Жүргізуші куәлігі

2020 жылы паспорт пен жүргізуші куәлігін алу қанша тұратыны белгілі болды

9582
(Жаңартылды 13:45 13.12.2019)
2020 жылы төлемдерді есептеу кезінде қолданылатын айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 2 651 теңгеге дейін өсті

Қазақстанда құжат алу құны мемлекеттік баждың құнына тең. Ал мемлекеттік баж жыл сайын өзгеретін ең төменгі есептік көрсеткішке байланысты болады. Sputnik Қазақстан 2020 жылы жеке куәлік, паспорт және жүргізуші куәлігін алу қанша тұратынын есептеп шығарды.

Айта кету керек, мемлекеттік бажды халыққа қызмет көрсету орталықтарында құжаттарды алуға өтініш берген кезде немесе eGov.kz сайтында алдын ала төлеуге болады.

Паспорт пен жеке куәлік алу қанша тұрады

Паспорт алуға мемлекеттік баж салығы – 8 АЕК немесе 21 208 теңге.

Жеке куәлік – 0,2 АЕК немесе 530 теңге.

Жеке куәлікті ауыстыруға уақытылы өтініш бермеген жағдайда айыппұл – 7 АЕК немесе 18 557 теңге.

Әдетте құжаттарды алу мерзімі 15 күнге дейін уақыт алады.

EGov электронды үкіметінің сайты хабарлағандай, қосымша ақы төлеп, құжаттарды жедел алуға болады.

Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары үшін:

  • Жеделдіктің бірінші санаты – бір жұмыс күніне дейін – 4 983 теңге;
  • Жеделдіктің екінші санаты – үш жұмыс күніне дейін – 2 752 теңге.

Облыс орталықтары үшін:

  • Жеделдіктің бірінші санаты – үш жұмыс күніне дейін – 4 983 теңге;
  • Жеделдіктің екінші санаты – бес жұмыс күніне дейін – 2 752 теңге.

Облыстардың аудандары мен қалалары үшін:

  • Жеделдіктің үшінші санаты – жеті жұмыс күніне дейін – 1 166 теңге.

Туу туралы куәлік алу

Қазақстанда туу туралы куәлік баланы тіркеу кезінде тегін беріледі.

Акт жазбасын өзгерту, толықтыру, түзету және қалпына келтіру кезінде – 0,5 АЕК немесе 1 325 теңге.

еGov мәліметіне сәйкес, баланың туғанын тіркеу қызметін ұсыну мерзімі – екі жұмыс күні, қабылдау күні мемлекеттік қызмет көрсету мерзіміне кірмейді.

Өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізу – жеті жұмыс күні.

Қажет болған жағдайда басқа мемлекеттік органдарға сұрау салу – 30 күнтізбелік күннен аспайды.

Қазақстанда жүргізуші куәлігін алу қанша тұрады

Жүргізуші куәлігін алу үшін мемлекеттік баж салығы – 1,25 АЕК немесе 3 314 теңге.

2020 жылғы айлық есептік көрсеткіш және ең төменгі жалақы

  • ең төменгі жалақы – 42 500 теңге;
  • мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 16 839 теңге;
  • ең төменгі зейнетақы – 38636 теңге;
  • айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 2 651 теңге;
  • базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеуде қолданылатын ең төменгі күнкөріс деңгейі – 31 183 теңге.

2020 жылға арналған әлеуметтік саланың шығындары 5 триллион 692 миллиард теңге көлемінде жоспарланған.

9582
Кілт сөздер:
жүргізуші куәлігі, паспорт, туу туралы куәлік
Олжас Сүлейменов

Саяси қайраткер және халық жазушысы Олжас Сүлейменов жайлы не білеміз

1661
Қазақстанның халық жазушысы, ақын, әдебиеттанушы, лингвист-зерттеуші, түрколог, мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат Олжас Сүлейменовтің өмірбаянын Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

Бір жасында әкесі атылды

Олжас Сүлейменов 1936 жылы 18 мамырда Алматы қаласында Олжабай батырдың тікелей ұрпағы Омархан Сүлейменұлы мен Фатима Бәделбаеваның отбасында дүниеге келді. Орта жүздің Арғын тайпасы Сүйіндік руының Айдабол тармағынан шыққан. Әкесі Бірінші қазақ кавалериялық полкінің офицері болған, ол Олжас бір жасқа толғанда атылды. Олжастың атын Абылай ханның атты әскерінің оң қанатын басқарған жетінші атасы Олжабай батырдың құрметіне қойған.

