сирек кітаптар

"Халық тағдыры карта ойыны емес": Міржақып Дулатұлы жайлы қызықты деректер

10679
25 қарашада қазақтың аса көрнекті ағартушысы, қоғам қайраткері, ақын, жазушы, жалынды көсемсөз шебері Міржақып Дулатұлының туғанына 134 жыл толады

Міржақып Дулатұлының өмірі мен шығармашылығына қатысты қызықты деректерді Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.

Міржақыптың балалық шағы

Міржақып Дулатұлы 1885 жылы 25 қарашада бұрынғы Торғай облысындағы Сарықопа болысында (қaзipгi Қостанай облысының Жанкелді ауданына қарасты "Қызбел" ауылы) дүниеге келген. Әкесі — Дулат аты шыққан шебер, ал анасы — Дәмеш әншілікке бейім болған. Міржақып екі жаста анасынан айырылды. Әкесі балаларының үлкені Асқарды әуелі мұсылманша, одан кейін орысша оқытып, заң қызметіне бағыттады. Осы жолмен кіші ұлы Міржақыпты да оқуға береді.

Алғашқыда бала Міржақып ауыл молдасында оқыды. Бірақ екі жылдан кейін басқа мектепке ауысып кетті. Ол жайында өзі де жазған.

"Жасым 8-ге келгенде әкем мені ауыл молдасына оқуға берген. Ол өте надан молда болатын. Қанша уақыт сол кісіден білім алғанымды білмеймін, бірақ араб тіліндегі дұғаларды жаттағанымнан басқа еш нәрсе үйренгенім жоқ", - деп жазды Дулатұлы.

Молдадан кейін Міржақып ауыл мектебінде орысша оқытатын Мұқан мұғалімнен дәріс алады. 12 жасында әкесінен айырылады. Ағасы Асқар әкесінің тілегін орындаймын деп, Міржақыпты ары қарай оқытады. Сөйтіп, інісін өзі оқыған екі кластық орыс-қазақ мектебіне береді. Міржақып Ыбырай Алтынсарин негізін салып кеткен мектепте бес жыл оқып, үздік бітіріп шығады.

"Осымен менің оқу орындарынан білім алуым аяқталды. 1902 жылдан бастап ауылда мұғалімдік қызметімді атқара жүріп, бос уақытымды білімді жетілдіруге жұмсадым", - деп еске алды Дулатұлы.

Жас мұғалім ел өміріне қалай араласты?

Міржақып өз бетінше ізденіп, орыс тілін жетік меңгереді. Мұғалім болған алты жылдың ішінде оң мен солын танып, ұлт қамы үшін күресуге дайындалады. Ақындық талантын да осы жылдары таныта бастайды.

Бұл кезең патша өкіметінің отаршылдықты қазақ даласында күрт күшейтіп, қалың елге тізесін қатты батырып тұрған шағы болатын. Бұл жағдай сол кездегі қазақтың көзі ашық, оқыған, зиялы азаматтарына қозғау салды. Ұлт үшін қызмет көрсетудің үздік үлгісін көрсеткен арыстардың қатарында Міржақып Дулатұлы да болды. Ахмет Байтұрсынов ұйықтап жатқан елді оятамын деп, "Масасын" ұшырса, Міржақып Дулатұлы "Оян, қазақ!" деп ұран салды.

Міржақып Дулатұлы - 1905 жылы патша өкіметіне қазақ халкының атынан петиция жазғандардың бірі. Осы петиция туралы Мұхтар Әуезов те жазған.

"1905 жылы Қарқаралыда Ахаң менен біраз оқығандар бас қосып, кіндік үкіметке қазақ халқының атынан петиция (арыз, тілек) жіберген. Ол петициядағы аталған үлкен сөздер: бірінші – жер мәселесі. Қазақтың жерін алуды тоқтатып, переселендерді жібермеуді сұраған. Екінші – қазақ жеріне земство беруді сұраған. Үшінші – отаршылардың орыс қылмақ саясатынан құтылу үшін ол күннің құралы барлық мұсылман жұртының қосылуына болғандықтан, қазақ жұртын мүфтилікке қаратуды сұраған", - деп жазды Әуезов.

