кітаптар

Алаш идеясы тығырыққа тірелді: Байтұрсынұлы кеңес өкіметі жағына не үшін өтті

9018
(Жаңартылды 12:57 04.12.2019)
"...Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызмет қылды… халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тікті" деп жазған екен Сәкен Сейфуллин

XX ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы туралы Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.

Өмірбаяны

Түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылы 5 қыркүйектe қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы Сарытүбек ауылында дүниеге келген.

Атасы Шошақ немересі Ахмет өмірге келгенде ауыл ақсақалдарынан бата алып, азан шақырып атын қойған. Ал әкесінің інісі – Ерғазы кішкентай Ахметті Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ мектебіне оқуға берген.

Тоғыз жасында орыс-қазақ мектебін бітіргеннен кейін Орынбордағы төрт жылдық мұғалімдер мектебіне оқуға түседі. 1895 жылы педагогикалық кеңестің шешімімен "бастауыш училищенің оқытушысы" деген атақты алып шығады.

1895 жылы жас Ахметтің оқытушылық қызметі басталады. 1909 жылға дейін ол Ақтөбе, Қостанай мен Қарқаралы уездеріндегі орыс-қазақ мектептерінде сабақ беріп, Қарқаралы қалалық училищесінде меңгеруші мен оқытушы қызметін қоса атқарып жүрді.

Омбыда екі жыл бойы Торғай облысы Халықтық училище директорының іс жүргізуші лауазымында жұмыс істеді.

Ахмет Байтұрсыновтың замандасы әрі қаламдасы Мұхтар Әуезов 1923 жылы Ахметке арнаған мақаласында, оның тегі жөнінде былай жазған:

"... Сүйегі-Арғын, оның ішінде Үмбетей болады. Бергі аталары Үмбетейден шыққан Шошақ, Түбек. Ақаң Шошақтың немересі. Өз әкесінің аты —Байтұрсын".

Саяси жолы

Ахметтің саяси жолы 33 жасында басталды. 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде жазылған Қарқаралы петициясы авторларының бірі Ахмет Байтұрсынұлы болды. Осы құзырхатқа 14500 адам қол қойған.

Онда жергілікті басқару, сот, халыққа білім беру істеріне қазақ елінің мүддесіне сәйкес өзгерістер енгізу, ар-ождан бостандығы, дін ұстану еркіндігі, цензурасыз газет шығару, баспахана ашуға рұқсат беру, қазақ даласына орыс шаруаларын қоныс аударуды үзілді-кесілді тоқтату талап етілген болатын.

Сол кезеңнен бастап Байтұрсынұлы жандармдық бақылауға алынды. 1908 жылы саяси көзқарасы үшін Қарқаралы абақтысына қамалып, екі жылдан кейін Орынборға жер аударылады. Семей түрмесіне де жабылды.

Жалпы, 1915 жылға дейін әлеуметтік ахуалды баяндаған цензура көтермейтін мақалалар жариялағаны үшін Ахмет Байтұрсыновқа бірнеше рет айыппұл салынды. Абақтыға үш рет қамалды.

Байтұрсынұлы өмірінің Орынбордағы кезеңі оның қоғамдық-саяси қызметінің аса құнарлы шағы болды.

Ол осы қалада өзінің ең жақын сенімді достары – Әлихан Бөкейханов және Міржақып Дулатовпен бірігіп, сондай-ақ қалың қазақ зиялыларының қолдауына сүйеніп, тұңғыш жалпыұлттық "Қазақ" газетін шығарып тұрды. Алдымен Абай туралы көлемді мақала жариялады.

Тағы оқыңыз: Ғалым Әл-Фарабидің ұлты "қазақ" дейтіндерге жауап берді

Ахмет Байтұрсынұлы "Қазақ" газетінің бірінші санындағы халыққа арнауын былай деп аяқтады:

"Аталы жұртымыздың, адуынды ұлтымыздың аруақты аты деп газетіміздің есімін "Қазақ" деп қойдық. Ұлт үшін деген күштің ұлғаюына күшін қосып, көмектесе қызмет ету қазақ баласына міндет. Қызмет етем десеңдер, азаматтықтың зор жолының бірі осы".

