Кітап

"Қазақ поэзиясының құлагері" атанған Ілияс Жансүгіров туралы не білеміз?

11668
(Жаңартылды 14:00 05.12.2019)
2019 жылы қазақ халқы үш бәйтеректің бірі, ақын және қоғам қайраткері Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдық мерейтойын атап өтті

Қазақтың суреткер ақыны, драмашы, прозашы, қоғам қайраткері Ілияс Жансүгіровтің өмірбаянын Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.

Балалық шағы мен еңбек жолы

Ілияс Жансүгіров 1894 жылы 14 мамырда Алматы облысы Ақсу ауданында дүниеге келген. Анасынан ерте айырылған ол әке тәрбиесін көріп өсті. Әкесі Жансүгір аз ғана дәулеті бар, ескіше хат танитын, батырлық дастандар, тарихи оқиғалар мен аңыз-ертегілерді жақсы білетін, он саусағынан өнер тамған адам болған.

Ақынның өзі туған жылын былай деп еске алады:

"Менің жылымды "жылқы" дейді, онысы 1894 жыл болатын. Жазға салым туыппын. Ел ішінде туған ай, күнді, сағатыңды қайдан табарсың. Анамды аз білемін, төрт жасымда жетім қалдым. Әліпбиден әкем өзі оқытты. Менен басқа бала оқытқан кісі емес. Тек қыстың ұзын түндерінде білтелі шамның жарығында бір шыбықты ала отырып, мені тізеге алушы еді".

1912 жылы күзде Қарағаштағы "Мамания" мектебіне қабылданып, төрт жарым ай оқиды. Бірақ түрлі себепке байланысты оқуын тастауға мәжбүр болады.

Ілияс өзі жайлы жазып қалдырған құнды деректе бала кезінде "сөзге үйірлеу, құйма құлақтау" болғанын айтады.

"Қонақ айтқан әңгіме, балалар айтқан жұмбақ, кемпірлердің ескі күндерін ескеріп айтқандары, қыз-жігіт айтысқан қара өлеңдер, ұрыс-соғыс хабарлары – менің ең ұнатып тыңдаған нәрселерім. Хат білген соң, өлең, кітап оқығыш болдым. Қыз Жібек, хиссаларды қызығып оқушы едім. Мен оқығанда, тыңдамайтын жан болмайтын. Кейін аймағымыздың ауыл бозбаласының өлеңшісі болдым. Жарып той бастап, таңдап әріптес алып айтысып, құтырған күндер өтті. Тойды таңға тарқатпай, ауыл әлеуметін ауызға қаратқан түндер кетті. Домбыра шертіп, жыр оқып, үлкен қариялардан бата алдым", - деп жазған еді Жансүгіров.

Тағы оқыңыз: "Бұл не деген масқара!": Бейімбет Майлин туралы қызықты деректер

Білімге құштар жас Ілияс 1920 жылы Ташкент қаласындағы оқытушылар  даярлайтын қазақ-қырғыз институтының екі жылдық курсына түседі. Осы уақыт аралығынжа "Ақ жол" газетінде корректор болып жұмыс істеп, Ғани Мұратбаевтың ұйымдастыруымен "Жас Алаш" газетін шығаруға  атсалысады.

1921 жылдың жазында қолына "институт мұғалімі" деген бір жапырақ қағазды алып, ауылына қайтады. Жетісуға оралғаннан кейін, Алматыда шыққан "Кедей еркі" газетіне бір-екі өлеңі басылған.

Осы жылдың күзінде Талдықорған уезіндегі Белтоған ауылдық мектебіне мұғалім болып орналасады. 1923 жылы "Тілші" газетінде қызмет атқарды. Сол заманда жарық көрген "Жетісу әйелі", "Жас қазақ", "Сана", "Шаншар" газет-журналдарына материалдар жіберіп тұрған. Алайда олардың бірі басылса, енді бірі басылған жоқ.

1925 жылы Ілияс Жансүгіров Мәскеудегі журналистика институтына оқуға түседі.

"Саяси дамуы – орташа. Тәртіпті және ұстамды. Белсенділігі орташа. Парттапсырмаларды қанағаттанарлық орындайды".

