Қасым Қайсенов

Бүгін Қасым Қайсеновтің туған күні: қазақтың қас батыры туралы қызықты деректер

2044
(Жаңартылды 17:13 23.04.2020)
23 сәуір екінші дүниежүзілік соғыстың батыры, аты аңызға айналған партизан, көрнекті жазушы, қазақ әдебиетіндегі партизан тақырыбының негізін қалаушы Қасым Қайсеновтің туғанына 102 жыл толып отыр. Халық Қаһарманы туралы Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз

Қасым Қайсенов 1918 жылы Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы Асубұлақ ауылында дүниеге келген. Әкесі Қайса мен анасы Бижамал 13 баланы дүниеге әкеліп, оның сегізін аман-есен жеткізген қарапайым еңбек адамдары. Әкесі Қайса 102 жасында өмірден озған.

Қасым Қайсенов 1934 жылы туған ауылындағы орта мектепті бітірген соң он жеті жасында Өскемен қаласындағы саяси-ағарту техникумына оқуға түседі. Ол өзінің өмірлік жары Асыл Қабышқызымен 1937 жылы 19 жасында шаңырақ көтереді, ол кезде жары 17 жаста болған. Қасым мен Асыл Ләззат, Мұрат, Болат, Толқын атты екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді.

Асыл Қабышқызы Қайсеновтің қарындасымен бір мектепте оқыған. Екі жасты таныстырған да батырдың қарындасы.

"Сосын ол бірнеше рет біздің ауылға велосипедпен келіп жүрді. Әпкем әрдайым бұл жігіт кім деп сұрай беретін, сонда қалай екенін білмеймін, ол "батыр" деп айттым", - дейді Халық Қаһарманының жары.

Үлкен өмірге қадам басқан күн

Қасым Қайсенов 1938 жылы еңбек жолын Шығыс Қазақстан облыстық саяси-ағарту қызметкерлері курсының меңгерушісі болып бастайды. Бір жыл өткен соң Павлодар облыстық білім басқармасының саяси-ағарту жұмысы жөніндегі инспекторы болып тағайындалды.

"Туған күнің 23 сәуір деп жүр ғой жұрт. Ол туған күнім емес. Бұл – өз өмірімнің ең мықты, қиын-қыстау кезеңіне жол ашқан, ес біліп, есейген кезімде үлкен өмір жолына қадам басқан күнім. 1938 жылы 23 сәуірде апаң екеуіміз (жары Асыл Қабышқызы – Sputnik) Павлодар қаласына барып түстік. Өмірімнің жақсылығы да, болашаққа жол сілтеген сәтті күні де сол жерден басталды ғой деп ойлап жүрдім де, соғыстан оралған соң, жаңа паспорт алғанда туған күнім "23 сәуір" деп жаздырғанмын", - деді Қайсенов бір сұхбатында.

Сондай-ақ, туған күнін өзі де, әкесі де білмейтінін айтты.

"Әйтпесе, туған күнімді өзім қайдан білейін. Әкем де білмейді. Әкем арабша хат танитын әжептәуір сауатты адам болатын. Сөйте тұра, балаларының туған күндеріне мән бермеген", - деді ол.

Қасым Қайсенов 1940 жылы әскерге шақырылып, кейін Мәскеу маңындағы әскери барлаушы мектебіне жіберіледі. Мұнда барлаушыларды екі бағыт бойынша дайындаған: бір тобын Шығыс Түркістан өлкесін Совет құрамына қосуға және Қытай мен Жапонияға қарсы соғысқа жұмылдырмақ болса, екінші тобын батыстағы майдан үшін пайдаланбақ болды. Қасым Қайсеновтың тағдыры герман-совет соғысына байланысты өрбіді.

Партизандар қатарына қалай қосылды

Араға бір жыл салып, 1941 жылы  Киевте алғашқы ұрысқа қатысты. Әскери барлаушы мектебін аяқтағаннан кейін, оңтүстік-батыс майданының штабына жөнелтілді. Ол жерде арнайы тапсырма алып, басқыншылардың қолында қалған Украина аумағында партизандық қимылдарды ұйымдастыру үшін жаудың тылына жіберілді. Бір жылдың ішінде барлау ісінің қыр-сырын меңгерген сарбазды Украинаның Богуслав деген қаласының маңындағы орманға қарамағындағы он жауынгермен бірге парашютпен түсіреді.

Алайда қалың дұшпанның ортасында жанындағы серіктері қаза табады. Он шақты күн бойы орман ішінде аштықты көреді. Сол жерде жау тылында астыртын жұмыстар атқарып жүрген Иван Кузьмич Примакпен кездесіп, партизандық жолын жалғастырған.

"Мен соғыстың кезінде ажалдың алдына неше барып, неше қайтқан адаммын. Періштем қақты ма, әлде суішкілігім болды ма, соның бәрінде аман қалдым. Ал алғаш шабуылға шыққан күні-ақ бірінші оққа ұшқан бейшаралар аз ба?! Солардан менің қай жаным артық еді. Ендеше, мына көріп жүрген күндерімді "олжа" демей, не деймін", - дейді Қайсенов естелігінде.

1941-43 жылдары екі адамнан жеті мың адамға дейін жеткен ірі партизан құрамына еніп, №6 отрядтың командирі болады.

1943 жылдың 21-22 қыркүйегінде Қасым Қайсенов басқаруындағы 120 адамнан тұратын партизан отряды түнде тұтқиылдан ұрыс сала жүріп Григорьевка, Луковицы, Зарубинцы хуторларын басып алады. Сол жерде қоластындағы жүзге жуық сарбаз ерлік көрсетіп қаза табады.

1941-44 жылдары Қайсенов жау тылына төрт рет десантпен түсірілген. Әуелі 1941 жылы Украинаға, 1943 жылы Молдавия жеріне, 1944 жылдың басында Румынияға, соңғы рет 1944 жылы маусымда Карпат тауына парашютпен тасталған.

Карпат тауындағы ерлігі үшін Қасым Қайсенов төртінші Украин майданының партизан штабы тарапынан III дәрежелі "Богдан Хмельницкий" орденіне ұсынылды.

"Мен Украинада легендарный адаммын, онда мені тек "Вася" деп біледі. Украинада маған орнатылған ескерткіш бар. Карпат тауының ең ұшар басына, ең соңғы рет жау тылына барғанда алпыс адам ұшақтан түсіп, іріткі салған ғой. Ол тауға түскен алпыс адамның елу үші қаза тауып кетті, жетеуіміз тірі қалдық. Сол Карпатта ұрыс салған алпыс адамға арнап, таудың ең биігіне мрамордан ескерткіш орнатқан", – деп айтқан болатын Қайсенов.

Ал оның Вася атанып кетуіне соғыс кезінде жалған құжатпен әскер қатарына қосылуы себеп болған. Ол жерде батырдың есімі – Булатов Василий Михайлович деп жазылған.