Жетістіктері

  • Ахмет Байтұрсынұлы Алаш партиясы бағдарламасын даярлаған шағын топтың құрамында болды;
  • Алаш Орда құрамын бекіткен 2-жалпықазақ съезі Оқу-ағарту комиссиясын құрып, оның төрағасы етіп Байтұрсынұлын бекіткен;
  • 1919 жылы наурызда Ахмет Байтұрсынұлы Алашорда үкіметі атынан Мәскеуге Кеңес үкіметімен келіссөзге аттанды;
  • Ахмет Байтұрсынұлы Халық Комиссарлар Кеңесі мен Қазақ әскери-революциялық комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды;
  • Байтұрсыновтың ықпалымен Алашорда басшылары мен мүшелеріне Кеңес үкіметінің кешірімі жарияланды;
  • 1920 жылы Ленинге үкіметінің Қазақстанды басқару ісіндегі алғашқы қадамын қатал сынға алған хатын жолдады;
  • Қазревком мүшесі ретінде Қазақстан - Ресей шекарасын бекіту ісіне белсенді түрде араласты;
  • Бүкілресейлік ОАК-нің 1919 ж. 27 тамызда Қостанай уезін Челябинск облысына қосу туралы шешіміне қарсы Байтұрсынұлының жазған саяси наразылығы Қостанай уезін Қазақстан құрамына қайтаруға негіз болды;
  • Ахмет Байтұрсынұлы 1920 жылы тамызда құрылған Қазақ АКСР үкіметінің құрамына еніп, 1920–1921 жылы Қазақ АКСР Халық ағарту комиссары қызметін атқарды;
  • 1922 жылы Өлкелік халық комиссариаты жанындағы Академиялық орталықтың, 1922–1925 жылы Халық ағарту комиссариаты ғылыми-әдеби комиссиясының, Қазақ өлкесін зерттеу қоғамының төрағасы болып қызмет атқарды.

Алаш пен Ахмет

1917 жылы патшаның тақтан құлауын Ахмет Байтұрсынұлы зор қуанышпен қарсы алып, Әлихан Бөкейхановтың басшылығымен қазаққа бостандық, теңдік әперу үшін саяси күрес майданына араласты. Сол жылы Орынбор қаласында өткен І Жалпықазақ съезінде Ахмет Байтұрсынұлы пен Міржақып Дулатов "Тәуелсіз автономия" құру идеясын ұсынады.

Съездің қорытындысы бойынша "Алаш" ұлттық саяси партиясы құрылды. Ал Әлихан Бөкейханов қазақ халқының көсемі, партия басшысы болып сайланды. Алайда ұлттық автономия құрамыз деген бастама тығырыққа тірелді.

Алаш қозғалысы білімсіз кедей-кемшіктің қалың тобырына арқа сүйеген жүгенсіз коммунистік қозғалысқа қарсы тұруға ол заманда қауқарсыз еді. Осыны түсінген және халқымен бірге болуды ойлаған Ахаң 1919 жылдың наурызында Кеңестер өкіметі жағына өтті.

Ахаңдай ірі тарихи тұлғаның беделі уақытша болса да, большевиктерге де қажет болды. Шын мәнінде, Ахаңның және оның серіктерінің Кеңес өкіметі жағына кездейсоқ өтпегені белгілі.

Бұл туралы Ахаңның өзі "Жизнь национальностей" журналында 1919 жылы 3 тамызда жазған.

"Егер де бұрын бір топ адамдар патша чиновниктері атынан қырғыздарды (қазақтарды) жауапсыздықпен қамап, әр түрлі зорлық-зомбылықтарға жол берген болса, дәл осындай қылықты шет аймақтарда большевик-коммунистер деген атты жамылған осындай және басқадай адамдар тобы байқатты. Патша өкіметі кезінде, бұрын мұндай жағдаймен ымыраға келмеген мен және менің пікірлестерім, енді тағы да осындай істер Советтік Ресейде түгелдей орын алуда деп ойлап ымыраға келмей, кеңес өкіметін мойындауға қарсы болдық. Бірақ монархиялық билік бағытындағы Колчактың пайда болуы осы және басқа билік туралы ойлауға мәжбүр етті. Сонда біз қырғыз (қазақ-Т.О) халқының ежелгі арманы оңшыл ма әлде солшыл ма әйтеуір, жүзеге асар болар дегенге көзіміз жеткендіктен жергілікті большевиктердің іс-әрекеті біздерге ұнамды көріне қоймаса да, кеңес өкіметі жағына шыққанды жөн көрдік", - деп жазды Байтұрсынұлы.