Бұл сапарынан Міржақып Дулатұлы саяси күрескер ғана емес, шабытты ақын болып оралады. 1907 жылы Петербургте шыққан "Серке" газетінде "Жастарға" деген өлеңін жариялайды. Ал бүркеншік атпен "Біздің мақсатымыз" деген мақаласынан кейін "Серке" газеті біржола жабылады. Газеттің дәл сол санын шығаруға қатысқан адамдардың барлығы жауапқа тартылсын деген үкім шығады. Мақалада Міржақып қазақ халқының басындағы қиын жағдайдың анық себептерін саралап, отарлық саясатты әшкерелеген. Патша өкіметі мақала авторын тұтқындамақ болғанмен бүркеншік аттың иесін таба алмайды.

1909 жылы Қазан қаласында Міржақыптың тұңғыш өлеңдер жинағы "Оян, қазақ!" деген атпен басылып шықты. Бұл кітап жұртшылық арасында ауыздан-ауызға, қолдан-қолға тез тарап кетеді. Жазушы сол үшін тергеу органдарының бақылауына алынды, ал "Оян, қазақ!" кәмпескеленді. Екі жылдан кейін осы жинақ қайтадан басылып шықты.

Ақын-жазушы әр жерде шығатын қазақ басылымдарына, әсіресе "Айқап" журналына үзбей жазып тұрды. Ел тұрмысын өз көзімен көремін деп, қазақ ауылдарын аралайды. Семейде полицияның қолына түседі де, бір жарым жыл қамауда отырады.

1912 жылы баспасөз қызметін жалғастырады. Ахмет Байтұрсынұлымен бірге қыр өлкесінің ағартушылық-демократиялық бағыттағы тұңғыш бейресми басылымы – "Қазақ" газетінің негізін қалайды. Ал 1922 жылы ешбір себепсіз абақтыға жабылады. Бірақ Семейден Орынборға жөнелтілген бойда қамаудан босатылады.

1922–1926 жылдары Орынбордағы Қазақтың халыққа білім беру институтында (КИНО) оқытушы болып істейді. Екі бөлімнен тұратын "Есеп құралын" әзірлеп, Ташкент қаласында бастырып шығарады. "Балқия" атты төрт перделі пьеса жазады. 1924 жылы Орынборда екі жылдық "Қирағат кітабы" (хрестоматиялық оқулық), Қызылордада "Есеп құралының" жаңа басылымы жарық көрді.

Тағы оқыңыз: "Бұл не деген масқара!" - Бейімбет Майлин туралы қызықты деректер

Міржақыптың шығармашылығы

Міржақып Дулатұлының көптеген әңгімелері лақап аттармен шыққан. Оның жиі қолданған есімдері: Азамат, Мадияр, Таймінер, Түрік баласы және Арғын баласы.

Қаламгердің алғашқы кітабы "Оян, қазақ!" болса, бір жылдан кейін "Бақытсыз Жамал" романы жарыққа шықты. 1913 жылы Орынборда "Азамат", ал 1915 жылы "Терме" атты өлеңдер жинағы басылды. Ақын өлеңдерінің басты такырыбы—ел тағдыры.

Міржақып Дулатұлы ғылым және техника жетістіктері туралы зор қуанышпен жазатын.

"Жылқы арқылы 6 ай алатын жолды қысқа уақытта темір жол арқылы өтуге болады. Телеграф арқылы сен көзіңді ашып жұмғанша жер шарының екінші бетіндегі хабарды қабылдайсың. Көлік өзі жүреді, жылқысыз, оны қолыңмен жүргізесің. Ғылым адамзат көмегіне су мен отты берген, үлкен арақашықтықта телефон арқылы сөйлесу мүмкіншілікті берген. Мұхитты жер секілді қолданып, бұрыңғы ыңғайсыз нәрселерді жойдырған. Ауада ұшу мен керек болса жерге түсу құралы табылған, оның аты – әуе шары. Ел бұрын сондай ғажапты көрген бе?", - деп жазды Дулатұлы.

Отбасы – ошақ қасы

1914 жылы 14 мамырда Міржақып Дулатұлы Омбы қаласында Ғайнижамал Баймұратқызымен отбасы құрды. Ақынның қызы Гүлнар Дулатованың естеліктері бойынша үйлену тойы Омбы қаласына жақын "Коломзино" станциясының мейрамханасында өтті. Тойдан кейін Дулатовтар бірден Орынбор қаласына аттанды.

