Тоқтар Әубәкіров

"Шопыр" болған Әубәкіров: қазақтың тұңғыш ғарышкері туралы не білеміз - фото

1701
(Жаңартылды 19:41 04.04.2019)
Кеңес Одағының батыры атағын алып, Гиннестің рекордтар кітабына есімі тіркелген Тоқтар Әубәкіров туралы Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіров 1946 жылы 27 шілдеде Қарағанды облысының Бірінші Май ауылында дүниеге келген. Әкесінен ерте айырылған, шешесі мен апасының тәрбиесінде болған. Ал әкесі Оңғарбай мен анасы Кәмила ұста болған адамдар. Түптеп келгенде, ол кісі қаз дауысты Қазыбек бидің ұрпағы боп табылады екен.

Архивное фото космонавта Токтара Аубакирова
© Sputnik / Владимир Родионов
Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров

Құдайдың белгісі: ана түсіндегі "әппақ көбелек"

Халық қаһарманының ұшқыш болатыны, негізінен, әу бастан, болжанған. Оған анасының көрген түсі түрткі болыпты. Түсінде анасына әлдеқайдан шыққан бір дауыс "ұста қолыңа, мынаны" дептi. Ал қолын ашып қараса, аппақ бiр әдемi көбелек отыр екен. Сондықтан анасы баласын "әппақ көбелегiм" деп еркелетiп кетіпті. Өзі де жиі еститін бұл сөздерден соң ұшуды қатты армандапты. Содан кейін де кішкене күнінде бос уақытында ол аэроклуб үйірмесіне қатысып, парашюттен секіруге әуестенеді.

Кейін орта мектепті бітірген соң, Армавирдегі ұшқыштар училищесіне оқуға түседі. Бастапқыда анасы бұдан хабардар болмайды. Оны туыстары арқылы анасына жеткізеді. Жалғыз ұлының қасында болмайтынын білген ана қатты қамығып, ақырында батасын берген. "Сен туғанда-ақ ұшқыш болатыныңды сезген ем. Қайтейiн, қимасам да бетiңнен қақпаймын. Дегенiңе жет, балам!" деген екен анасы.

Франц Фибер, Александр Волков, Токтар Аубакиров. Архивное фото
© Sputnik / Александр Моклецов
Франц Фибер, Александр Волков, Тоқтар Әубәкіров

Талғат Бигелдинов тығырыққа тірелген жас Әубәкіровке қандай ақыл берді?

Училищені бітіріп, инженер-ұшқыш атағын алған Тоқтар Қиыр Шығысқа жолдамамен аттанады. Осы жерде түрлі маркадағы бірнеше әскери ұшақты сынақтан өткізіп жүріп, ол 1-класты әскери ұшқыш атағын иеленеді.

Ғарышқа сапар
© Sputnik / Алексей Филиппов
Содан ол сынақшы-ұшқыштар тобына ауысқысы келеді. Бірақ бұл мақсатына жету ғарышкерге оңай соқпайды. Тек Кеңес Одағының екі дүркін батыры Талғат Бигельдинов пен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың араласуымен ғана бұл мәселе оңтайлы шешілген екен. Ол туралы өз сұқбатында Әубәкіров былай еске алады:

"Маған Қиыр Шығыстың мықты ұшқышы деген атақ берілді. Одан соң сынақшы-ұшқыштар тобынан маған ұсыныс келіп түсті. Қуанып кеттім, кетуге өтініш жаздым. Бірақ жібермеді. Мен де қайтпай арызды бұрқырата бердім. Сол кезде генерал-лейтенант Трофимовтан жауап келді. Ол хатында "Егер сiз арыз берудi тоқтатпасаңыз, жай ұшқыштан еш уақытта көтерiле алмайсыз" деп жазыпты".

