Кәдімгі адыраспан

Адамды есінен айыруы мүмкін: Адыраспан туралы не білеміз?

12698
(Жаңартылды 11:27 03.06.2019)
Халық емдік қасиеті бар деп санайтын адыраспан өсімдігі туралы Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз  

Адыраспан – түйе табандар тұқымдасына жататын көп жылдық өсімдік. Сабы мен гүлінде у болады. Ол сасық иісті, дәрілік шөп болып саналады. Биіктігі – 30-80 см. Тау беткейлерінде, жолбойында, жазық далаларда өседі.

Қазақстанда оның үш түрі бар. Бір түрі шөл-шөлейтті, сортаңды жерлерде, әсіресе Шу, Іле, Сырдария, Сарысу өзендерінің бойындағы тақырланған жайылымдарда өседі. Оның сабағы бұтақты, салалы тамыры 10 метр тереңдікке жетеді. Гүлі – ақ, сары түсті. Мамыр, шілде айларында гүлдейді.

Тағы оқыңыз: Қазақ дәрігері цитрамон, парацетамол сынды дәрілер аса қауіпті екенін айтты

Биология ғылымдарының кандидаты, палинолог Саида Нығметова бұл шөп осыдан 2 мың жыл бұрын халық арасында кеңінен қолданыста болғанын айтады.

"Бұрынғы заманда адамдар табиғатпен тығыз байланыста болды. Олар шөптердің қасиетін жақсы білді. Адыраспан – Орталық Азияда жиі өсетін шөп. Улы болғандықтан мал жемейді. Адамдар "төрт түлік мұны неге жемейді?" деп оған назар аударса керек. Оның ерекше қасиетіне сенген", - дейді ғалым "Адыраспан" деректі фильмінде.

Адыраспан қайда өседі

Адыраспан халық арасында "белобок", "исрык", "бибик", "адыраспан", "испанд", "хазориспанд", "исирик", "хармаль" және тағы басқа атаулармен таныс. Ол Орталық Азияда, Ресейдің Еуропа бөлігінің оңтүстігінде, Кавказда, оңтүстік Еуропада, Солтүтік Африкада, Таяу Шығыс пен Моңғолияда, Қытайда өседі.

Адыраспан қандай ауруларға ем

Адыраспанның бұтағы, жапырағы мен гүлі емдік мақсатқа пайдаланылады. Атақты ғалым, дәрігер Әбу Әли ибн Сина оны сегізкөз (крестцовая кость, құйымшақ) қабынған кезде шаншуды басатын дәрі ретінде қолданыпты.

Халық емшілері адыраспанды ревматизм, қышыма және басқа да тері ауруларын емдеуге пайдаланады. Оның шөбінен қайнатып жасалған тұнба суық тигенде, безгек ауруларына, нерв жүйесінің әлсіреуіне және ұстама ауруларына ем болып саналады. Адамдар оның шөбін жағып, түтінімен бас ауруын емдейді әрі жұқпалы сырқаты бар адам жатқан бөлмені залалсыздандырады.

Адамдар ежелден адыраспанның ұрығын зығыр тұқымымен қосып демікпені емдеген. Сондай-ақ қара немесе қызыл бұрышқа араластырып теңге қотырға (псориаз) жағады және несеп жүргізетін, тер шығаратын дәрі ретінде қолданады. Адыраспанды мыңжапырақ гүлдерімен, киікотымен, шөпшай гүлімен қосып қайнатады да, онымен асқазан сөлінің азаюын, яғни гипоацид гастритін емдейді.

Тағы оқыңыз: Шаңға аллергияңыз болса, не істеу керек?

Адыраспан шөбінің қайнатындысы мен тұнбасы ауруды басып, адамды тыныштандырады, сырқатты асқындырмауға, тер шығаруға көмектеседі. Тұнбасы суық тигенде пайдаланылады. Ал қайнатындысы ауыз қуысы мен тамаққа суық тигенде ауыз шаюға, басқа да шөптермен қосып аяқты жууға қолданылады. Адыраспанды тасшөппен, қараңдыз тамырымен қосып қайнатады да, радикулитті, сегізкөз (крестцовая кость, құйымшақ) невралгиясын емдеуге қолданады. Бұл ауруларды емдеген кезде жоғарыдағы қайнатындыны ішумен бірге шөбімен белді булау да жақсы нәтиже беретіні байқалады.