"Велосипедтен құлағаным есімде. Өмірінде бірінші рет бұл балаға біреу велосипед тебуге берген, содан мен құладым. Бұл менің өмірімдегі ең жарқын естелік. Себебі мен өзімнің алты жасымнан бастап не істегенімді білемін. Мені қызылша тиелген жүк көлігіне лақтыратын. Алты жастағы бала жолға қызылша түсіретін. Біраз уақыт өткен соң көлік жылдамдықты азайтқан кезде, қызылша да таусылған уақытта мен де соңғы қызылшамен бірге жолға түсетінмін", – деп еске алды Сүлейменов балалық шағын.

Олжас 1954 жылы Мәншүк Мәметова атындағы № 28 орта мектепті аяқтаған соң, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің геологиялық барлау факультетіне оқуға түседі. Әдебиетке 1955 жылы араласа бастайды, 1959 жылы Мәскеудегі Максим Горький атындағы әдебиет институтына оқуға түседі.

Олжас Сүлейменовтің еңбек жолы

Оқуды аяқтаған соң "Простор" журналының поэзия бөлімінің меңгерушісі, "Қазақфильм" киностудиясының редакция алқасының бас редакторы, 1971-81 жылдары Қазақстан жазушылар одағының бірінші хатшысы қызметін атқарды.

1972 жылы Азия-Африка елдері жазушыларымен байланыс жөніндегі қазақстандық комитеттің төрағасы болды. Қазақ КСР кинематография жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы қызметін атқарды.

1975 жылы Олжас Сүлейменов "АЗ и Я" еңбегінде "Игорь жасағы туралы жырды" зерттей келе, өзіндік ғылыми тұжырым жасады. Бұл еңбек Мәскеуде резонанс тудырып, кітапқа тыйым салынды. Кейінгі жылдары ақын саясатқа бет бұрды.

1990 жылы ядролық апатқа қарсы "Невада-Семей" қозғалысын құрып, Семей полигонының жабылуына зор үлес қосты. 1991 жылы Қазақстан халық конгресі партиясының төрағасы болды.

1995 жылдың тамызынан бастап Қазақстанның Италиядағы, 1996 жылы сәуірінен Грекиядағы, сондай-ақ Мальта республикасындағы төтенше және өкілетті елші міндетін атқарды. 2001 жылы Қазақстан республикасының ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі болды.

2018 жылы Олжас Сүлейменов Алматыдағы мәдениеттерді жақындастыру орталығын басқарды.

Шығармашылығы

Олжас Сүлейменов туындыларын орыс тілінде жазады. "Арғымақтар" деп аталатын тұңғыш өлеңдер жинағы 1961 жылы жарық көреді. Осы жылы шыққан "Адамға табын, жер, енді" поэмасы Сүлейменов есімін әлемге танытты.

"Адамға табын, жер, енді" поэмасының қалай жазылғаны жайлы ақын бір сұхбатында баяндады. Айтуынша, "Казахстанская правда" газетінің редакторына Кеңес адамының алғаш рет ғарышқа ұшатыны бір күн бұрын белгілі болған. Ол жас ақынға келіп өлең жазуын сұрайды.

"Ол менің өлең жазатынымды білетін. Не дегенмен сен инженерсің ғой және адамның ғарышқа ұшуы не екенін елестете аласың деді. Мен 1961 жылдың 11 сәуірінде кешке оның үстелінде өлең жазылған парақты қалдырдым. Ертесі таңертең мені әпкелерім оятты, қолдарында түрлі-түсті парақ бар. Ал көшеде көпшілік серуендеп, Алматыда шу болып жатты. Параққа қарасам, мен кеше редакторға қалдырып кеткен өлең. Осылай мен бірінші ғарышкер жайлы білдім. Таңертең Алма-Ата үстінен ұшақ ұшып, осы парақтарды шашқан екен", –  деп еске алады Сүлейменов.

