Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры

Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры

35
(Жаңартылды 19:31 04.03.2019)
Театр 1934 жылы 13 қаңтарда құрылды

Бұған 1933 жылы 29 қыркүйекте Алматы қаласында қазақ АКСР халық ағарту комиссариаты алқасының шешімімен елу актер, симфониялық оркестрдің жиырма музыкант және ұлттық оркестрдің он екі адамынан құралған музыкалық студияның ашылуы мұрындық болды.

Өнер ордасының сахнасында алғаш Мұхтар Әуезовтің "Айман-Шолпан" атты музыкалық комедиясы көрермен назарына ұсынылды.

Театрдың негізгі тарихи кезеңдері

Опера театры – энтузиастердің, мәдениет қайраткерлерінің, суретшілер мен актерлердің сәбиі. Қазақстан мәдениетінің өсіп-өркендеуіне Күләш Бәйсейітова, режиссер Жұмат Шанин, әнші әрі режиссер Құрманбек Жандарбеков, биші Шара Жиенқұлова, суретші Анатолий Ненашев, әнші Манарбек Ержанов, жазушы Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Бейімбет Майлин және сазгер Евгений Брусиловский ерекше үлес қосты.

1935 жылы Құйбышев опера театрының базасында орыс опера труппасы құрылды. Кәсіби ұжым аз уақыт ішінде әлемдік классика мен орыс операсынан 9 спектакльді көрермен назарына ұсынды. Олар – "Кармен", "Евгений Онегин", "Қарға әйел", "Шайтан", "Фауст", "Аида" және т.б.

1938 жылы балет труппасы алғаш рет Петр Чайковскийдің "Аққулар көлі" атты туындысын сахналады. Бұдан кейін "Бүкір құлын", "Раймонд", "Бақшасарай фонтаны" сынды қойылымдар көрсетілді. Сондай-ақ, осы жылы алғаш рет Шоқан Уәлихановтың "Қалқаман-Мамыр" қазақ балеті қойылды.

Абай атындағы опера және балет театрының әртістері
Абай атындағы опера және балет театрының әртістері

Орыс және қазақ труппаларының жақын араласуы кейінгілерінің вокал мәдениетін игеруіне көп септігін тигізді. Театр репертуарында "Князь Игорь", "Борис Годунов", "Иван Сусанин", "Су перісі", "Дубровский" сынды қойылымдар бар.

1936 жылы театр Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің он күндігіне қатысып, көрермен қауымның ыстық лебізіне ие болды. Басты рөлді Күләш Бәйсейітова сомдаған "Қыз Жібек" қойылымы зор табысқа ие болды. Барлық дерлік газет жаңа театр мен оның әншілері туралы жарыса жазды. Күләш Бәйсейітова СССР халық әртісі атағын иеленген алғашқы қазақ әнші болды.

Тағы оқыңыз: Алматыдағы неміс театры туралы қызықты деректер

Театр жаңа және кәсіби кадрлармен толығуы үшін Мәскеу консерваториясы мен Ресейдің басқа оқу орындарында ұлттық балет, вокал және драма бөлімдері ашылды. Дәл осындай білім ордаларында Байғали Досымжанов, Әнуарбек Үмбетбаев, Ришат және Мүслім Әбдуллиндер, Шабал Бейсеков, Кәукен Кенжетаев, Мұқан Төлебаев және т.б.-лар шеберлігін шыңдады.

Ұлы Отан соғысы қарсаңында театр репертуарында 31 опералық (олардың ішінде 9-ы қазақша) және 6 балет (оның ішінде екеуі қазақша) спектакль болды.

Абай атындағы опера және балет театрында қойылым кезінде түсірілген сурет
Абай атындағы опера және балет театрында қойылым кезінде түсірілген сурет

1941 жылы театрға "академиялық" мәртебесі берілді. Соғыс жылдары театр халықтың қайғысына ортақтасты. Осыншама қиындыққа қарамастан, Алматы қаласында жаңа театрдың құрылысы өз мәресіне жетті.

1941 жылдың 7 қарашасында жаңа ғимаратта бірінші қойылым көрсетілді. Қиын-қыстау кезеңдерде театр "Отелло", "Мазепа", "Иван Сусанин" және т.б. қойылымдарды көрермен қауымға ұсынды. Осы кезде Алматы қаласына кеңес одағының көптеген мәдениет пен өнер қайраткерлері эвакуацияланды. Арасында Галина Ұланова Абай атындағы театрда жұмыс істеп, "Жизель" балетін қойған болатын.

1944 жылы Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің "Абай" қазақ операсы дүниеге келді. Бұл бүгінгі күнге дейін өзіндік құндылығын жоғалтпаған гауһарлардың бірі.

Әйгілі ағартушы, философ, гуманист, ақын Абай Құнанбаевтың туғанына жүз жыл толуына орай опера және балет театрына оның есімі берілді.