Үш жыл білім алған институт мұрағатында Жансүгіровтің осындай мінездемесі сақталған.

Жансүгіров шығармалық жұмыспен қатар Қазақстан Жазушылар одағын ұйымдастыру ісіне де белсене қатысқан. Бұрынғы ҚазАПП (1926 жылы) таратылған соң, 1932 жылы Жазушылар одағын ұйымдастыру комиссиясының төрағасы болып сайланды. Қазақ әдебиетінің қалыптасуы мен алға басуына осы жылдары көп еңбек сіңірді. 1933-1936 жылдары Қазақ КСР Орталық атқару комитетінің мүшесі болды. 1935-1937 жылдар аралығында көркем әдебиет баспасында поэзия бөлімін басқарды.

Ілияс Жансүгіровтің шығармашылығы

Қолынан қаламын бір сәт тастамаған Ілияс қазақ әдебиетінде өшпес із қалдырды. Ілиястың ақындық қуатын байқаған қатарласы Бейімбет Майлин өлең жазуды біржола қойып, қара сөзге бет бұрыпты деседі.

Ілиястың Абай өлеңдеріне деген сүйіспеншілігі сонау жігіт шағында байқалған. Бұл туралы ақын өз естелігінде былай жазады:

"Абай артық әсер етті. Ойым ояна бастады. Қайта-кайта тоймай оқи беретін болдым. Өзімде біртүрлі сергектік, сілкініс, жүрегімде жаңалық сездім. Жазуға талабым оянды. Келсе де, келмесе де шұқылап, өмірді өлең қыла бастадым".

Абайдың алғаш баспа бетін көрген кітабын қолға түсіріп, күндіз-түні қолынан тастамаған.

Жыр дүлдүлі Жансүгіров өз дәуірінде Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов сияқты Алаш зиялыларымен тығыз шығармашылық қарым-қатынаста болды.

Жансүгіровтың шығармашылығы көп қырлы, алуан сырлы. Поэзия, проза, драма саласында өнімді еңбектенді. Шығармаларына өзі ғұмыр кешкен ортадағы өмір шындығы, тарихи оқиғалар арқау болған.

Жансүгіровтің баспа бетін көрген алғашқы туындылары – "Сарыарқаға", "Тілек" атты өлеңдері. 1917 жылы Семейде шығып тұрған "Сарыарқа" газетінде басылған. 1923 жылы "Сана" журналында "Мерген Бөкен" әңгімесі жарияланды. 1928 жылы "Сағанақ" атты алғашқы кітабы жарық көрді.

Ақынның лирикалық өлеңдерімен қоса, "Жетісу суреттері" "Күй", "Күйші" сынды классикалық шығармалары – ешқашан ескірмейтін, қайталанбас туындылар. Ал "Құлагер" поэмасын оқымаған қазақ баласы кемде-кем шығар.

Тағы оқыңыз: Сәкен Сейфуллинге қатысты алыпқашпа әңгімеге нүкте қойылды

Жансүгіров "Дала" поэмасында Алтай мен Атырау, Алатау мен Еділ, Шу мен Сыр секілді ұлан-ғайыр өлкені мекен еткен қазақ халқының өмір-тұрмысын, дәстүр-өнегелерін шабытпен суреттейді. Ал "Күйші" поэмасында еркіндік пен құлдық, махаббат пен зұлымдық, өлім мен өмір, күйбең тіршілік пен мәңгілік өнер арасындағы күрес тақырыбы суреттеледі.

Қазақ поэзиясының інжу маржаны "Құлагер" – сюжетті поэма. Шығармаға Ақан сері мен оның тұлпары Құлагер арқау болған. Ақын оқырман қауымды Ақан серімен біраз таныстырып, оған мінездеме береді. Ат жарысын, Құлагердің мерт болуын, серінің қайғы-шерге көмілуін суреттейді.

Ілияс Жансүгіровтің прозалық шығармаларының ішіндегі көлемдісі – "Жолдастар" романы. Мұнда қазақ сахарасындағы еңбек адамдарының тұрмыс-тіршілігін, азаттықты көксеген арман аңсарын, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің дүмпуін суреткерлікпен ашып көрсетеді.