Шығармашылығы

Байтұрсынұлы шығармашылық жұмысын өлең жазудан бастаған. Онда ол еңбекші халықтың ауыр халін, арман-тілегін, мұң-мұқтажын көрсетіп, жұртшылықты оқуға, білім-ғылымға, рухани биіктікке, адамгершілікке, мәдениетті көтеруге, еңбек етуге шақырады.

Патшалық Ресейдің қанаушылық-отаршылдық саясатын, шенді-шекпендінің алдында құлдық ұрған шенеуніктердің опасыздығын сынады.

Ақынның алғашқы өлеңдері "Қырық мысал" атты аударма жинағында 1909 ж. Санкт-Петербургте жарық көрді. Бұл кітабы арқылы қалың ұйқыда жатқан қараңғы елге жар салып, олардың ой-санасын оятуға бар жігер-қайратын, білімін жұмсайды.

Ақын әрбір аудармасының соңына өзінің негізгі ойын, айтайын деген түйінді мәселесін халқымыздың сол кездегі тұрмыс-тіршілігіне, мінезіне, психологиясына сәйкес қосып отырған.

Байтұрсынұлының екінші кітабы — "Маса" (1911). Бұл кітапқа енген өлеңдерінде ақын қараңғылық, надандық, шаруаға енжарлық, кәсіпке марғаулық сияқты кемшіліктерді сынады.

Ол Шоқан, Абай, Ыбырай қалыптастырған дәстүрлерді, гуманистік, демократиялық бағыттағы өрісті ойларды өзінше жалғастырушы ретінде көрінді. "Қазақ салты", "Қазақ, қалпы", "Досыма хат", "Жиған-терген", "Тілек батам", "Жауға түскен жан сөзі", "Бақ" және тағы басқа өлеңдерінің мазмұны осыны танытады.

Ахмет Байтұрсынұлы халық ауыз әдебиетінің үлгілерін жинап жарыққа шығаруға зор үлес қосты. Қазақтың "Ер Сайын" атты эпостық жырына алғы сөз бен түсініктемелер жазып, оны 1923 жылы Мәскеуде шығарды.

Бұдан бөлек, қазақ ауыз әдебиетінде молынан сақталған жоқтау-жырларын арнайы жүйелеп, 1926 жылы "23 жоқтау" деген атпен жеке кітап етіп жариялады.

Байтұрсынұлының қазақ әдебиеттану ғылымы мен әдебиет тарихы жөніндегі тұңғыш көлемді еңбегі — "Әдебиет танытқыш" (1926). Автор әдебиет тарихына, теориясы мен сынына, методологиясына тұңғыш рет тиянақты анықтама беріп, қазақ әдебиеттану ғылымының жүйесін жасады.

Тағы оқыңыз: "Халық тағдыры – карта ойыны емес": Міржақып Дулатұлы жайлы қызықты деректер

Халық тілінің бай қорынан мағынасы терең, ұғымдық аясы кең сөздерді термин етіп алып, соның негізінде қазақ әдебиетінің барлық жанрлық формаларын топтап, жіктеп берді.

Сондай-ақ Байтұрсынұлы қазақ тіліне А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, Ф.Вольтер, С.Я.Надсон өлеңдерін аударды.

Қазақ тілі мен жаңа әліпби

Ахмет Байтұрсынұлы қазақ әліппесі мен қазақ тілі оқулықтарын жазып шыққан. Онымен қоса қазақ графикасын жасауға кіріседі.

Араб таңбаларын қазақ фонетикасына икемдейді, ол үшін қазақ дыбыстары жоқ таңбаларды алфавиттен шығарады, арабша таңбасы жоқ дыбыстарына таңба қосады, қазақ тілінің жуанды - жіңішкелі үндестік заңына сай жазуға ыңғайлы дәйекші белгі жасайды.

Сөйтіп, 24 таңбадан тұратын өзі "қазақ жазуы" деп, өзгелер "Байтұрсынов жазуы" деп атаған қазақтың ұлттық графикасын түзеді. Одан осы жазуды үйрететін әліппе жазды. Сөйтіп, оқу-ағарту идеясына сол кездегі интелегенция жаппай мойын бұрды.