"Біздің жақта бір село – қазақ, бір село – орыс. Орыс селосында әкемнің Василий деген досы бар еді. Ол кезде біз кіре тасимыз. Сол кіре тасып келе жатып орыс селосына соғамыз. Бізді Вася үйіне қондырып, күтеді. Сондай дәм-тұзымыз жарасқан жақсы адам еді. Ал жау тылына жіберерде біздің қолымызға жалған документ берген. Менің ол құжа­тымдағы аты-жөнім – Булатов Василий Михайлович. Жау тылында осы документпен жүрдім. Немістердің қолына түсіп қалған жағдайда сол құжатымды көрсе­темін. Содан "Вася" атанып кеттім", - деп еске алған еді Қайсенов.

Қайсенов Украинадан қалай қайтты

1945 жылы өздері Вася атап кеткен Қасым Қайсеновті Украина билігіндегілер соғыс даласына жібермесе де, еліне жіберуге құлықсыз болады. Сөйтіп оған кеңшардағы бір ет комбинатына директор болуды ұсынады. Сол кезде қазақтың ақын ұлы Жұмағали Саин Украинада жүрген Қасымды кездейсоқ кездестіріп қалып, оны Алматыға ертіп әкеледі.

Соғыс аяқталған соң Украинада қызметте қалмақшы екенін айтқанында Жұмағали Саин "Неге қаласың? Қолыңа қару алып, жау тылында жүрсең бірсәрі, ал енді, жай қызметке қалуыңның орны жоқ. Елің, жұртың, әке-шешең, сүйген жарың бар, елден де қызмет табылады" деп, елге алып қайтқан.

Оқи отырыңыз: Даңқты батыр Бауыржан Момышұлы туралы қызықты деректер

Осы оқиға жайлы батыр естелігінде "Майдандастым, соғыстым, есейдім. Соғыс аяқта­лып, ешқайда бармайтыным белгілі болған кезде Украинада қалып қала жаздадым. Украинадағы Ковпак бастаған үлкендер мені аяды, қимады. Еліме барған соң содыр­лық жасап, пәлеге ұшырайды деп ойлады. Украинада Ровно қаласы бар. Мені сол қаладағы ет комбинатының директорлығына тағайындап қойған еді. Егер де партизандар штабынан документтерін алуға келіп, мен туралы естіп жолыққан Жұмағали Саин болмағанда, тағдырым қалай болары белгісіз еді" деп жазды.

"Ровно қаласы батыс Украинада, ол жерде жергілікті ұлтшылдар көп. Бандеровшылардың қалдығы ел арасында, орман ішінде әлі де бар болатын. Олар кезінде неміс басқыншыларына қосылып, Совет өкіметіне қарсы соғысқан. Көбінің көзін біз де құртқанбыз. Соғыс толық аяқталмай, олардың сарқыншақтары әлі де жаулығын жасап, біз сияқты партизан командирлерін өлтіріп кетіп жатқан кез. Көп адамдар өліп кетті. Ровнода қызметке қалсам, бәлкім, мен де солардың бірі болар едім", - деді Қайсенов.

Шығармашылық жолы

Елге келге соң Жұмағали Саин ағалық қамқорлығын көрсетіп, шығармашылық жолында ақылшы, қатал сыншы да бола білген. Өзінің әдебиетке атсалысып, қолына қалам ұстауы да аға буынның арқасында дейді ол.

"Жұмекеңдей ақын алып келген­нен кейін Алматымен таныс­тығым ақын-жазушылардан басталды. Алғаш таныстырған адамы – Сәбит Мұқанов. Одан кейін Тайыр Жароков, Қасым Аманжолов, Мұқан Иман­жанов, Мұзафар Әлімбаев, Сәуірбек Бақбергенов, Хамит Ерға­лиев, Шахмет Құсайынов секіл­ді әдебиеттің аса дарынды өкілдерімен қауышуыма мүмкіндік туды. Бұл да тағдырымның сыйы, Құдайдың бір қолдағаны шығар деп ойлаймын. Мен оларға бауыр басып кеттім. Олар мені ертіп жүреді. Кейде өздері іздеп тауып алады. Әңгіме айтуымды сұрайды", - деді батыр.

Алғашқылардың бірі болып Сейітжан Омаров, Ғабдол Сланов батырдың әңгімесін қағазға түсіре бастаған. Ғабдол Сланов "Алтай баласы" деген повесть жазып шығарды.

Оқи отырыңыз: 17 жасында майданға аттанған Әлия Молдағұлова туралы не білеміз?

"Сейітжан Омаров жазып-жазып, бір күні "Қасым, міне, көрдің ғой қаншама қолжазбамды. Мен жаза алатын емеспін. Адам өзі қатысып, басынан кешірмегеннен кейін жазу қиын екен. Мына қолжазбаларым саған ескерткіш болсын"  деп көп жазбаларын әкеліп берді", - дейді Қайсенов.

Жанында жүрген жанашыр достары "Өз естеліктеріңді өзің жаз, біз саған үстінен түзеп, көмектесеміз" деген. Батырдың қазақ әдебиетіне келуі осылай басталса керек.

"Достарымның біразы жазбақшы болды. Мұқан Иманжанов та мен туралы жазғысы келді. Мұзафардан басқасының жасы менен үлкен еді. Бір күні бас қосып отырғанда маған "Қасым, сен әңгімені жақсы айтасың. Оны біз жазғанмен, дәл шындықты жеткізу қиын. Сен өзің осылай қалай әңгімелесең, солай жазшы. Біз соны үстінен қарап берейік" деді. Сөйтіп, мен жаза бастадым", - дейді халық қаһарманы.

"Адам өлтірудің 100 түрлі әдісі болады..."

"Мені біреулер роман, повесть жазды деп жүр. Оның бәрі – өтірік сөз. Мен роман да, повесть те, көркем әңгіме де жазған адам емеспін. Мен басымнан не кештім, өз қолыммен не істедім, өз ойымнан не өткіздім – соның бәрін фотоға түсіргендей еске түскендерін жазып жүрген адаммын. Сондықтан менің жазғандарымның бәрін бұрынғы партизан отряды командирінің басынан кешкендері деп түсіну керек. Ұлы Отан соғысы кезінде партизандардың фашистерге қарсы қолданған әдіс-айласы деп ұғыну керек", - деді батыр.

Алайда басынан кешкен оқиғаның 70-80 проценті жазылмайтынын, о дүниеге өзімен бірге кететінін де айтқан екен.

"Басымнан кешкен оқиғаларымның 70-80 пайызы енді жазылмайды, менімен бірге о дүниеге кетеді. Оны жазбады деп оқырман қауым маған өкпелей қоймас. Фашисі бар, Отанына опасыздық жасаған сатқыны бар, полицайлары бар, өз қолыммен қаншама адам өлтірдім. Демек, мен – қолы қанға боялған адаммын... Адамды өлтірудің 100 түрлі әдісі болады.