Қаламгер әдебиет сыны мен аударма саласында да өнімді еңбектенді. Пушкиннің "Евгений Онегин" романын қазақ тіліне алғаш рет толық аударған. Сондай-ақ, Лермонтовтың, Горькийдің, Некрасовтың, Маяковскийдің көптеген шығармасын қазақ тіліне тәржімалады.

Ілияс Жансүгіровтің отбасы немесе ұл-қызының естелігі

Суреткер ақын төрт рет шаңырақ көтерген. Бірінші әйелі – Жәмила. Жергілікті байдың қызын Ілиясқа әкесі айттырыпты. Алайда екі жастың отбасылық ғұмыры ұзаққа созылмады. Бұл некеден бала жоқ.

Белтоған ауыл мектебінде сабақ беріп жүрген кезінде, екінші жары Аманшаны кездестіреді. Ілияс Мәскеуге оқуға аттанғанда, Аманша жүкті болған. Бірақ, әйелдің денсаулығы сыр беріп, толғақ кезінде дүние салған. Суыт хабар ақынға жетпеген. Кезекті бір оқу демалысында Ілияс сыйлығын алып, ауылына жол тартады. Жолшыбай Алматыдағы жолдастарымен жолыққан. Сол жерде достары оған Аманшаның дүние салғанын естіртеді. Жан жарының қазасы ақынға ауыр тиген.

Тағы оқыңыз: Мағжан Жұмабаев туралы не білеміз?

Аманшадан кейін Ілияс Жансүгіров Фатима Төребаевамен танысады. Фатима Ілиястан он сегіз жас кіші болған деседі. 1930 жылы 21 ақпанда ақынның тұңғыш ұлы Саят дүние есігін ашты. Одан кейін Сайра есімді қыз өмірге келді. Алайда сәби көп ұзамай шетінеп кетті.

"Әкем Ілияс зор тұлғалы, балуан денелі кісі болатын. Отбасында кішігірім отырыстар болып, қонақтар келгенде әкем жанға жайлы қоңыр даусымен домбыра тартып, ән салатын. Алматы қаласындағы Төлебаев көшесінің бойында орналасқан шағын үйде әкем Ілияс Жансүгіров, анамыз Фатима Төребаева, қарындасым Сайра төртеуміз және атамыз Жансүгір бәріміз бірге тұрғанбыз", - деп еске алған еді Саят Жансүгіров сұқбаттарының бірінде.

Алайда көп ұзамай, ерлі-зайыптының шаңырағы шайқалып, 1932 жылы Ілияс пен Фатима ажырасып кетеді.

Ақын төртінші рет қоғам қайраткері Біләл Сүлеевтің бұрынғы әйелі Фатима Ғабитовамен отау құрады. Ілияс Фатимаға бұрыннан ғашық болыпты. Жансүгіров Біләл Сүлеевтің балаларын асырап, оларды сүйіп тәрбиелеген. 1933 жылы Ілияс пен Фатиманың қызы Үміт Жансүгірова дүниеге келді.  1935 жылы Ильфа Жансүгірова, ал 1937 жылдың 16 қарашасында Болат Ілиясұлы Ғабитов туған. Фатима Ғабитова мен Ілияс Жансүгіров бес-ақ жыл отасты. 

"22 жасыма толғанша, әкемнің кім екенін білмедім. Анамыз Фатима Ғабитова әкемізді сұрасақ, "журналист болып істеді, сосын қамауға алынды, атылып кетті" дейді. Одан басқа әкеміз туралы ешнәрсе білмедік. Не кітаптарын, не жазған өлеңдерін де оқымадық. Ол уақытта қиын заман еді. Әкеміз туралы біреуге бір нәрсе айтып қалсақ, онда өзімізді түрмеге қамайтын заман еді", - деп еске алған еді қаламгердің қызы Ильфа Ілиясқызы.

1938 жылы ақын "халық жауы" деген желеумен атылып кеткеннен кейін,  қолында бес баласы бар әйелге Мұхтар Әуезов қамқор болады. Уақыт өте екеуінің арасында махаббат пайда болады. Ал 1943 жылы Мұхтар мен Фатиманың ұлы Мұрат дүниеге келді.