Ғалымдар не дейді

Адыраспанды зерттеу барысында оның құрамында гармалин бар екені анықталған. Ол – антидепрессант. Дәрігерлер адыраспан жүрек қағысын тұрақтандырып, оның құрамындағы гармалиннің гидрохлориді туберкулез қоздырғыштарына қарсы тиімді күреседі дейді.

Сондай-ақ ол сал ауруы мен Паркинсонді емдеуде қолданылады. Бұл шөптің құрамындағы пеганин (вазицин) демікпені емдеуде оң әсерін береді. Адыраспандағы дезоксипеганин гидрохлориді іш жүргізетін дәрі ретінде қолданылады.

Бұдан бөлек, невралгия, миопия және басқа жүйке ауруларын емдеуге қолданылады. Шөптің құрамындағы пеганидин микробтарға қарсы күресуге мүмкіндік береді.

Санжар Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университеті жанындағы институттың ғылыми қызметкері Эльмира Капсалямова адыраспанның емдік қасиеттері ғылыми түрде дәлденгенін айтады.

"Адыраспанның фармакологиялық қасиеті бар. Бактерияларға қарсы күресе алады. Мұның барлығы зерттеу барысында анықталды. Бұл бағытта көптеген магистрлік диссертация қорғалады деген үміттемін. Біз бұл өсімдікті ғылыми түрде енді ғана зерттей бастадық", - дейді доцент, фармацевтика ғылымдарының кандидаты.

Адыраспан үйді жын-шайтандардан тазарта ма

Бұл шөпті қазақ киелі өсімдік деп санайды. Сондықтан халық арасында оны "бәле-жаладан сақтайды" деп үйдің ішіндегі көрнекілеу жерге, кереге басына іліп қояды. Ал жаңа үйге кірерде босағаға "жын-шайтан мүлдем жоламасын деп" адыраспанмен аластаған. Сонымен қатар, жын-шайтандардан тазарту үшін адыраспанның бір бұтағын отқа салып тұтатып, үйді аластайтын болған.

Сонымен қатар адыраспан психоделиктер қатарына жатады. Оны көп мөлшерде қолдану адамды транс (естен айыру) жағдайына түсіруі мүмкін. Тарихта италиялық ұлы суретші, ғалым Леонардо да Винчи, итальялық мүсінші, кескіндемеші, сәулетші Микеланджело Буонарроти адыраспанды дүниетанымын кеңейту, шығармашылық әлеуетін арттыру үшін пайдаланды деген деректер бар.

Санжар Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университеті жанындағы институттың ғылыми қызметкері Эльмира Капсалямова бұл шөптің психоделикке жататынын анықтау үшін арнайы зерттеу жүргізілгенін атап өтті.

"Адыраспан көп жерде өседі. Сондықтан бұл шөптің фармакологиялық қасиеті бар-жоқтығын анықтау үшін зерттеу жұмысын жүргізу қажет болды. Оны біздің институттағы магистрант жүргізді. Зерттеу барысында өсімдіктің психоделикке жататыны анықталды", - дейді фармацевтика ғылымдарының кандидаты.

У ретінде қолданған

Бұрынғы заманда моңғолдар адыраспанды у ретінде пайдаланған көрінеді. Олар оны жауының ұлтарағына жаққан. Бірнеше күннен соң адам өлген.

Ұлт-азаттық қозғалысының қолбасшысы, батыр, шешен Сырым Датұлын адыраспанмен улады деген дерек бар. Батырдың үзеңгісіне осы уды жаққан. Сырым Датұлы у табаны арқылы жұққанын білген кезде жанындағыларға аяғын тізесіне дейін шауып тастауды сұрапты. Бірақ батырдың аяғынан шабуға ешкімнің батылы бармаған. Салдарынан отарлау саясатына қарсы күрескен қолбасшы қаза тапқан.