Адам – табиғатынан жауыз. Оның үстіне небір жағдайларды көрген соң, амалсыздан өзің де жауыздыққа барасың. Сондықтан 1943 жылдың басына дейін бастан кешкен оқиғалар жазылмай қалды. Менің жазғандарым 1943 жылдың ортасынан 1944 жылдың аяғына дейінгі оқиғалар ғана", - деді Қайсенов қаламынан туған шығармалары жайлы.

Соғыстан кейінгі жылдар

Сұрапыл соғыстан кейін офицер Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің президиум аппаратында, "Жазушы" және "Қайнар" баспаларында қызмет етті. Соғыстан кейінгі ауыл шаруашылығын қалпына келтіру жұмыстарына қатысты.

Қасым Қайсенов – Ұлы Отан соғысындағы қиын-қыстау кезеңдер мен қарапайым жауынгерлердің ерлігін шынайы баяндайтын көптеген шығарманың авторы. 1955 жылы Екінші дүниежүзілік соғыстың қиын-қыстау кезеңін, жауынгерлердің жанқярлық ерлігін шынайы суреттеген "Илько Витряк" кітабы жарық көрді. 1959 жылы "Ажал аузынан", 1960 жылы "Жау тылындағы бала" атты партизан жазбалары шықты. Жетпісінші жылдары "Днепрде", "Жау тылында" мол тиражбен екі рет басылып шықты.

1964 жылы Тарас Шевченконың 150 жылдық тойына қатысу үшін Украинаға барды. Осы сапарынан соң "Партизан соқпақтары" кітабы жарық көрді.

1978 жылы 60 жасқа толған мерейтойына орай "Народные мстители" повестер мен әңгімелер жинағы жарыққа шықты.

Оқи отырыңыз: "Түнгі мыстан" атанған Хиуаз Доспанованың өмірбаяны

Батырдың құрметіне Өскемен қаласында ескерткіш орнатылып, көшеге есімі берілді, Ұлан ауданының әкімшілік орталығы Қасым Қайсенов кенті деп өзгертілді.

"Ағамыздың бөлмесінде екі адамның суреті ілулі тұратын. Бірі қазақтың Абылай ханының суреті, екіншісі 1941-45 жылдардағы жоғары әскери қолбасшы, Совет одағын басқарған Иосиф Сталиннің суреті... Оң жағына қарай жатып, осы екі суретке қарап жатыр екен. Құлағы естіңкіремей қалыпты. Жеңгеміз жақындап, інің келіп тұр деп айтты. Сол уақытта бізге бұрылып, дидарласып, ризашылығын білдірді. Бұл біздің соңғы көргеніміз", - деді Ким Серікбаев Қайсенов жайлы естелігінде.

Қасым Қайсенов өр Алтайдың Асубұлақ ауылынан түлесе де, саналы ғұмырын Алматыда өткізді. Ол Абай мен Фурманов көшесінің қиылысында тұрған. Қазір батыр тұрған үйдің іргесіне құрмет тақтасы орнатылды.

Назарбаев атақ берді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев батырды ерекше құрметтеп, өзінің 1995 жылдың 9 мамырдағы арнайы жарлығымен Қасым Қайсеновке азат Қазақстанның ең жоғарғы наградасы "Халық қаһарманы" атағын беріп, оның бар қазақты сыйдырған кең кеудесіне өз қолымен "Алтын жұлдызды" қадады.

Көзінің тірісінде аңызға айналған батыр, партизан, жазушы, "Халық қаһарманы", "Отан" орденінің және А. Фадеев атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері Қасым Қайсенов 2006 жылы 30 желтоқсанда 89 жасқа қараған шағында ұзаққа созылған ауыр дерттен Алматыдағы өз үйінде қайтыс болды.

Ол тек жауынгер ғана емес, көрнекті қаламгер ретінде елдің есінде қалды.

Батырдың жары Асыл Қабышқызы 2020 жылдың 25 қаңтарында 99 жасында өмірден озды.

2044
Кілт сөздер:
Қасым Қайсенов, қызықты деректер, өмірбаян
Тақырып:
Өмірбаяндар (109)
Тақырып бойынша
Әкесін құтқару үшін майданға аттанды: Мәншүк Мәметова туралы не білеміз?
"Мәлік атым құрысын": Кеңес одағының батыры Мәлік Ғабдуллин туралы не білеміз?
КСРО мемлекеттік сыйлығын алған үш қазақтың бірі Әбдіжәміл Нұрпейісов туралы деректер
Мүсіреповпен құда болған: әйгілі жазушы Сәбит Мұқанов туралы қызықты деректер
Хасанғалиевтің әніне неге тыйым салынды – сексенге толған әнші жайлы қызық деректер
Олжас Сүлейменов

Саяси қайраткер және халық жазушысы Олжас Сүлейменов жайлы не білеміз

1693
Қазақстанның халық жазушысы, ақын, әдебиеттанушы, лингвист-зерттеуші, түрколог, мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат Олжас Сүлейменовтің өмірбаянын Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

Бір жасында әкесі атылды

Олжас Сүлейменов 1936 жылы 18 мамырда Алматы қаласында Олжабай батырдың тікелей ұрпағы Омархан Сүлейменұлы мен Фатима Бәделбаеваның отбасында дүниеге келді. Орта жүздің Арғын тайпасы Сүйіндік руының Айдабол тармағынан шыққан. Әкесі Бірінші қазақ кавалериялық полкінің офицері болған, ол Олжас бір жасқа толғанда атылды. Олжастың атын Абылай ханның атты әскерінің оң қанатын басқарған жетінші атасы Олжабай батырдың құрметіне қойған.

"Велосипедтен құлағаным есімде. Өмірінде бірінші рет бұл балаға біреу велосипед тебуге берген, содан мен құладым. Бұл менің өмірімдегі ең жарқын естелік. Себебі мен өзімнің алты жасымнан бастап не істегенімді білемін. Мені қызылша тиелген жүк көлігіне лақтыратын. Алты жастағы бала жолға қызылша түсіретін. Біраз уақыт өткен соң көлік жылдамдықты азайтқан кезде, қызылша да таусылған уақытта мен де соңғы қызылшамен бірге жолға түсетінмін", – деп еске алды Сүлейменов балалық шағын.

Олжас 1954 жылы Мәншүк Мәметова атындағы № 28 орта мектепті аяқтаған соң, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің геологиялық барлау факультетіне оқуға түседі. Әдебиетке 1955 жылы араласа бастайды, 1959 жылы Мәскеудегі Максим Горький атындағы әдебиет институтына оқуға түседі.

Олжас Сүлейменовтің еңбек жолы

Оқуды аяқтаған соң "Простор" журналының поэзия бөлімінің меңгерушісі, "Қазақфильм" киностудиясының редакция алқасының бас редакторы, 1971-81 жылдары Қазақстан жазушылар одағының бірінші хатшысы қызметін атқарды.

