11 шілде - күнтізбе

Бүгін әлемде және Қазақстанда қандай мереке: 11 шілде

96
Бұл григориан күнтізбесінде 192-ші күн. Жыл соңына дейін 173 күн бар.

11 шілдеде не болғанын білесіз бе?

Бұл күннің несімен есте қалғанын Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.

11 шілдеде қандай қызықты оқиға болды

Бүгін – Бүкіләлемдік шоколад күні. "Тәтті" мерекені алғаш рет 1995 жылы француздар ойлап тапқан. Шоколадты алғаш болып ацтектер жасап үйренді деген болжам бар. Олар оған "құдайлар асы" деген атау берген. Шоколадты Еуропаға алғаш жеткізген испаниялық басқыншылар оны "қара алтын" деп атап, дене күшін нығайту үшін пайдаланған. Кейінірек бұл тәттіні Еуропада тек ақсүйектер жей бастады. Зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, қара шоколад адамның есте сақтау қабілетін жақсартады. Сонымен қатар, көзі нашар көретін жандарға да септігін тигізеді екен.

Сондай-ақ, бүгін Халықтардың бүкілдүниежүзілік күні аталып өтеді. Өткен ғасырдың 60-шы жылдарында адамзат әлем халқының қарқынды өсіп келе жатқанын байқады. Бұл мәселе Біріккен ұлттар ұйымына мүше елдердің алаңдаушылығын туғызды. БҰҰ мәліметінше, 1987 жылы 11 шілдеде Жер шары халқының саны 5 миллиард адамға жуықтаған. Осылайша бұл күн шартты түрде Бес миллиард күні деген атау алды. 1989 жылы БҰҰ халықаралық мереке – жыл сайын 11 шілдеде тойланатын Халықтардың бүкілдүниежүзілік күнін бекітті.

1960 жылдан 1999 жылға дейінгі аралықта әлем халқы екі есеге жуық артып, 1999 жылдың қазанында 6 миллиардқа жетті. 1969-1999 жылдар аралығында халық саны өсімінің қарқыны 2 проценттен 1,3 процентке төмендегенмен, қазіргі таңда абсолютті өсім жылына 77 миллионды құрап отыр. Бұл өсімнің 95 проценті дамып жатқан елдердің үлесіне келеді.

11 шілдеде әлемде болған тарихи оқиғалар

1890 жылы Жапония тарихында алғаш рет саяси сайлау өтті;

1893 жылы жапониялық Кокити Микимото алғаш рет жасанды інжу алды;

1905 жылы Халықаралық спорттық кегли қауымдастығы құрылды;

2010 жылы Испания құрамасы өз тарихында алғаш рет футболдан әлем чемпионатында жеңіске жетті.

11 шілдеде Қазақстанда болған тарихи оқиғалар

1894 жылы алғашқы пойыз Транссібір темір жолы арқылы Петропавл қаласына келіп жетті. Бұл бағытта теміржол қатынасын дамыту өлкенің экономикасы мен мәдениетін көтеру мақсатында қолға алынған болатын;

1977 жылы Қазақ минералдық шикізат ғылыми-зерттеу институты құрылды;

1997 жылы Қазақстан Республикасының "Тіл туралы" заңы қабылданды

2007 жылы Ақтөбе облысында 11 ауыл мен 2 ауылдық округтің атауы қазақшаланды;

11 шілдеде туған танымал тұлғалар

1934 жылы италиялық сәнгер, Armani сән империясының негізін қалаушы  Джорджио Армани дүниеге келді;

1940 жылы кеңестік және ресейлік әнші, актриса Елена Камбурова өмірге келді. Ресейдің халық әртісі (1995);

1954 жылы кеңестік және ресейлік эстрада әншісі Татьяна Анциферова туды.

