Роза Рымбаева

"Бәрін Тасқынмен салыстырдым": Роза Рымбаева туралы қызықты деректер

7267
Қазақстанның халық әртісі, Қырғызстан және Өзбекстанның еңбек сіңірген әртісі, әнші, профессор, "Құрмет" және "Парасат" ордендерінің иегері Роза Рымбаева туралы Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

Роза Рымбаева 1957 жылдың 28 қазанында бұрынғы Семей облысы Жарма ауданы Жаңғызтөбе станциясында теміржолшы отбасында дүниеге келді. Ата-анасы оның есімін Роза Бағланованың құрметіне қойыпты.

Шығармашылық жолы

Роза Рымбаева 1974 жылы Семейдегі музыкалық училищеге түсіп, 3 жыл оқиды. Бұдан кейін Алматыдағы театралдық-көркем өнер институтында оқып, оны 1984 жылы бітіреді. Алматы қаласындағы театрлық көркемдік институттың музыкалық драмалық комедиясы факультетінде білімін шыңдайды.

Көптеген халықаралық конкурстың гран-при иегері атанған Роза Рымбаева 22 жасында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, 29 жасында Қазақстанның халық әртісі атанды.

Роза Рымбаева 1977 жылы Болгариядағы "Золотой Орфей" фестивалінде Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұловаға арналған "Әлия" әнін шырқаған соң ерекше танымал болды. Ол бұл байқауда гран-при жүлдесін ұтып алды.

1977-1979 жылдары "Песня года" фестивалінде ән шырқап, КСРО-ның "Звуковая дорожка" хит-парадында үздіктердің қатарынан көрінді.

1976-1979 жылдары республикалық "Гүлдер" жастар–эстрадалық ансамблінің солисі, 1979 жылы "Қазақконцерт" бірлестігі жанындағы "Арай" эстрадалық ансамблінің солисі болып сахнаға шықты.

1979 жылы Роза Рымбаева Ыстамбұлдағы халықаралық әншілер байқауында лауреат атанып, 1983 жылы Кубада өткен "Гала – 83" халықаралық байқауда бас жүлдені жеңіп алды.

Әншінің орындауындағы Т. Ерешевтің "Гүлдене бер, туған жер", Нұрғиса Тілендиевтің "Куә бол", Б. Байқадамовтың "Айгөлек", Ж. Тұяқбаевтың "Атамекен", Т. Сарыбаевтың "Отандастар" әнін тыңдарман қауым жылы қабылдады.

Роза Рымбаева "Бір бала", "Сәулем-ай", "Кебек", "Назқоңыр", "Әгугай" және тағы басқа халық әндерін нақышына келтіре орындады.

Әнші халық арасында киноактриса ретінде де танымал. Ол "До свидания, Медео" фильмінде басты рөлді сомдады, әрі "Первая песня" фильмі, "Женский взгляд". Роза Рымбаева", "Роза", "Хвост кометы". Роза Рымбаева", "И снова здравствуйте!" деректі фильмдеріне түсті.

Солистка казахского вокально-инструментального молодежного ансамбля Гульдер, обладательница приза Золотой Орфей Роза Рымбаева
© Sputnik / Юрий Сомов
Роза Рымбаева

Отбасы

Роза Рымбаева 1979 жылы дирижер, композитор Тасқын Оқаповқа тұрмысқа шығып, Әли және Мәди есімді екі ұл дүниеге әкелді. 1999 жылы күйеуі өмірден өтті. Әнші "Бақытты әйел" бағдарламасына берген сұқбатында оны сағынып жүргенін, әлі жақсы көретінін айтып, ағынан жарылды.

"Мен шығармашылық үшін жеке өмірімді құрбан еттім. Менің осындай деңгейге көтерілуіме жолдасым Тасқын Оқапов үлкен еңбек сіңірді. Соның арқасында Халық әртісі деген атақ алдым. Күйеуімді сағынамын. Жас келген сайын ол кісінің жоқтығын сезініп келемін. Екеуіміздің арамызда келіспеушіліктер болды. Күні бойы "айым, күнім" деп отырдық деп айта алмаймын. Отбасы болған соң, шыны-аяқ сылдырламай тұрмайды ", - дейді ол.