1972 жылы Азия-Африка елдері жазушыларымен байланыс жөніндегі қазақстандық комитеттің төрағасы болды. Қазақ КСР кинематография жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы қызметін атқарды.

1975 жылы Олжас Сүлейменов "АЗ и Я" еңбегінде "Игорь жасағы туралы жырды" зерттей келе, өзіндік ғылыми тұжырым жасады. Бұл еңбек Мәскеуде резонанс тудырып, кітапқа тыйым салынды. Кейінгі жылдары ақын саясатқа бет бұрды.

1990 жылы ядролық апатқа қарсы "Невада-Семей" қозғалысын құрып, Семей полигонының жабылуына зор үлес қосты. 1991 жылы Қазақстан халық конгресі партиясының төрағасы болды.

1995 жылдың тамызынан бастап Қазақстанның Италиядағы, 1996 жылы сәуірінен Грекиядағы, сондай-ақ Мальта республикасындағы төтенше және өкілетті елші міндетін атқарды. 2001 жылы Қазақстан республикасының ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі болды.

2018 жылы Олжас Сүлейменов Алматыдағы мәдениеттерді жақындастыру орталығын басқарды.

Шығармашылығы

Олжас Сүлейменов туындыларын орыс тілінде жазады. "Арғымақтар" деп аталатын тұңғыш өлеңдер жинағы 1961 жылы жарық көреді. Осы жылы шыққан "Адамға табын, жер, енді" поэмасы Сүлейменов есімін әлемге танытты.

"Адамға табын, жер, енді" поэмасының қалай жазылғаны жайлы ақын бір сұхбатында баяндады. Айтуынша, "Казахстанская правда" газетінің редакторына Кеңес адамының алғаш рет ғарышқа ұшатыны бір күн бұрын белгілі болған. Ол жас ақынға келіп өлең жазуын сұрайды.

"Ол менің өлең жазатынымды білетін. Не дегенмен сен инженерсің ғой және адамның ғарышқа ұшуы не екенін елестете аласың деді. Мен 1961 жылдың 11 сәуірінде кешке оның үстелінде өлең жазылған парақты қалдырдым. Ертесі таңертең мені әпкелерім оятты, қолдарында түрлі-түсті парақ бар. Ал көшеде көпшілік серуендеп, Алматыда шу болып жатты. Параққа қарасам, мен кеше редакторға қалдырып кеткен өлең. Осылай мен бірінші ғарышкер жайлы білдім. Таңертең Алма-Ата үстінен ұшақ ұшып, осы парақтарды шашқан екен", –  деп еске алады Сүлейменов.

Ал поэманың өзі бір аптадан кейін дүниеге келді. Газет редакторы Олжасты басқа барлық тапсырмадан босатып, ақын поэманы жазуға кіріскен.

Сондай-ақ, 1962 жылы "Нұрлы түндер", 1964 жылы "Шапағатты шақ", 1967 жылы "Мешін жылы", 1969 жылы "Қыш кітап" өлеңдер жинағы жарық көрді. Одан бөлек "Түн – Париждің қызындай", "Доброе время восхода", "Таңдамалы лирика", "Повторяя в полдень", "Әр күнің сенің – таң", "Жұмыр жұлдыз", "От өрімдер", "Айқын жағалау", "Аз и Я", "Жазу тілі" кітаптары басылып шықты.

Таңдамалы шығармалары қазақ тіліне аударылып, 1986 жылы "Атамекен" деген атпен басылып шықты.

Сүлейменовтің айтуынша, кейінгі жылдары жазылған "Мың бір сөз" этимологиялық сөздігінде мың жыл бұрын пайда болған сөздердің пайда болу сызбалары зерттеледі және ол кітап көпшілікке қолжетімді болады.

"1001 сөзде" homo sapiens түрі экваторлық Африкада пайда болған кезде ондаған мың жыл бұрын жасалған сөздердің пайда болу сызбалары зерттелуі тиіс. Менің жарты ғасыр бойы сөздердің шығу құпиялары жайлы ойларым бірқатар жинақтауды талап етеді. Олар жайлы сөздікке кіріспе ретінде "Сөз коды" ("Код слова") еңбегімде айтылды, ол жерде сөз бен тіл пайда болған бірнеше сөз ережесін тұжырымдауға тырысамын, – дейді Сүлейменов.

Ал 2018 жылы берген сұхбатында поэма, роман жазбайтынын, сөз бен тарихты зерттеп жүргенін айтқан.

"Мен поэма жазбаймын, роман жазбаймын. Сөз бен тарих тақырыбына тереңдеп кеттім. Жақын арада "Мың бір сөз" этимологиялық сөздігімнің бірінші тарауымен таныстырғым келеді. Ол біздің кім екенімізді, қайдан екенімізді көрсетіп, көзімізді ашады", – деді ол.

"Аз и Я" кітабы

1975 жылы Олжас Сүлейменов "АЗ и Я" еңбегінде "Игорь жасағы туралы жыр" жайлы ғылыми тұжырым жасады. Бұл жырдың түркі және славян мәдениеттерінің өзара ықпалы нәтижесінде туған шығарма екенін дәлелдеді.

Кеңес идеологтары Олжас Сүлейменовтің тұжырымдарын орыс мәдениетіне қарсы жазылған ұлтшылдықтың көрінісі деп айыптады.

"Кітап 1975 жылы шілдеде шықты. Содан кейін Константин Симоновтан пікір алдым, Литва ақыны Эдуард Межелайтистен де хат келді. Брежнев те кітап туралы айтты, кейінірек Димаш Ахметұлы Қонаев та кітапта ешқандай ұлтшылдық жоқ екенін жазған. Бұл менің кітабыма айтылған ең жақсы пікір болды.

1976 жылдың қаңтарында съезге дайындық жүріп жатты. Қонаев қоңырау шалып, Суслов кітапқа шүйлігіп, ұлтшыл, антисовет деп айтқанын хабарлады. Алайда маған Суслов кітапты сызып тұрып екі рет оқығанын, алайда ештеңе түсінбегенін айтқан болатын", – деді Сүлейменов.

Ал 2006 жылы "Егемен Қазақстан" газетінде Нұрсұлтан Назарбаев "Слово о моем друге Олжасе" деген мақаласында "Аз и Я" кітабының сатылымнан алынып тасталғаны туралы жазды.

"1976 жылдың маусымында өзінің қырық жылдығынан кейін ақын Қазақстан компартиясының орталық комитетінен қорлайтын хат алды. Ал кітап цензуралық ведомствоның нұсқауы бойынша кітапханалардан алынып, оны тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл одақта сатуға тыйым салынды. Қазіргі заман терминологиясын қолдансақ, бұл ең күшті PR-акция болды, кітап бестселлер болып, Мәскеудің өзінде қымбат бағаға сатылды", – деп жазды Назарбаев.