Осыдан соң Әубәкіров сынақшы-ұшқыш болуды ұмытайын деп ойлайды. Бірақ бір күні cол кездегі Армия қолбасшысы, генерал Кадышевтің Талғат Бигелдиновпен майданда бірге болғанын естиді.  Мұны білген ол жұмыстан сұранып, Алматыға бірден тікесінен тартады. Құдай қолдап, өз орнында жиі болмайтын Талғат ағамыз сол күні кеңседе отырған екен. Аты-жөнін, жағдайын айтқан соң ол өзіне рекомендация жазып беруін сұрайды. Ол кісі оған хат жазып бере алмайтынын айтқан. Себебі бұл істі бұлай шешу тиімсіз болған. Тек кетерінде Талғат Бигелдинов: "Жерде жатқан тастың астына су бармайды, осыны ұқ, қимылда" деп ақыл беріпті.

Қонаевқа жазған хат

Осы сапарында Әубәкіров Қонаевқа да кіріп-шықпақшы болады. Алайда ол кісіні жолықтыра алмайды. Бірақ хат жазып қалдырады.

Содан сең қозғалып, бір күні Әубәкiровті Армия Қолбасшысы ғана емес, КСРО Қорғаныс министрi мен Саяси Бюро мүшесi іздеп, алдына алдыртады. Арасында Қонаев та болады. Сөйтіп оның өтініші қаралады. Бірақ мәселе бірден шешілмей, тағы бір жылға созылады. Содан соң барып, яғни 1975 жылы Тоқтар Әубәкіров сынақшы-ұшқыштар тобына оқуға қабылданады. Бірақ кедергі осымен бітпейді.

Оқу қазан айында басталғанмен, Әубәкіровті оқуға жiберу туралы бұйрық әбден кешігеді. Қаңтардың 21-күнi ғана қолына бұйрық тиген әскери Авиация өнеркәсiбi министрлiгiнiң ұшқыштар даярлайтын бөлiмiне барады. Бірақ олар оны қазір қабылдай алмайтынын, оқу басталып кеткендіктен келесі жылы келуін сұрайды. Қайсар жігіт табандылығының арқасында сол жылы оқуға ілінеді.

"Бәрін қуып жетемін, қолымнан келмесе, шығарып жіберіңдер" дейді комиссияға ол. Расында, сол топта оқыған 17 адамның ішінде емтиханды беске тапсырған екі-ақ адам болады. Соның бірі – Тоқтар Әубәкіров.

"Шопыр" болдым - Әубәкіровтің құпия қызметі

Оқуды бiтiрген соң оны Микоянның фирмасына жұмысқа жiбередi. Яғни, 1976 және 1992 жылдар аралығында ол Мәскеудегі А.Микоян атындағы Тәжірибелік конструкторлық бюроның ұшқыш-сынақшысы боп жұмыс істейді.  Осы кезде ол реактивті ұшақтардың 50-ден аса жаңа түрін сынақтан өткізеді.

Осы Микоянда жұмыс істеп жүріп, 1988 жылы КСРО бойынша тұңғыш рет әуеде ұшаққа 2 рет жанармай құйдыру арқылы солтүстік полюске ұшу сапарын ерлікпен орындайды. Осы кезде авиация саласындағы ерен еңбегі үшін Тоқтар Әубәкіровке "Кеңес Одағының Батыры" атағы беріледі.

1989 жылы ол "МИГ-29К" дыбыстан жылдам ұшатын ұшағын "Тбилиси" авиакрейсеріне қондырып, қайтадан сол кемеден трамплиннен ұшып шығады. Бұлайша көкке көтерілу әлемде тұңғыш рет тіркеліп, Тоқтар Әубәкіровтің есімі Гиннестің рекордтар кітабына тіркелді.

Негізі, сынақшы-ұшқыш мамандығы ғарышкерден де ауыр екен. Қазақтың батыр ұлы мұны үнемі айтып отырады.

