Асанәлі Әшімов

"Қыз Жібекті" үш жыл түсірдік": актер әрі режиссер Асанәлі Әшімов жайлы не білеміз

2654
Көрнекті театр және кино актері, режиссер, өнер қайраткері, ұстаз, Қазақстан және КСРО Халық әртісі, "Отан", "Құрмет", "Қазақстанның Еңбек ері" орденінің иегері Асанәлі Әшімовтің өмірбаянын Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

Ел мен жердің киесі

Асанәлі Әшімов 1937 жылы 8 мамырда Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жайылма ауылында дүниеге келді. Асанәлінің балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді.

"Қырқыншы жылдары елдегі колхоздастыру, соғыстың зардабы бәрімізге тиді. Тапқан таянғанымыз соғысқа жіберілді. Әкеміз ол кезде соғыста еді. Барлығын сол кісілерге жіберіп жатырмыз деп түсіндік. Біз қара су, қара нанмен күн көрдік. Бала болсақ та, соған көндік. Бірінші сыныпқа 1944 жылы бардым, мектепте оқу құралы, қағаз, қалам жетіспейді. Соның бәрі көмектесті, жоқшылықтың не екенін, аштықтың не екенін білдік, сезім ерте оянды", - дейді әртіс балалық шағы жайлы.

Туған ауылы Жайылманы Лондон, Парижбен салыстыруға келмейтінін айтқан Әшімов ауылына барса, ауруынан айығатынын жиі айтады.

"Туған үй әр уақытта ыстық. Париж, Лондон туған жердей болмайды. Туған жердің топырағы әрқашан ыстық, ағза да соған үйренген. Жайылмаға барған сайын қан қысымы сияқты аурулардан құтыламын. Сол жерде туып-өскендіктен болар көңіл күйім де көтеріледі. Топырақ, елдің, жердің киесі бар, әруақты ұмытпай сәлем беріп тұру керек. Кем дегенде жылына бір рет барамын. Бүкіл ата-бабам сонда жатыр. Атам Ысқақ пірәдар сонда жатыр. Ысқақ пірәдарға басына шырақ жағып, сол жерге мешіт салдырдым. Бірге қайнап, бірге өскен достарымды ұмытпаймын, сағынамын", - дейді Әшімов туған жері жайлы.

Нурсултан Назарбаев и Асанали Ашимов
© Photo : официальный сайт президента РК
Нұрсұлтан Назарбаев пен Асанәлі Әшімов

"Дәрігерді көрмек түгіл, естіген емеспіз. Тұмау болсақ та, мектепке бара беретінбіз. Балалық шағымызда қыс деген қиын болатын. Сабақ біткен соң демалыста колхоздың жұмысы бар: бидай ору, масақ теру. Балаларды жұмысқа салады. Еңбекке, қиындыққа үйрендік", - дейді әртіс.

Әшімовтің әкесі дүниеден ерте өткен, ол кезде анасы небәрі 22 жаста болған. Анасы содан кейін тұрмыс құрмаған.

"Әртіс болуыма бәрі қарсы болды, тек "Халық әртісі" атағын алғанымда ғана мойындады. Тек анам ғана қолдады",- дейді Әшімов. 

Асанәлі Әшімовтің қызмет жолы

Асанәлі Әшімов 1956-61 жылдары Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік консерваториясының театр факультетінде актер мамандығы бойынша оқыды. Оқуды бітірген соң "Қазақфильм" киностудиясына актерлік штатқа қабылданды.

1964 жылы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрдың актерлік құрамына қосылды.

Театр сахнасында көпшілікке белгілі маңызды рөлдерді ойнады. Мұхтар Әуезовтің "Абай" қойылымында Керімді, "Еңлік-Кебек" қойылымында Кебекті, "Қара қыпшақ Қобыландыда" Айшуақты, "Таңғы жаңғырық" қойылымында Жарасбайды сомдады. Ғабит Мүсіреповтің "Қозы Көрпеш-Баян Сұлу" қойылымында Қодар бейнесі, Мұхамеджанов пен Айтматовтың "Көктөбедегі кездесуінде" Иосиф Татаевич, Шекспирдің "Юлий Цезарінде" Юлий Цезарь, Фриштің "Дон Жуанның думанында" Дон Жуан, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің "Қан мен терінде" Еламанды сомдады.