Ал поэманың өзі бір аптадан кейін дүниеге келді. Газет редакторы Олжасты басқа барлық тапсырмадан босатып, ақын поэманы жазуға кіріскен.

Сондай-ақ, 1962 жылы "Нұрлы түндер", 1964 жылы "Шапағатты шақ", 1967 жылы "Мешін жылы", 1969 жылы "Қыш кітап" өлеңдер жинағы жарық көрді. Одан бөлек "Түн – Париждің қызындай", "Доброе время восхода", "Таңдамалы лирика", "Повторяя в полдень", "Әр күнің сенің – таң", "Жұмыр жұлдыз", "От өрімдер", "Айқын жағалау", "Аз и Я", "Жазу тілі" кітаптары басылып шықты.

Таңдамалы шығармалары қазақ тіліне аударылып, 1986 жылы "Атамекен" деген атпен басылып шықты.

Сүлейменовтің айтуынша, кейінгі жылдары жазылған "Мың бір сөз" этимологиялық сөздігінде мың жыл бұрын пайда болған сөздердің пайда болу сызбалары зерттеледі және ол кітап көпшілікке қолжетімді болады.

"1001 сөзде" homo sapiens түрі экваторлық Африкада пайда болған кезде ондаған мың жыл бұрын жасалған сөздердің пайда болу сызбалары зерттелуі тиіс. Менің жарты ғасыр бойы сөздердің шығу құпиялары жайлы ойларым бірқатар жинақтауды талап етеді. Олар жайлы сөздікке кіріспе ретінде "Сөз коды" ("Код слова") еңбегімде айтылды, ол жерде сөз бен тіл пайда болған бірнеше сөз ережесін тұжырымдауға тырысамын, – дейді Сүлейменов.

Ал 2018 жылы берген сұхбатында поэма, роман жазбайтынын, сөз бен тарихты зерттеп жүргенін айтқан.

"Мен поэма жазбаймын, роман жазбаймын. Сөз бен тарих тақырыбына тереңдеп кеттім. Жақын арада "Мың бір сөз" этимологиялық сөздігімнің бірінші тарауымен таныстырғым келеді. Ол біздің кім екенімізді, қайдан екенімізді көрсетіп, көзімізді ашады", – деді ол.

"Аз и Я" кітабы

1975 жылы Олжас Сүлейменов "АЗ и Я" еңбегінде "Игорь жасағы туралы жыр" жайлы ғылыми тұжырым жасады. Бұл жырдың түркі және славян мәдениеттерінің өзара ықпалы нәтижесінде туған шығарма екенін дәлелдеді.

Кеңес идеологтары Олжас Сүлейменовтің тұжырымдарын орыс мәдениетіне қарсы жазылған ұлтшылдықтың көрінісі деп айыптады.

"Кітап 1975 жылы шілдеде шықты. Содан кейін Константин Симоновтан пікір алдым, Литва ақыны Эдуард Межелайтистен де хат келді. Брежнев те кітап туралы айтты, кейінірек Димаш Ахметұлы Қонаев та кітапта ешқандай ұлтшылдық жоқ екенін жазған. Бұл менің кітабыма айтылған ең жақсы пікір болды.

1976 жылдың қаңтарында съезге дайындық жүріп жатты. Қонаев қоңырау шалып, Суслов кітапқа шүйлігіп, ұлтшыл, антисовет деп айтқанын хабарлады. Алайда маған Суслов кітапты сызып тұрып екі рет оқығанын, алайда ештеңе түсінбегенін айтқан болатын", – деді Сүлейменов.

Ал 2006 жылы "Егемен Қазақстан" газетінде Нұрсұлтан Назарбаев "Слово о моем друге Олжасе" деген мақаласында "Аз и Я" кітабының сатылымнан алынып тасталғаны туралы жазды.