1925-1928 жылдары Міржақып Дулатұлы ел астанасы - Қызылорда қаласында тұрған. Сол жерде бірнеше әдеби шығармасын жазды. Сол уақытта Міржақыптың үйіне қазақ зиялыларының белгілі өкілдері, ақындар, жазушылар, әртістер жиі келіп тұратын. Олардың ішінде Нәзипа Күлжанова, Ілияс Байменов, Әлиби Жанкелді, Серке Қожамқұлов, Мұхтар Әуезов, Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Мағжан Жұмабаев, Әлкей Марғұлан, Смағұл Сәдуақасов, Қошке Кемеңгеров, Әлібек пен Әуелбек Қоңыратбаев және тағы басқалар. Қарсақбайдан Қаныш Сәтбаев да жиі қатынап тұрды.

Міржақып Дулатұлын қамауға алғаннан кейін көбісі хабарласпай кетті. Алайда Қаныш Имантайұлы қарым-қатынасын үзбеген.

Міржақып Дулатұлы жайлы қызықты деректер

  • Міржақып Дулатұлы өткір тақырыптарға өте жылдам жазған. Елдің сұранысын жақсы білетін журналист болды. "Қазақ" газетінің сондай сапада, сондай мазмұнда, сондай биіктен көрінгені де содан;
  • Міржақып Дулатұлы - Алашорда үкіметінің бағдарламасын жасағандардың бірі;
  • Міржақып Дулатұлы - I Дүниежүзілік соғыста қырғынға ұшырап, босқынға айналған елге көмектесу мақсатында қазақ тарихындағы ең алғашқы "Жанар" жәрдем қорын ұйымдастырғандардың бірі;
  • Міржақып Дулатұлы 1921-1922 жылғы ашаршылық кезінде Алаш зиялылары аштыққа ұшырағандарға жылу жинап беруді қолға алғанда осы іске Жүсіпбек Аймауытовпен бірге бірнеше айда 15 мың бас ірі қара жинап, ашыққан елге үлестірген;
  • Міржақып Дулатұлы жазған "Бақытсыз Жамал" шығармасы қазақ әдебиетінде көркем прозалық үлгіде жазылған тұңғыш роман болып саналады.
  • Міржақып Дулатұлы соңғы рет қамауға түскенде Мұстафа Шоқай Сосновец лагеріне Франциядан барған сауда кемесі арқылы оны алып кетпекші болған. Бірақ Міржақып жанұясының тағдырына алаңдап, қашудан бас тартты.

Міржақыптың нақыл сөздері

Әркім өз қолынан келгенше жомарт;

Артықтан тағылым ал, кемге – үйрет;

Ағайын – арзан, пұл – қымбат;

Болғанда бойда қуат жүрген жақсы, Аяғың бір күн қылдан кетер тайып. Басыңды тауға да соқ, тасқа да соқ, Отырма бір орында құр мұңайып;

Халықтың жайын, салтын, рәсімін, тілін білмейтін сот – сот емес, сор;

Сот түзелмей – халық түзелмейді;

Алла жақын кеудеде оты барға;

Аршын жұтқан кісідей кекірейме;

Заң әдет-ғұрыпқа қайшы келсе – үлкен аяққа тар етік кигенмен бірдей;

Халық тағдыры – карта ойыны емес;

Дос емес дос сыртынан жамандаған;

Құл десең биді – күледі, Құл десең құлды – өледі;

Қызығы бұл жалғанның – мал менен бас.

Түрме шығармашылықты шектей алмады

1928 жылы 28 желтоқсанда Міржақыпты тағы қамауға алды. Қызылорда түрмесінде көршілес камерада Жүсіпбек Аймауытұлы мен Ахмет Байтұрсынұлы да отырған.

1929 жылы тергеу кезінде Міржақып Дулатұлы соңғы сөзін айтты.

"Өз елімнің болашағы үшін мен барлық мүмкіншілікті қолдауым қажет. Егер де мен қателессем, елмен бірге қателесем. Ерте ме, кеш пе ақиқат үстем болып шығады", - деді ол.