1911-1912 жылдары Уфа мен Орынбор қалаларының баспаханаларында жарық көрген Ахмет Байтұрсынұлының әліппесі "Оқу құралы" деген атпен 7 рет қайта басылып, оқыту ісінде ұзақ әрі кең пайдаланылды. 1926 жылы ғалым "Әліп-бидің" жаңа түрін жазды.

Сол кезде оның атақты "Тіл – құрал" атты үш бөлімнен тұратын, үш шағын кітап болып жарияланған оқулықтар жазылды.

Ахметтің тағы бір зор еңбегі – терминдерді жасау. Бұдан бөлек, ғалым қазақ тілі грамматикасына қатысты категориялардың әрқайсысына қазақша атау ұсынды.

Осы күні қолданылып жүрген зат есім, сын есім, етістік, есімдік, одағай, үстеу, шылау, бастауыш, баяндауыш, жай сөйлем, құрмалас сөйлем, қаратпа сөз деген сияқты сан алуан лингвистикалық атаулардың баршасы – ғалымның жазып кеткен мұрасы. 

"...Орынборға келгеннен кейін, ең алдымен, қазақ тілінің дыбыстық жүйесі мен грамматикалық құрылысын зерттеуге кірістім; одан кейін қазақ әліпбиі мен емлесін ретке салып, жеңілдету жолында жұмыс істедім, үшіншіден, қазақтың жазба тілін бөтен тілдерден келген қажетсіз сөздерден арылтуға, синтаксистік құрылысын өзге тілдердің жат әсерінен тазартуға әрекеттендім; төртіншіден, қазақ прозасын жасанды кітаби сипаттан арылтып, халықтық сөйлеу тәжірибесіне ыңғайластыру үшін ғылыми терминдерді қалыптастырумен айналыстым", - деп жазды Байтұрсынұлы.

Өмірінің соңғы жылдары

1929 жылы 2 маусымда Ахмет Байтұрсынұлы Алаш қозғалысының 43 қайраткерімен бірге Алматыда тұтқынға алынып, осы жылдың соңына қарай тергеу үшін Мәскеудегі Бутырка абақтысына жөнелтілді. Келесі жылы КСРО Халық комиссарлар кеңесі жанындағы ОГПУ "үштігінің" шешіміне сәйкес, ату жазасына кесілді.

Бірақ бұл шешім бірнеше рет өзгерді. 1931 жылы қаңтарда 10 жылға концлагерьге ауыстырылса, 1932 жылы қарашада 3 жылға Архангельскіге жер аударылсын деген үкім шығарылды.

1933 жылы мамырда денсаулығы нашарлап кетуіне байланысты қалған мерзімді Батыс Сібірде айдауда жүрген отбасымен (әйелі мен қызы) бірге өткізуге рұқсат беріледі. Ал 1934 жылы М.Горькийдің жұбайы Е.П.Пешкованың көмегімен Байтұрсынұлы отбасымен мерзімінен бұрын босатылып, Алматыға оралады.

Бұл жерде тұрақты жұмысқа қабылданбай, түрлі мекемелерде қысқа мерзімдік қызметтер атқарады. Орталық мұражайда кеңесші болып істеді.

Өкінішке қарай, Сталиннің 1925 жылғы 29 мамырдағы "Ақ жол" газеті туралы хаты Ахмет Байтұрсыновты және оның серіктерін "ұлтшылдар" және "шоқаевшылдар" ретінде қуғындауға теориялық негіз қалады. Қазақстандағы қуғын-сүргінді жергілікті басшы Ф.Голощекин жандандыра түсті.

Ақырында қуғын-сүргіннің жаңа толқынына ілігіп, 1937 жылы 8 желтоқсанда жазықсыз атылып кетті.

"…Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары уез, губерния соттарына күш салып, тілмәш болып, кейбірі арын сатып ұлықтық іздеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай қызмет қылды… халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тікті", - деп жазды Сәкен Сейфуллин.

9018
Кілт сөздер:
қызықты деректер, Ахмет Байтұрсынұлы
Тақырып:
Өмірбаяндар (111)
Тақырып бойынша
"Ол қыздан көз ала алмадым": Әділхан Макин туралы қызықты деректер
"Бұл не деген масқара!": Бейімбет Майлин туралы қызықты деректер
"Қазақ поэзиясының құлагері" атанған Ілияс Жансүгіров туралы не білеміз?
Сайлау, дауыс беру, иллюстративті сурет

Мәжіліс сайлауы: кім дауыс бере алады

112
Мәжіліс сайлауында дауыс беруге құқылы сайлаушылар, дауыс беру уақыты мен тәртібі туралы Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

Қазақстанның 18 жасқа толған кез келген азаматы, тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, сайлауда дауыс беруге құқылы.