11 шілдеде Қазақстанда кімдер туды

1858 жылы қазақ ақыны, ойшыл, аудармашы, философ Шәкәрім Құдайбердіұлы дүниеге келді;

1960 жылы Қазақстанның ішкі істер органдарында түрлі лауазымды қызмет атқарған, ІІМ Алматы академиясының бастығы Талғат Құлыбаев өмірге келді;

1968 жылы Қостанай облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов туды;

1978 жылы қазақстандық суретші, қылқалам шебері Айдар Жамхан дүниеге келді.

Ай күнтізбесі

Ай Сарышаян белгісінде орналасады. Шаруаны ысырып қойып, демалатын уақыт жетті. Бүгін өз бойыңыздағы жаман әдеттерден арылып, өзіңізді одан әрі дамытуға көңіл бөліңіз.      

96
Кілт сөздер:
ай күнтізбесі, тарихи оқиғалар, шоколад, танымал тұлғалар, атаулы күндер
Тақырып:
Бүгін қандай мереке: әр күнге арналған күнтізбе (361)
Сайлау, дауыс беру, иллюстративті сурет

Мәжіліс сайлауы: кім дауыс бере алады

77
Мәжіліс сайлауында дауыс беруге құқылы сайлаушылар, дауыс беру уақыты мен тәртібі туралы Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

Қазақстанның 18 жасқа толған кез келген азаматы, тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, сайлауда дауыс беруге құқылы.

Сайлауға сот iс-әрекетке қабілетсiз деп таныған, сондай-ақ сот үкiмiмен бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтар қатыспайды.

Мәжiлiс депутаттарын сайлаған кезде сайлаушылар тiзiмi жасалады. Азаматтар жасырын дауыс береді және сайлаушылардың еркiн бiлдiруiне қандай да болсын бақылау жасауға тыйым салынады.

Сайлаушылар тізімінде сайлаушының тегi, аты, әкесiнiң аты, туған жылы (он сегіз жастағылар үшiн – қосымша күнi мен айы), жеке сәйкестендіру нөмірі және тұрғылықты мекенжайы көрсетiледi.

Әрбір сайлаушы сайлау жарияланған немесе тағайындалған кезден бастап тиісті әкімдікте сайлаушы ретінде тіркелуге құқылы.

Сайлау күні басқа қалада жүргендер қалай дауыс береді

Егер азамат басқа өңірде жүріп, дауыс беретін күні сайлаушы ретінде тіркелген қаласына бара алмайтынын білсе, онда өзі жүрген қаланың әкімдігіне жүгінуге құқылы. Жазбаша өтiнiшті сайлаудан кемінде отыз күн бұрын беру керек.

Азамат өтiнiш жасаған соң, әкімдік оны тiркелген жері бойынша сайлаушылар тiзiмiнен шығарып, сол қаладағы дауыс беретiн учаскенiң сайлаушылар тiзiмiне енгiзеді.

Дауыс беру уақыты

Дауыс беру сайлау күнi жергiлiктi уақытпен сағат 07.00-ден 20.00-ге дейiн өткiзiледi.

Алайда учаскелiк сайлау комиссиялары басқа уақытты белгiлей алады. Бұл орайда дауыс берудi сағат 06.00-ден ерте бастап, сағат 22.00-ден кеш аяқтауға болмайды.

Учаскелiк сайлау комиссиясы азаматтарды дауыс беретiн уақыт пен орын туралы сайлау өткiзiлетiн күнге дейiн он күннен кешiктiрмей, БАҚ арқылы, сондай-ақ, өзге де әдiстермен хабардар етуі тиiс.

Дауыс беру тәртібі

Учаскелiк сайлау комиссиялары дауыс берудің басталуына бiр сағат қалғанда дауыс беруге арналған учаскелердi аша бастайды.

Аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы дауыс беру басталардан 30 минут бұрын комиссия мүшелерiнiң қатысуымен сайлау жәшiктерiнде сайлау бюллетеньдерiнiң бар-жоғын, жәшiктердiң бүтiндiгiн тексередi, дауыс беруге арналған жәшiктерге пломба салады немесе мөр басады.  Комиссияның сайлау бюллетеньдерiн беруге жауапты мүшелерiн белгiлейдi.