"Невада-Семей" қозғалысы

Ядролық сынаққа қарсы "Невада-Семей" қозғалысы құру туралы үндеуді 1989 жылы 28 ақпанда КСРО депутаттарының I съезіне қатысқалы отырған Олжас Сүлейменов тастады. Осыдан кейін Семейде "Невада-Семей" антиядролық қозғалысының облыстық бөлімшесі құрылып, Марат Оразалин төрағасы болып сайланды. Ол қозғалысты құруда үш мақсат болғанын айтады. Біріншісі — халықты бұл жағдайға бей-жай қарамауға шақыру, екіншісі — полигонды жабу үшін күрес жүргізу және зардап шеккен халыққа көмек көрсету туралы заң қабылдау. 

1991 жылы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қаулысымен полигон жабылып, қозғалыстың алға қойған бар мақсаты орындалды. Сондай-ақ, 29 тамыз халықаралық ядролық қаруға қарсы күрес күні болып бекітіліп, Қазақстан толықтай ядролық қарудан бас тартты.

Марапаттары

Саяси қайраткер ретінде Олжас Сүлейменов бірқатар қызмет атқарды. Соған сәйкес, қазақстандық және шетелдік марапаттар алды.

1964 жылы Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы; 1967 жылы Бүкілодақтық Ленин комсомолы сыйлығы; 1972 жылы Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығы берілді.

1992 жылы Қазақстанның Халық жазушысы атағын алды, 2000 жылы Тәуелсіз "Тарлан" сыйлығымен марапатталды.

Олжас Сүлейменов 2001 жылы І дәрежелі "Барыс" орденімен марапатталды, одан бөлек Октябрь Революциясы, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, "Даңқ белгісі", "Отан" медальдарымен марапатталған.

Әзірбайжан республикасының "Шухрат" орденімен, Украинаның "Ярослав Мудрый", Шешен республикасының, Франция және Ресейдің "Достық" орденімен марапатталған.

2013 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президентінің Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығын иеленді.

2018 жылы Шыңғыс Айтматов атындағы сыйлықтың лауреаты болды.

Олжас Сүлейменовтің отбасы

Олжас Сүлейменовтің әйелінің аты-жөні – Маргарита Владимировна. Динара, Мәдина, Ләйлә есімді үш қызы бар.

2018 жылы 22 маусымда жалғыз жиені Ескендір Сүлейменов астанада көлік апатынан қайтыс болды.

Ескендірдің қазасынан кейін Олжас Сүлейменов ауруханаға түсіп қалды.

"Мен әлі күнге дейін әлеуметтік желілерге кірген жоқпын. Желіде таралған сұмдық кадрларды ешқашан көргім келмейді. Оның үстіне менің сотқа қатысуым істің ақиқатын анықтауға ешқандай да көмектеспейді. Адам өлімімен аяқталған жол апаты бұл әрқашан да кісі өлтіру екені практикадан белгілі. Тіпті, әдейі болмаса да, мұндай жағдайда жол ережесін бұзу қылмыс. Оқиғаның мән-жайын анықтау - тергеу мен соттың ісі. Ескендір енді қайтып келмейді, иманды болсын. Жалғыз немерем", – деп сот отырысына байланысты хат жазды Сүлейменов.

1693
Кілт сөздер:
өмірбаян, Олжас Сүлейменов
Тақырып:
Өмірбаяндар (109)
Тақырып бойынша
Олжас Сүлейменов қазақ халқының алдында тұрған басты сын-қатерді атады
"Діннен жұбаныш табады" Олжас Сүлейменов сотқа тағы бір хат жолдады
Олжас Сүлейменов әліпбиді латынға көшіруде асықпаған жөн деп санайды
"Бұл менің қателігім". Олжас Сүлейменов сотқа тағы бір хат жолдады
Федор Озмитель жерленген жер

Озмительдің ерлігі - қарапайым мұғалім Кеңес Одағының Батыры атағын қалай алды?

297
Қазақстанда Кеңес Одағының Батыры Федор Озмительдің ерлігі туралы бірі білсе, енді бірі біле бермейді. Ақтөбе облысының тумасы Ұлы Отан соғысында "Гром" атты арнайы мақсаттағы жасақтың командирі болған

1944 жылы Минск облысында небәрі 25 жасында ерлікпен қаза тапты. Оның өмірі мен майдандағы жетістіктері туралы Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.

Жас ұстаз бірден көзге түсті 

Федор Озмитель 1918 жылы Ақтөбе облысының Мәртөк ауданына қарасты Линовицкое ауылында дүниеге келген. Сегізінші сыныптан кейін Орынбордағы педагогикалық училищеге түсті. Оны тәмамдап, бірден ұстаздық жұмысына кіріскен. 

Озмитель туған ауылында сабақ берді. Сол жерде жан жары – Александраны да кездестірді. Ал 1939 жылы Нина есімді қызы дүниеге келді.

Герой Советского Союза Федор Озмитель
© Photo : Белорусский госмузей истории Великой Отечественной войны
Кеңес Одағының Батыры Федор Озмитель

Бір жылдан кейін 22 жастағы Федор армия қатарына шақырылды. Оны шекара қызметіне жіберді. Мерзімді әскери қызметте Озмитель бірден көзге түсті, бәрін тез ұғатын. Содан Қазақ шекара округының басшылығы оны Ленинград қаласындағы Ішкі істер халықтық комиссариатының әскери училищесіне жіберу туралы шешім қабылдайды. Бірақ, көп ұзамай, Ұлы Отан соғысы басталып кетті.

Фашистің тылына аттанды 

Соғыс кезінде Федор Озмитель алдымен халық жасағының екінші дивизиясымен бірге Ленинградтың солтүстік жағында болды. Одан кейін оны Мәскеуді қорғауға жіберді. Алайда бірнеше айдың ішінде кері қайтарды. Озмитель Ішкі істер халықтық комиссариаттың арнайы мақсаттағы мотоатқыштар бригадасына ауыстырылды. 

1941 жылы 7 қарашада осы жасақтың сарбаздары Қызыл алаңда өткен әскери парадқа қатысты. Сол кезде Озмитель арнайы мақсаттағы мотоатқыштар бригадасының 5-ші ротасын бастап шыққан. 

КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің орталық мұрағатында сақталған анықтамаға сәйкес, 1942 жылы ақпан айында Озмитель өз еркімен неміс-фашист әскерінің тыл жағына аттанды. Сол жерде қыркүйек айына дейін жауынгерлік топтың командирі ретінде арнайы тапсырмаларды орындап жүрді. Ал 1943 жылы "Грозный" атты партизандар жасағының командирі болып, жаудың тылына екінші рет жіберілді.

2 мың фашистің көзін жойды 

Озмитель жаудың тылында партизандық қозғалысты ұйымдастырды, фашистерге күтпеген жерден шабуылдар жасады. Сондай-ақ, Жоғағы бас қолбасшысының жеке тапсырмаларын орындады.