Сайлауға сот iс-әрекетке қабілетсiз деп таныған, сондай-ақ сот үкiмiмен бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтар қатыспайды.

Мәжiлiс депутаттарын сайлаған кезде сайлаушылар тiзiмi жасалады. Азаматтар жасырын дауыс береді және сайлаушылардың еркiн бiлдiруiне қандай да болсын бақылау жасауға тыйым салынады.

Сайлаушылар тізімінде сайлаушының тегi, аты, әкесiнiң аты, туған жылы (он сегіз жастағылар үшiн – қосымша күнi мен айы), жеке сәйкестендіру нөмірі және тұрғылықты мекенжайы көрсетiледi.

Әрбір сайлаушы сайлау жарияланған немесе тағайындалған кезден бастап тиісті әкімдікте сайлаушы ретінде тіркелуге құқылы.

Сайлау күні басқа қалада жүргендер қалай дауыс береді

Егер азамат басқа өңірде жүріп, дауыс беретін күні сайлаушы ретінде тіркелген қаласына бара алмайтынын білсе, онда өзі жүрген қаланың әкімдігіне жүгінуге құқылы. Жазбаша өтiнiшті сайлаудан кемінде отыз күн бұрын беру керек.

Азамат өтiнiш жасаған соң, әкімдік оны тiркелген жері бойынша сайлаушылар тiзiмiнен шығарып, сол қаладағы дауыс беретiн учаскенiң сайлаушылар тiзiмiне енгiзеді.

Дауыс беру уақыты

Дауыс беру сайлау күнi жергiлiктi уақытпен сағат 07.00-ден 20.00-ге дейiн өткiзiледi.

Алайда учаскелiк сайлау комиссиялары басқа уақытты белгiлей алады. Бұл орайда дауыс берудi сағат 06.00-ден ерте бастап, сағат 22.00-ден кеш аяқтауға болмайды.

Учаскелiк сайлау комиссиясы азаматтарды дауыс беретiн уақыт пен орын туралы сайлау өткiзiлетiн күнге дейiн он күннен кешiктiрмей, БАҚ арқылы, сондай-ақ, өзге де әдiстермен хабардар етуі тиiс.

Дауыс беру тәртібі

Учаскелiк сайлау комиссиялары дауыс берудің басталуына бiр сағат қалғанда дауыс беруге арналған учаскелердi аша бастайды.

Аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы дауыс беру басталардан 30 минут бұрын комиссия мүшелерiнiң қатысуымен сайлау жәшiктерiнде сайлау бюллетеньдерiнiң бар-жоғын, жәшiктердiң бүтiндiгiн тексередi, дауыс беруге арналған жәшiктерге пломба салады немесе мөр басады.  Комиссияның сайлау бюллетеньдерiн беруге жауапты мүшелерiн белгiлейдi.

Әрбiр сайлаушы өзi дауыс бередi.

Тағы оқыңыз: Мәжіліс сайлауы қашан өтеді

Сайлауда дауыс құқығын басқа бiреуге беруге және сол сияқты басқа адам үшiн дауыс беруге жол берiлмейдi.

Бюллетеньдер сайлаушылар тiзiмі негiзiнде жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен соң берiледi.

Сайлаушылар тiзiмге бюллетеньдердi алғаны туралы қол қояды.

Комиссияның бюллетеньдi берген мүшесi оларға өзiнiң қолын қояды, сондай-ақ бюллетеньдi алған сайлаушының тiзiмдегi тегiнiң тұсына қол қояды.

Сайлау комиссиясы төрағасы мен хатшысының бюллетень бepуге құқығы жоқ.

Дауыс берушiлер сайлау бюллетенiн жасырын дауыс беруге арналған кабиналарда толтырады. Оны толтыру кезiнде кабинаға басқа адамның кіруіне тыйым салынады. Бюллетеньдi өз бетiнше толтыруға мүмкiндiгi жоқ сайлаушы өзi сенетiн адамның көмегiн пайдалануға құқылы.

Бюллетеньге қарындашпен белгi қоюға, сондай-ақ оған қандай да болсын түзету енгiзуге жол берiлмейдi.