Дулатұлы өлім жазасына кесілді, бірақ оның өлім жазасын бас бостандықты 10 жылға айырумен алмастырды. Алдымен екі жыл бойы Бутыр түрмесінде отырды. Артынан Сосновец лагеріне айдалды.

Лагерьде жүрсе де, шығармашылықтан қол үзбеді. Түркі-орыс сөздігін жазды. Міржақып осы оқу құралын мыңдаған қазақ, қырғыз және басқа түркі тілдес елдердің өкілдері үшін жазып берген. Арестанттар оны өз қолымен көшіріп жазып таратқан, өйткені олардың көбісі сол уақыттағы өмірлік маңызы бар орыс тілді білмеген.

Міржақып Дулатұлы лагерьде қазақ мектептеріне арналған геометрия оқулығын да жазып шықты. Ал өзінің емшілік қасиеттерін көрген соң, аса табысты нәтижелермен қамалғандарды емдеді.

1935 жылы қазанның бесі Міржақып Дулатұлы лагерьдің орталық лазаретінде дүние салды.

10679
Кілт сөздер:
қызықты деректер, өмірбаян, Міржақып Дулатов
Тақырып:
Өмірбаяндар (111)
Тақырып бойынша
Қазақ "қырғыз" емес: Тұңғыш премьер Сәкен Сейфуллин жайлы қызықты деректер   
Алып күш иесі Қажымұқан туралы қызықты деректер
Тоқаев 66 жасқа толды: президент туралы қызықты деректер
17 жасында майданға аттанған Әлия Молдағұлова туралы қызықты деректер
Дариға Назарбаева туралы қызықты деректер - фото
Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы туралы қызықты деректер
Кәрім Мәсімов бүгін 54 жасқа толды: ҰҚК басшысы туралы қызықты деректер
Сайлау, дауыс беру, иллюстративті сурет

Мәжіліс сайлауы: кім дауыс бере алады

112
Мәжіліс сайлауында дауыс беруге құқылы сайлаушылар, дауыс беру уақыты мен тәртібі туралы Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

Қазақстанның 18 жасқа толған кез келген азаматы, тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, сайлауда дауыс беруге құқылы.

Сайлауға сот iс-әрекетке қабілетсiз деп таныған, сондай-ақ сот үкiмiмен бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтар қатыспайды.

Мәжiлiс депутаттарын сайлаған кезде сайлаушылар тiзiмi жасалады. Азаматтар жасырын дауыс береді және сайлаушылардың еркiн бiлдiруiне қандай да болсын бақылау жасауға тыйым салынады.

Сайлаушылар тізімінде сайлаушының тегi, аты, әкесiнiң аты, туған жылы (он сегіз жастағылар үшiн – қосымша күнi мен айы), жеке сәйкестендіру нөмірі және тұрғылықты мекенжайы көрсетiледi.

Әрбір сайлаушы сайлау жарияланған немесе тағайындалған кезден бастап тиісті әкімдікте сайлаушы ретінде тіркелуге құқылы.

Сайлау күні басқа қалада жүргендер қалай дауыс береді

Егер азамат басқа өңірде жүріп, дауыс беретін күні сайлаушы ретінде тіркелген қаласына бара алмайтынын білсе, онда өзі жүрген қаланың әкімдігіне жүгінуге құқылы. Жазбаша өтiнiшті сайлаудан кемінде отыз күн бұрын беру керек.

Азамат өтiнiш жасаған соң, әкімдік оны тiркелген жері бойынша сайлаушылар тiзiмiнен шығарып, сол қаладағы дауыс беретiн учаскенiң сайлаушылар тiзiмiне енгiзеді.

Дауыс беру уақыты

Дауыс беру сайлау күнi жергiлiктi уақытпен сағат 07.00-ден 20.00-ге дейiн өткiзiледi.

Алайда учаскелiк сайлау комиссиялары басқа уақытты белгiлей алады. Бұл орайда дауыс берудi сағат 06.00-ден ерте бастап, сағат 22.00-ден кеш аяқтауға болмайды.

Учаскелiк сайлау комиссиясы азаматтарды дауыс беретiн уақыт пен орын туралы сайлау өткiзiлетiн күнге дейiн он күннен кешiктiрмей, БАҚ арқылы, сондай-ақ, өзге де әдiстермен хабардар етуі тиiс.