Братская могила в деревне Маковье Борисовского района Минской области, где похоронен Федор Озмитель
© Photo : предоставлено Федором Смольяниновым
Федор Озмитель жерленген бауырластар зираты, Минск облысы, Борисов ауданы, Маковье ауылы

Бір ретте лейтенант Озмитель шаңғымен 40 шақырым  жүріп, партизандармен бірге "Витебск – Орша - Смоленск" теміржол торабында орнығып алады. Оның жасағы жауды торуылдап жүріп, он екі айдың ішінде 20-дан астам қойманы және 45 көлікті жарып жіберді. 2 мыңнан астам фашистің көзін жойды.

Маңызды тапсырма орындалды  

Майдандағы жетістіктері үшін Озмительге қысқа мерзімді демалыс берді. Ал қызметке қайта шыққаннан кейін "Гром" атты жаңа арнайы мақсаттағы партизандар жасағының басшылығына қойды. Сөйтіп, қайтадан жаудың тылына жіберді. Осы жолы Федордың жасағы Минск облысына аттанды.

Сарбаздар орналасатын жеріне ойдағыдай жеткеннен кейін жоғарыдан аса маңызды әрі ауыр тапсырма түсті. Партизандар тұтқынға түскен неміс офицері Курт Вайнерді алып келуі тиіс. Ол фашистердің Курск пен Орел қалаларына шабуыл жасайтыны жайында білген. Тұтқынды аман-есен жеткізу үшін майдан шебі арқылы өту керек. 

Озмитель осы тапсырманы да сәтті орындап, неміс офицерін Мәскеуге жеткізді.

Ерлікпен қаза болды 

1944 жылы Кеңес армиясы оккупацияға түскен Беларусьті азат етуге дайындалып жатқан. Дәл сол кезде партизандар Минск облысындағы Паблик көлінің жанында фашистердің қоршауына түсті. Бірақ олар жаудың шебін үш жерден бұзуға бел буды.

"Гром" жасағы негізгі соққыны өзіне алды. Сол кезде сарбаздардың біраз бөлігі қоршаудан шығып үлгерді. Алайда Озмитель қалды. Ол нағыз командир ретінде қоршаудан соңғы болып шығуға шешім қабылдады. Барлық партизанның аман-есен шыққанын қалады. Бірақ өзі жараланды. Пулеметтің оғы оның екі аяғына тиді. 

Сонда да Федор қайтқан жоқ. Жерде жатқан пулеметті алып, соңына дейін атысты. Ақырында оғы бітіп қалды. Ал қоршауға түскеннен кейін немістердің жақындағанын күтті. Жау жақындап қалғанда бірнеше гранатаны жарып жіберді. Сөйтіп, өзімен бірге бірнеше фашистті алып кетті.

Федор Озмительді Борисов ауданының Маковье ауылындағы бауырластар зиратында жерледі. 600 сарбаз жатқан жерде партизанның ескерткіші де бар. Ал тақтада барлық сарбаздардың аты-жөні қашалып жазылған. Монументте екі-ақ фотосурет бар. Біреуі – ерлікпен қаза тапқан Федор Озмительдің суреті.   

1944 жылы 5 қарашада КСРО Жоғарғы кеңесі президиумының қаулысына сәйкес, жаудың тылында неміс-фашист басқыншыларына қарсы күресте көрсеткен ерлігі үшін Федор Озмительге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Жеңіске жететінімізге сенімді болған 

Федор Озмительдің жалғыз қызы Нина әкесі қайтыс болғанда бес-ақ жаста болған. Ол барлық фотоальбом мен мұрағат құжатын сақтап жүр.

"Әкемнің жанұясы кедей болған. Отбасы мүшелері көп оқымаған. Бірақ менің әкем оқуға зейін қойды. Сегізінші сыныптан кейін оның сынып жетекшісі келіп, ата-анасынан баласын Орынбор педагогикалық училищесіне жіберуді жылап тұрып сұраған", - дейді Нина Федоровна. 

Федор Озмитель алғашқы әскери тапсырмасын сәтті орындағаннан кейін он күндік демалыс алған. Сол кезде әйелін алып, туған жеріне барды. Жерлестерімен кездесті. Қызыл армияның жеңіске жететінін айтқан. Ал ауылдан кетіп бара жатқанда балалар оның артынан қалмай, екі шақырым  жүгіріп, шығарып салған екен.

Федордың жұбайы – Александра Гавриловна күйеуі қайтыс болғаннан кейін ұзақ уақыт қайғырды, екінші рет тұрмысқа шықпады. Ал Нина Федоровна өмір бойы Қазақстанда тұрған. Антонина және Владимир деген екі баласы бар. Зейнеткерлікке дейін "Ақтөбехимпласт" зауытында жұмыс істеді.

Батырдың ұрпағы

Нина Федоровнаның төрт немересі және екі шөбересі бар. Шөбересінің тұңғышына қаһарман атасының есімін берген. Федор Смольянинов – Ресейде танымал театр және кино актер. Анасы екеуі Санкт-Петербург қаласында тұрады. 

Братская могила в деревне Маковье Борисовского района Минской области, где похоронен Федор Озмитель. На фото: правнук героя - Федор Смольянинов
© Photo : предоставлено Федором Смольяниновым
Федор Смольянинов – Ресейде танымал театр және кино актер

Федор бірден өнер жолына түспеген. Алдымен ұшқыштар мектебінде оқыды. Сосын әртістік өнерге қызығып, театрлық жоғары оқу орнына түсті. Бас кезінде атасы туралы деректі фильм түсіруді жоспарлаған. Бірақ артынан ол идеядан бас тартты. 

"Мен батыр атамның рөлін сомдауды ойладым. Сценарий жазу ойымда болды. Сосын сериал түсіруді де жоспарладым. Бірақ артынан ол идеядан бас тартуға шешім қабылдадым. Себебі бүгінде соғыс туралы өте көп фильм түсірілген. Соғыс – бұл жантүршігерлік нәрсе, оны халықтың есіне қайта-қайта еске салған қажет емес деп ойлаймын", - деді Смольянинов Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында. 

Батырдың есімі ұмытылған жоқ

Федор Озмитель Ленин орденімен және II дәрежелі Отан соғысы орденімен де марапатталған. Мәртөк ауданының Шевченко кеңшарында жұмыс істеген мектепке батырдың аты берілді. Мектептің алдына Федор Озмительдің бюстын орнатты.

Бұдан бөлек, Мәртөк кентінде орталық көшелердің біріне Федор Озмительдің аты берілді. 1998 жылы 13 тамызда Озмительдің туғанына 90 жыл толуына орай сол көшеде мемориалды татқа орнатылды.