Толтырылған бюллетеньдердi сайлаушы дауыс беруге арналған жәшiкке салады.

112
Кілт сөздер:
сайлау, Мәжіліс
Мәжіліс залы

Мәжіліс сайлауы қашан өтеді

372
(Жаңартылды 18:32 27.09.2020)
Қазіргі шақырылымдағы мәжілістің өкілеттігі 2021 жылдың 24 наурызында аяқталады. Қазақстан президенті парламент сайлауының өтетін күнін 2020 жылдың 24 қазанынан кешіктірмей белгілеуі тиіс

Парламент – Қазақстанның заң шығару билігiн жүзеге асыратын республиканың ең жоғары өкiлдi органы.

Парламент тұрақты негізде жұмыс істейтін екі палатадан: сенаттан және мәжілістен тұрады.

Мәжіліс конституциялық заңда белгіленген тәртіппен сайланатын 107 депутаттан тұрады. Өкілеттік мерзімі - бес жыл.

Сайлауды кім және қалай тағайындайды

Мәжілістің соңғы сайлауы 2016 жылдың 20 наурызында өтіп, бірінші сессия 2016 жылдың 25 наурызында ашылған еді. Тиісінше, қазіргі шақырылымдағы мәжілістің өкілеттігі 2021 жылдың 24 наурызында аяқталады.

Конституцияға сәйкес, мәжілістің кезекті сайлауы парламенттің жұмыс істеп тұрған шақырылымы өкілеттігінің мерзімі аяқталардан кемінде екі ай бұрын өткізіледі.

Осылайша, төменгі палата депутаттарының сайлауы 2021 жылдың қаңтарынан кешіктірілмей өткізілуі тиіс.

"Қазақстандағы сайлау туралы" Конституциялық заңға сәйкес, мәжілістің кезекті сайлауын президент депутаттар өкiлеттігінің бiтуiне кемiнде бес ай  қалғанда тағайындайды.

Мәжілістің 98 депутатын сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады. Мәжілістің 9 депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды.

Үміткерге қойылатын талаптар

Қазақстан азаматтығы бар және ел аумағында соңғы он жылда тұрақты тұрып жатқан, жасы жиырма беске толған адам мәжіліс депутаты бола алады.

Сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлануға құқығы жоқ.

Мыналар:

  • сотталғандығы белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алып тасталмаған адам;
  • сот сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны үшін кінәлі деп таныған адам парламенттің депутаттығына, оның ішінде партиялық тізімдер бойынша, кандидат бола алмайды.

Мәжiлiс депутаттығына кандидаттар ұсыну

Партиялық тізімдер бойынша сайланатын мәжіліс депутаттығына кандидаттарды тіркелген саяси партиялар, ал Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын кандидаттарды Ассамблея кеңесі ұсынады.

Мәжіліс депутаттығына сайлау үшін адамдарды партиялық тізімге енгізу саяси партияның жоғары органы мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен жүргізіледі. Саяси партиялардың партиялық тізімдерге осы саяси партияның мүшелері болып табылмайтын адамдарды кіргізуге құқығы жоқ.

Егер сайлауды белгілеу кезінде өзгеше көзделмесе, партиялық тізімдер бойынша сайланатын үміткерлерді ұсыну сайлаудан 2 ай бұрын басталып, оған 40 күн қалғанда жергілікті уақытпен сағат 18.00-де аяқталады.

ҚХА сайлайтын кандидаттарды ұсыну сайлаудан 1 ай бұрын басталып, оған 20 күн қалғанда жергілікті уақытпен сағат 18.00-де аяқталады.

Кандидатураны алып тастау

Партиялық тізімге енгізілген адам Орталық сайлау комиссиясына жазбаша өтініш бере отырып, өз кандидатурасын партиялық тізімнен кері қайтарып ала алады. Бұл жағдайда ОСК партиялық тізімге енгізілген адамды шығару туралы шешім қабылдайды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңесі, ол ұсынған кандидат Орталық сайлау комиссиясына жазбаша өтініш жасай отырып, кандидатураны кері қайтарып ала алады. Бұл жағдайда ОСК кандидатты тіркеудің күшін жою туралы шешім қабылдайды.