"1976 жылдың маусымында өзінің қырық жылдығынан кейін ақын Қазақстан компартиясының орталық комитетінен қорлайтын хат алды. Ал кітап цензуралық ведомствоның нұсқауы бойынша кітапханалардан алынып, оны тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл одақта сатуға тыйым салынды. Қазіргі заман терминологиясын қолдансақ, бұл ең күшті PR-акция болды, кітап бестселлер болып, Мәскеудің өзінде қымбат бағаға сатылды", – деп жазды Назарбаев.

"Невада-Семей" қозғалысы

Ядролық сынаққа қарсы "Невада-Семей" қозғалысы құру туралы үндеуді 1989 жылы 28 ақпанда КСРО депутаттарының I съезіне қатысқалы отырған Олжас Сүлейменов тастады. Осыдан кейін Семейде "Невада-Семей" антиядролық қозғалысының облыстық бөлімшесі құрылып, Марат Оразалин төрағасы болып сайланды. Ол қозғалысты құруда үш мақсат болғанын айтады. Біріншісі — халықты бұл жағдайға бей-жай қарамауға шақыру, екіншісі — полигонды жабу үшін күрес жүргізу және зардап шеккен халыққа көмек көрсету туралы заң қабылдау. 

1991 жылы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қаулысымен полигон жабылып, қозғалыстың алға қойған бар мақсаты орындалды. Сондай-ақ, 29 тамыз халықаралық ядролық қаруға қарсы күрес күні болып бекітіліп, Қазақстан толықтай ядролық қарудан бас тартты.

Марапаттары

Саяси қайраткер ретінде Олжас Сүлейменов бірқатар қызмет атқарды. Соған сәйкес, қазақстандық және шетелдік марапаттар алды.

1964 жылы Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы; 1967 жылы Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығы; 1972 жылы Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығы берілді.

1992 жылы Қазақстанның Халық жазушысы атағын алды, 2000 жылы Тәуелсіз "Тарлан" сыйлығымен марапатталды.

Олжас Сүлейменов 2001 жылы І дәрежелі "Барыс" орденімен марапатталды, одан бөлек Октябрь Революциясы, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, "Даңқ белгісі", "Отан" медальдарымен марапатталған.

Әзірбайжан республикасының "Шухрат" орденімен, Украинаның "Ярослав Мудрый", Шешен республикасының, Франция және Ресейдің "Достық" орденімен марапатталған.

2013 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президентінің Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығын иеленді.

2018 жылы Шыңғыс Айтматов атындағы сыйлықтың лауреаты болды.

Олжас Сүлейменовтің отбасы

Олжас Сүлейменовтің әйелінің аты-жөні – Маргарита Владимировна. Динара, Мәдина, Ләйлә есімді үш қызы бар.

2018 жылы 22 маусымда жалғыз жиені Ескендір Сүлейменов астанада көлік апатынан қайтыс болды.

Ескендірдің қазасынан кейін Олжас Сүлейменов ауруханаға түсіп қалды.

"Мен әлі күнге дейін әлеуметтік желілерге кірген жоқпын. Желіде таралған сұмдық кадрларды ешқашан көргім келмейді. Оның үстіне менің сотқа қатысуым істің ақиқатын анықтауға ешқандай да көмектеспейді. Адам өлімімен аяқталған жол апаты бұл әрқашан да кісі өлтіру екені практикадан белгілі. Тіпті, әдейі болмаса да, мұндай жағдайда жол ережесін бұзу қылмыс. Оқиғаның мән-жайын анықтау - тергеу мен соттың ісі. Ескендір енді қайтып келмейді, иманды болсын. Жалғыз немерем", – деп сот отырысына байланысты хат жазды Сүлейменов.

1661
Кілт сөздер:
өмірбаян, Олжас Сүлейменов
Тақырып:
Өмірбаяндар
Тақырып бойынша
Олжас Сүлейменов қазақ халқының алдында тұрған басты сын-қатерді атады
"Діннен жұбаныш табады" Олжас Сүлейменов сотқа тағы бір хат жолдады
Олжас Сүлейменов әліпбиді латынға көшіруде асықпаған жөн деп санайды
"Бұл менің қателігім". Олжас Сүлейменов сотқа тағы бір хат жолдады
Федор Озмитель жерленген жер

Озмительдің ерлігі - қарапайым мұғалім Кеңес Одағының Батыры атағын қалай алды?