"...1977 жылы 17 жолдасымнан айырылдым. Бұл бір жылдың ішіндегі жағдай.  Бүкіл аэродром босап қалды", - дейді ол. Осыдан-ақ бұл кәсіптің қаншалықты қауіпті екенін көп айтпай аңғаруға болады.

"Мен отыз жылдай Ресейде қызмет еттім. Атақты Микоян атындағы мекемеде білдей қызметте отырдым. Ол жерде жұмысым құпия еді. Тіпті куәлігімде жәй ғана "жүргізуші" деп жазылған болатын. Бірақ еліме қайтқым келді.

 Әйеліммен ақылдасып едім, "Осында келгенде елім үшін деп келген едің, енді елің үшін оралуың керек. Сен өз еліне керексің, қайтайық" деді. Әрине, орыстар мені жібергісі келмеді, дегенмен табандылық танытып кеттім-ау", - деп ағынан жарылды бұл жайында ғарышкер ағамыз тағы бір сұқбатында.

Назарбаев пен Әубәкіров өзара қандай сөзге келіп қалды?

Осылайша Отанымен қауышқан батыр ұл ғарышқа ұшу үшін 1990 жылы ғарышкерлер құрамына алынады. Алайда бұл жайында Тоқтар Әубәкіровтің өзі білмепті. Елге келіп, арқаны кеңге сап, Шымбұлақтың басында шаңғы теуіп, демалып жүргенде оған осындай хабар келеді. Бұған Әубәкіровтің өзі басында разы болмапты.

Содан ол Нұрсұлтан Әбішұлына бірден тартады. Елбасыдан неге өз келісімінсіз бұндай шешім қабылдағанын сұрайды.

Сол кезде Нұрсұлтан Әбішұлы: "Бұл қазаққа керек. 30 жыл бойы халық аңсаған арман жүзеге асатын сәт туып тұр", - дейді.

Әубәкіров халқының қалауынан аса алмайтынын түсініп, бұған келіскен екен. Сөйтіп ол 1991 жылы 2 қазанда "Союз ТМ-13" әуе кемесімен ғарышқа ұшады.

Ғарышкер физикалық дайындықтан бұрын бұл сапарына ғылыми тұрғыда да дайындалады. 300-ден аса ғалым мен мамандар бас қосып, арнайы бағдарлама әзірлейді. Ол бойынша тартылған Аралдың экологиялық жағдайын ғарыштан зерттеу назарға алынады. Сөйтіп ғарыштан Арал аймағы фотоға түсіріліп, ондағы тұздың солтүстік мұзды мұхитқа қарай ұшатыны анықталған.

Бұдан да басқа зерттеулер болған. Оның бәрі әлем назарына ілініп, соңғы 30 жыл ішінде бұндай жаңалықтарды осындай зерттеулері арқылы көрсеткен бірде-бір ғарышкердің болмағаны туралы жазылып, Әубәкіровтің еңбегі жоғары бағаланады.

Космонавты Токтар Аубакиров, Александр Волков, Франц Фибек
© Sputnik / Владимир Родионов
Ғарышкерлер Тоқтар Әубәкіров, Александр Волков, Франц Фибек

Осылайша ол 1991 жылы 10 қазанда бір апта бойы "Мир" ғарыш орбиталық стансасында жұмыс істеп, Жерге оралды. Ғарышта болған нақты уақыты – 7 күн 22 сағат 13 минут.

Ғарышқа алғашқы сапарын ғарышкер былай деп еске алады:

"Жалпы, ғарышкерлердің арасында жазылмаған мынадай заң бар. Ғарыш кемесі көтерілер сәтте "поехали" деп айту керек. Ол сөз Юрий Гагариннен қалған. Бірақ мен осы дәстүрді бұзып: "Халқым, сен үшін отқа да, суға да түсуге дайынмын!" — дедім. Қазақша айттым, ол сөздерім таспада бар".

Тоқтар Әубәкіров – әлемнің 256-шы ғарышкері.