372
Кілт сөздер:
сайлау, мәжіліс депутаты, Мәжіліс
Қолдағы смартфон

Алаяқтықтың жаңа түрі: танымал дизайнер ешкімнен ақша сұрамағанын айтты

7
(Жаңартылды 09:09 30.09.2020)
Ақпараттық қауіпсіздік мамандарының айтуынша, елдегі карантин кезінде айлакерлердің қырық түрлі қулығының құрбаны болып жатқандар көбейген

НҰР-СҰЛТАН, 30 қыркүйек – Sputnik. Елімізде алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды. Карантин уақытында айла-тәсілін асырғысы келгендер әлеуметтік желілерде танысы арқылы хабарлама жіберіп, ақша сұрайды. Сөйтіп, қомақты қаржыны өз картасына аудартып алуда. Алайда, жоспарланған сценариймен арам пиғылын жүзеге асырғандарды құрықтау әзірге мүмкін болмай тұр, деп хабарлайды КТК арнасы.
Олардың ойлап тапқан айла-тәсілі қандай? Жақында осындай алаяқтардың құрығына Құралай Нұрқаділова ілікті. Оның атынан таң сәріде таныстарына хабарлама жіберген. Сөйтіп, қиын жағдайға тап болғанын айтып, қомақты қаржы сұрапты. Десе де, күдіктенген жақындары анық-қанығын білмек болып дизайнердің өзіне хабарласқан.

"Менің атымнан таныстарымның телеграмм чатына "Мен Құралаймын, тез көмектес" деп жазған. Сағат таңғы 6-да. Олар ештеңе түсінбей ұйықтай берген. Сосын "Не болып қалды?" деп маған телефон соғады. Байланыс жоқ болғандықтан, мен телефонды ала алмаймын. Содан таныстарым басқа адамдардан ватсап нөмірімді алып, скрин жіберген", – дейді дизайнер Құралай Нұрқаділова.

Танымал дизайнер ешқашан, ешбір жаннан ақша сұрамағанын айтады. Сол себепті алдағы уақытта дәл осындай жағдай бола қалса, алданбауды ескертеді.

Сондай-ақ, ақпараттық қауіпсіздік мамандарының айтуынша, карантин уақытында айлакерлердің қырық түрлі қулығының құрбаны болып жатқандар көбейіпті.

"Көп адам қазір мессенджер қолданады: инстаграм, телеграм, ватсап. Онда көп ойын, сауалнама болады. Соған қатысып хакерлерге олар өздері туралы хабарлама береді. Олар мәліметті алып, сол арқылы кімнің акцияға қатысқанын біліп отырады және сілтемелер жібереді. Сол сілтемемен өткен кезде смартфондағы байланыстарды хакерлер өз серверіне салып алады", –  дейді "EsEt" компаниясының ақпараттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Ақтайлақ Аймұрашев.

Соңғы кездері әлеуметтік желіде сан соққан зардап шеккендер алаяқтардың құрығына ілініп жатқанын жарыса жазуда. Алайда, полицияға арыз түсірген ешкім жоқ көрінеді.

"Мұндай мәлімдеме, арызбен әлі ешкім шағымданбады. Дегенмен, айта кететін бір жайт – бұл қылмыс болып табылады. Яғни, мұндай алаяқтық деректер Қылмыстық кодекстің 190-бабымен сараланды. Ол үшін кем дегенде үш жылдан аса бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді, – дейді Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Оқи отырыңыз: "Енді ұят болады": Танымал қазақ әншісі фонограммаға қатысты ойын айтты

Осылайша тәртіп сақшылары ақпараттық тұрғыда сақтық шараларын күшейтіп, жеке мәлімет пен карта нөмірін ешкімге бермеу керектігін айтады. Сондай-ақ, алаяққа қатысты уақтылы арыз жазса, оларды ізін суытпай құрықтау қиындық тудырмайды екен.

7
Кілт сөздер:
жалған ақпарат, алаяқтық
Тақырып бойынша
Астанада туристік фирма алаяқтық жасады деген күдікке ілінді
Көкшетауда танымал кәсіпкердің қазасына орай ас берген мейрамханаға айыппұл салынды
Түркістанның бас судьясы алаяқтық жасағаны үшін сотталды
"Жастарға обал": танымал әншілер фонограммаға қатысты пікір білдірді
Әр балаға – 21 мың теңге: Сапарбаев алаяқтық жасағандар жауапқа тартылатынын айтты