Қазақ ақыны қалай атылды?

1937 жылдың тамыз айында Ілияс Жансүгіров саяси қуғын-сүргін құрбаны болып, тұтқындалды.

Алатау бөктеріндегі алқапта демалып жатқан Ілияс Жансүгіров бір күні НКВД-ның шақыру қағазын алады. Ақынның жары Фатима мұның бекер емес екенін сезеді. Ілиясқа Ыстықкөл асып қашуын өтінеді. Бірақ Ілияс НКВД-ның шақыруына бару керек деп шешкен. Сөйтіп Алматыға жол тартқан ол сол кеткеннен оралмады.

1938 жылы шабыты шарықтап тұрған ақын 44 жасында ату жазасына кесілді.

Тағы оқыңыз: Мырзан Кенжебай: Абайды бүкіл ұлттың бас ақыны деу әрі күнә, әрі надандық

"НКВД жендеттері жетіп келді. Олар расында да түнде алып кететін. Сонымен әкемді тұтқындап, кабинеттегі кітаптарын, қолжазбаларын сыпырып алып кетті. Олар кете салысымен, шешеміз верандадағы сары шкафқа ұмтылды. Сөйтсек, әкемнің көптеген қолжазбасы сонда тұр екен. Оның бер жағында буып-түйілген жүк жатқан. Біз соның алдындағы ғана жайлаудан түскен едік. Ораулы киізден, буылған киімдерден сары шкаф көрінбеді", - деп еске алды Ильфа Ілиясқызы сұқбаттарының бірінде.

Жарының еңбектерін қалайда сақтап қалуды ойлаған Фатима Оспан Жылқыбаев деген туысына хабарласады. Ол кісі де НКВД-ның қызметкері болатын. Бірақ қарындасының жағдайын түсініп, түнделетіп келіп, ақынның барлық қолжазбасын алып кетеді. Сөйтіп Жансүгіровтің еңбектерін он бір жыл бойы қорасында сақтайды.

Нақақтан-нақақ атылған Ілияс Жансүгіровтің ақталғаны 1957 жылы 4 сәуірде жария болды.

11668
Кілт сөздер:
Ілияс Жансүгіров, өмірбаян, ақын
Тақырып:
Өмірбаяндар (111)
Кілт, иллюстративті сурет

"5-10-20" және "7-20-25" бағдарламалары бойынша қалай баспана алуға болады

618
"7-20-25" тұрғын үй бағдарламасы Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен құрылды. Бағдарлама іске қосылғаннан бері тұрғын үй қарызын алуға 39 мыңнан астам өтінім түскен

Осы жылы ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осыған ұқсас әлеуметтік тұрғын үй бағдарламасын – "5-10-20" іске қосуды тапсырды.

Екі бағдарламаның шарттары жайлы толығырақ Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз.

"7-20-25"

"7-20-25" – әлеуметтік бағдарлама, қазақстандықтарға баспана жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Бағдарлама операторы – "Қазақстанның орнықтылық қоры" АҚ.

Бағдарлама шарты бойынша тұрғын үй қарызын беретін банктер:

  • "Банк ЦентрКредит";
  • "Сбербанк";
  • "Қазақстан халық банкі";
  • "Евразия банкі";
  • "АТФБанк";
  • Jýsan Bank;
  • Bank RBK;
  • Forte Bank.

Тұрғын үй қарызын алушыларға қойылатын талаптар:

  • Қазақстан азаматы болу;
  • Қазақстан аумағында меншігінде баспана болмауы;
  • кәсіпкерлік немесе еңбек қызметінен түсетін тұрақты кірісінің болуы;
  • ипотекалық кредиті болмауы.

Бағдарлама шарттары

Қарыз бойынша сыйақының пайыздық мөлшерлемесі – 7%.

Бастапқы жарна – баспана құнының 20%-і.

Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Атырау және Шымкент қалалары үшін тұрғын үйдің ең жоғары бағасы – 25 миллион теңге, Қарағанды үшін – 20 миллион теңге, басқа өңірлер үшін – 15 миллион теңге.