"Үлкен қорқыныш болды..."

Әнші күйеуі өмірден озған соң, уайымға берілгенін де жасырған жоқ.

"Екі ұлым әкесіз қалған кезде, менде үлкен қорқыныш болды. Мен жыл бойы сапарда жүремін. Маған бірдеме болып кетсе, бұлар қайтеді деген қорқыныш болды. Содан тым құрыса атағым балаларыма көмек болар деп ойладым. Сол қорқыныштан екеуінің де тегін "Рымбаев" деп ауыстырдым. Бірақ, мектеп бітірген кезде Әли "Мама, мен Оқапов боламын" деді. Келістім. Мәди менің тегімде қалды. Мен қуаныштымын. Мәселе текте емес. Олар өмірде өз орындарын тапса екен", - деді Роза Рымбаева берген сұқбатында.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Роза Рымбаева (@rozarymbaeva)

Әңгіме барысында ол кеш ана атанғанын, соған қарамастан бақытты әйел екенін атап өтті. Әнші тұңғыш ұлы Әлиді 33 жасында өмірге әкелген.

"Кеш ана атандым. Кезінде Әлиді туып, кейін бірнеше бөпені дүниеге әкелсем, осындай жоғары деңгейге жетпей қалар ма едім? Құдайға шүкір, Әли жалғыз емес. 9 жылдан кейін Мәди дүниеге келді. Құдай берген екі балам бар. Шынымды айтсам, бақытты әйелмін. Әншіліктен гөрі аналық бақытым мен үшін бірінші орында", - дейді халық әртісі.

"Қателескенімді мойындадым"

Роза Рымбаева күйеуі өмірден өткен соң, барлық уақытын балалары мен шығармашылығына арнағанын айтты. Бірақ өзіне ұнаған адамдар болғанын жасырған жоқ.

"Кеше ғана достарыммен кездестім. Наурызды тойлау үшін достарым мейрамханаға шақырды. 10 шақты адам отырдық. Онда достарым арқылы көңіл білдірген адамдар болды. Қазірге дейін маған ғашықпын деп сезімін білдіретіндер көп. Тасқын өмірден кеткеннен кейін екі баламды өсіргім келді", - дейді ол.

Әнші екі ұлын балабақшаға, мектепке, музыка үйірмесіне апарып жүрген. Сондай-ақ арасында гастрольге шығып, ән айтқан. Осылайша, уақыттың қалай өткенін байқамай қалыпты.

"Әйтеуір, тиын-тебенінді табасың. Сондай-ақ, шығармашылығыңды ұмытып кетуге болмайды. Осылайша, уақытым зымырап өте шықты. Арасында кездескен адамдар болды. Бірақ Тасқынмен салыстырдым. Ол кісі Тасқыннан асып түсуі керек. Олай болмаса, ол менің адамым емес. Мен де бір-екі адамға қызықтым. Араласа келе менің адамым емес екенін түсіндім, қателескен екенмін", - дейді Роза Рымбаева.

"Фонограммамен ән айтпаймын"

Қазақстанның халық әртісі өзіне әрқашан жоғары талап қоятынын, сахнаға дайындықсыз шықпайтынын жеткізді.

"Мен сахнаға ешқашан дайындықсыз шықпаймын, ешқашан фонограммамен ән айтпаймын. Сондай-ақ сахнаға шығардың алдында ең бірінші дұрыс микрофон, музыкалық аппарат, жарықтың дұрыс қойылуын, сахнаның таза болуын талап етемін. Бұған қатты мән беремін", - дейді ол.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Роза Рымбаева (@rozarymbaeva)

Әншінің мінезі қандай?

Роза Рымбаева шыншылдықты жақсы көретінін, осы уақытқа дейін ешкімді алдамағынын айтып ағынан жарылды.

"Менің бетке айтатын қырсық мінезім бар. Шындықты жақсы көремін. Өзім ешқашан ешкімді алдамаймын. Біреу алдаса, оған көп шыдай бермеймін", - дейді әнші.

Рымбаева нені армандайды?

Қазақстанның халық әншісі балаларының үлкен азамат болғанын, тезірек әже атанғысы келетінін атап өтті. Оның пікірінше, келін тәрбиелі және ақылды болуы керек.