Әрбiр сайлаушы өзi дауыс бередi.

Тағы оқыңыз: Мәжіліс сайлауы қашан өтеді

Сайлауда дауыс құқығын басқа бiреуге беруге және сол сияқты басқа адам үшiн дауыс беруге жол берiлмейдi.

Бюллетеньдер сайлаушылар тiзiмі негiзiнде жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен соң берiледi.

Сайлаушылар тiзiмге бюллетеньдердi алғаны туралы қол қояды.

Комиссияның бюллетеньдi берген мүшесi оларға өзiнiң қолын қояды, сондай-ақ бюллетеньдi алған сайлаушының тiзiмдегi тегiнiң тұсына қол қояды.

Сайлау комиссиясы төрағасы мен хатшысының бюллетень бepуге құқығы жоқ.

Дауыс берушiлер сайлау бюллетенiн жасырын дауыс беруге арналған кабиналарда толтырады. Оны толтыру кезiнде кабинаға басқа адамның кіруіне тыйым салынады. Бюллетеньдi өз бетiнше толтыруға мүмкiндiгi жоқ сайлаушы өзi сенетiн адамның көмегiн пайдалануға құқылы.

Бюллетеньге қарындашпен белгi қоюға, сондай-ақ оған қандай да болсын түзету енгiзуге жол берiлмейдi.

Толтырылған бюллетеньдердi сайлаушы дауыс беруге арналған жәшiкке салады.

77
Кілт сөздер:
сайлау, Мәжіліс
Мәжіліс залы

Мәжіліс сайлауы қашан өтеді

213
(Жаңартылды 18:32 27.09.2020)
Қазіргі шақырылымдағы мәжілістің өкілеттігі 2021 жылдың 24 наурызында аяқталады. Қазақстан президенті парламент сайлауының өтетін күнін 2020 жылдың 24 қазанынан кешіктірмей белгілеуі тиіс

Парламент – Қазақстанның заң шығару билігiн жүзеге асыратын республиканың ең жоғары өкiлдi органы.

Парламент тұрақты негізде жұмыс істейтін екі палатадан: сенаттан және мәжілістен тұрады.

Мәжіліс конституциялық заңда белгіленген тәртіппен сайланатын 107 депутаттан тұрады. Өкілеттік мерзімі - бес жыл.

Сайлауды кім және қалай тағайындайды

Мәжілістің соңғы сайлауы 2016 жылдың 20 наурызында өтіп, бірінші сессия 2016 жылдың 25 наурызында ашылған еді. Тиісінше, қазіргі шақырылымдағы мәжілістің өкілеттігі 2021 жылдың 24 наурызында аяқталады.

Конституцияға сәйкес, мәжілістің кезекті сайлауы парламенттің жұмыс істеп тұрған шақырылымы өкілеттігінің мерзімі аяқталардан кемінде екі ай бұрын өткізіледі.

Осылайша, төменгі палата депутаттарының сайлауы 2021 жылдың қаңтарынан кешіктірілмей өткізілуі тиіс.

"Қазақстандағы сайлау туралы" Конституциялық заңға сәйкес, мәжілістің кезекті сайлауын президент депутаттар өкiлеттігінің бiтуiне кемiнде бес ай  қалғанда тағайындайды.

Мәжілістің 98 депутатын сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады. Мәжілістің 9 депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды.

Үміткерге қойылатын талаптар

Қазақстан азаматтығы бар және ел аумағында соңғы он жылда тұрақты тұрып жатқан, жасы жиырма беске толған адам мәжіліс депутаты бола алады.

Сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлануға құқығы жоқ.

Мыналар:

  • сотталғандығы белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алып тасталмаған адам;
  • сот сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны үшін кінәлі деп таныған адам парламенттің депутаттығына, оның ішінде партиялық тізімдер бойынша, кандидат бола алмайды.