Қарызды өтеу мерзімі – 25 жылға дейін.

Тағы оқыңыз: Мемлекет арендалық баспана ақысын қалай төлейді?

Ұлттық банктің мәліметінше, 2020 жылдың 17 қыркүйегіндегі жағдай бойынша "7-20-25" бағдарламасымен үй алуға 461,341 миллиард теңгеге 39 689 өтінім түскен. 267,691 миллиард теңгеге 22 847-сі мақұлданды.

Бағдарлама іске қосылғалы бері банктер 18 206 қарыз берген.

"5-10-20"

"5-10-20" – көпке белгілі "Нұрлы жер" бағдарламасының бағыттарының бірі.

"Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" жаңа "5-10-20" – "Шаңырақ" жобасы бойынша өтінім қабылдауды биыл 17 қыркүйекте бастады.

Тұрғын үй қарызын алу үшін қойылатын талаптар:

  • Қазақстан азаматы болу;
  • әкімдікте баспана кезегінде тұру (1986 жылдан 2015 жылға дейін);
  • кәсіпкерлік немесе еңбек қызметінен түсетін тұрақты кірістің болуы.

Бағдарлама шарттары

Кредит бойынша мөлшерлеме – 5%.

Бастапқы жарна – қарыз сомасының 10%-і.

Қарызды өтеу мерзімі – 20 жылға дейін.

Қарыз алушы пәтерді баспана кезегінде тұрған өңірден ғана сатып ала алады.

Егер негізгі кіріс жеткіліксіз болса, қосымша табыстарды қосу мүмкіндігі бар. Олар: зейнетақы аударымдары, тұрғын үй немесе экологиялық төлемдер.

2020 жылы "Шаңырақ" пилоттық жобасын жүзеге асыруға мемлекеттік бюджеттен 210 миллиард теңге бөлу жоспарланып отыр. Оның 90 миллиард теңгесі "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне" аударылды.

"Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің" мәліметінше, 17 қыркүйектегі жағдай бойынша барлығы 21 039 өтінім қабылданды. 6 миллиард теңгеге 472 өтінім мақұлданды.

618
Кілт сөздер:
"7-20-25" бағдарламасы., тұрғын үй, баспана
Қызғалдақ фестивалі

Алматының туған күні: қала жайлы қызықты деректер

337
Жыл сайын қыркүйектің үшінші жексенбісінде Қазақстанның бұрынғы астанасы – Алматыда қала күні тойланады

Қаланың биылғы мерейтойы 20 қыркүйекке түсіп отыр. Биыл қала күні елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты онлайн форматта тойланады. Қала жайлы қызықты деректерді Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.

Алматы – Тянь-Шань тауларының солтүстігінде, Іле Алатауының баурайында, Қазақстанның оңтүстік-шығысында орналасқан қала. Кей деректе біздің заманымызға дейінгі 7 ғасырларда бұл маңды сақтар, кейіннен үйсіндер мекендегені туралы дерек бар. Себебі сол кезеңнен көптеген қорған мен қамал сақталған. Алматы маңы Есік қорғанынан табылған "Алтын адам" соның бірден бір дәлелі.

Одан кейінгі 10-14 ғасырларда осы аймақтағы қалалар Ұлы Жібек жолының бойындағы сауда-саттыққа ілініп, қолөнер мен ауылшаруашылығының орталығына айналған. Алғашқы Алматы атауы жазылған заттар да осы кезеңге тиесілі. Алайда Ұлы Жібек жолының ыдырауына байланысты қала өмірі де құлдырай бастайды.

Верныйдан Алматыға дейін

Қаланың жаңа тарихы Ресей үкіметінің 1854 жылы Верный әскери бекінісін құруымен байланысты. 1855 жылдың ортасынан бастап бекініске орыс қоныс аударушылары келе бастады. Олардың келуімен Верный қарқынды дами түсті.