"Балаларымның бақытын ойлаймын. Мейлі, олар бала-шағасымен менен бөлек тұрсын. Мен анда-санда келіп, немерелерімді иіскеп, шай ішіп тұрайын. Мен оларға кедергі болғым келмейді. Ондай да жоспарым бар. Бірақ оларға көмектесуім де керек қой. Кішкентай нәрестелі болған кезде оларға көмекші, қамқоршы болуым қажет. Оның барлығы алдағы уақыттың еншісінде", - дейді ол.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Роза Рымбаева (@rozarymbaeva)

Сонымен қатар Роза Рымбаева өзінің туған-туыстарына шексіз алғысын білдірді.

"Туған-туыстарым мен сіңлілерім отбасымның бір бөлігі. Менің гастрольге шығып, халыққа еркелеп жүргенім бауырларым мен туысқандарымның арқасы. Себебі, Әли мен Мәдиді оларға тастаймын да, кете беремін. Олар баларға қарайды, жалғызсыратпайды. Олар болмағанда мен жалғыз өзім оларды өсіре алмаушы едім. Құдайға шүкір, мен туысқандарыма ризамын", - деп түйіндеді сөзін ол.

7267
Кілт сөздер:
қызықты деректер, өмірбаян, Роза Рымбаева
Тақырып:
Өмірбаяндар (111)
Тақырып бойынша
"Миынан ісік табылды..." Роза Рымбаева сұқбат кезінде жылап қалды
"Сыйластығымыз үзілмесін". Ернар Айдар Роза Қуанышқызымен татуласты
Роза Рымбаеваны үкіметтік концерттерге кім шақырмай жүр?
Мәдениет министрлігі Роза Рымбаеваның мәлімдемесіне қатысты жауап берді
"Сталин қос бұрымыма мақтау айтты": Роза Бағланова туралы не білеміз - фото
Кілт, иллюстративті сурет

"5-10-20" және "7-20-25" бағдарламалары бойынша қалай баспана алуға болады

207
"7-20-25" тұрғын үй бағдарламасы Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен құрылды. Бағдарлама іске қосылғаннан бері тұрғын үй қарызын алуға 39 мыңнан астам өтінім түскен

Осы жылы ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осыған ұқсас әлеуметтік тұрғын үй бағдарламасын – "5-10-20" іске қосуды тапсырды.

Екі бағдарламаның шарттары жайлы толығырақ Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз.

"7-20-25"

"7-20-25" – әлеуметтік бағдарлама, қазақстандықтарға баспана жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Бағдарлама операторы – "Қазақстанның орнықтылық қоры" АҚ.

Бағдарлама шарты бойынша тұрғын үй қарызын беретін банктер:

  • "Банк ЦентрКредит";
  • "Сбербанк";
  • "Қазақстан халық банкі";
  • "Евразия банкі";
  • "АТФБанк";
  • Jýsan Bank;
  • Bank RBK;
  • Forte Bank.

Тұрғын үй қарызын алушыларға қойылатын талаптар:

  • Қазақстан азаматы болу;
  • Қазақстан аумағында меншігінде баспана болмауы;
  • кәсіпкерлік немесе еңбек қызметінен түсетін тұрақты кірісінің болуы;
  • ипотекалық кредиті болмауы.

Бағдарлама шарттары

Қарыз бойынша сыйақының пайыздық мөлшерлемесі – 7%.

Бастапқы жарна – баспана құнының 20%-і.

Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Атырау және Шымкент қалалары үшін тұрғын үйдің ең жоғары бағасы – 25 миллион теңге, Қарағанды үшін – 20 миллион теңге, басқа өңірлер үшін – 15 миллион теңге.

Қарызды өтеу мерзімі – 25 жылға дейін.

Тағы оқыңыз: Мемлекет арендалық баспана ақысын қалай төлейді?

Ұлттық банктің мәліметінше, 2020 жылдың 17 қыркүйегіндегі жағдай бойынша "7-20-25" бағдарламасымен үй алуға 461,341 миллиард теңгеге 39 689 өтінім түскен. 267,691 миллиард теңгеге 22 847-сі мақұлданды.

Бағдарлама іске қосылғалы бері банктер 18 206 қарыз берген.