"Бәрі бірден сарт ете қалған жоқ. Өмірімде қиын-қыстау жолдар көп болды. Адамда бүкіл сезім оянуы керек. Жас кезіңде оның көбісі жоқ, ұрынып қаласың, қателікке ұшырайсың. Ол да керек. Жас кезінде қателеспейтін адам жоқ. Қазір (2017 жыл) бізге қателесу қиын. Оның бәрін өмір көрсетті. Өмірдің талқысы деген сол", - деді актер бір сұхбатында. 

Асанәлі Әшімов студент кезінен бастап фильмдерге түсе бастады. "Ән қанаты" фильмінде Қайменді, "Қыз Жібекте" Бекежанды сомдаса, "Атаманның ақырында" Қасымхан Шадияровды ойнады. "Жазушы" фильмінде Қаражал, "Нан дәмінде" директор болса, "Сіз кімсіз К мырза?" фильмінде басты рөлде ойнады. Қазақ киносында отызға тарта образды сомдаған.

"Қазақ өзі сыншыл ғой. Қазіргі жағдайда киноны түсіру бір жағынан қиын, екінші жағынан оңай болуы мүмкін. Бұрынғы қысым жоқ, еркіндік бар. Бұрын қысым болған кез де жақсы еді, қателеспей шығатын. Қазір еркіндікке жібергеннен кейін лағып кетуге болады. Ұлы тарихи фильмдерге барып жатыр, бірақ сол жерде көп режиссер өмір мен өнерді шатастырып алды. Өмірдің бәрі өнер емес, өнер – бір төбе. Көп нәрсені өнер жасау керек. Жібек пен Төлеген фильмдегідей киінбеген шығар, алайда көтермелеп, фантазия, әдемілікке қарай бет бұрған, бұл – кино. Ал солардың киімін зерттеп, өмірін зерттеп, соны тауып, суретке шығарса, ол – өмір. "Өмірде солай болған екен ғой" дейді, қазіргі жас режиссерлер осыны шатастырады", - дейді ол. 

Актерлікпен қатар режиссерлікке бет бұрған Асанәлі Әшімов Мұхтар Әуезов театры сахнасында "Амангелді", "Мен ішпеген у бар ма?", "Ақбілек", "Ревизор", "Фархад-Шырын","Қаза мен жаза" және өзге де қойылымдарды қойды. Ал "Қазақфильм" киностудиясында "Аждаһа жылы", "Шоқан Уәлиханов", "Жусан","Қозы Көрпеш–Баян сұлу", "Тұзды көл жағасындағы үй" фильмдерін түсірді.

"Актердің әр айтқанының астары болу керек. Сахна – ұлы өнер. Өкінішке қарай, көп актер жеңіл-желпі қарайды. Әр алған образыңды ауырлатуың керек. Қазір сериал деген шықты. Баяғыда "Қыз Жібектің" екі сериясын үш жыл түсіргенбіз. Қазір аптасына бір серия түсіреді. Көп нәрсесін ашпайды, оны сериал деп есептемеймін. Оның бәрін кино деп айтуға келмейді. Бізде батырлар жырынан бастап, мол мұра жатыр. Соны түсіретін режиссер жоқ", - дейді Асанәлі Әшімов.

Актер жастық шағынан бері күнделік жазады. 1Жас күнімізде көшіп-қонып жүріп, он бес шақты дәптерім жоғалып кетті" деп айтып отырады. Ал кейінгі жылдары аңыз адамның жазғаны кітап болып, баспадан шықты. Соның бірі алғашқы жары Майра Аймановаға арнап жазылған "Майраның әні" кітабы. Кітап 35 жыл отасқан жары қаза болғаннан екі жыл өткен соң 1995 жылы шықты. Одан бөлек 2007 жылы 5 томдығы мен 2008 жылы "С любовью Ваш Асанали Ашимов" кітабы жарық көрді. Сонымен қатар "Жан бөлек", "Алаштың Асанәлісі", "Менің жанрым - күнделік", "Ғұмыр-дария"кітаптары бар. 

Марапаттары

1970 жылы "Қазақфильм"киностудиясы түсірген "Атаманның ақыры" толық метражды екі бөлімнен құралған көркем фильмінде Асанәлі Әшімов басты рөлді сомдады. Бұл детектив жанрында түсірілген екі сериялы тұңғыш қазақ фильмі. Фильмдегі рөлі үшін 1972 жылы Әшімов Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығын алды.

Фильмді қойған – кинорежиссер Шәкен Айманов. Операторы – Асхат Ашрапов, композиторы – Еркеғали Рахмадиев.

1974 жылы "Қан мен тер" спектакліндегі рөлі үшін КСРО мемлекеттік сыйлығы берілді, 1976 жылы Қазақ КСР Халық әртісі атағы, 1980 жылы КСРО Халық әртісі атағы берілді.