12698
Кілт сөздер:
улы өсімдік, адыраспан
Тақырып бойынша
Диетолог қарындағы майды кетіретін 6 тағамды атады
"Малды дәрімен семіртеді" - отандық ғалым ет жемеуге кеңес берді
Күнге аллергияңыз болса, не істеу керек?
Диетологтар жиі тұтынылатын тағамдардың ең зияндысын атады
Адам өміріне аса қауіпті: кене шаққанда не істеу керек?
Кілт, иллюстративті сурет

"5-10-20" және "7-20-25" бағдарламалары бойынша қалай баспана алуға болады

646
"7-20-25" тұрғын үй бағдарламасы Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен құрылды. Бағдарлама іске қосылғаннан бері тұрғын үй қарызын алуға 39 мыңнан астам өтінім түскен

Осы жылы ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осыған ұқсас әлеуметтік тұрғын үй бағдарламасын – "5-10-20" іске қосуды тапсырды.

Екі бағдарламаның шарттары жайлы толығырақ Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз.

"7-20-25"

"7-20-25" – әлеуметтік бағдарлама, қазақстандықтарға баспана жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Бағдарлама операторы – "Қазақстанның орнықтылық қоры" АҚ.

Бағдарлама шарты бойынша тұрғын үй қарызын беретін банктер:

  • "Банк ЦентрКредит";
  • "Сбербанк";
  • "Қазақстан халық банкі";
  • "Евразия банкі";
  • "АТФБанк";
  • Jýsan Bank;
  • Bank RBK;
  • Forte Bank.

Тұрғын үй қарызын алушыларға қойылатын талаптар:

  • Қазақстан азаматы болу;
  • Қазақстан аумағында меншігінде баспана болмауы;
  • кәсіпкерлік немесе еңбек қызметінен түсетін тұрақты кірісінің болуы;
  • ипотекалық кредиті болмауы.

Бағдарлама шарттары

Қарыз бойынша сыйақының пайыздық мөлшерлемесі – 7%.

Бастапқы жарна – баспана құнының 20%-і.

Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Атырау және Шымкент қалалары үшін тұрғын үйдің ең жоғары бағасы – 25 миллион теңге, Қарағанды үшін – 20 миллион теңге, басқа өңірлер үшін – 15 миллион теңге.

Қарызды өтеу мерзімі – 25 жылға дейін.

Тағы оқыңыз: Мемлекет арендалық баспана ақысын қалай төлейді?

Ұлттық банктің мәліметінше, 2020 жылдың 17 қыркүйегіндегі жағдай бойынша "7-20-25" бағдарламасымен үй алуға 461,341 миллиард теңгеге 39 689 өтінім түскен. 267,691 миллиард теңгеге 22 847-сі мақұлданды.

Бағдарлама іске қосылғалы бері банктер 18 206 қарыз берген.

"5-10-20"

"5-10-20" – көпке белгілі "Нұрлы жер" бағдарламасының бағыттарының бірі.

"Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" жаңа "5-10-20" – "Шаңырақ" жобасы бойынша өтінім қабылдауды биыл 17 қыркүйекте бастады.

Тұрғын үй қарызын алу үшін қойылатын талаптар:

  • Қазақстан азаматы болу;
  • әкімдікте баспана кезегінде тұру (1986 жылдан 2015 жылға дейін);
  • кәсіпкерлік немесе еңбек қызметінен түсетін тұрақты кірістің болуы.

Бағдарлама шарттары

Кредит бойынша мөлшерлеме – 5%.

Бастапқы жарна – қарыз сомасының 10%-і.

Қарызды өтеу мерзімі – 20 жылға дейін.

Қарыз алушы пәтерді баспана кезегінде тұрған өңірден ғана сатып ала алады.

Егер негізгі кіріс жеткіліксіз болса, қосымша табыстарды қосу мүмкіндігі бар. Олар: зейнетақы аударымдары, тұрғын үй немесе экологиялық төлемдер.

2020 жылы "Шаңырақ" пилоттық жобасын жүзеге асыруға мемлекеттік бюджеттен 210 миллиард теңге бөлу жоспарланып отыр. Оның 90 миллиард теңгесі "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне" аударылды.

"Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің" мәліметінше, 17 қыркүйектегі жағдай бойынша барлығы 21 039 өтінім қабылданды. 6 миллиард теңгеге 472 өтінім мақұлданды.

646
Кілт сөздер:
"7-20-25" бағдарламасы., тұрғын үй, баспана
Қызғалдақ фестивалі

Алматының туған күні: қала жайлы қызықты деректер

340
Жыл сайын қыркүйектің үшінші жексенбісінде Қазақстанның бұрынғы астанасы – Алматыда қала күні тойланады

Қаланың биылғы мерейтойы 20 қыркүйекке түсіп отыр. Биыл қала күні елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты онлайн форматта тойланады. Қала жайлы қызықты деректерді Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.