"5-10-20"

"5-10-20" – көпке белгілі "Нұрлы жер" бағдарламасының бағыттарының бірі.

"Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" жаңа "5-10-20" – "Шаңырақ" жобасы бойынша өтінім қабылдауды биыл 17 қыркүйекте бастады.

Тұрғын үй қарызын алу үшін қойылатын талаптар:

  • Қазақстан азаматы болу;
  • әкімдікте баспана кезегінде тұру (1986 жылдан 2015 жылға дейін);
  • кәсіпкерлік немесе еңбек қызметінен түсетін тұрақты кірістің болуы.

Бағдарлама шарттары

Кредит бойынша мөлшерлеме – 5%.

Бастапқы жарна – қарыз сомасының 10%-і.

Қарызды өтеу мерзімі – 20 жылға дейін.

Қарыз алушы пәтерді баспана кезегінде тұрған өңірден ғана сатып ала алады.

Егер негізгі кіріс жеткіліксіз болса, қосымша табыстарды қосу мүмкіндігі бар. Олар: зейнетақы аударымдары, тұрғын үй немесе экологиялық төлемдер.

2020 жылы "Шаңырақ" пилоттық жобасын жүзеге асыруға мемлекеттік бюджеттен 210 миллиард теңге бөлу жоспарланып отыр. Оның 90 миллиард теңгесі "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне" аударылды.

"Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің" мәліметінше, 17 қыркүйектегі жағдай бойынша барлығы 21 039 өтінім қабылданды. 6 миллиард теңгеге 472 өтінім мақұлданды.

207
Кілт сөздер:
"7-20-25" бағдарламасы., тұрғын үй, баспана
Қызғалдақ фестивалі

Алматының туған күні: қала жайлы қызықты деректер

319
Жыл сайын қыркүйектің үшінші жексенбісінде Қазақстанның бұрынғы астанасы – Алматыда қала күні тойланады

Қаланың биылғы мерейтойы 20 қыркүйекке түсіп отыр. Биыл қала күні елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты онлайн форматта тойланады. Қала жайлы қызықты деректерді Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.

Алматы – Тянь-Шань тауларының солтүстігінде, Іле Алатауының баурайында, Қазақстанның оңтүстік-шығысында орналасқан қала. Кей деректе біздің заманымызға дейінгі 7 ғасырларда бұл маңды сақтар, кейіннен үйсіндер мекендегені туралы дерек бар. Себебі сол кезеңнен көптеген қорған мен қамал сақталған. Алматы маңы Есік қорғанынан табылған "Алтын адам" соның бірден бір дәлелі.

Одан кейінгі 10-14 ғасырларда осы аймақтағы қалалар Ұлы Жібек жолының бойындағы сауда-саттыққа ілініп, қолөнер мен ауылшаруашылығының орталығына айналған. Алғашқы Алматы атауы жазылған заттар да осы кезеңге тиесілі. Алайда Ұлы Жібек жолының ыдырауына байланысты қала өмірі де құлдырай бастайды.

Верныйдан Алматыға дейін

Қаланың жаңа тарихы Ресей үкіметінің 1854 жылы Верный әскери бекінісін құруымен байланысты. 1855 жылдың ортасынан бастап бекініске орыс қоныс аударушылары келе бастады. Олардың келуімен Верный қарқынды дами түсті.

1865 жылы он бірінші сәуірде Верный бекінісінің атауы өзгертіліп, Алматинск қаласы болды. Алайда дәл осы жылы "Дала комиссиясының" шешімімен бұл атау өзгертіліп, Верный қаласы болып ауысты. Қала атауын алған Верный Вернинск уезі мен Жетісу ауданының орталығы болды.

Алматы алманың отаны саналады. 1921 жылы Верный атауы Алма-Ата деп өзгерту туралы шешім қабылданды. Бес жыл өткен соң қалада Түркістан-Cібір теміржолы салынатын болды. Түркісіб құрылысы бұл қаланың Қазақстанның астанасы болуға ықпал етті.

Осылайша, 1927 жылы екінші наурызда ҚазАКСР астанасы Қызыл-Ордадан Алматыға көшірілді.