2000 жылы тәуелсіз "Тарлан" сыйлығы, 2001 жылы мемлекеттік "Отан" орденімен марапатталды.

2007 жылы 70 жылдық мерейтойы қарсаңында "Парасат", "Құрмет" орденімен марапатталды.

2017 жылы Елбасы жарлығымен "Қазақстанның Еңбек ері" алтын жұлдызды құрметті атағы берілді.

Отбасы

Асанәлі Әшімов кинорежиссер Шәкен Аймановтың қызы, опера әншісі Майра Аймановамен 35 жыл некеде болған, Майра Шәкенқызы 1993 жылы дүниеден өтті. Екеуі студент кезінде отбасын құрған. Алғашқы жары жайлы Әшімов "Құдай Майраны мен үшін жаратқан" деп айтады. Екеуінің шаңырағында Мәди мен Сағи есімді екі ұл дүниеге келген.

Сағи Асанәліұлы төрт сериялы "Шоқан Уәлиханов" телефильміндегі Шоқан рөлімен көпшіліктің есінде қалды, ол 1999 жылы 38 жасында өмірден өтті.

Сәулетші болған ұлы Мәди Асанәліұлы 1959-1999 жылдары өмір сүрді.

Оқи отырыңыз: "Әкең өлді ме?!": Асанәлі Әшімов полицейдің ақшасын алып қойды

Ал актердің екінші жарының есімі – Гүлсім. Екеуінің 1980 жылы туған Олжас есімді ұлы бар. Майра Айманова дүниеден өткен соң екеуі шаңырақ көтергенімен, некесі ұзаққа бармады.

Актердің үшінші жарының есімі – Маржан, 1999 жылы екеуінің Сағина есімді қызы дүниеге келді. Екі жыл некеден кейін ажырасып кетті.

Народный артист СССР Асанали Ашимов
МКФ "Евразия"
Асанәлі Әшімов отбасымен

Асанәлі Әшімовтің төртінші жары - өзін емдеген Бағдат есімді дәрігер. Ол актерден 34 жасқа кіші. Екеуі 2002 жылы шаңырақ көтерді, 2008 жылы екеуінің Асанәлі есімді ұлы дүниеге келді.

"Бала тәрбиесі қиын. Атасы мен әжесінің тәрбиесі керек, әсіресе әжесінің. Халықтың еш халықтан кем болмауын тілеймін", - дейді Әшімов.

2654
Кілт сөздер:
өмірбаян, халық әртісі, қазақ киносы, Асанәлі Әшімов
Тақырып:
Өмірбаяндар (111)
Тақырып бойынша
"Проблема көп": Асанәлі Әшімов өзін қандай мәселе мазалайтынын айтты
Нүсіпжанов, Болманов, Әшімов: жас айырмашылығы бар жұлдызды жұптар – фото
"Сталин қос бұрымыма мақтау айтты": Роза Бағланова туралы не білеміз - фото
Қазақтың "Қыз Жібегі" Меруерт Өтекешова туралы не білеміз?
Асанәлі Әшімов: Қалекең құжатқа қол қоя білмейтін, тек бармағын басатын
Әсет Иманғалиев: Асанәлі Әшімовті сыртынан аңдып жүрдім
Шәмші Қалдаяқовтың ескерткіші

Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 90 жыл: композитордың өмірі жайлы қызықты деректер

32
Қазақстанның халық әртісі, композитор, қазақ мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың өмірбаянын Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз

Шәмші Қалдаяқов 1930 жылы 15  тамызда қазіргі Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылында дүниеге келген. Кіші жүздің Жағалбайлы руынан шыққан. Әкесі Қалдаяқтың шын аты Әнәпия болған, ал анасы төренің қызы  – Сақыпжамал. Әкесі дүниеге ұл келсе, оған Жәмшид патшаның атын қоямын деген екен. Бір күндері түсінде ұлының айдын көлден аққу құс болып жүзіп жүргенін көріп, жақсыға жорыпты.

Шәмшінің әкесі Қалдаяқ ауыл шаруашылығына қажет құрал-саймандарды жасайтын шебер, жаңқаға жан бітірер ұста болған, қобыз бен домбырада еркін ойнаған, қиссаларды жатқа айтқан. Композитордың әкесі мен анасы ән өнерінен құралақан болмаған, олар да туған жерінде той-думанның көркі болған деседі.