Дауыс беру тәртібі

Учаскелiк сайлау комиссиялары дауыс берудің басталуына бiр сағат қалғанда дауыс беруге арналған учаскелердi аша бастайды.

Аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы дауыс беру басталардан 30 минут бұрын комиссия мүшелерiнiң қатысуымен сайлау жәшiктерiнде сайлау бюллетеньдерiнiң бар-жоғын, жәшiктердiң бүтiндiгiн тексередi, дауыс беруге арналған жәшiктерге пломба салады немесе мөр басады.  Комиссияның сайлау бюллетеньдерiн беруге жауапты мүшелерiн белгiлейдi.

Әрбiр сайлаушы өзi дауыс бередi.

Тағы оқыңыз: Мәжіліс сайлауы қашан өтеді

Сайлауда дауыс құқығын басқа бiреуге беруге және сол сияқты басқа адам үшiн дауыс беруге жол берiлмейдi.

Бюллетеньдер сайлаушылар тiзiмі негiзiнде жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен соң берiледi.

Сайлаушылар тiзiмге бюллетеньдердi алғаны туралы қол қояды.

Комиссияның бюллетеньдi берген мүшесi оларға өзiнiң қолын қояды, сондай-ақ бюллетеньдi алған сайлаушының тiзiмдегi тегiнiң тұсына қол қояды.

Сайлау комиссиясы төрағасы мен хатшысының бюллетень бepуге құқығы жоқ.

Дауыс берушiлер сайлау бюллетенiн жасырын дауыс беруге арналған кабиналарда толтырады. Оны толтыру кезiнде кабинаға басқа адамның кіруіне тыйым салынады. Бюллетеньдi өз бетiнше толтыруға мүмкiндiгi жоқ сайлаушы өзi сенетiн адамның көмегiн пайдалануға құқылы.

Бюллетеньге қарындашпен белгi қоюға, сондай-ақ оған қандай да болсын түзету енгiзуге жол берiлмейдi.

Толтырылған бюллетеньдердi сайлаушы дауыс беруге арналған жәшiкке салады.

112
Кілт сөздер:
сайлау, Мәжіліс
Мәжіліс залы

Мәжіліс сайлауы қашан өтеді

370
(Жаңартылды 18:32 27.09.2020)
Қазіргі шақырылымдағы мәжілістің өкілеттігі 2021 жылдың 24 наурызында аяқталады. Қазақстан президенті парламент сайлауының өтетін күнін 2020 жылдың 24 қазанынан кешіктірмей белгілеуі тиіс

Парламент – Қазақстанның заң шығару билігiн жүзеге асыратын республиканың ең жоғары өкiлдi органы.

Парламент тұрақты негізде жұмыс істейтін екі палатадан: сенаттан және мәжілістен тұрады.

Мәжіліс конституциялық заңда белгіленген тәртіппен сайланатын 107 депутаттан тұрады. Өкілеттік мерзімі - бес жыл.

Сайлауды кім және қалай тағайындайды

Мәжілістің соңғы сайлауы 2016 жылдың 20 наурызында өтіп, бірінші сессия 2016 жылдың 25 наурызында ашылған еді. Тиісінше, қазіргі шақырылымдағы мәжілістің өкілеттігі 2021 жылдың 24 наурызында аяқталады.

Конституцияға сәйкес, мәжілістің кезекті сайлауы парламенттің жұмыс істеп тұрған шақырылымы өкілеттігінің мерзімі аяқталардан кемінде екі ай бұрын өткізіледі.

Осылайша, төменгі палата депутаттарының сайлауы 2021 жылдың қаңтарынан кешіктірілмей өткізілуі тиіс.

"Қазақстандағы сайлау туралы" Конституциялық заңға сәйкес, мәжілістің кезекті сайлауын президент депутаттар өкiлеттігінің бiтуiне кемiнде бес ай  қалғанда тағайындайды.

Мәжілістің 98 депутатын сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады. Мәжілістің 9 депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды.

Үміткерге қойылатын талаптар

Қазақстан азаматтығы бар және ел аумағында соңғы он жылда тұрақты тұрып жатқан, жасы жиырма беске толған адам мәжіліс депутаты бола алады.

Сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлануға құқығы жоқ.