Алматы – Тянь-Шань тауларының солтүстігінде, Іле Алатауының баурайында, Қазақстанның оңтүстік-шығысында орналасқан қала. Кей деректе біздің заманымызға дейінгі 7 ғасырларда бұл маңды сақтар, кейіннен үйсіндер мекендегені туралы дерек бар. Себебі сол кезеңнен көптеген қорған мен қамал сақталған. Алматы маңы Есік қорғанынан табылған "Алтын адам" соның бірден бір дәлелі.

Одан кейінгі 10-14 ғасырларда осы аймақтағы қалалар Ұлы Жібек жолының бойындағы сауда-саттыққа ілініп, қолөнер мен ауылшаруашылығының орталығына айналған. Алғашқы Алматы атауы жазылған заттар да осы кезеңге тиесілі. Алайда Ұлы Жібек жолының ыдырауына байланысты қала өмірі де құлдырай бастайды.

Верныйдан Алматыға дейін

Қаланың жаңа тарихы Ресей үкіметінің 1854 жылы Верный әскери бекінісін құруымен байланысты. 1855 жылдың ортасынан бастап бекініске орыс қоныс аударушылары келе бастады. Олардың келуімен Верный қарқынды дами түсті.

1865 жылы он бірінші сәуірде Верный бекінісінің атауы өзгертіліп, Алматинск қаласы болды. Алайда дәл осы жылы "Дала комиссиясының" шешімімен бұл атау өзгертіліп, Верный қаласы болып ауысты. Қала атауын алған Верный Вернинск уезі мен Жетісу ауданының орталығы болды.

Алматы алманың отаны саналады. 1921 жылы Верный атауы Алма-Ата деп өзгерту туралы шешім қабылданды. Бес жыл өткен соң қалада Түркістан-Cібір теміржолы салынатын болды. Түркісіб құрылысы бұл қаланың Қазақстанның астанасы болуға ықпал етті.

Осылайша, 1927 жылы екінші наурызда ҚазАКСР астанасы Қызыл-Ордадан Алматыға көшірілді.

1935 жылы Алматы әуе жолы ашылып, Мәскеумен әуе арқылы байланысқа шықты. Бұл Орталық стадион ауданындағы шағын аэродром болатын. Ал қазіргі Алматы халықаралық әуежайы Майлин көшесі, 2 мекенжайында орналасқан. Ол 2004 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұл әуежайдың құрылысы ескі аэропорт ғимараты 1999 жылы өрттен кейін 2000 жылы басталды. Алматы әуежайынан әлемнің 55-тен астам қалаларына тұрақты рейстер бар.

Тәуелсіздік жылдарындағы Алматы

Алматы атауы қалаға 1993 жылы берілді. Ал Қазақстанның тұңғыш президенті шешімімен 1997 жылы ел астанасы Алматыдан Астанаға (қазіргі Нұр-Сұлтан қаласы) ауыстырылды.

"Алматы – тәуелсіздігіміздің бесігі болса, Астана – болашағымыздың бесігі. Мен Алматыны жер жүзіндегі ең әдемі қала деп білемін. Оның тамылжыған баулары мен жайнаған парктерін, көкке шаншылған Тянь-Шань шыршаларын, "Көктөбе шамшырағын" және басқа да талай ғажайыптарын ұнатамын… "Дербестік!" деп шыққан дауыс алғаш Алматыда естіліп, Алматыда сезілді", - дейді Назарбаев ел астасының ауысуы жайлы.

Алматы қаласы сегіз ауданнан тұрады: Алмалы, Алатау, Әуезов, Бостандық, Жетісу, Наурызбай, Медеу, Түркісіб.

Алматы қаласының әкімдігі 20 басқармадан тұрады: қалалық мобильділік, білім, спорт, қоғамдық денсаулық сақтау, дін істері, жер қатынастары, әлеуметтік әл-ауқат, қоғамдық даму, мәдениет, қала құрылысын бақылау, туризм, тұрғын үй саясаты және т.б.

