Алматыдағы Мәңгілік алау

"Айыбым тірі қалғаным" "Түнгі мыстан" атанған Хиуаз Доспанова туралы не білеміз?

674
(Жаңартылды 00:51 29.04.2019)
Фашистер "түнгі мыстан" атап кеткен Хиуаз Доспанова – сұрапыл соғыс жылдарында әскери ұшақпен жауға қырғидай тиіп, Отан үшін от кешкен ержүрек, қайсар қыздардың бірі

Ұшқыш әйел Хиуаз Доспанованың өмірбаянын Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

Хиуаз Доспанованың өмірбаяны

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш әйел Хиуаз Қайырқызы Доспанова 1922 жылы 15 мамырда қазіргі Атырау облысында дүниеге келген.

Хиуаздың балалық шағы нәубетті жылдармен тұспа-тұс келді. Ол Орал қаласындағы жалғыз қазақ мектебіне іліге алмай, №1 орыс мектебінде білім алады. Мектептегі оқуымен бірге Оралдағы аэроклубта қатар оқыды.

Бұл жайлы ұшқыш апамыздың өзі көзі тірісінде былай деген еді:

"Мен мектепте комсомол ұйымында қоғамдық жұмыстарға белсене араластым. Қаламызда ұшқыштар дайындайтын курс ашылған болатын. Соған оқушылар іздеп келгенде, ешкім жазыла қоймады. Мен орнымнан атып тұрып, мені жазыңыздар дедім. Содан кейін біртіндеп басқалар да жазыла бастады. Сөйтіп ойда-жоқта осы мамандықты игеруге тура келді".

1940 жылы мектепті үздік бағамен тәмамдап қана қоймай, "Запастағы ұшқыш" куәлігін де қоса алып шығады. Осылайша арман қуып, Мәскеудегі Жуковский атындағы әскери-әуе академиясына түспек болады. Алайда ондағылар академияға тек ерлер ғана қабылданады деген желеумен қазақ даласынан келген қыздың құжаттарын қабылдамай қояды. Алғашқы қадамы сәтсіз болса да, Хиуаз кері қайтпай, Мәскеудің бірінші медициналық институтына түседі. Араға бір жыл салып, соғыс өрті тұтанады. Осы кезде қазақтың қайсар қызы майданға медбике, тегі болмаса, санитар болып кетсем бе деп, талпынып жүрген. Сөйтіп жүргенде ол әйгілі ұшқыш Марина Раскованың қыз-келіншектерден жасақталған авиаполк құрып жатқанын естиді. Осылайша ол ойланбастан полк басшылығына келіп, Оралдағы аэроклубта меңгерген ұшу дағдыларын көрсетіп, өжеттігімен көзге түсіп, жауынгерлер құрамына қабылданады.

Сирияда болған журналист қыз: соғыстан қажыған халықты көріп, азға қанағат етуді үйрендім

Отан алдындағы борышын өтеуге бел буған жауынгер қыздар Саратов қаласының әскери әуе училищесіне жіберіледі. Мұнда штурмандар даярлайтын арнайы курсты аяқтап, 1942 жылдың көктемінде сол кездегі авиация тарихында тұңғыш рет құрылған, түнгі мезгілде жау шептерін бомбалайтын әйелдер авиаполкінің құрамында майданға аттанады.

Хиуаз Доспанова қызмет еткен полк Солтүстік Кавказ, Кубань, Қырым, Украина, Белоруссия, Польша, Германия аспанындағы шайқастарға қатысқан. Қазақ қызы қан майданда 300-ден аса жауынгерлік операция орындап, аса маңызды жау шебін талқандайды. Түн қараңғысында жауға қырғидай тиген Хиуаз Доспанова соғыс кезінде ұшақтан 14 рет құлаған екен. Төрт мәрте ауыр жарақат алса да, есін жиысымен ұрыс даласына қайта оралып отырған.

Боевой вылет самолетов Ил-2 в годы ВОВ
РИА Новости
Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ұшақтар

Кеңес Одағының батыры атағын алған Марина Чечнева өзі Хиуаздың шеберлігі жайлы былай деп жазған еді: Хиуаз Доспанова ұшағын нысанаға ылғи да дәл апаратын және өз аэродромына да сондай дәлдікпен қайта оралатын.