"Ежелгі заманда Жәмшид деген патша болған деседі. Патшаның ерекше айнасы болған екен. Сол арқылы бүкіл әлемді көре алған. Кейін келе қазақтар осы есімді өз ұлдарына берген. Шәмші Қалдаяқовтың шын есімі де Жәмшид болған. Фамилиясы да Қалдаяқов емес, басқа болған. Қазақта келіндер жолдасының бауырларын атымен атамаған. Ол кісінің аяғында қал болса керек. Содан Қалдыаяқов болып кеткен", - дейді есімтанушы Бердалы Оспан.

Шәмшінің анасы Естайдың "Құсни Қорлан" әнін ерекше ұнатып орындаған.

"Менің дауысым жоқ дейтін. Осы әнге ғана дауысым жетеді деп отырыс-жиындарда "Қорлан" әнін салушы еді",  - дейді Шәмші Қалдаяқовтың келіні Аманкүл Төрегелдиева естелігінде.

Шәмші Қалдаяқовтың өнер жолы

Шәмші Қалдаяқов мектепті бітірген соң Сарыағаштағы мал дәрігерлік техникумында білім алды. Оқуын бітірген соң 20 жастағы Шәмші Ақтөбеде сегіз ай еңбек етті. 1951-1954 жылдары Қиыр Шығыста әскери борышын атқарды.

"Әскери қызметте жүргенде 50 градус аязда ащы суды ішуді үйреніп кеттім. 1973 жылы ақпанда арақты қойдым" дейді Шәмшінің өзі. Оған біреулер сенеді, біреу сенбейді, бірақ шындық – сол. Одан кейін татып алған емес", - дейді Шәмшінің досы Еркінбай Әлімқұлов.

Ал Шәмшінің інісі Қадір Қалдаяқовтың айтуынша, әскерден келген соң Шәмші Мәскеудегі Чайковский атындағы училищеге оқуға түседі. 1954 жылы оны бітірместен, елге қайтып келеді. Анасы науқастанып жатып, баласын орыс болып кетеді деп қорқып, шақыртып алған.

Ауылға оралған соң үйірмелерге қатысып, клуб меңгерушісі болып қызметке араласа бастады. 1955 жылы Ташкенттегі Хамза Ниязи атындағы музыкалық училищеге музыка теориясы факультетіне қабылданды. Ол жерде іссапармен Ташкентке барған әнші Жамал Омаровамен танысады. Сөйтіп Шәмшіні Алматыға шақырады.Ташкенттегі оқуын бітірмей, Шәмші Алматыға көшіп келеді.

"Бойдақ кезінде мен Жамал апаның үйінде тұрдым. Ол кезде тұрмыс та нашар болатын. Тамақ, шай, су мәселесі студенттерге ауыр кез болатын. Жамал апаның үлкен баласы есебінде тұрдым", - дейді Шәмші Қалдаяқов бір естелігінде.

1956 жылы Қалдаяқов Құрманғазы атындағы консерваторияға оқуға түседі. Ол жерде алты жыл бойы бірінші курс студенті болып жүреді.

Екі мыңнан аса хат келді

Шәмші Қалдаяқов артынан 300-ге жуық ән жазып қалдырды. Сырға толы, мұңға толы нәзік, ырғақты әндері қазақ даласын алақанына салып аялап, әлі де тербетіп келеді.

"Арыс жағасында" әні бір жылдары радиодан беруге тыйым салынған. Бұрынғы әндеріне иірімдері ұқсайды деген желеумен көркемдік кеңестен өтпей қалады. Дегенмен сол кезде "Қазақ радиосының" музыкалық редакциясында жұмыс істейтін Нұрғали Нүсіпжановқа, Ескендір Хасанғалиевқа бұл ән ұнап қалады. Тәуекелге бел айлап, екеуі әнді жазуға кіріседі.

"Дыбыс режиссері шақырып алып, мына әнді өзіміз үшін жазып қояйық деген ой болды. Әнді жазып жатқанда, дауысын естіп қалып, есікті ашып, бірлі-жарым кісілер әннің тамаша екенін айтумен болды. Біз үндемей отырдық, себебі тәртіп қатаң болатын. Көркемдік кеңестен өтпеген ән эфирге жақындамауы керек", - дейді Нұрғали Нүсіпжанов.

Жазылып, дайын тұрған лирикалық ән байқаусызда радиодан беріліп кетеді.

"Ескендірге шаруамыз бітті, тәртіп бұздық, енді жұмыстан шығамыз деп айттым. Аптаның аяғында екі мыңнан аса елден хат келді. Әннің тамаша екенін айтып, жылы лебіздерін жазыпты, - деп еске алады Нүсіпжанов.