290
Қазақстанда Кеңес Одағының Батыры Федор Озмительдің ерлігі туралы бірі білсе, енді бірі біле бермейді. Ақтөбе облысының тумасы Ұлы Отан соғысында "Гром" атты арнайы мақсаттағы жасақтың командирі болған

1944 жылы Минск облысында небәрі 25 жасында ерлікпен қаза тапты. Оның өмірі мен майдандағы жетістіктері туралы Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.

Жас ұстаз бірден көзге түсті 

Федор Озмитель 1918 жылы Ақтөбе облысының Мәртөк ауданына қарасты Линовицкое ауылында дүниеге келген. Сегізінші сыныптан кейін Орынбордағы педагогикалық училищеге түсті. Оны тәмамдап, бірден ұстаздық жұмысына кіріскен. 

Озмитель туған ауылында сабақ берді. Сол жерде жан жары – Александраны да кездестірді. Ал 1939 жылы Нина есімді қызы дүниеге келді.

Герой Советского Союза Федор Озмитель
© Photo : Белорусский госмузей истории Великой Отечественной войны
Кеңес Одағының Батыры Федор Озмитель

Бір жылдан кейін 22 жастағы Федор армия қатарына шақырылды. Оны шекара қызметіне жіберді. Мерзімді әскери қызметте Озмитель бірден көзге түсті, бәрін тез ұғатын. Содан Қазақ шекара округының басшылығы оны Ленинград қаласындағы Ішкі істер халықтық комиссариатының әскери училищесіне жіберу туралы шешім қабылдайды. Бірақ, көп ұзамай, Ұлы Отан соғысы басталып кетті.

Фашистің тылына аттанды 

Соғыс кезінде Федор Озмитель алдымен халық жасағының екінші дивизиясымен бірге Ленинградтың солтүстік жағында болды. Одан кейін оны Мәскеуді қорғауға жіберді. Алайда бірнеше айдың ішінде кері қайтарды. Озмитель Ішкі істер халықтық комиссариаттың арнайы мақсаттағы мотоатқыштар бригадасына ауыстырылды. 

1941 жылы 7 қарашада осы жасақтың сарбаздары Қызыл алаңда өткен әскери парадқа қатысты. Сол кезде Озмитель арнайы мақсаттағы мотоатқыштар бригадасының 5-ші ротасын бастап шыққан. 

КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің орталық мұрағатында сақталған анықтамаға сәйкес, 1942 жылы ақпан айында Озмитель өз еркімен неміс-фашист әскерінің тыл жағына аттанды. Сол жерде қыркүйек айына дейін жауынгерлік топтың командирі ретінде арнайы тапсырмаларды орындап жүрді. Ал 1943 жылы "Грозный" атты партизандар жасағының командирі болып, жаудың тылына екінші рет жіберілді.

2 мың фашистің көзін жойды 

Озмитель жаудың тылында партизандық қозғалысты ұйымдастырды, фашистерге күтпеген жерден шабуылдар жасады. Сондай-ақ, Жоғағы бас қолбасшысының жеке тапсырмаларын орындады.

Братская могила в деревне Маковье Борисовского района Минской области, где похоронен Федор Озмитель
© Photo : предоставлено Федором Смольяниновым
Федор Озмитель жерленген бауырластар зираты, Минск облысы, Борисов ауданы, Маковье ауылы

Бір ретте лейтенант Озмитель шаңғымен 40 шақырым  жүріп, партизандармен бірге "Витебск – Орша - Смоленск" теміржол торабында орнығып алады. Оның жасағы жауды торуылдап жүріп, он екі айдың ішінде 20-дан астам қойманы және 45 көлікті жарып жіберді. 2 мыңнан астам фашистің көзін жойды.

Маңызды тапсырма орындалды  

Майдандағы жетістіктері үшін Озмительге қысқа мерзімді демалыс берді. Ал қызметке қайта шыққаннан кейін "Гром" атты жаңа арнайы мақсаттағы партизандар жасағының басшылығына қойды. Сөйтіп, қайтадан жаудың тылына жіберді. Осы жолы Федордың жасағы Минск облысына аттанды.