Театрдың көркемдік жетекшілері репертуарға көп көңіл бөлді. Еуропа, орыс және қазақ опералары қатар қойылды. Олардың арасында көбісі сын көтермей репертуардан шығып қалып жатты. Керісінше "Біржан-Сара" секілділері қазақ музыкасының алтын қорына енді. Сондай-ақ, осы жылдары "Евгений Онегин", "Чио-чио-сан" және т.б. спекталкьдер қазақ тілінде қойылды.

Қыз Жібек қойылымы кезінде түсірілген сурет
"Қыз Жібек" қойылымы кезінде түсірілген сурет

50-жылдары Ермек Серкебаев, Роза Жаманова, Эра Епонешникова, Зауырбек Райбаев және Сара Көшербаева секілді арнайы жоғары білім алған кәсіби мамандар театрдың шығармашылық ұжымын толықтырды. Уақыт өте келе өнерлерін шыңдай түсіп, театрдың жұлдыздарына айналды. Тек Қазақстанда емес, шетелде де табысты өнер көрсетті. Үнемі жаңа қойылымдар әзірленді. Олар – "Дударай", "Төлеген Тоқтаров", "Сатылған қалыңдық", "Патша қалыңдығы", "Травиата", "Риголетто", "Ақша қар", "Руслан мен Людмила", "Морозко", "Демрон", "Ромео мен Джульета", "Дон Жуан", "Богема", "Гофман ертегісі" және т.б.-лар.

2000 жылы Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры жөндеуден өтті. Осылайша ұжымның еш кедергісіз жұмыс істеуіне мүмкіндік туды.

Театр ғимараты

1933 жылы театрдың ғимаратын салу туралы шешім шықты. Осыған орай кеңес одағы бойынша үздік архитектор жобасын анықтайтын байқау жарияланды. Мәскеулік архитектор Николай Кругловтың ұсынысы әділқазыларға толықтай ұнады. Кейін құрылыс жұмыстары 1936 жылы басталып, 1941 жылы аяқталды.

Тағы оқыңыз: Мемлекеттік корей музыкалық-драма театрының құрылу тарихы

Театр өзінің жаңа ғимаратында 7 қараша күні "Нарғыз" қойылымымен ашылды. Ғимараттың негізгі стилі – италиялық классицизммен үйлескен сталиндік ампир және дәстүрлі ұлттық элементтер. Қазақ халқының бай өнері мен дәстүрінің әртүрлілігін театр интерьерінен аңғаруға болады. Ғимараттың ішін безендіруде ұлттық ою-өрнектер де пайдаланылған. Бірінші қабатта қазақ суретшілері салған театр өнерінің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан қоғам қайраткерлерінің портреті ілінген.

1995 жылдың маусымынан 2000 жылдың 13 желтоқсанына дейін театрда жөндеу жұмыстары жүрді. Бүгінгі таңда театрға бір уақытта 793 көрермен сияды.

Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрындағы қойылым
Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрындағы қойылым

Театр репертуары

Қазіргі сәтте Абай атындағы опера және балет театры Еуразия кеңістігіндегі ірі өнер ордаларының бірі. Театр ұжымында әртүрлі халықаралық байқаудың лауреаты мен жүлдегері атанған өз ісінің шеберлері жұмыс істейді. Театр өнерін осы күнге дейін Франция, Германия, Италия, Жапония, Түркия, Қытай және АҚШ көрермендері тамашалап үлгерді. Сондай-ақ, театр үнемі шетелдік өнер ордаларымен иық тіресе жұмыс істеп, тәжірибе алмасуға тырысады.

Соңғы жылдары репертуар Еркеғали Рахмедиевтің "Абылай хан", Джакомо Пуччинидің "Турандот", "Богема", Джузеппе Вердидің "Трубадур" секілді операларымен, Ариф Меликовтың "Махаббат туралы аңыз", Жорж Бизе-Родион Щедриннің "Кармен-сюита", Альфред Шниткенің "Антико стиліндегі сюита", Дмитрий Шостаковұлының "Чарли" сынды балеттерімен жаңарды. Жуырда Алмас Серкебаевтың "Томирис" операсы мен Қуат Шілдебаевтың "Алтын адам" туындысы көрермен қауымға жол тартады деп жоспарлануда.

Театрдың бас әртістері

Бүгінгі таңда театрдың бай дәстүрлі өнерін Нұржамал Үсенбаева, Жәмиля Баспакова, Майра Мұхамедқызы сынды жұлдыздар халыққа паш етіп жүр. Сондай-ақ, театр сахнасында танымал Дмитрий Сушков, Құралай Сарқытбаева, Ұлан Кенжебеков, Сара Ищанова, Гүлзат Дәуірбаева, Дина Дютмағамбетова, Талғат Күзембаев, Талғат Мұсабаев, Әлия Сапугова, Найля Кребаева, Алексей Сафронов, Досжан Табылды және т.б. әртістер өнер көрсетіп жүр.

35
Тақырып бойынша
Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театры
Михаил Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры
"Наз" мемлекеттік би театры
Мұхтар Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театры
"Современник" жастар халық театры
Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры
Астана қаласы әкімдігінің "Қуыршақ" театры
Загрузка...