Қазақстанның Мемлекеттік туы мен Елтаңбасы

Шота Уәлиханов 87 жаста: Елтаңбаның авторы туралы не білеміз?

294
Бүгін еліміздің басты символы - Мемлекеттік Елтаңбаның, Алматыдағы Тәуелсіздік монументінің авторы, сәулетші, ақын, ғалым әрі қоғам қайраткері Шота Уәлихановтың туған күні

Шот-Аман (Шота) Ыдырысұлы Уәлиханов 1932 жылы 26 сәуірде Көкшетау өңіріндегі Айыртау ауданы, Сырымбет ауылында дүниеге келген. Руы – Төре.

Тегі

Шыңғысхан әулетінен тарайды. Қазақтың ұлы ғалымы, тарихшы, этнограф, географ, ағартушы, демократ Шоқан Уәлихановтың тікелей ұрпағы. Шыңғысханнан тарқатсақ: Шыңғыс­хан – Жошы –Тоқан – Темір – Бәдік – Орыс хан – Құйыршық хан – Барақ – әз Жәнібек – Жәдік – Шығай хан – Еңсегей бойлы ер Есім – Салқам Жәңгір–Уәли– Қанішер Абылай–Көркем Уәли – Абылай хан (Әбілмансұр) –Уәли Шыңғыс–Әбілмақыжан (Мақы)– Ыдырыс–Шот-Аман (Шота Уәлиханов).

Шота Уәлиханов атақты Абылай ханның ұрпағы. Абылайдың бір баласы Қасымханнан тарайтын Кенесары–Наурызбаймен де туыстас.

Шотаның әкесі Ыдырыс – Шоқанның інісі Мақының баласы. Ал Мақы Петербургта оқып, білім алған, танымал суретші болған кісі.

Еңбек жолы

Казгородок (қазіргі Сырымбет) орта мектебін күміс медальмен тәмамдаған Шота Уәлиханов 1950 жылы Мәскеу сәулет институтына оқуға түсіп, оны 1956 жылы бітіріп шығады. Осы студенттік шағында отау құрып, Зинаида Кәрімқызымен бос қосады. 1958 жылы тұңғыш қызы Гүлнат (ол да сәулетші, философия ғылымдарының кандидаты) дүниеге келеді.

Шота Уәлиханов еңбек жолын Алматы қаласындағы "Казгорстройпроект" мемлекеттік жобалау институтында сәулетші болып бастады. 1959 жылы КСРО құрылыс және архитектура академиясының Қазақ бөлімшесінде аспирантурада оқып жүріп, ол Қазақ қалалық құрылыс жобалау институтында архитектор боп жұмыс істейді.

1960 жылы кіші қызы Баян (қазіргі мамандығы - философ) дүниеге келеді.

КСРО Құрылыс және сәулет академиясының Қазақ филиалында кіші ғылыми қызметкер атағын алған Уәлиханов 1965-1967 жылдары Алматы қаласы бас сәулетшісінің орынбасары болады. Ал 1967 жылы "Казграждансельпроектінің" бас сәулетшісі жауапты қызметін атқарады.

1971 жылы республикалық Мәдениет және тарихи ескерткіштерді қорғау қоғамы төрағасының бірінші орынбасары болады.

1973 жылы Қазақстан Сәулетшілер одағының төрағасы, 1975 жылы КСРО Сәулетшілер одағы басқармасының хатшысы боп жоғарылап, лауазымды қызметке келеді.

Қазақстан Сәулетшілер одағын басқарған кезде Шота Ыдырысұлы Уәлиханов республикамыздың ұлттық сәулетшілер кадрларының өсуіне, олардың шығармашылық еңбек етуіне көп күш жұмсады. Ол осы одаққа келгенде бес-ақ қазақ мүше болса, ол ауысқан кезде 300-ден астам қазақ одаққа мүше болған екен.

Уәлиханов 1982 жылы қайтадан "Казграждансельпроектінің" бас сәулетшісі, директордың орынбасары болады.

1990 жылы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында өнер және сәулет бөлімінің меңгерушісі болған. 1991 жылы Бауыржан Момышұлы қорын ашты. Ал 1993 жылы Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі Қазақ қоғамы орталық кеңесінің төрағасы әрі 1996 жылы Халықаралық Абылай хан қорының президенті боп танылды.

1999 жылы Уәлиханов Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, ал 2001 жылы Халықаралық Шығыс елдері сәулет өнері академиясының академигі, профессор атағын алды.