1935 жылы Алматы әуе жолы ашылып, Мәскеумен әуе арқылы байланысқа шықты. Бұл Орталық стадион ауданындағы шағын аэродром болатын. Ал қазіргі Алматы халықаралық әуежайы Майлин көшесі, 2 мекенжайында орналасқан. Ол 2004 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұл әуежайдың құрылысы ескі аэропорт ғимараты 1999 жылы өрттен кейін 2000 жылы басталды. Алматы әуежайынан әлемнің 55-тен астам қалаларына тұрақты рейстер бар.

Тәуелсіздік жылдарындағы Алматы

Алматы атауы қалаға 1993 жылы берілді. Ал Қазақстанның тұңғыш президенті шешімімен 1997 жылы ел астанасы Алматыдан Астанаға (қазіргі Нұр-Сұлтан қаласы) ауыстырылды.

"Алматы – тәуелсіздігіміздің бесігі болса, Астана – болашағымыздың бесігі. Мен Алматыны жер жүзіндегі ең әдемі қала деп білемін. Оның тамылжыған баулары мен жайнаған парктерін, көкке шаншылған Тянь-Шань шыршаларын, "Көктөбе шамшырағын" және басқа да талай ғажайыптарын ұнатамын… "Дербестік!" деп шыққан дауыс алғаш Алматыда естіліп, Алматыда сезілді", - дейді Назарбаев ел астасының ауысуы жайлы.

Алматы қаласы сегіз ауданнан тұрады: Алмалы, Алатау, Әуезов, Бостандық, Жетісу, Наурызбай, Медеу, Түркісіб.

Алматы қаласының әкімдігі 20 басқармадан тұрады: қалалық мобильділік, білім, спорт, қоғамдық денсаулық сақтау, дін істері, жер қатынастары, әлеуметтік әл-ауқат, қоғамдық даму, мәдениет, қала құрылысын бақылау, туризм, тұрғын үй саясаты және т.б.

Қала басшысы – әкім. Оны мемлекет басшысы тағайындайды. Қала әкімінің бес орынбасары бар. Қазір бұл қызметті 2019 жылдан бері Бақытжан Сағынтаев атқарып келеді.

Тәуелсіздік жылдары қалада жеті әкім ауысты. 1992-1994 жылдар арасында – Заманбек Нұрқаділов, 1994-1997 жылдары – Шалбай Құлмаханов, 1997-2004 жылдары Виктор Храпунов, 2004-2007 жылдары – Иманғали Тасмағамбетов, 2008-2015 жылдары – Ахметжан Есімов, 2015-2019 жылдары Бауыржан Байбек әкім болды.

Алматы мәртебесі туралы заң

1998 жылдың 1 шілдесінде Алматы қаласының мәртебесі туралы жаңа заң қабылданды. Соған сәйкес, Алматы қаласы республикалық маңызы бар қала болып табылады. Сонымен қатар Алматы қаласының өз елтаңбасы бар, ол қаланың ҚР мәдени, саяси, экономикалық және ғылыми орталығы ретіндегі ерекшеліктерін, сондай-ақ, географиялық орналасқан жері мен қоршаған ортасының ерекшеліктерін бейнелейтін нышаны болып табылады.

Заң бастапқыда сегіз баптан тұрды, қазір оның тең жартысы алынып тасталды. Заңда қала мәртебесінің құқықтық негізі, Алматы қаласының аумағы, өкілді органның өкілеті мен қаланың атқарушы органдарының өкілеті көрсетілген.

Алматы қаласының елтаңбасы

Қаланың елтаңбасы 1992 жылдың мамыр мен тамыз айлары аралығында өткен байқаудың нәтижесінде таңдалды. Оның авторы – Шәкен Ниязбеков. Оның жасаған жобасы 1993 жылы 6 шілдеде Алма-Ата қаласы халық депутаттары кеңесінің қаулысымен қала елтаңбасы болып бекітілді.

Алматының баурайыда Іле Алатауының ұлттық паркі бар, ол жерде көптеген қорық орналасқан. Ішінде сирек кездесетін құстар мен аңдар Қызыл кітапқа енгізілген. Оның арасында Алматының елтаңбасында бейнеленген барыс та бар.