297
Кілт сөздер:
Жеңіс күні, батыр, мұғалім, Ақтөбе облысы
Тақырып бойынша
"Қарағандыға хат жібер...": Кеңес Одағының батыры Нұркен Әбдіровтің көзсіз ерлігі
Тараздық ардагер соғыста өзі құтқарған баланы іздеп жүр
Ортақ Жеңіс: басқа елдер 9 мамырды қалай атап өтті
Мәңгілік алауға жібермеген: Алматы әкімдігі ардагерден кешірім сұрады
Майданда қаза тапқан капитан Игишевтің ерлігі мен махаббат оқиғасы
Арнайы жасақтағы қыздар

"Тревога" десе, үй киімімен барасың": арнайы жасақтағы қыздар ашық сұхбат берді

0
Взводтың құрылу мақсаты – халықаралық канондарға сай, әйел қылмыскерлерді ұстау. Қазір взвод құрамында 22-35 жас аралығындағы 23 қыз жұмыс істейді

АЛМАТЫ, 29 мамыр – Sputnik, Айгерім Таубай. Алматыдағы жылдам қимылдайтын арнайы жасақта әйелдер взводы 2019 жылдың маусымында құрылды. Құрамында 23 қыз жұмыс істейтін взвод қоғамдық тыныштықты сақтау үшін бел жазбай қызмет етіп жүр. Арасында тұрмыс құрғандар мен екі-үш баланың анасы да бар.

Жедел қимылдайтын арнайы жасақтың инспекторы Айкерім Нұрболаттың айтуынша, взвод жылына екі рет сынақтан өтеді. Сынақ барысында 100 метрге, 800 метрге жүгіру секілді физикалық дайындығы мен оқ ату шеберлігі тексеріледі. Тұрақты түрде психологпен сабақ өтіп тұрады.

Айкерім Нұрболат
© Sputnik / Тимур Батыршин Batyrshin Timur
Жедел қимылдайтын арнайы жасақтың инспекторы - Айкерім Нұрболат

Бұл взводтың құрылу мақсаты – халықаралық канондарға сай әйел қылмыскерлерді ұстау. Қылмыс жасаған әйел ұсталған жағдайда изоляторға жеткізуге де қыздар қатысады. Одан бөлек қыздар жасағы қазір блок бекетте қоғамдық тыныштықты сақтауға жұмылдырылған. Концерт, футбол ойындары секілді адам көп шоғырланған жерлерге бұйрықпен жіберіледі.

"Аптасына екі рет командирмен бірлесіп сабақ өтеміз, заңға өзгеріс енгізілсе, соны талқылаймыз. Апта сайын тауға шығамыз, тауға шыққан кезде қандай тәсілді қолдану керек екені айтылады. Карантин кезінде тауға шығып жүрген жоқпыз, ал оған дейін тоғайға барып жүгіреміз не болмаса тауға шығамыз", - дейді Айкерім Нұрболат.

Қыздардың қабілеті жедел жасақта қызмет етуге жеткілікті

Жасақ құрамына қабылдау үшін қыздардың бойы 170 см-ден жоғары болып, заң туралы білімі, спортта жеткен жетістіктері, спорт шеберіне үміткер болуы қажет. Осы талаптарға сай болғандардың бірі – жасақ құрамына бірінші болып қосылған Әсем Байболатова.

29 жастағы Әсем Жамбыл облысы Байзақ ауданында дүниеге келген. 2009 жылы Алматы қаласындағы ішкі істер министрлігінің академиясына оқуға түскен. Оқуды бітірген соң Бостандық ауданы ішкі істер бөлімшесіне тергеу қызметінде екі жарым жыл жұмыс істеген. 2019 жылдың маусымына дейін сол аудандағы әкімшілік практика қызметін атқарды.

"Жылдам қимылдайтын арнайы жасақта қыздар взводының ашылғанын естіп, құжат жинауға кірістім. Ең алдымен қызметкердің спортқа деген қызығушылығына баса назар аударады. 2008 жылы Қазақстан чемпионатында қол күресінен жеңімпаз болып, спорт шеберін орындадым. Қызметтің ашылғанын ести сала, осында келдім. Спорттағы жетістіктерімді көрсеттім. Сол арқылы қабылдап алды", - дейді Байболатова.

Әсем Байболатова
© Sputnik / Тимур Батыршин Batyrshin Timur
Әсем Байболатова ер адаммен салыстырғанда қыздар барлығына аса жауапкершілікпен, мұқият қарайтынын айтады

Бойжеткен осы қызметке келгеннен кейін практикалық атуды тереңірек меңгеріп, жарыстарда жүлде алып жүр. Бұған дейін де қарумен жұмыс істегенін айтқан Әсем арнайы жасақ құрамында өзінің тағы бір қырын аша түскен. 2019 жылы қазанда практикалық атудан Қазақстан чемпионатында жеңімпаз атанған.

"Осы қызметке қатты қызықтым. Арнайы күште жұмыс істейтін қыздарға қызыға қарайтынмын. Бізде осы взводтың ашылғанын кадр бөлімінен естіп, бірден келдім. Өзім қылмыскерлерді ұстау, қажет жерінде күш қолдану секілді қимылдарды көргім келді. Қыздардың қабілеті жедел жасақта қызмет етуге жеткілікті, тіпті ер адаммен салыстырғанда қыздар барлығына аса жауапкершілікпен, мұқият қарайды. Сонымен қатар қыздар шыдамдырақ келеді. Қыздардың бұл салада қызмет еткенінді тұрған ештеңе жоқ, істі тиянақты орындайды", - дейді ол.

Олимпиада ойындарынан жасақ жаттықтырушысына дейін

Қасенова Саида – бокстан Қазақстанның жеті дүркін чемпионы, Азия чемпионы, Азия ойындарының күміс және қола жүлдегері, әлем кубогінің қола жүлдегері, ең алғаш Олимпиада ойындарына лицензия алған қазақ қызы. 2012 жылы Олимпиада ойындарында 5-орын алған спортшы 2020 жылдан бастап жедел жасақ құрамында жаттықтырушы болып қызмет етеді. Бокстан кейін аралас жекпе-жектен Қазақстанның чемпионы атанған Саида қыздардың физикалық дайындығын жаттықтырады.

"Әр қыздың өз мінезі бар. Тіпті арнайы жасақта жұмысқа анау-мынау қыз келе бермейді. Алдына мақсат қойып соған жете алатын мінезді, сабырлы қыздар жұмыс істейді. Сондықтан әрқайсысымен жұмыс істеу арқасында кімнің қай спортқа деген қабілеті, құштарлығы бар екенін анықтап, жеке-жеке жұмыс істейміз. Бірі бокста мықты, бірінің жүгіру, күресуге икемі бар. Болашақта біраз жарыстан жылдам жасақ қыздарын көріп қаласыздар", - дейді Қасенова.

Саида Қасенова
© Sputnik / Тимур Батыршин Batyrshin Timur
Қасенова Саида – бокстан Қазақстанның жеті дүркін чемпионы, Азия чемпионы, Азия ойындарының күміс және қола жүлдегері, әлем кубогінің қола жүлдегері, ең алғаш Олимпиада ойындарына лицензия алған қазақ қызы.