Сарбаздар орналасатын жеріне ойдағыдай жеткеннен кейін жоғарыдан аса маңызды әрі ауыр тапсырма түсті. Партизандар тұтқынға түскен неміс офицері Курт Вайнерді алып келуі тиіс. Ол фашистердің Курск пен Орел қалаларына шабуыл жасайтыны жайында білген. Тұтқынды аман-есен жеткізу үшін майдан шебі арқылы өту керек. 

Озмитель осы тапсырманы да сәтті орындап, неміс офицерін Мәскеуге жеткізді.

Ерлікпен қаза болды 

1944 жылы Кеңес армиясы оккупацияға түскен Беларусьті азат етуге дайындалып жатқан. Дәл сол кезде партизандар Минск облысындағы Паблик көлінің жанында фашистердің қоршауына түсті. Бірақ олар жаудың шебін үш жерден бұзуға бел буды.

"Гром" жасағы негізгі соққыны өзіне алды. Сол кезде сарбаздардың біраз бөлігі қоршаудан шығып үлгерді. Алайда Озмитель қалды. Ол нағыз командир ретінде қоршаудан соңғы болып шығуға шешім қабылдады. Барлық партизанның аман-есен шыққанын қалады. Бірақ өзі жараланды. Пулеметтің оғы оның екі аяғына тиді. 

Сонда да Федор қайтқан жоқ. Жерде жатқан пулеметті алып, соңына дейін атысты. Ақырында оғы бітіп қалды. Ал қоршауға түскеннен кейін немістердің жақындағанын күтті. Жау жақындап қалғанда бірнеше гранатаны жарып жіберді. Сөйтіп, өзімен бірге бірнеше фашистті алып кетті.

Федор Озмительді Борисов ауданының Маковье ауылындағы бауырластар зиратында жерледі. 600 сарбаз жатқан жерде партизанның ескерткіші де бар. Ал тақтада барлық сарбаздардың аты-жөні қашалып жазылған. Монументте екі-ақ фотосурет бар. Біреуі – ерлікпен қаза тапқан Федор Озмительдің суреті.   

1944 жылы 5 қарашада КСРО Жоғарғы кеңесі президиумының қаулысына сәйкес, жаудың тылында неміс-фашист басқыншыларына қарсы күресте көрсеткен ерлігі үшін Федор Озмительге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Жеңіске жететінімізге сенімді болған 

Федор Озмительдің жалғыз қызы Нина әкесі қайтыс болғанда бес-ақ жаста болған. Ол барлық фотоальбом мен мұрағат құжатын сақтап жүр.

"Әкемнің жанұясы кедей болған. Отбасы мүшелері көп оқымаған. Бірақ менің әкем оқуға зейін қойды. Сегізінші сыныптан кейін оның сынып жетекшісі келіп, ата-анасынан баласын Орынбор педагогикалық училищесіне жіберуді жылап тұрып сұраған", - дейді Нина Федоровна. 

Федор Озмитель алғашқы әскери тапсырмасын сәтті орындағаннан кейін он күндік демалыс алған. Сол кезде әйелін алып, туған жеріне барды. Жерлестерімен кездесті. Қызыл армияның жеңіске жететінін айтқан. Ал ауылдан кетіп бара жатқанда балалар оның артынан қалмай, екі шақырым  жүгіріп, шығарып салған екен.

Федордың жұбайы – Александра Гавриловна күйеуі қайтыс болғаннан кейін ұзақ уақыт қайғырды, екінші рет тұрмысқа шықпады. Ал Нина Федоровна өмір бойы Қазақстанда тұрған. Антонина және Владимир деген екі баласы бар. Зейнеткерлікке дейін "Ақтөбехимпласт" зауытында жұмыс істеді.

Батырдың ұрпағы

Нина Федоровнаның төрт немересі және екі шөбересі бар. Шөбересінің тұңғышына қаһарман атасының есімін берген. Федор Смольянинов – Ресейде танымал театр және кино актер. Анасы екеуі Санкт-Петербург қаласында тұрады. 