Тағы оқыңыз: Әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаев туралы қызықты деректер

Сәулетшінің туындылары

Шота Уәлиханов (басқа әріптестерімен бірге) еліміздегі көптеген ғимараттың, монументтің және жиырмадан астам ескерткіштің авторы. Олардың қатарында Алматыдағы "Универсам" дүкені, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ғимараты, "Казгипрозем" үйі, Шоқан Уәлиханов, Тоқаш Бокин, Абай, Ғани Мұратбаев, Әліби Жангелдин, Ахмет Байтұрсынов, Кенесары Қасымов және тағы басқа ескерткіштер бар.

Оның ішінде ерекше атап өтетіні, еліміздің басты символы - Қазақстан Республикасының мемлекеттік елтаңбасы. 1993 жылы Жандарбек Мәлібеков пен Шота-Аман Уәлихановтың мемлекет тарихына келіп қосылған бұл қастерлі туындысы ұлт жүрегінен ойып тұрып орын алары хақ.

Әсіресе, Шота Ыдырысұлының басқаруымен бір топ мүсінші мен сәулетші, құрылысшы мен инженер жасап шығарған Алматыдағы Тәуелсіздік монументі – шоғыр ескерткіштердің ішіндегі шоқтығы биігі болды. Ол сәулет, мүсін және инженерлік өнерді тоғыстырған сәулеттік кешен.

1996 жылы тұрғызылған бұл монумент Париждегі Эйфель мұнарасы сияқты бүкіл әлемге әйгілі ескерткіштің біріне айналды.

Уәлиханов Қазақстан Республикасы президенті байрағының, Қазақ Ұлттық ғылым академиясының, Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамының эмблемаларының да авторы.

2001 жылы Семей қаласында атом сынақтарының құрбандарына арналған "Ажалдан да күшті" атты ескерткіш кешенін жасады.

Шота Уәлихановтың сәулетші ретінде ерекше із қалдырған саласының бірі – республикамыздағы ауыл-село құрылысы. Сонымен қатар ол құрылыс тәжірибесіне жер сілкіну кезінде құламайтын монолитті (мызғымас) үйлер салуды енгізудің алғашқы авторларының бірі.

Ол сәулет ісі бойынша өткізілген бірнеше ашық және жабық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Мысалы, Бүкілодақтық сәулетшілер сайысында оның жолдастарымен бірге жасаған Алматы қаласына арналған "Халықтар достығы" монументі І-орын алды. Қазақстан Республикасының Елтаңбасына арналған конкурста да ол І-орынды жеңіп алып, авторлық құқыққа ие болды.

Сәулетшінің халық алдындағы жауапкершілігі туралы Шот-Аман Ыдырысұлы Уәлиханов былай деп тебіренеді:

"Ақын жаман өлең жазса оқымай қоюға, композитор жаман музыка жазса тыңдамай қоюға болар, ал жаман сарай немесе ұсқынсыз ескерткіш салынса қарамай қоюыңыз мүмкін емес. Көзге шыққан сүйелдей кемі 100 жыл тұруы мүмкін. Мұның өзі санаға қаншама әсер етеді десеңізші. Сондықтан да сәулетшінің халық алдындағы жауапкершілігі өте жоғары деп есептеймін. Сәулетші қиялшыл ғана емес философ болуы керек".

Сәулетші Мәскеуде, Мадридте, Берлинде, Парижде, Бакуде, Ереванда, Тбилисиде, Пекинде, Мехикода, тағы басқа қалаларда өткен сәулетшілердің халықаралық кәсіби конгрестерінде баяндама жасаған.

Елтаңбаның тұсауы ең бірінші ғарышта кесілді

1990 жылдың басында Шота Уәлихановтың республикалық басылымдарда бірнеше мақаласы жарық көреді. Онда ол елтаңбаға ұқсас белгілердің бірнешеуін жариялайды. Бір күні Қазақстанның күллі тарихында алғаш рет Байқоңыр ғарыш айлағынан халықаралық экипаж құрамындағы бортта алғашқы қазақ ғарышкерімен "Союз"  зымыраны ұшырылатыны белгілі болады.

Осы кезде Шота Уәлиханов сол кездегі Баспасөз және ақпарат министрі Қуаныш Сұлтановқа, өз жұмыс нұсқаларының біріндегі естелік белгіні сәтті ұшуын тілеп қазақстандық ғарышкерге беруді ұсынады.

Шота Уәлиханов
Шота Уәлиханов

Белгіде қара шаңырақ - Отанымыздың нышаны ретінде енгізілген. Жиектеріне самғау нышаны - қанаттар бейнеленді. Бір қанатында "Тоқтар" (Әубәкіров), екінші қанатында "Талғат" (Мұсабаев) деп жазылған. Ақырында бұл таңба арнайы комиссиясының шешімімен Қазақстанның ғарыш эмблемасы ретінде танылады.