1865 жылы он бірінші сәуірде Верный бекінісінің атауы өзгертіліп, Алматинск қаласы болды. Алайда дәл осы жылы "Дала комиссиясының" шешімімен бұл атау өзгертіліп, Верный қаласы болып ауысты. Қала атауын алған Верный Вернинск уезі мен Жетісу ауданының орталығы болды.

Алматы алманың отаны саналады. 1921 жылы Верный атауы Алма-Ата деп өзгерту туралы шешім қабылданды. Бес жыл өткен соң қалада Түркістан-Cібір теміржолы салынатын болды. Түркісіб құрылысы бұл қаланың Қазақстанның астанасы болуға ықпал етті.

Осылайша, 1927 жылы екінші наурызда ҚазАКСР астанасы Қызыл-Ордадан Алматыға көшірілді.

1935 жылы Алматы әуе жолы ашылып, Мәскеумен әуе арқылы байланысқа шықты. Бұл Орталық стадион ауданындағы шағын аэродром болатын. Ал қазіргі Алматы халықаралық әуежайы Майлин көшесі, 2 мекенжайында орналасқан. Ол 2004 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұл әуежайдың құрылысы ескі аэропорт ғимараты 1999 жылы өрттен кейін 2000 жылы басталды. Алматы әуежайынан әлемнің 55-тен астам қалаларына тұрақты рейстер бар.

Тәуелсіздік жылдарындағы Алматы

Алматы атауы қалаға 1993 жылы берілді. Ал Қазақстанның тұңғыш президенті шешімімен 1997 жылы ел астанасы Алматыдан Астанаға (қазіргі Нұр-Сұлтан қаласы) ауыстырылды.

"Алматы – тәуелсіздігіміздің бесігі болса, Астана – болашағымыздың бесігі. Мен Алматыны жер жүзіндегі ең әдемі қала деп білемін. Оның тамылжыған баулары мен жайнаған парктерін, көкке шаншылған Тянь-Шань шыршаларын, "Көктөбе шамшырағын" және басқа да талай ғажайыптарын ұнатамын… "Дербестік!" деп шыққан дауыс алғаш Алматыда естіліп, Алматыда сезілді", - дейді Назарбаев ел астасының ауысуы жайлы.

Алматы қаласы сегіз ауданнан тұрады: Алмалы, Алатау, Әуезов, Бостандық, Жетісу, Наурызбай, Медеу, Түркісіб.

Алматы қаласының әкімдігі 20 басқармадан тұрады: қалалық мобильділік, білім, спорт, қоғамдық денсаулық сақтау, дін істері, жер қатынастары, әлеуметтік әл-ауқат, қоғамдық даму, мәдениет, қала құрылысын бақылау, туризм, тұрғын үй саясаты және т.б.

Қала басшысы – әкім. Оны мемлекет басшысы тағайындайды. Қала әкімінің бес орынбасары бар. Қазір бұл қызметті 2019 жылдан бері Бақытжан Сағынтаев атқарып келеді.

Тәуелсіздік жылдары қалада жеті әкім ауысты. 1992-1994 жылдар арасында – Заманбек Нұрқаділов, 1994-1997 жылдары – Шалбай Құлмаханов, 1997-2004 жылдары Виктор Храпунов, 2004-2007 жылдары – Иманғали Тасмағамбетов, 2008-2015 жылдары – Ахметжан Есімов, 2015-2019 жылдары Бауыржан Байбек әкім болды.

Алматы мәртебесі туралы заң

1998 жылдың 1 шілдесінде Алматы қаласының мәртебесі туралы жаңа заң қабылданды. Соған сәйкес, Алматы қаласы республикалық маңызы бар қала болып табылады. Сонымен қатар Алматы қаласының өз елтаңбасы бар, ол қаланың ҚР мәдени, саяси, экономикалық және ғылыми орталығы ретіндегі ерекшеліктерін, сондай-ақ, географиялық орналасқан жері мен қоршаған ортасының ерекшеліктерін бейнелейтін нышаны болып табылады.

Заң бастапқыда сегіз баптан тұрды, қазір оның тең жартысы алынып тасталды. Заңда қала мәртебесінің құқықтық негізі, Алматы қаласының аумағы, өкілді органның өкілеті мен қаланың атқарушы органдарының өкілеті көрсетілген.