Братская могила в деревне Маковье Борисовского района Минской области, где похоронен Федор Озмитель. На фото: правнук героя - Федор Смольянинов
© Photo : предоставлено Федором Смольяниновым
Федор Смольянинов – Ресейде танымал театр және кино актер

Федор бірден өнер жолына түспеген. Алдымен ұшқыштар мектебінде оқыды. Сосын әртістік өнерге қызығып, театрлық жоғары оқу орнына түсті. Бас кезінде атасы туралы деректі фильм түсіруді жоспарлаған. Бірақ артынан ол идеядан бас тартты. 

"Мен батыр атамның рөлін сомдауды ойладым. Сценарий жазу ойымда болды. Сосын сериал түсіруді де жоспарладым. Бірақ артынан ол идеядан бас тартуға шешім қабылдадым. Себебі бүгінде соғыс туралы өте көп фильм түсірілген. Соғыс – бұл жантүршігерлік нәрсе, оны халықтың есіне қайта-қайта еске салған қажет емес деп ойлаймын", - деді Смольянинов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында. 

Батырдың есімі ұмытылған жоқ

Федор Озмитель Ленин орденімен және II дәрежелі Отан соғысы орденімен де марапатталған. Мәртөк ауданының Шевченко кеңшарында жұмыс істеген мектепке батырдың аты берілді. Мектептің алдына Федор Озмительдің бюстын орнатты.

Бұдан бөлек, Мәртөк кентінде орталық көшелердің біріне Федор Озмительдің аты берілді. 1998 жылы 13 тамызда Озмительдің туғанына 90 жыл толуына орай сол көшеде мемориалды татқа орнатылды.

290
Кілт сөздер:
Жеңіс күні, батыр, мұғалім, Ақтөбе облысы
Тақырып бойынша
"Қарағандыға хат жібер...": Кеңес Одағының батыры Нұркен Әбдіровтің көзсіз ерлігі
Тараздық ардагер соғыста өзі құтқарған баланы іздеп жүр
Ортақ Жеңіс: басқа елдер 9 мамырды қалай атап өтті
Мәңгілік алауға жібермеген: Алматы әкімдігі ардагерден кешірім сұрады
Майданда қаза тапқан капитан Игишевтің ерлігі мен махаббат оқиғасы
Kazpost постаматы, архивтегі фото

"Кез келген адам ақша таба алады": Қазпошта жаңа қызметті іске қоспақшы

0
(Жаңартылды 17:12 28.05.2020)
Басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов жаңа қызмет арқылы студенттер мен жұмыссыздар табыс таба алатынын атап өтті

НҰР-СҰЛТАН, 28 мамыр – Sputnik. "Қазпошта" АҚ басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов курьерлік қызмет арқылы ақша табуға болатынын мәлімдеді. Оған кез келген адам қатыса алады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Компания басшысының айтуынша, кей кезде сәлем-сауқат көп келеді. Әсіресе, күзде және жаңа жылдың алдында халық интернет арқылы тапсырыс жиі жасайды. Осындай уақытта Қазпоштаның қызметкерлері бәрін уақытында жеткізуге үлгермей жатады. Осыған байланысты алдағы уақытта курьерлік қызмет арқылы басқа адамдарға ақша табуға мүмкіндік беру жоспарланып отыр.    

"Мысалы, қазір Яндекс Таксиге кез келген адам тіркеліп, ақша таба алады. Сол сияқты біз де курьерлік қызметті ұсынамыз. Кез келген адам біздің жүйемізге қосылып, бос тұрған сәлем-сауқаттардың бар екенін көре алады. Соны жеткізгені үшін ақша алады. Жақын арада осындай қызметті іске қосамыз", - деді Сәрсенов Sputnik Қазақстан редакциясында өткен онлайн брифингте.

Оның сөзіне қарағанда, жаңа қызмет арқылы студенттер мен жұмыссыздар табыс таба алады. Ал курьерлік компаниялар бос отырған қызметкерлеріне қосымша тапсырыс беріп отырады.

0
Кілт сөздер:
табыс, "Қазпошта"