"Түнгі мыстан"

Хиуаз бен оның ұшқыш құрбыларын немістер "Түнгі мыстандар" деп атап,  олардың әуеден бағыттаған соққысын үрейлене күтіп, талай таңды көз шырымын алмастан қарсы алды. Тіпті Гитлердің өзі әрбір атып түсірілген әйел ұшқыштар экипажы үшін әрбір солдатына темір крест беріп, аз күнге үйіне демалысқа жібруге уәде берген деген әңгімелер сол кезде желдей ескен еді.

Сталиннен қаймықпаған қазақ қызы жайлы шындық ашылды

"Түнгі мыстандар" жау шебіне жақындаған кезде, ұшу биіктігін төмендетіп, жауды үстінен бомбалады. Әр ұшақта екі қыздан бір сағатта 120 шақырымды бағындыруы тиіс. Әрбір қыз бір түнде 5-10 рет жау тылына шабылдауға міндетті.

"Біз түнде ұшатын болғандықтан, жау шебіне жақын орналасатынбыз. Біздің полктің өз қағидасы болды: ешқашан да әйел екеніңді ұмытпа, ұшағыңды күтіп қара дегендей. Кейде тапсырманы орындап жатқанда, бізге қарсы оқ атылатын. Сондай кездері қыз баламын ғой, фашистерге тұтқынға түскеннен гөрі, ұшақпен жерге құлап, өртенгенімен дұрыс еді деген ойлар келетін", - деген еді сұқбаттарының бірінде Хиуаз Доспанова.

Әкесін құтқару үшін майданға аттанды: Мәншүк Мәметова туралы не білеміз?

Даланы түн қараңғылығы жайлаған кез. Алдымен жарық бергіш бомба тастапты. Себебі жау әскері мен техникасының қай жерде орналасқанын анықтап алу қажет болған. Сол сәтте төңірек жап-жарық болып кетеді. Звено командирі Е. Пескова мен Х. Доспанова бұйрық түсісімен жаудың атыс ұясын бомбалай бастайды. Қашанда сақ отыратын жау әскері есін жинап та үлгермепті. Неше мәрте бомбалап, даланың астаң-кестеңі шығып жатқанда ұшқыш қыздар аққан жұлдыздай көзден ғайып болады. Алғашқы әскери тапсырманы осылай сәтті орындаған қос қыз жан-жақтан қаумалап алған майдандастарының қошеметіне емес, өздерінің осындай маңызды іске дайын екенін сезініп, қуанған-ды.

"Соғысты ойласам, жаным түршігеді"

Қан майданда жаумен алысып, Отан үшін от кешкен қазақ талай мәрте өлім аузынан аман қалған.

Бірде жау шебін талқандау үшін кезекті әскери тапсырманы орындау кезінде Хиуаз мінген ұшақ бір мая шөпке соғылады. Абырой болғанда, ұшақтағы бомба жарылмай қалады. Алайда қазақ қызының миы шайқалып, аяғы жараланып, бір ай госпитальда жатады. Емделіп шыққан соң, қызметіне қайта кіріседі.

1943 жылдың көктемінде Хиуаз Доспанова тағы да өліммен бетпе-бет келді. Ұшқыш қыздардың алдына Кубаньды жаудан азат ету міндеті қойылды. Хиуаз Доспанова мен Юлия Пашкова кезекті тапсырманы орындап, аэродромға қайтып келе жатқанда, Макогон мен Свистунова басқарған ұшақпен соқтығысып қалады. Үш қыз мерт болады, ал Хиуаз қауіпсіздік белдігін тақпағанының арқасында аман қалған.

"Бізді қыздар тауып алды. Мен ұшақ кабинасынан сыртқа ұшып кетіппін", - деп еске алған еді Доспанова сол бір оқиғаны.

Басында қаруластары Хиуазды да өліп қалған шығар деп ойлайды, бірақ кірпігі қимылдап жатқанын көріп, госпитальге апарып емдеген. Дәрігерлер Хиуаздың тұла бойын түгел гипстеп тастайды, аяқтарының сүйектерін сындырып, түзу біту үшін қайта салады. Жарты жыл госпитальда жатқан ол күздің аяғында полкке қайтып оралады.

Первые дни Великой Отечественной войны
© Sputnik / Георгий Зельма
Ұлы Отан соғысының алғашқы күндері

Осыдан кейін ұшқыш қызды майдандастары ұшаққа көтеріп әкеліп отырғызатын болған. Ұшаққа мініп-түсуі қиын болғандықтан, қыздарға салмақ салмау үшін талай мәрте кабинада түнеп те жүріпті.

Алайда кейін денсаулығына байланысты оған әуеге көтерілуге тыйым салынады. Осыдан кейін ол полк байланысының бастығы болады. Офицерлік шені өсіп, гвардия аға-лейтенаты атанды.