1991 жылғы 2 қазанда Тоқтар Әубәкіров қазақтан алғашқы болып ғарышқа ұшты. Сонда ол скафандрының оң жағына КСРО гербін, сол жағына Қазақстанның жаңа ғарыш эмблемасын тағып алады.

"Дәл осыны республикамыздың болашақ Елтаңбасының бірінші нұсқасы деп есептеу керек. Міне, осылайша еліміздің мемлекеттік Елтаңбасы әлем картасында тәуелсіз Қазақстан пайда болмай тұрып жасалды", - деп еске алады бір сұқбатында Шота Уәлиханов елтаңбаның тарихына тоқтала.

Тәуелсіздік монументінің мазмұны

Алматыдағы Республика алаңында орналасқан монументтен мүсіннен бөлек каллиграфиялық жазбаларды да кездестіруге болады. Жалпы, бұл туындының мазмұнын Шота Уәлиханов төмендегідей түсіндіреді:

"Алғашқы қабырға – сақтар ханымы Томирис дәуіріне арналған. "Тарихтың атасы" Геродоттың айтуынша, парсы патшасы Кир сақтар еліне шабуыл жасап, жерін басып алады. Томиристің ұлы Спаргапсисті тұтқындайды. "Қанішер Кир! Баламды қайтар, басың аманда иелігімдегі жерден тайып тұр. Әйтпесе, массагеттердің тәңірі Күн құдайының атымен ант етемін, сені құмарың қанғаныңша кеңірдегіңнен келтіріп, қанға тойдырамын!" – деп сәлем жолдайды. Айтқанындай Томирис парсыларды жеңіп, Кирдің басын қан толтырылған сабаға тастатады. Алғашқы қабырғада Томиристің жеңіске жетіп, пәуескеде отырған кезі бейнеленген. Киім-кешегі, ер-тұрманы… бізге жеткен археологиялық ескерткіштерден алынды. Жеңілген парсы тізесін бүгіп, қол қусырып, ханымнан қайырым тілеп отыр.

Екінші қабырғада – оқу-білім дамыған әл-Фараби дәуірі көрсетілген. Қасында – жерлесі, атақты тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати. Күй атасы Қорқыт қобыз тартып отыр. Сол жақ төменде түріктердің арғы атасы – Көк бөрі бейнеленген.

Тәуелсіздік монументі
© Photo : wikipedia
Тәуелсіздік монументі

Үшінші қабырғада – XV ғасырда жаңа пайда болған қазақ хандығының алғашқы хандары Әз-Жәнібек пен Керей.

Төртінші қабырғада – 1723 жылғы 1 миллиондай адам шығынға ұшыраған әйгілі "Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама" заманы.

Бесінші қабырғада – ел есін жиып, қалмақтарға берген алғашқы соққы көрініс тапқан. Жас батыр Абылайдың жекпе-жекке шығып, қалмақ нояны Шарышты өлтіретін мезеті.

Алтыншы қабырғада – Қазақстан мен Ресей. Шоқан Уәлиханов, Федор Достоевский, Тарас Шевченко, Абай мен Біржан да бар. Солдатты темір шыбықпен жазалап жатқан көрініс Шевченконың суреттерінен алынды.

Жетінші қабырғада – ұлт-азаттық қозғалыстан көрініс. Сұлтан Сыздық Кенесарыұлының зеңбіректен жауған оққа қарамай, қолындағы туды желбіретіп, ат үстінде тұрған бейнесі салынған.

Сегізінші қабырғада – Екінші дүниежүзілік соғыс. Ортада – генерал Панфилов пен полковник Бауыржан Момышұлы. Оң жақта – оққа ұшқан Әлия Молдағұлова. Қабырғаның сол жағында репрессияға ұшыраған Алаш зиялылары – Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаевтардың жазықсыз атылған көрінісі.

Тоғызыншы қабырғада – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы. Жастардың жазықсыз жазалануы, төгілген қан. Қайсарлық пен өжеттілік те қатар көрініс тапқан.

Тәуелсіздік монументі
© Photo : wikipedia
Тәуелсіздік монументі

Оныншы қабырғада – Қазақстанның Тәуелсіз мемлекет болып жариялануы, тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың анты. Осы қабырғаның арғы бетінде Қазақстан картасы берілген. Онда Қожа Ахмет Иассауи, Алаша хан, Жошы хан, Айша бибі мазарлары бейнеленген. Орындықтар, шамдар, граниттік тумбалар кіші сәулеттік түр ретінде диаметрі 46 метр дөңгелек алаңның қос бетіне орналасқан.