Алматы қаласының елтаңбасы

Қаланың елтаңбасы 1992 жылдың мамыр мен тамыз айлары аралығында өткен байқаудың нәтижесінде таңдалды. Оның авторы – Шәкен Ниязбеков. Оның жасаған жобасы 1993 жылы 6 шілдеде Алма-Ата қаласы халық депутаттары кеңесінің қаулысымен қала елтаңбасы болып бекітілді.

Алматының баурайыда Іле Алатауының ұлттық паркі бар, ол жерде көптеген қорық орналасқан. Ішінде сирек кездесетін құстар мен аңдар Қызыл кітапқа енгізілген. Оның арасында Алматының елтаңбасында бейнеленген барыс та бар.

Елтаңбаның алдыңғы қатарында дөңгелек шығыс қал­қаны түрінде, барыс аузымен тістеген алма бұтағында сегіз алма (алғашқы нұсқасында тек 6 алма болатын) түсіндегі байламды ұстаған барыс бейнеленген. Сегіз алма қаланың сегіз ауданын көрсетіп тұр.

Елтаңба сипаттамасында тіршілігіне сенімді барыс алға қарай адымдайды, оның оң табаны алға қарай келесі қадамды жасау үшін көтерілген, алайда, бұл жағдайда барыстың басы артқа бұрылған. Бұл қаланың ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі даму сабақтастығын көрсетеді. Артқы қатарда құдыретті Алатаудың қарлы шыңдары бейнеленген. Осы құтты жерде Алматы қаласы орналасқан. Бүкіл елтаңбаның діңгегі көгілдір түс – Қазақстан Республикасы туының түсі болып табылады. Шеңбер әшекейлі жолақ ленталар­мен және шаңырақтың элементтері уықтың ұясымен кескінделген. Алтын түс аясында сақина бойынша қызыл түспен қазақтың ұлттық өрнегі бейнеленген. Өрнек "Алматы" сөзіндегі қаріптермен қабысады.

Қаланың елтаңбасы алтын, қызыл, көк, ақ, қызғылт және күміс түстермен нақышталған.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Места и афиша Алматы (@mesto_almaty)

2010 жылы 22 қаңтарда Алматы қаласы мәслихаты XXV сессиясының "Ал­маты қаласының елтаңбасы туралы" шеші­мімен Алматы қаласы елтаңбасын қолдану ережелері бекітілген.

Тыныс-тіршілігі

Мың бояулы қаланы "Оңтүстік астана" деп те атайды, арасында жастардың қаласы деп жатады. Себебі жыл сайын республиканың барлық өңірінен мыңдаған талапкер білім алу үшін алып шаһарға келеді.

Ал қаладағы ең алғашқы жоғары оқу орны Қазақ мемлекеттік педагогикалық институты 1928 жылы ашылды.

Сонымен қатар қалада республикадағы ең ірі театрлар орналасқан. Олар. Абай атынағы опера және балет театры, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов мемлекеттік театры.

Ал қала метросының құрылысы 1988 жылы басталған болатын. Алайда Кеңес одағының ыдырауынан метро құрылысы тоқтап қалды. Құрылыс жұмыстары тәуелсіздік алғаннан кейін 2003 жылы қайта жандана бастады. 2011 жылы Алматы метросы салтанатты түрде ашылды.

Метроның ашылуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Ол Алматы метрополитенінің пайда болуы автобус маршруттарының қысқаруы ғана емес, бұл көліктің жаңа мәдениетін игеру екенін атап өтті.

Сол күні Елбасы метро вагонымен Райымбек батыр станциясынан Алатау станциясына дейін метро түннелі арқылы барлық станцияларды қарап шықты.

Тағы бір тарихи оқиғалардың бірі – 2011 жылы VII қысқы Азия ойындары. Спорт ойындары қаланың орталығында орналасқан Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайында, "Медеу" кешенінде, "Шымбұлақ" тау базасында өтті. Сол жылдары қалаға алпыс мыңнан астам турист келді.

2017 жылы Алматыда 28-ші қысқы универсиадаға 57 елден келген екі мыңға жуық спортшы қатысты.