Олимпиада ойындарынан кейін құрамада біраз уақыт болған Саида кейін Қазақстанның жасөспірім қыздар құрамасының бас жаттықтырушысының көмекшісі қызметін атқарған. Сол жақта бір жыл қызмет етіп жүріп, аралас жекпе-жектен жарысқа барған. Жарыста аяғынан жарақат алған спортшы біраз уақыт денсаулығына көңіл бөлген.

"Ота жасатқан соң, жеті айдан кейін жаттығу бастап, жарысқа шықтым. Аралас жекпе-жектен әлем біріншілігіне барып қайттым. Содан кейін осы бағытқа бет бұрдым. Қыздар құрамасы ашылған соң, 2020 жылдың басында жасаққа келдім. Үлкен спорт бар жерде оңай дүние жоқ, жарақат алмайтын спортшы жоқ. Карантин болған соң қазір жарыстар жоқ, алда жарыстарға дайындықты бастаймын", - дейді Қасенова.

Жаттықтырушы болғанымен адам жетпей жатқан кезде жасақ құрамында бірге шығатын Саида блок бекеттегі жұмысы жайлы айтты.

"Бір қарағанда адам өміріне қауіпті емес жұмыс секілді көрінуі мүмкін, алайда ол жерде де түрлі адам бар. Біз (арнайы жасақ - Sputnik) сол жердегі қызметкерлердің қауіпсіздігіне жауап береміз. Бекетте тұрып адамдарға түсіндіру жұмысын жүргізіп, халықпен етене жұмыс істеуге тура келді. Ішінде мас болып, қызметкерлерге күш қолданған адамдар да болады. Сондай сәтте жедел түрде араласамыз", - дейді Саида Қасенова.

Ол халықпен жақын жұмыс істеген соң қару ұстауға қажеттілік болмағанын айтты. 

"Жаңа жылдан бері қару алып, қауіпті операцияларға әлі барған жоқпын. Қыздардың қарусыз жұмыс істеуіне көмектесемін. Қыздардың ішінде біреу жүгіруден, бірі соққы беруден әлсіздеу болса, қазір барлығы кез келген жағдайға дайын", - дейді ол.

"Халқым үшін туған қызбын"

Алты жасынан бастап спорт пен өнерді бір арнаға тоғыстырып жүрген Қарашаш Есдәулетова Алматы облысы Ұзынағаш ауылында дүниеге келген. Әкесі мен анасы – самбошы, спорт шебері. Бала күнінен сұлулық байқауларында топ жарған Қарашаш, фотомодель болып, арасында киноэпизодтарға шақырту алған. Ал 2020 жылдың басынан бері жедел жасақ құрамына қабылданып, осы салада жұмыс істеп жүр.

Қарашаш Есдәулетова
© Sputnik / Тимур Батыршин Batyrshin Timur
Актерлік шеберлік мамандығын тәмамдаған бойжеткен ән салып, театрда да ойнаған

Есдәулетова Қарашаш – жүзуден, еркін күрестен спорт шеберіне кандидат, дзюдо мен самбодан спорт шебері, самбодан Алматы қаласының бірнеше дүркін чемпионы, жеті дүркін Қазақстан чемпионы, Азия чемпионы. 

"Ішкі істер органдарында оның ішінде жедел жасақта жұмыс істеуді бала күнімнен армандадым. Себебі менің ағаларым осы жерде жұмыс істеді. Америкалық фильмдерді көріп, бізде де осындай арнайы жасақ, әскери бөлім болғанын қаладым. Ашылғанын естіген кезде жүгіріп келдім, жер тістесем де осы жұмысқа орналасамын дедім. Мен үшін бұл жер лагерь секілді, жаным рахат табады", - деді Есдәулетова.

Актерлік шеберлік мамандығын тәмамдаған бойжеткен ән салып, театрда да ойнаған. Ал қазір қоғамдық тәртіпті бақылайтын жедел жасақтың бір мүшесі. Өзінің 13 жасынан бастап кәсіби спортпен айналысуына отбасы әсер еткенін айтты.

Әңгіме барысында бойжеткен арманын туралы сөз қозғады. Айтуынша, спорттың бірнеше түрінен дайындалып, спортта топ жаруды мақсат еткен.

"Шетелге барып, жарысқа қатысып, жылдам жасақ қыздарының шеберлігін көрсеткім келеді. "Қазақстанның жедел жасақ қыздары" деген атын шығарып, атақ алып келгім келеді", - дейді ол.

  • Арнайы жасақ қыздары
    © Sputnik / Тимур Батыршин Batyrshin Timur
  • Арнайы жасақтағы қыздар
    Арнайы жасақтағы қыздар
    © Sputnik / Тимур Батыршин Batyrshin Timur
  • Арнайы жасақ, жаттығу
    Арнайы жасақ, жаттығу
    © Sputnik / Тимур Батыршин Batyrshin Timur
1 / 3
© Sputnik / Тимур Батыршин Batyrshin Timur
Арнайы жасақ қыздары

Айтуынша, жұмыс кезінде көзге түсетін сырға тағып, тырнақты қанық түске бояуға болмайды. Соған қарамастан, форма мен әскери аяқкиімді де жақсы көремін, дейді ол.

"Барлық жағдай жасалған. Спортпен айналыс та, еліңді, жеріңді қорға, қызмет ет. Үнемі халқым үшін туған қызбын деп ойлайтынмын. Спортта да сондай қағиданы ұстандым. Блок бекетте болсын, ұстау секілді операцияларға барғанда да халқым үшін жасап жатырмын деген ойда боламын", - дейді Қарашаш.

Айтуынша, жұмысқа түнгі үште де, жұмыстан тыс мезгілде, кез келген уақытта шақыруы мүмкін.

"Кез келген уақытта шақыртып алады. Тіпті көшеде кетіп бара жатқанда, "тревога" десе, үй киіміңмен кетесің. Үйге барып шығайын деген әңгіме мүлдем айтылмайды. Бұл біздің екінші үйіміз. Біраз уақыт бұрын дүкенге бара жатқанымда, хабарласты. Содан бірден такси тоқтатып, базаға келдім. Отбасым бұған үйреніп кеткен", - дейді ол.

Арнайы жасақ, жаттығу
© Sputnik / Тимур Батыршин Batyrshin Timur
Жұмысқа түнгі үште де, жұмыстан тыс мезгілде, кез келген уақытта шақыруы мүмкін
0
Кілт сөздер:
спорт, қыздар
Тақырып бойынша
Халықаралық армия ойындары-2019: алғаш рет қыздар "Танк биатлонына" қатысты
"Тест нәтижесін көрсету керек": алматылық ерікті сұхбат берді
Әділбек Ниязымбетов қазір немен айналысып жүргенін айтты
Әлемдегі ең сұлу қыздар қай елде тұрады - фото
Қазақстандық спортшы мұрны сынса да, жекпе-жекті жеңіспен аяқтады – видео