтын адамдарды кіргізуге құқығы жоқ.

Егер сайлауды белгілеу кезінде өзгеше көзделмесе, партиялық тізімдер бойынша сайланатын үміткерлерді ұсыну сайлаудан 2 ай бұрын басталып, оған 40 күн қалғанда жергілікті уақытпен сағат 18.00-де аяқталады.

ҚХА сайлайтын кандидаттарды ұсыну сайлаудан 1 ай бұрын басталып, оған 20 күн қалғанда жергілікті уақытпен сағат 18.00-де аяқталады.

Кандидатураны алып тастау

Партиялық тізімге енгізілген адам Орталық сайлау комиссиясына жазбаша өтініш бере отырып, өз кандидатурасын партиялық тізімнен кері қайтарып ала алады. Бұл жағдайда ОСК партиялық тізімге енгізілген адамды шығару туралы шешім қабылдайды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңесі, ол ұсынған кандидат Орталық сайлау комиссиясына жазбаша өтініш жасай отырып, кандидатураны кері қайтарып ала алады. Бұл жағдайда ОСК кандидатты тіркеудің күшін жою туралы шешім қабылдайды.

206
Кілт сөздер:
сайлау, мәжіліс депутаты, Мәжіліс
Жолаушылар пойызы

Қазақстанда жолаушылар пойыздары жаңа кестемен жүреді

0
(Жаңартылды 11:58 28.09.2020)
Қазақстандықтар жолаушылар пойыздарының қозғалыс кестесіне қатысты ақпарат алу үшін "105" нөміріне хабарласа алады

НҰР-СҰЛТАН, 28 қыркүйек – Sputnik. "Жолаушылар тасымалы" АҚ қазан айынан бастап кейбір жолаушылар пойызы жиі қатынай бастайтынын хабарлады.

Жүру жиілігі артқан пойыздар:

  • №1/2 "Алматы-2 – Шымкент" пойызы – аптасына 1 реттен 3 ретке дейін, Алматыдан-2 стансасынан 10 қазаннан, ал Шымкенттен 11 қазаннан бастап;
  • №11/12 "Алматы-2 – Шымкент" пойызы – аптасына 2 реттен 4 ретке дейін, Алматыдан-2-ден 13 қазанннан, ал Шымкенттен 14 қазаннан бастап;
  • №31/32 "Алматы-2 – Павлодар" пойызы – күн сайын, Алматы-2-ден 11 қазаннан бастап, Павлодардан 12 қазаннан бастап;
  •  №603/604 "Нұр-Сұлтан Нұрлы жол – Арқалық" пойызы – күн сайын, Нұр-Сұлтаннан 2 қарашадан, ал Арқалықтан 3 қарашадан бастап.

Жолаушылар пойыздарының қозғалыс кестесіне қатысты барлық ақпаратты "105" нөміріне хабарласып білуге болады.

Ұлттық тасымалдаушы жолаушыларды билетті онлайн, соның ішінде ресми Bilet.railways.kz сайты арқылы сатып алуға шақырды. Сондай-ақ, вокзал аумағында және пойыздың ішінде санитарлық талаптарды, әлеуметтік қашықтықты (кемінде 1 метр) сақтауды және бетперде киюді сұрады.

0
Кілт сөздер:
пойыздар, жолаушылар