Мәжiлiс депутаттығына кандидаттар ұсыну

Партиялық тізімдер бойынша сайланатын мәжіліс депутаттығына кандидаттарды тіркелген саяси партиялар, ал Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын кандидаттарды Ассамблея кеңесі ұсынады.

Мәжіліс депутаттығына сайлау үшін адамдарды партиялық тізімге енгізу саяси партияның жоғары органы мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен жүргізіледі. Саяси партиялардың партиялық тізімдерге осы саяси партияның мүшелері болып табылмайтын адамдарды кіргізуге құқығы жоқ.

Егер сайлауды белгілеу кезінде өзгеше көзделмесе, партиялық тізімдер бойынша сайланатын үміткерлерді ұсыну сайлаудан 2 ай бұрын басталып, оған 40 күн қалғанда жергілікті уақытпен сағат 18.00-де аяқталады.

ҚХА сайлайтын кандидаттарды ұсыну сайлаудан 1 ай бұрын басталып, оған 20 күн қалғанда жергілікті уақытпен сағат 18.00-де аяқталады.

Кандидатураны алып тастау

Партиялық тізімге енгізілген адам Орталық сайлау комиссиясына жазбаша өтініш бере отырып, өз кандидатурасын партиялық тізімнен кері қайтарып ала алады. Бұл жағдайда ОСК партиялық тізімге енгізілген адамды шығару туралы шешім қабылдайды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңесі, ол ұсынған кандидат Орталық сайлау комиссиясына жазбаша өтініш жасай отырып, кандидатураны кері қайтарып ала алады. Бұл жағдайда ОСК кандидатты тіркеудің күшін жою туралы шешім қабылдайды.

213
Кілт сөздер:
сайлау, мәжіліс депутаты, Мәжіліс
Жолаушылар пойызы

Қазақстанда жолаушылар пойыздары жаңа кестемен жүреді

0
(Жаңартылды 11:58 28.09.2020)
Қазақстандықтар жолаушылар пойыздарының қозғалыс кестесіне қатысты ақпарат алу үшін "105" нөміріне хабарласа алады

НҰР-СҰЛТАН, 28 қыркүйек – Sputnik. "Жолаушылар тасымалы" АҚ қазан айынан бастап кейбір жолаушылар пойызы жиі қатынай бастайтынын хабарлады.

Жүру жиілігі артқан пойыздар:

  • №1/2 "Алматы-2 – Шымкент" пойызы – аптасына 1 реттен 3 ретке дейін, Алматыдан-2 стансасынан 10 қазаннан, ал Шымкенттен 11 қазаннан бастап;
  • №11/12 "Алматы-2 – Шымкент" пойызы – аптасына 2 реттен 4 ретке дейін, Алматыдан-2-ден 13 қазанннан, ал Шымкенттен 14 қазаннан бастап;
  • №31/32 "Алматы-2 – Павлодар" пойызы – күн сайын, Алматы-2-ден 11 қазаннан бастап, Павлодардан 12 қазаннан бастап;
  •  №603/604 "Нұр-Сұлтан Нұрлы жол – Арқалық" пойызы – күн сайын, Нұр-Сұлтаннан 2 қарашадан, ал Арқалықтан 3 қарашадан бастап.

Жолаушылар пойыздарының қозғалыс кестесіне қатысты барлық ақпаратты "105" нөміріне хабарласып білуге болады.

Ұлттық тасымалдаушы жолаушыларды билетті онлайн, соның ішінде ресми Bilet.railways.kz сайты арқылы сатып алуға шақырды. Сондай-ақ, вокзал аумағында және пойыздың ішінде санитарлық талаптарды, әлеуметтік қашықтықты (кемінде 1 метр) сақтауды және бетперде киюді сұрады.

0
Кілт сөздер:
пойыздар, жолаушылар