Елтаңбаның алдыңғы қатарында дөңгелек шығыс қал­қаны түрінде, барыс аузымен тістеген алма бұтағында сегіз алма (алғашқы нұсқасында тек 6 алма болатын) түсіндегі байламды ұстаған барыс бейнеленген. Сегіз алма қаланың сегіз ауданын көрсетіп тұр.

Елтаңба сипаттамасында тіршілігіне сенімді барыс алға қарай адымдайды, оның оң табаны алға қарай келесі қадамды жасау үшін көтерілген, алайда, бұл жағдайда барыстың басы артқа бұрылған. Бұл қаланың ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі даму сабақтастығын көрсетеді. Артқы қатарда құдыретті Алатаудың қарлы шыңдары бейнеленген. Осы құтты жерде Алматы қаласы орналасқан. Бүкіл елтаңбаның діңгегі көгілдір түс – Қазақстан Республикасы туының түсі болып табылады. Шеңбер әшекейлі жолақ ленталар­мен және шаңырақтың элементтері уықтың ұясымен кескінделген. Алтын түс аясында сақина бойынша қызыл түспен қазақтың ұлттық өрнегі бейнеленген. Өрнек "Алматы" сөзіндегі қаріптермен қабысады.

Қаланың елтаңбасы алтын, қызыл, көк, ақ, қызғылт және күміс түстермен нақышталған.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Места и афиша Алматы (@mesto_almaty)

2010 жылы 22 қаңтарда Алматы қаласы мәслихаты XXV сессиясының "Ал­маты қаласының елтаңбасы туралы" шеші­мімен Алматы қаласы елтаңбасын қолдану ережелері бекітілген.

Тыныс-тіршілігі

Мың бояулы қаланы "Оңтүстік астана" деп те атайды, арасында жастардың қаласы деп жатады. Себебі жыл сайын республиканың барлық өңірінен мыңдаған талапкер білім алу үшін алып шаһарға келеді.

Ал қаладағы ең алғашқы жоғары оқу орны Қазақ мемлекеттік педагогикалық институты 1928 жылы ашылды.

Сонымен қатар қалада республикадағы ең ірі театрлар орналасқан. Олар. Абай атынағы опера және балет театры, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов мемлекеттік театры.

Ал қала метросының құрылысы 1988 жылы басталған болатын. Алайда Кеңес одағының ыдырауынан метро құрылысы тоқтап қалды. Құрылыс жұмыстары тәуелсіздік алғаннан кейін 2003 жылы қайта жандана бастады. 2011 жылы Алматы метросы салтанатты түрде ашылды.

Метроның ашылуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Ол Алматы метрополитенінің пайда болуы автобус маршруттарының қысқаруы ғана емес, бұл көліктің жаңа мәдениетін игеру екенін атап өтті.

Сол күні Елбасы метро вагонымен Райымбек батыр станциясынан Алатау станциясына дейін метро түннелі арқылы барлық станцияларды қарап шықты.

Тағы бір тарихи оқиғалардың бірі – 2011 жылы VII қысқы Азия ойындары. Спорт ойындары қаланың орталығында орналасқан Балуан Шолақ атындағы спорт және мәдениет сарайында, "Медеу" кешенінде, "Шымбұлақ" тау базасында өтті. Сол жылдары қалаға алпыс мыңнан астам турист келді.

2017 жылы Алматыда 28-ші қысқы универсиадаға 57 елден келген екі мыңға жуық спортшы қатысты.

Мың бояулы қала

2020 жылдың басындағы дерек бойынша қалада 1 916 822 адам тұрады. Жыл сайын тұрғындар мен қала қонақтары қала күнін салтанатты түрде атап өтеді. Алайда биыл қала күніне орай іс-шараның барлығы онлайн түрде өтеді.

"Құрметті алматылықтар! Пандемия бізге сақ болуды, санитарлық қауіпсіздік шараларын сақтап, жаңа толқынға дайын болуды үйретті. Қазіргі қалыптасқан жағдайда адамдар дәрігер мен ұстаздың, полиция мен әскери қызметкердің еңбегін бағалай бастады. Олардың алдында бас иеміз. Алматылықтар, әдеттегідей, өздерінің ең жақсы қасиеттерін паш етіп, ерік-жігері мен төзімділігін, бірлігін көрсете білді. Туған күніңмен, сүйікті қалам!", - деп жазды қала әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Бакытжан Сагинтаев (@sagintayev.b)

Алматының жер аумағы – 682 мың шаршы метр. Қалада қазақ, орыс, ұйғыр, корей, татар секілді көптеген ұлт өкілдері тұрады. Қала коды +7 7272; Пошта индекстері: 050000–050063, автокөлік коды – 02.