Қала басшысы – әкім. Оны мемлекет басшысы тағайындайды. Қала әкімінің бес орынбасары бар. Қазір бұл қызметті 2019 жылдан бері Бақытжан Сағынтаев атқарып келеді.

Тәуелсіздік жылдары қалада жеті әкім ауысты. 1992-1994 жылдар арасында – Заманбек Нұрқаділов, 1994-1997 жылдары – Шалбай Құлмаханов, 1997-2004 жылдары Виктор Храпунов, 2004-2007 жылдары – Иманғали Тасмағамбетов, 2008-2015 жылдары – Ахметжан Есімов, 2015-2019 жылдары Бауыржан Байбек әкім болды.

Алматы мәртебесі туралы заң

1998 жылдың 1 шілдесінде Алматы қаласының мәртебесі туралы жаңа заң қабылданды. Соған сәйкес, Алматы қаласы республикалық маңызы бар қала болып табылады. Сонымен қатар Алматы қаласының өз елтаңбасы бар, ол қаланың ҚР мәдени, саяси, экономикалық және ғылыми орталығы ретіндегі ерекшеліктерін, сондай-ақ, географиялық орналасқан жері мен қоршаған ортасының ерекшеліктерін бейнелейтін нышаны болып табылады.

Заң бастапқыда сегіз баптан тұрды, қазір оның тең жартысы алынып тасталды. Заңда қала мәртебесінің құқықтық негізі, Алматы қаласының аумағы, өкілді органның өкілеті мен қаланың атқарушы органдарының өкілеті көрсетілген.

Алматы қаласының елтаңбасы

Қаланың елтаңбасы 1992 жылдың мамыр мен тамыз айлары аралығында өткен байқаудың нәтижесінде таңдалды. Оның авторы – Шәкен Ниязбеков. Оның жасаған жобасы 1993 жылы 6 шілдеде Алма-Ата қаласы халық депутаттары кеңесінің қаулысымен қала елтаңбасы болып бекітілді.

Алматының баурайыда Іле Алатауының ұлттық паркі бар, ол жерде көптеген қорық орналасқан. Ішінде сирек кездесетін құстар мен аңдар Қызыл кітапқа енгізілген. Оның арасында Алматының елтаңбасында бейнеленген барыс та бар.

Елтаңбаның алдыңғы қатарында дөңгелек шығыс қал­қаны түрінде, барыс аузымен тістеген алма бұтағында сегіз алма (алғашқы нұсқасында тек 6 алма болатын) түсіндегі байламды ұстаған барыс бейнеленген. Сегіз алма қаланың сегіз ауданын көрсетіп тұр.

Елтаңба сипаттамасында тіршілігіне сенімді барыс алға қарай адымдайды, оның оң табаны алға қарай келесі қадамды жасау үшін көтерілген, алайда, бұл жағдайда барыстың басы артқа бұрылған. Бұл қаланың ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі даму сабақтастығын көрсетеді. Артқы қатарда құдыретті Алатаудың қарлы шыңдары бейнеленген. Осы құтты жерде Алматы қаласы орналасқан. Бүкіл елтаңбаның діңгегі көгілдір түс – Қазақстан Республикасы туының түсі болып табылады. Шеңбер әшекейлі жолақ ленталар­мен және шаңырақтың элементтері уықтың ұясымен кескінделген. Алтын түс аясында сақина бойынша қызыл түспен қазақтың ұлттық өрнегі бейнеленген. Өрнек "Алматы" сөзіндегі қаріптермен қабысады.

Қаланың елтаңбасы алтын, қызыл, көк, ақ, қызғылт және күміс түстермен нақышталған.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Места и афиша Алматы (@mesto_almaty)

2010 жылы 22 қаңтарда Алматы қаласы мәслихаты XXV сессиясының "Ал­маты қаласының елтаңбасы туралы" шеші­мімен Алматы қаласы елтаңбасын қолдану ережелері бекітілген.

Тыныс-тіршілігі

Мың бояулы қаланы "Оңтүстік астана" деп те атайды, арасында жастардың қаласы деп жатады. Себебі жыл сайын республиканың барлық өңірінен мыңдаған талапкер білім алу үшін алып шаһарға келеді.

Ал қаладағы ең алғашқы жоғары оқу орны Қазақ мемлекеттік педагогикалық институты 1928 жылы ашылды.