Граниттік тумбаларға қазақтың сайын даласында көп ұшырасатын петроглифтер, көне түркі жазбаларының нұсқаларын салдық. Алып ескерткішке қазақтың сөз өнерін де кеңінен пайдалануға тырыстық. Сынтастың төменгі жақ алдыңғы бетінде: "1990 жылы 25-қазанда Қазақстан егемен мемлекет болып жарияланды", "1991 жылы 16-желтоқсанда Қазақстан Тәуелсіз мемлекет болып жарияланды" деп жазылған.

"Атадан балаға жетсе" деген ниетпен "Малым – жанымның, жаным – арымның садағасы" деген халқымыздың даналық сөзін де сынтастан оқуға болады. Одан кейін Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "бейбіт өмір мен ынтымақтастық қана әр адамның мағыналы тіршілігіне жол ашады. Азаттық – ойға келгенді істеу емес, құқық пен әділеттіліктің үстемдігін орнату" деген ойы жазылған".

Әдеби туындылары

Шота Уәлиханов сегіз қырлы, бір сырлы, жан-жақты тұлға.  Ол сәулет пен өнер туралы бірнеше ғылыми еңбектің, сәулет өнері тарихы мен мәдениеті туралы жазылған көптеген қызықты мақаланың авторы. Оның 1965 жылы баспадан шыққан "Таспен жазылған симфония" атты повесін оқырман қауым жылы қабылдады.

Оның "Көгілдір Көкше" (әні Е.Хасанғалиевтікі), "Жарық жұлдыз" (әні С.Мұхамеджановтікі), "Айналдым, айналдым елімнен" (әні Н.Тілендиевтікі) сияқты әсем әуезді өлеңдері де бар. "Жүрегім боп соғады жердің өзі" атты жыр жинағы да жарық көрген.

Уәлихановтың "Ақ нұр" (1982), "Тағдыр" (1984, үшінші жүлде алған), "Террор" (1998), сондай-ақ "Жас Шоқан", "Шоқанның ақ түні" және тағы басқа пьесалары театр сахнасында қойылып жүр. 1965 жылы "Таспен жазылған симфония" атты повесі жарық көрген.

Шоқанды көп зерттеген

Мұның ішінде Шоқан туралы еңбегіне ерекше тоқталып өту керек.

Өйткені Шот-Аман Уәлиханов қазақтың әйгілі ханы Абылайдың тарихи тұлғасына арналған, қазақ халқының ғұлама ғалымы Шоқан Уәлихановтың өмірі мен шығармашылығына арналған ғылыми еңбектері бір төбе. Сонымен бірге оның Шоқан туралы пьесалары сахнаға шықты.

Ғалымның жастық шағына арналған алғашқы пьесасы "Жас Шоқан" 1962 жылы Шымкент облыстық драма театрында қойылды. Пьесаның орысша нұсқасы 1982 жылдан бері Көкшетау облыстық драма театрында бірнеше рет көрсетілді. "Кадет Шоқан", "Шоқанның ақ түні" пьесалары да сәтті шыққан туындылар.

Шота Уәлиханов Шоқан туралы "Айтылмаған әңгіме", "Шоқан туралы бірер сөз", "Достық жыршысы", "Тағылым", "Абзал аға, өнегелі інілер", "Жаны сұлу жарқын бейне", "Халқының арман мұның арқалаған", тағы басқа зерттеу еңбектерін жариялады.

Ол Шормановтар әулеті туралы да бірқатар зерттеу мақала жазды.

Бауыржан Момышұлының Кеңес одағы батыры атағын алуға атсалысты

Шота Уәлиханов Алматы қалалық кеңестің депутаты болып жүргенде 1991 жылы 25-қаңтарда "Бауыржан Момышұлы" қорын ашады. Бұл туралы ол өзі былай еске алады:

"Бәукеңнiң Кеңес одағының батыры атағы берiлгеннен кейiн Жуалыда үлкен той болды. Тойға қазақтың бiраз зиялылары қатысты. Сол жиында ғалым, математик Мұхтар Өтелбаев пен ҚазҰУ-дiң ұстазы Әбдiғани Жиенбаев деген азаматтар маған:

"Сен осынау үлкен iспен тұрақты түрде айналысып келесiң. Бәукеңнiң қорын аш" деген ұсыныс жасады. Осылайша осы жылы қор ашылды. Республикадағы тұңғыш қорлардың бiрi болды".

