Дерекқор

Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров туралы не білеміз?

© Sputnik / Айгюзель КадирЖақсылық Үшкемпіров
Жақсылық Үшкемпіров - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Грек-рим күресінен әлем чемпионы, Мәскеу Олимпиадасының жеңімпазы, халықаралық спорт шебері, Қазақстанның еңбек ері Жақсылық Үшкемпіров туралы Sputnik дерекқорынан оқыңыз

Чемпион қалай "Жақсылық" атанды

Грек-рим күресінен тұңғыш Олимпиада чемпионы 1951 жылы Жамбыл облысының Свердловск ауданындағы Дихан ауылында қазақтың қарапайым отбасында дүниеге келген, үйдің ортаншысы. Әпкесі мен қарындасы бар.

"Тоқал тамда тұрдық. Ата-анам және әжеммен бір үйде тұратынбыз. Әкем 53 жасында өмірден озды. Анамды жақсы көрдім. Пысық, шымыр адам болды. Сол кісіге тарттым. Анам 90 жасында қайтыс болды. Балаларының қызығын көрді", - дейді чемпион Qazaqstan телеарнасындағы "Келбет" бағдарламасына берген сұқбатында.

Мәскеу Олимпиадасының жеңімпазы қиын уақытта өмірге келгенін айтады.

"Мен өмірге келгенде халықтың тұрмысы ауыр болыпты. Анамның ауылда дүкені болған екен. Бір күні дүкенге Сарымалтай деген ақсақал келіп, сабын сұрапты. Ол – аузы дуалы, ел сыйлайтын беделді азамат екен. Сабынды беріп жатқанда, анамды толғақ қысады. Сөйтіп, мен дүниеге келіппін. Ақсақал мұны жақсы ырымға балап, өмірге жақсылық келді депті. Осылайша, атымды Жақсылық қойыпты. Кейін әжем кіндігімді кесіпті", - дейді ол.

Жақсылық Үшкемпіровты, оның үлкен әпкесі мен қарындасын әжесі Бәтима тәрбиелеп өсірген. Кейін ауылдағы қарапайым мектепте білім алған.

"Мектебіміз Сарбарақ ауылында болды. Талас өзенінен 5 шақырым жерде орналасқан. Мектепке бару үшін есекке мінеміз. Паромнан өтеміз. Кейбір кездері кеңес үкіметі ат пен арба береді. Ол сынып қалады. Мектептен кеш қайтамыз, жолда қорқамыз. Осылайша есейдік", - деп балалық шағын еске алады Үшкемпіров.

Олимпиада шыңына жетелеген алғашқы қадамдар

Мәскеу Олимпиадасының чемпионы мектепте жақсы оқыпты. Кейін 1968 жылы Семей қаласының мал дәрігерлік институтына оқуға түседі. Институт қабырғасындағы күрес үйірмесіне жазылады. Еркін күреспен жарты жылдай айналысқан соң республика чемпионы атанады. Кейін классикалық күреспен шұғылданады. 1970 жылдары республикалық жарыста жеңіске жетеді. Осы кезден бастап балуан Олимпиада чемпионы болуды армандайды.

Отбасы туралы не білеміз

Жақсылық Үшкемпіров Семей қаласының мал дәрігерлік институтының бесінші курсында оқып жүргенде Күлпан есімді қызбен танысады. Ол институттың бірінші курсын бітіреді. Кейін спортшы болашақ жарын Семейден Таразға алып қашып кетеді. Сонда екеуі отау құрады. 1977 жылы Олимпиада чемпионының тұңғышы Жандос, кейін ортаншы ұлы Елдос дүниеге келеді. Ал спортшы Мәскеу Олимпиадасының жеңімпазы атанған сәтте кенже баласы Жеңіс өмірге келеді.

Оның айтуынша, сол уақытта Олимпиада чемпионы атану былай тұрсын, Кеңес үкіметінің құрамасына ілігудің өзі зор мәртебе болған.

© Sputnik / Юрий Сомов / Медиабанкке өтуОлимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров
Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров туралы не білеміз? - Sputnik Қазақстан
Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров

"Спортта әділдік жоқ"  

1976 жылы Жақсылық Үшкемпіров грек-рим күресінен Кеңес одағының чемпионы атанады. Осылайша, ол Монреалда өтетін Олимпиада ойындарына жолдамаға ие болғанымен, оның орнына басқа спортшы барады.