Сонымен қатар қалада республикадағы ең ірі театрлар орналасқан. Олар. Абай атынағы опера және балет театры, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов мемлекеттік театры.

Ал қала метросының құрылысы 1988 жылы басталған болатын. Алайда Кеңес одағының ыдырауынан метро құрылысы тоқтап қалды. Құрылыс жұмыстары тәуелсіздік алғаннан кейін 2003 жылы қайта жандана бастады. 2011 жылы Алматы метросы салтанатты түрде ашылды.

Метроның ашылуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Ол Алматы метрополитенінің пайда болуы автобус маршруттарының қысқаруы ғана емес, бұл көліктің жаңа мәдениетін игеру екенін атап өтті.

Сол күні Елбасы метро вагонымен Райымбек батыр станциясынан Алатау станциясына дейін метро түннелі арқылы барлық станцияларды қарап шықты.

Тағы бір тарихи оқиғалардың бірі – 2011 жылы VII қысқы Азия ойындары. Спорт ойындары қаланың орталығында орналасқан Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайында, "Медеу" кешенінде, "Шымбұлақ" тау базасында өтті. Сол жылдары қалаға алпыс мыңнан астам турист келді.

2017 жылы Алматыда 28-ші қысқы универсиадаға 57 елден келген екі мыңға жуық спортшы қатысты.

Мың бояулы қала

2020 жылдың басындағы дерек бойынша қалада 1 916 822 адам тұрады. Жыл сайын тұрғындар мен қала қонақтары қала күнін салтанатты түрде атап өтеді. Алайда биыл қала күніне орай іс-шараның барлығы онлайн түрде өтеді.

"Құрметті алматылықтар! Пандемия бізге сақ болуды, санитарлық қауіпсіздік шараларын сақтап, жаңа толқынға дайын болуды үйретті. Қазіргі қалыптасқан жағдайда адамдар дәрігер мен ұстаздың, полиция мен әскери қызметкердің еңбегін бағалай бастады. Олардың алдында бас иеміз. Алматылықтар, әдеттегідей, өздерінің ең жақсы қасиеттерін паш етіп, ерік-жігері мен төзімділігін, бірлігін көрсете білді. Туған күніңмен, сүйікті қалам!", - деп жазды қала әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Бакытжан Сагинтаев (@sagintayev.b)

Алматының жер аумағы – 682 мың шаршы метр. Қалада қазақ, орыс, ұйғыр, корей, татар секілді көптеген ұлт өкілдері тұрады. Қала коды +7 7272; Пошта индекстері: 050000–050063, автокөлік коды – 02.

340
Кілт сөздер:
қала күні, Алматы
Ішік

Нұр-Сұлтан тұрғыны анасының миллион теңге тұратын ішігін ұрлап, 30 мыңға сатпақ болды

0
Мас ер адам өтіп бара жатқан адамдарға қаракүзен ішігін сатып алуды ұсынған – оны учаскелік инспектор ұстады

НҰР-СҰЛТАН, 24 қыркүйек – Sputnik. Алкогольге тәуелділіктен зардап шегетін ер адам анасының бір миллион теңге тұратын қаракүзен ішігін ұрлап алған.

Ол "Астаналық базардың" маңында өтіп бара жатқан адамдарға ішікті 30 мың теңгеге сатпақ болды, деп хабарлады Нұр-Сұлтанның полиция департаменті.

Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтанда қымбат телефонды ұрлап кеткен оқушының әрекеті видеоға түсіп қалды   

Тон ұстаған мас адамды учаскелік инспектор Бақтияр Байқанов байқап қалып, оны тергеу үшін полицияға жеткізген.

Нәтижесінде ішік заңды иесіне қайтарылды. Ол полиция қызметкеріне қырағылығы мен қызметтік міндетін адал атқарғаны үшін ризашылығын білдірді.   

0
Кілт сөздер:
Нұр-Сұлтан, ұрлық
Тақырып бойынша
Қарағанды облысында ұрланған көлік өртеніп кетті
Нұр-Сұлтанда қарақшылық шабуыл жасаған ағалы-інілі ұсталды
Талдықорғанда 35 жыл түрмеде отырған баукеспе ұры ұсталды
Сарыағашта ана мен баланың бірігіп жасаған қылмысы ашылды – видео