319
Кілт сөздер:
қала күні, Алматы
Ермағанбет Бөлекбаев

Қарағанды қаласына жаңа әкім тағайындалды

0
(Жаңартылды 13:58 23.09.2020)
Қарағанды қаласын алты жыл басқарған Нұрлан Әубәкіров басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылды

АЛМАТЫ, 23 қыркүйек – Sputnik. Қарағанды облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Ермағанбет Бөлекпаев Қарағанды қаласының әкімі қызметіне тағайындалды, деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Жаңа лауазым иесінің кандидатурасы қалалық мәслихат депутаттарымен келісілгеннен кейін облыс әкімі Жеңіс Қасымбек әкімді таныстырды.

"Ермағанбет Қабдолұлының жұмыс тәжірибесі мол. Ол өз жобалары мен бастамаларын лайықты жалғастыратынына сенімдімін. Мен Нұрлан Ерікбайұлына атқарған үлкен жұмысы үшін алғысымды білдіремін. Оның қалада жұмыс істеген кезеңінде көптеген жүйелі мәселелер шешілді. Олардың көпшілігін ол өзі бастап, өзі шешті", – деді Жеңіс Қасымбек.

Қарағанды облысының әкімі жаңа қала басшысына коммуналдық және қоғамдық көлік мәселелерін шешуді тапсырды.

Ал бұған дейін Қарағанды қаласының әкімі болған Нұрлан Әубәкіров басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылды. Ол қаланы алты жыл басқарған.

Оқи отырыңыз: Шығыс Қазақстанда бұрынғы еден жуушы әкім болды

Айта кетейік, тамыздың басында Нұрлан Әубәкіровтің құны 5 мың доллар тұратын сағаты әлеуметтік желіде қызу талқыланған болатын. Ол бұл сағатты он жыл бұрын жақындары сыйлағанын айтты

Ермағанбет Бөлекпаевтың өмірбаяны

Ермағанбет Бөлекпаев 1975 жылы 2 қыркүйекте Қарағанды облысының Шет ауданындағы Өспен ауылында дүниеге келген.

1996 жылы Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің экономика факультетін бітірген.

Еңбек жолын 1996 жылы "Казкоммерцбанк" ААҚ Теміртау филиалында экономист қызметінен бастаған. 1997 жылдан 1998 жылға дейін Астанадағы "Бизнес-Информ" ИКО өкілдігінің директоры қызметін атқарды.

1998 жылдың қараша айында индустрия, энергетика және сауда министрлігінде экспорттық бақылау және лицензиялау департаментінің бас маманы лауазымында жұмыс істей бастады.

2002 жылы осы ведомство бастығының орынбасары болды.

2006 жылы Павлодар облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, 2006 жылдан 2008 жылға дейін облысқа қарасты Павлодар ауданының әкімі болды.

2008 жылдан 2009 жылға дейін Павлодар облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасын басқарды.

2013 жылдан 2018 жылға дейін Нұр-Сұлтандағы "Сарыарқа", "Алматы" және "Есіл" аудандарының әкімі болды.

2018 жылы Қазақстан Республикасы президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болып тағайындалды.

2018 жылғы қарашадан бастап қазірге дейін Қарағанды облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

0
Кілт сөздер:
экс-әкім, жаңа әкім, Қарағанды
Тақырып бойынша
Әкім қызметтен кететінін мәлімдеді – видео
Нұр-Сұлтанда үйге газ кіргізу бағасы қанша теңге болады – әкім жауабы
Қазақстанда бірнеше әкім отставкаға кетуге өтініш берді
Жезқазғанға жаңа әкім тағайындалды
Әрбір оқушыға – 40 мың теңге: әкім ақшаның неге қолға берілмейтінін түсіндірді