"Чемпион бола тұрып, дүбірлі додаға Шумакулов есімді спортшы барды. Ол Монреалда өткен жарыста Олимпиада чемпионы атанды. Оған өкпелеген жоқпын. Бірақ санамда "спортта әділдік жоқ" деген ой пайда болды", - дейді спортшы.

Тағы бір сұқбатында Жақсылық Үшкемпіров кеңес уақыты тұсында спорт министрі Аманша Ақбаев пен Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев қалай кездескенін еске түсіреді.

"Бір күні Аманша Ақбаевпен кездестім. Ол маған "Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев шақырып жатыр" деді. Бұрын ол кісімен кездеспегенмін. 1976 жылы алдына бардым. Қол аяғым дірілдеп, әрең амандастым. Бойы 2 метр, ұзын адам екен."Өзің бір жапырақ екенсің ғой" деп күлді. Кейін сен мойыма! Олимпиадаға бармадым деп ренжіме! 4 жылдан кейін Олимпиадаға барасың. Оны мен бақылаймын. Кездесуден шыққаннан кейін өзіме қанат біткендей болды", - дейді ол.

Олимпиадаға қалай жолдама алды?

Жақсылық Үшкемпіров екінші мәрте күрестен Кеңес одағының чемпионы атанады. Бірақ соған қарамастан ол 1980 жылы Мәскеуде өткен дүбірлі додаға бармай қалуы мүмкін еді.

"Ол кезде мен 29 жаста болдым. Жасым келіп қалды. Олимпиада ойындары маңызды спорттық шара ғой. 10-15 күн қалғанда ғана менің Олимпиадаға баратыным нақтыланды. Ашығын айтқанда, маған ауыр болды. Ішімнен "спортта әділдік жоқ екен" деп ойладым. Бір уақытта Колесов деген Олимпиада чемпионы "Жақсылық жарыста жеңбесе, мен партиялық билетімді өткіземін. Жұмыстан кетемін" деді. Сөйтіп, мен Олимпиадаға баратын болдым", - дейді балуан.

© Официальный сайт Президента КазахстанаҚазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров
Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров туралы не білеміз? - Sputnik Қазақстан
Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров

Қазақ балуаны Олимпиада ойындарында қалай жеңіске жеткенін былайша есіне алады.

"Бірінші кездесуімде үш дүркін әлем чемпионы, екі дүркін Еуропа чемпионы румыниялық Александруға қарсы күрестім. "Жеңіліп қалсам, не болады?" деген қорқыныш болды. Залда 15 мың халық отырды. Бүкілі "Жақсылық" деп айғайлады. Барлығы маған қазақ болып көрінді. "Жеңейін, болмаса өлейін" дедім. Соны ғана ойладым. 9 минут күресіп, 9:4 есебімен әрең жеңдім. Кейін боз кілемде жарты сағат жаттым", - дейді Жақсылық Үшкемпіров.

Халықаралық дәрежедегі спорт шебері халық "тұңғыш Олимпиада чемпионы деп еркелетінін" жиі есіне алады.

1981 жылы ол грек-рим күресінен әлем чемпионы, 1982 жылы әлем кубогында күміс жүлдеге ие болады. 1974-1984 жылдары Қазақ КСР мемлекеттік спорт комитетінде нұсқаушы болып қызмет атқарады. 1984 жылы Красноярск қаласында жалауын көтерген КСРО кубогында 33 жастағы Жақсылық Үшкемпіров спорттағы карьерасын аяқтайды.

1984-1993 жылдары спорт мектебінің директоры, 1993 жылдан бері Алматы облысындағы "Жақсылық" спорт клубының директоры болып қызмет атқарады.

Жеке шаруашылығы бар

Қазақстан тәуелсіздік алған соң, Жақсылық Үшкемпіров кәсіпкерлікпен шұғылданады. Жеке шаруашылығын ашады. Қазіргі таңда ол кәсібін табысты жүргізіп отыр. Оның шаруа қожалығында 100 адам жұмыс істейді. 20 мың гектар жерге малын жаяды.

Сонымен қатар ол Алматы облысының Мыңбаев ауылында өз қаражатына спорт кешенін, 100 орындық балабақша салған. Қазіргі таңда бұл ауылда 5 мың отбасы тұрады екен.

Ал 2017 жылы Ақордада Жақсылық Үшкемпіров Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан "Қазақстанның Еңбек Ері" атағын алды.

Оған дейін қазақтың даңқты спортшысы "Құрмет" орденімен марапатталған болатын.

Жаңалықтар
0