Мыналар:

  • сотталғандығы белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алып тасталмаған адам;
  • сот сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны үшін кінәлі деп таныған адам парламенттің депутаттығына, оның ішінде партиялық тізімдер бойынша, кандидат бола алмайды.

Мәжiлiс депутаттығына кандидаттар ұсыну

Партиялық тізімдер бойынша сайланатын мәжіліс депутаттығына кандидаттарды тіркелген саяси партиялар, ал Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын кандидаттарды Ассамблея кеңесі ұсынады.

Мәжіліс депутаттығына сайлау үшін адамдарды партиялық тізімге енгізу саяси партияның жоғары органы мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен жүргізіледі. Саяси партиялардың партиялық тізімдерге осы саяси партияның мүшелері болып табылмайтын адамдарды кіргізуге құқығы жоқ.

Егер сайлауды белгілеу кезінде өзгеше көзделмесе, партиялық тізімдер бойынша сайланатын үміткерлерді ұсыну сайлаудан 2 ай бұрын басталып, оған 40 күн қалғанда жергілікті уақытпен сағат 18.00-де аяқталады.

ҚХА сайлайтын кандидаттарды ұсыну сайлаудан 1 ай бұрын басталып, оған 20 күн қалғанда жергілікті уақытпен сағат 18.00-де аяқталады.

Кандидатураны алып тастау

Партиялық тізімге енгізілген адам Орталық сайлау комиссиясына жазбаша өтініш бере отырып, өз кандидатурасын партиялық тізімнен кері қайтарып ала алады. Бұл жағдайда ОСК партиялық тізімге енгізілген адамды шығару туралы шешім қабылдайды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңесі, ол ұсынған кандидат Орталық сайлау комиссиясына жазбаша өтініш жасай отырып, кандидатураны кері қайтарып ала алады. Бұл жағдайда ОСК кандидатты тіркеудің күшін жою туралы шешім қабылдайды.

370
Кілт сөздер:
сайлау, мәжіліс депутаты, Мәжіліс
Архивтегі фото

Қытайда тәрбиеші өлім жазасына кесілді

0
Балабақша қызметкері Ван Юнь әріптесінен өш алу мақсатында оның тобына барып жүрген балаларды улағаны анықталды

НҰР-СҰЛТАН, 29 қыркүйек – Sputnik. Қытайдың Цзяоцзо қаласында халық соты балабақша қызметкерін өлім жазасына кесті, деп хабарлады РИА Новости.

Сот материалдарына сәйкес, "Мэнмэн" балабақшасында жұмыс істеген Ван Юнь деген келіншек орта топқа жауапты тәрбиешімен жанжалдасып қалған. Артынан әріптесінен өш алу мақсатында оның тобына барып жүрген балаларды улауға шешім қабылдайды. Сөйтіп, 2019 жылы 27 наурызда таңертең Сунь есімді тәрбиешінің балалары жейтін ботқаға натрий нитритін салып жіберген. Сол күні 25 бала уланып, ауруханаға түсті. Бір бала көз жұмды.

Оқи отырыңыз: Балабақшадағы балалар есек етін жеп келгені әшкере болды 

Тергеу шаралары барысында Ван Юньн осы іспетті тағы бір қылмыс жасағаны анықталды. Осыдан үш жыл бұрын үйдегі жанжалдан кейін ол күйеуін улаған. 2017 жылы ақпан айында алдымен интернет арқылы натрий нитритіне тапсырыс берген. Ал химиялық затты алғаннан кейін суға қосып, күйеуіне берген. Ол кезде ер адам уланғанмен қатты зардап шекпеген.    

Цзяоцзо қаласының орта санаттағы халық сотының шешімімен Ван Юнь өлім жазасына кесілді.

0
Кілт сөздер:
Қытай, балабақша
Тақырып бойынша
Шымкентте балабақшада төрт бала мен тәрбиеші уланып қалды
Алматы облысында балабақшадағы видеодан кейін тәрбиеші хабарсыз кетті
Алматыда балабақшадан сәби ұрламақ болған әйелге қатысты тың дерек шықты
Бүлдіршінді сорпамен күйдірген балабақша қызметкері жазадан құтылды
Шипажайда баланы сүлгімен ұрған тәрбиеші қылмыстық жазаға тартылмайтын болды