"Депутат қылмаңдар" деген бұйрық та түскен...

Тоқтар Әубәкіров тәуелсіз мемлекетіміздің ғарыш саласындағы істеріне басшылық жасады, Елбасының ғарыш істері жөніндегі кеңесшісі де болды. Бірнеше рет ҚР Парламенті мәжілісі сайлауына түсіп, депутат та (1990-1993, 1994, 2004-2007 жылдары) болған.

"Еліме разымын. Сол депутаттыққа түскен кезде мені жолдан тайдырмақшылар да болды. Сайланбасын деген секілді бұйрықтар түскен. Бірақ туған өңірім – Қызылорда өз баласын алақанына салып алды. Ештеңеге қарамады, депутат қылды. Сайлады. Бір емес, бірнеше рет. Оған алғысым шексіз", - дейді Әубәкіров бұл ретте.

Тохтар Аубакиров (слева) и Айдын Аимбетов
Министерство обороны Республики Казахстан
Тоқтар Әубәкіров пен Айдын Айымбетов

"Өзге планеталықтарды көрдім..."

Ғарышкердің көргендері, жастармен бөлісетін өнегелі әңгімесі де көп. Ол кісінің елді елең еткізген әңгімесінің бірі өзге планетарлықтар туралы еді. Ол бұл туралы өткен жылы  "Talk like" бағдарламасына берген сұқбатында айтты. Ғарышкердің айтуынша, сол кезде өзімен бірге куә болған 3 жігіт те ерте дүниеден озыпты.

"Өзге планеталықтардың бар екеніне сенемін. Өйткені оларды өз көзіммен көргем. Бірде таңғы сағат алтыда далада тұрғанымда жап-жарық жұлдызды көрдім. Ол қыста болатын. Өзге планеталықтар маған қарай жақындап келді. Ертең біреуге айтсаң, ешкім сенбейді. Содан қасымдағы үш жігітті оятып алдым. Сыртқа шығып, олар да көрді. Жарық бізге жақындап келді де, қайта көтеріліп кетті. Бізге айттап келген ғой", – деп қалжыңдаған еді әңгімесінің соңында ғарышкер.

Ғарышкердің отбасы

Ғарышкердің жұбайының есімі – Татьяна. Тимур, Михаил есімді екі ұлы бар. Екі ұлынан үш қыз, бір ұл немере сүйген. Немересінің есімін өзіне ұқсатып Тоқтар қойыпты. Толық есімі Тоқтар Тимурұлы Әубәкіров.

Тоқтар Әубәкіров Кеңес Одағының батыры, Австрияның "Алтын крест" орденінің иегері, Халық Қаһарманы, Отан ордені, Алтын Жұлдыз, "Ғасыр саңлағы", Қазақтан шыққан Тұңғыш ғарышкер, Түріктен шыққан Тұңғыш ғарышкер сынды ресми атақ пен марапаттарға ие. 

Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық ғарышкерлермен бірге
Официальный сайт президента РК
Нұрсұлтан Назарбаев қазақ ғарышкерлерімен

Бүгіндері Тоқтар Әубәкіров зейнетте, Астананың іргесінде қожалығы бар, жылқы бағып өсіреді. Кішкентай кезде ол жылқыны қатты жақсы көріпті. Отанына оралып, қол босағанда ғарышкер осы бала орманын орындауды жөн тапқан.

1701
Кілт сөздер:
Тоқтар Әубәкіров, Назарбаев, ғарышкер
Тақырып:
Өмірбаяндар (79)
Тақырып бойынша
Ғарышкер Мұсабаев пен экс-әкім Сұлтанов ант берді
"Қолдан келгеннің бәрін жасады": Ғарышкер апаттан қаза болғандардың отбасына көңіл айтты
Ғарышкер Арал теңізін ғарыштан суретке түсіріп алды
Ғарышкер болуға лайықсыз ба?
Загрузка...