Алайда екi-үш жылдан кейiн қор жабылып қалады. 1993 жылы Төле би бабамыздың 330 жылдығы республика көлемiнде аталып өттi. Мамырдың 21-i  күнi Шу бойында, 28-i күнi Ордабасыда үлкен той өттi. Ордабасыдағы тойға өзбек пен қырғыз елiнiң басшылары, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Осы мерейтой қарсаңында, 1992 жылы Төле би қоры ашылды.

"Осы қор аясында "Бауыржан Момышұлы мұрасы және патриоттық тәрбие" атты бағдарламаны жүргiзiп жатырмыз. Бәукеңнiң негiзгi аманаты – тiл мәселесi. Сондықтан бiз мемлекеттiк тiлдiң мерейiн арттыру мақсатында "Мемлекеттiк тiл бағдарламасының бiр үлгiдегi шаралары және механизмi" деген жоба әзiрледiк. Бұл құжаттың ана тiлi абыройының асқақ болуына қызмет етерiне сенiм мол", - депті осы кезде баспасөзге сұқбат берген Шота Уәлиханов.

Атақты қаламгер Герольд Бельгермен достығы туралы

Шота Уәлиханов Бель­герді барон десе, Бельгер оны князь деп атап, бір-бірімен қалжыңдасады екен. Кейде бір-бірін герр, төре деп те жіберетін кездері болыпты.

Бельгер үш тілде қалам тербейтін танымал тарлан­боз, қазаққа шын жаны ашып, ұлт мәселесін қаузап кеткен жазушы.

"Ол қазақи неміс, әрине. Шотаның қияметтік досы. Шырқау биіктегі жарқыраған жұлдыз, жылына жүздеген мақала, рецензия, күнделік жазып, төрт-бес кітап шығаратын дарабоз. Соңғы екі-үш жыл көлемінде жарық көрген кітаптары қаншама. Үш жыл ілгері көлемі жиырма бес баспа табақ күнделіктер жинағы қазақ тілінде жарық көрді.

Оның ізінше Шотаның сексенге толу құрметіне "Meіn Freuno Шот-Аман" деген кітап шығарды. Оған Шота туралы көлемді мақала, сондай-ақ, жиыр­ма жыл ішінде жазылған күнделік беттеріндегі Шотаға қатысты жерлер (күндер) топтастырылған. "Оған беретін сыйым осы, басқа ештеңем жоқ, – деп Бельгер аталмыш кітапты маған ұсынып еді" деп еске алады Шота Уәлихановтың ізбасары Зәкір Асабаев.

Мемлекеттік және халықаралық атақтары

  • "Кұрмет" ордені;
  • "Белсенді қызметі үшін" төсбелгісі ("Отан" респбуликалық саяси партиясының қалануының 7 жылдығына орай);
  • ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының иегері;
  • ҚазақКСР-нің еңбегі сіңген сәулетшісі;
  • "Тарлан" сыйлығының иегері;
  • "Парасат" орденінің иегері;
  • "Алтын қыран" орденінің игері;
  • Әлемдік Шыңғысхан академиясының Құрметті президенті, академигі;
  • Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясының академиялық профессоры;
  • Халықаралық сәулет академиясының корреспондент мүшесі, профессоры;
  • Қазақстанның құрметті сәулетшісі;
  • Мәскеу қаласы халықаралық сәулет академиясының (МХСА) академигі;
  • Қазақстан Сәулетшілер одағының, Суретшілер одағының, Дизайнерлер одағының және Жазушылар одағының мүшесі;
  • Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі;
  • Халықаралық Шығыс елдері сәулет өнері академиясының академигі;
  • ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері;
  • Республиканың Еңбек сіңірген сәулетшісі.
294
Кілт сөздер:
елтаңба, өмірбаян, Шота Уәлиханов
Тақырып:
Өмірбаяндар (79)
Тақырып бойынша
Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен Рақымжан Қошқарбаев туралы не білеміз?
"Қолғабына қан толса да, жекпе-жегін тоқтатпаған" Бекзат Саттарханов туралы қызық деректер
Әкесін құтқару үшін майданға аттанды: Мәншүк Мәметова туралы не білеміз?
Қазақтан шыққан ғарышкер Талғат Мұсабаев туралы не білеміз?
17 жасында майданға аттанған Әлия Молдағұлова туралы қызықты деректер
Қасым-Жомарт Тоқаевтың руы кім – президент туралы қызықты деректер
Загрузка...