Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды драма театры

Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды драма театры

70
Театрдың тұсауын Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев кесті

Театр қашан құрылды?

Театр 2000 жылы Петропавл қаласында режиссер Оразалы Ақжарқын-Сәрсенбектің жетекшілігімен құрылды.

Өнер ошағы өз шымылдығын Сәбит Мұқановтың "Аққан жұлдыз" шығармасымен түрді. Бұл күн жазушының 100 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келген.

Өнер ошағының ұжымы

Театр директоры - Біржан Жалғасбаев. Қазіргі таңда театрда 100-ден астам адам қызмет етеді. Оның 25-і – актер, 20-сы – шағын симфониялық оркестр музыканттары, 3 режиссер, 4 балет әртісі, хореограф, дирижер мен суретшілер бар. Театр, негізінен, жас актерлерден құралған. Тек төртеуінің ғана жасы 40-тан асқан.

Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды драма театрындағы қойылым
© Photo : Театрдың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды
Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды драма театрындағы қойылым

Әзірге театр актерлері "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" құрметті атағын иеленген  жоқ. 3 адам Мәдениет министрлігінің "Мәдениет қайраткері" төсбелгісімен марапатталды.  

Театр репертуарында классикалық туындылардан бастап заманауи бағыттағы қойылымдарға дейін бар. М.Әуезовтың "Қарагөзі", Гогольдің "Ревизоры", Т.Минуллиннің "Диляфруздың 4 күйеуі", Ш.Айтматовтың "Шыңғысханның ақ бұлты", С.Жүнісовтің "Қысылғаннан қыз болдық" комедиясы, М.Байджиевтің "Қылмыстық оқиғасы", Ғ.Мүсіреповтің "Қозы Көрпеш-Баян Сұлуы", А.Кирийдің "Зона немесе шибөрілері", К.Гольдонидің "Екі мырзаға бір қызметшісі", М.Хасеновтың "Пай-пай, жас жұбайлар-ай", Д.Исабековтің "Тыныштық күзетшісі" бар.

Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды драма театрындағы қойылым
© Photo : Театрдың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды
Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды драма театрындағы қойылым

Ал М.Жұмабаевтың "Шолпанның күнәсі" туындысының желісі бойынша әзірленген қойылым театрдың алтын қорына еніп отыр. Ол әрі проза, әрі пьеса ретінде  жазылған. Диалогы мүлдем жоқ. Тек сипаттау мәтіні бар. Осы мәтінді актерлер шебер ойындарымен көрерменге жеткізеді.

Қазіргі уақытта театр репертуарында 20 спектакль бар. Ашылғалы театр 70 қойылым сахналаған. Жыл сайын үш-төрт жаңа қойылым әзірленеді.

Театр жетістігі

2001 жылы IX Республикалық театр фестивалінде М.Байджиевтің "Қылмыстық оқиға" қойылымымен гран-при жеңіп алды.

2002 жылы Ғ.Мүсіреповтің туындыларына арналған Х Республикалық театр фестивалінде Б.Жалғасбаев пен Н.Мағауина "Ең үздік Қозы" және "Ең үздік Баян" номинациясын жеңіп алды. Актер Б.Жалғасбаев Құрмет грамотасымен марапатталды. Н.Мағауина мен  А.Алтыбаева "Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты" атағын алды.

© Photo : Театрдың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды
Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды драма театрындағы қойылым

2003 жылы Каирде өткен XV Халықаралық театр фестивалінде "Шың басында" атты экспериментті қойылым үздік ондық қатарынан орын еншіледі. Қойылым құрмет грамотасымен марапатталды.

2004 жылы XII Республикалық театрлар фестиваліне М.Ғаппаровтың "Қуыршақ немесе қызғаншақ қыздардың кеші" қойылымымен қатысты. Оразалы Ақжарқын-Сәрсенбек "Үздік режиссер" номинациясын еншіледі.

2005 жылы Қ.Жандарбеков пен Қ.Бәйсейітовтың 100 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған XIII Республикалық театрлар фестиваліне Д.Исабековтың "Тыныштық күзетшісі" қойылымымен қатысып, сахнагер Е.Шүкіров "Актерлік дебют" номинациясын иеленді.

Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды драма театрындағы қойылым
© Photo : Театрдың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды
Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды драма театрындағы қойылым

2008 жылы Н.Жантөриннің 80-жылдық мерейтойына арналған XVI Республикалық театрлар фестиваліне А.Володиннің "Қос жебе" қойылымымен қатысып, 2-ші орынды иеленді.

2011 жылы театр оқу орындары мен театр жастарының І аймақтық эксперименталдық фестивалінде Т.Жүженоғлының "Тығырық" қойылымымен қатысып, үздік деп танылды.

2018 жылы Өскеменде өткен ІІ республикалық театр фестивалінде "Шолпанның күнәсі" спектаклі "Үздік қойылым" аталымында гран-при жеңіп алды. Режиссері - Батырбек Шәмбетов.

2018 жылы Орталық Азия елдерінің халықаралық театр фестивалі де өнер ошағы үшін сәтті болды. "Қарагөзде" Маржан рөлін сомдаған Аида Сұпатаева  "Екінші пландағы ең үздік әйел рөлі" аталамында марапатталды.

Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды драма театрындағы қойылым
Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды драма театрындағы қойылым

Театр актерлерінің жалақысы

Жоғары білімі мен екі-үш жыл тәжірибесі бар актер 57 мың теңге алады. Орта білімді актердің жалақысы – 51 мың теңге. Бұл сома қойылым саны мен актердің кәсіби біліктілігіне де байланысты. Өз рөлін шебер сомдаған актерге жалақысының жартысы қосылады.

70
Кілт сөздер:
өнер, театр, Солтүстік Қазақстан облысы
Тақырып:
Қазақстан театрлары (77)
Тақырып бойынша
Құдыс Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік ұйғыр музыкалық комедия театры
Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры
Тұрсынбек Қабатовтың комедия және сатира театры
Қостанай облыстық орыс драма театры: тарихы мен қызықты деректер
Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры 
Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры
Загрузка...