Мың бояулы қала

2020 жылдың басындағы дерек бойынша қалада 1 916 822 адам тұрады. Жыл сайын тұрғындар мен қала қонақтары қала күнін салтанатты түрде атап өтеді. Алайда биыл қала күніне орай іс-шараның барлығы онлайн түрде өтеді.

"Құрметті алматылықтар! Пандемия бізге сақ болуды, санитарлық қауіпсіздік шараларын сақтап, жаңа толқынға дайын болуды үйретті. Қазіргі қалыптасқан жағдайда адамдар дәрігер мен ұстаздың, полиция мен әскери қызметкердің еңбегін бағалай бастады. Олардың алдында бас иеміз. Алматылықтар, әдеттегідей, өздерінің ең жақсы қасиеттерін паш етіп, ерік-жігері мен төзімділігін, бірлігін көрсете білді. Туған күніңмен, сүйікті қалам!", - деп жазды қала әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Бакытжан Сагинтаев (@sagintayev.b)

Алматының жер аумағы – 682 мың шаршы метр. Қалада қазақ, орыс, ұйғыр, корей, татар секілді көптеген ұлт өкілдері тұрады. Қала коды +7 7272; Пошта индекстері: 050000–050063, автокөлік коды – 02.

337
Кілт сөздер:
қала күні, Алматы
Архивтегі фото

Ғалымдар шілдеде коронавирустың неліктен күшейіп кеткенін анықтады

0
(Жаңартылды 20:00 24.09.2020)
Ғалымдар шілде айында ыстық және климаты ылғалды елдерде COVID-19 індетінің күшею себебін түсіндірді 

НҰР-СҰЛТАН, 24 қыркүйек – Sputnik. Ауадағы ылғалдың булану жылдамдығы – коронавирустың таралуына себеп болған негізгі жағдайлардың бірі. Инфекция әдісін модельдеген ғалымдар осындай қорытындыға келді, деп хабарлайды EurekAlert!.  

Америкалық Физика институтының мамандары теориялық модельдеу мен гидродинамикалық тәжірибелерді қолдана отырып, ылғалдылықтың, қоршаған ортаның температурасы мен желдің жылдамдығының құрамында вирус бөлшектері бар сілекейдің ең кішкентай тамшыларының таралуына әсерін зерттеген.

Оқи отырыңыз: ДДҰ коронавирусқа қарсы екінші қазақстандық вакцинаны тізімге енгізді 

Мамандар булану процесі жұқпалы бөлшектердің таралуы үшін шешуші фактор болатынын анықтады.

Сонымен қатар, температура жоғарылап, жылдам булану есебінен ылғалдылық төмендеген жағдайда вирустың өміршеңдігі  айтарлықтай төмендейтіні айқындалды. Ал ыстық ауа райында ылғалдылық жоғарыласа, коронавирустың таралу ықтималдығы арта түседі.  

"Біз жоғары температура мен ылғалдылықтың төмендеуі сілекей тамшыларының булану жылдамдығын жоғарылататынын анықтадық. Ал бұл вирустың өміршеңдігін айтарлықтай азайтады", – дейді зерттеу авторларының бірі Талиб Дбоук.

Ғалымдардың айтуынша, зерттеу нәтижесі пандемияның климаты ыстық әрі ылғалды және халық тығыз орналасқан қалаларда күшею себебін айқындауға көмектескен.

Зерттеу COVID-19 індетінің таралуын болдырмау үшін әлеуметтік қашықтық пен маска киюдің маңыздылығын қолдайтын жұмыстар тізіміне қосылды.

0
Кілт сөздер:
ғалымдар, коронавирус
Тақырып:
Коронавирус эпидемиясы
Тақырып бойынша
Ғалымдар коронавирусқа қарсы дәрінің өлімге әкеп соғатын қаупін анықтады
COVID-19: Ғалымдар антидене ағзада бір ай ғана болатынын анықтады
Ғалымдар коронавирусты өлтіретін ақуыз ойлап тапты
Ғалымдар табиғи антибиотик ойлап тапты
Коронавирусқа қарсы вакцина қанша теңге тұруы мүмкін