Талдықорғанда Ауған соғысының ардагері жұрт алдында әскери наградасынан бас тартты

"Соғыстың қиындығын айтып тауысу мүмкін емес. Ойласам, түнімен кірпік ілмеймін, жаным түршігеді, ешкімге тілемеймін", - деген еді сұқбаттарының бірінде қазақтың ұшқышы.

Қазақ қызы Кеңес Одағының батыры атанбай қалды

Хиуаз Доспанованың ерлігі Кеңес Одағының батыры атағын алуға лайық болғанымен, одақ бұл атақты қазақтың ұшқыш қызына қимады. Халық жазушысы, соғыс ардагері Әзілхан Нұршайықовтың Хиуаз туралы жазбасында "Ұлы Отан соғысында Талғат Бигелдинов жау тылына-305, Леонид Беда-211, Сергей Луганский 390 рет ұшып, жауынгерлік тапсырманы орындап, үшеуі де екі мәрте Кеңес Одағының батыры атағына ие болды. Олар қуаты күшті ұшақтарды басқарды. Жер бауырлап ұшатын ПО-2 ұшағының жау ұшағымен шайқасар қуаты жоқ..."-деп жаза келе, Хиуаз Доспанова кішкене ғана фанера ұшақпен 300-ден астам рет әуеге көтеріліп, жауға ойсырата соққы бергенін айтып, қанатты қыздың ерлігі соғыс жылдарында бағаланбаса да, бейбіт өмірде бағалануы тиіс деп өз ойын ашық жазған еді.

2004 жылы Хиуаз Доспановаға еліміздегі ең жоғары марапат – "Халық Қаһарманы" атағы беріліп, "Алтын жұлдыз" белгісі тапсырылды. Бұл кезде апамыз 82 жаста еді. Ұлы Отан соғысында айрықша ерлік көрсеткен ұшқыш қызды халқы осы сәттен кейін ғана жақынырақ танып, біле бастады.

Майдандағы ерлігі үшін ол "Қызыл жұлдыз", ІІ дәрежелі "Отан соғысы", "Еңбек Қызыл Ту" ордендерінің иегері.

Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен Рақымжан Қошқарбаев туралы қызықты деректер

Кеңес одағы қанатты қыздың көзсіз ерлігін әділ бағаламағаны рас. Соғыс ардагері, профессор Қанапия Ахмет бір сұқбатында былай деген еді:

"Хиуаз менімен кездескен кезде айтатын еді: егер де мен соғыста өліп қалсам, мені де көбірек білетін еді. Менің айыбым – тірі қалғаным дейтін".

Қазақтың тұңғыш әйел ұшқышы Хиуаз Доспанова 2008 жылдың 20 мамырында 86 жасында дүниеден озды.

Бүгінде батырдың туған жері Атырау қаласында Хиуаз Доспановаға арналған ескерткіш бар. Атыраудағы спорт сарайына, Алматы қаласында өзі тұрған көшеге аты аңызға айналған ұшқыштың есімі берілді. Бұған қоса, "ЭйрАстана" әуе компаниясы Embraer 190 ұшағына Хиуаз есімін берді.

Ержүрек ұшқыштың отбасы

Соғыс аяқталғаннан кейін Хиуаз Доспанова медицина институтындағы оқуын жалғастырмақ болады. Алайда оған партия қызметі ұсынылады. Алматы қаласындағы Жоғарғы партия мектебінде оқып жүргенде, болашақ жары Шәку Әміровпен танысады. 1947 жылы қос ғашық шаңырақ көтереді.

33 жылын соғысқа арнап, 77 рет жарақаттанған Райымбек батыр туралы не білеміз?

Ерболат және Қанат есімді екі ұлды дүниеге әкеледі. Алайда Қанаты кішкентай кезінде ауырып, екі жасында қайтыс болған. Үлкен ұлы Ерболат Әміров – математик. Талай жыл жоғары оқу орнында сабақ берген.

Баян және Қанат есімді немерелері бар.

Соғыстан кейін Доспанова Батыс Қазақстан облысында аудандық комитеттің нұсқаушысы, Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетінің хатшысы, Алматы қалалық партия комитетінің хатшысы қызметтерін атқарады. Аяғынан алған ауыр жарақаты сыр беріп, 1959 жылы мерзімінен бұрын зейнетке шығуға мәжбүр болады.

674
Кілт сөздер:
ұшқыш, соғыс ардагері, Ұлы Отан соғысы
Загрузка...