Саналы ғұмырында Шәмші Қалдаяқов Мұхтар Шаханов, Сабырхан Асанов, Қадыр Мырза Әли, Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Төлеген Айбергенов, Зәкір Шүкіров, Тұманбай Молдағалиев, Ғафу Қайырбеков сынды қазақтың дарынды ақындарымен жұмыс істеді.

Сазгер әндері 60-70-жылдардагы жастардың аузында жүрді. Халық арасында әсіресе отаншылдық, елшілдік туралы "Менің Қазақстаным" туындысы айрықша болды. 1986 жылы желтоқсан көтерілісіне қатысушылар Алматы алаңы мен көшелерінде Шәмшінің осы әнін ұран етіп шырқап шықты. 2005 жылы "Менің Қазақстаным" әні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны болып бекітілді.

"Ол тұс – Ақмоланы "Целиноград" атап, сол жақтағы бес облысты бір өлке етіп, оны Ресей жаққа бермекші болып жүрген кез еді. Осының алдында ғана Оңтүстік Қазақстанның нағыз қазақи үш ауданы Өзбекстанға берілген болатын. Қазақ жері осылайша бөлшектелгелі жатқанда, оның асқақтығын жырлайтын әнұран қажеттігін сезіндім. "Менің Қазақстаным" солай туды. Өлеңін Жұмекен Нәжімеденов жазды. Әнді радиоға Жамал Омарова жаздырды да, ол ән біздің өтінішіміз бойынша күніне бірнеше рет беріліп тұрды. Бұл менің қасиетті қазақ жерін бөлшектеуге білдірген қарсылығым еді", - дейді Шәмші Қалдаяқов естелігінде.

Отбасы туралы не білеміз

Шәмші Қалдаяқов жары Жәмиләмен 31 жасында отау құрады. Бұған сол кезде студенттік қауымды селт еткізген Шыңғыс Айтматовтың "Жәмилә" повесі себеп болыпты.

"Шәкең бойжеткеннің есімін сұрайды. Ол Жәмилә десе, өзінің Шәмші Қалдаяқов деген композитор екенін айтады. "Құдай куә, Жәмилә деген қыз кездессе, үйленемін деген уәдем бар еді. Қарсы болмасаңыз, бас қосайық. Отбасын құрайық деген", - деп еске алды композитордың досы Еркінбай Әлімқұлов.

Осылайша Шәмші мен Жәмиләнің шаңырағында екі ұл дүниеге келді: Әбілқасым және Мұхтар.

"Әкем қазақтың табиғатына жақын әндерді жазғандықтан халық жүрегінен орын алды. Ол – өте мейірімді, ақкөңіл болатын. Айналасындағы адамдарға үнемі қол ұшын беруге асықты. Үйге қонақ шақырғанды жақсы көретін. Бір сөзбен айтқанда, кеңпейіл жан еді. Қыста ешқайда шықпайтын, үйде отыратын. Ал көктем шыға салысымен, туған-туыс, достарын аралап кететін", - деп еске алады ұлы Мұхтар Қалдаяқов.

Шәмші Қалдаяқов жан досы Төлеген Айбергенов дүниеден өткен соң ақынның жары Үрнисаға үйленеді. Ақынның артында қалған шиіттей бес баланы қамқорлығына алады. Алайда Шәмшінің бұл әрекеті көпшілікке ұнамай, достары да теріс айналған.

"Шәмші Қалдаяқов әкемнің жақсы жолдасы болған. Бізді жетілдіремін, жеткіземін деп анама үйленді. Екеуі көп тұрмаған. Шамамен екі жыл тұрған", - дейді Айбергеновтің қызы Салтанат Айбергенова.

Шәмші Қалдаяқов өмірінің соңында Жамбыл облысындағы Дүнген ауылында тұрды. 1991 жылдың 16 қара­шасында дерті асқынып, ауруханаға түсті. Сол жылдың 29 желтоқсанында композиторға "Қазақстанның Халық әртісі" атағы берілді. Халқын сүйген, халқы сүйген сазгер 1992 жылдың 29 ақпанында көз жұмды.

2020 жылы Түркістан облысы Отырар ауданында Шәмші Қалдаяқовтың 90  жылдық мерейтойы қарсаңында композиторға арналған Қазақстандағы алғашқы музей ашылды.

32
Кілт сөздер:
композитор, Шәмші Қалдаяқов
Тақырып бойынша
Алаш идеясы тығырыққа тірелді: Байтұрсынұлы кеңес өкіметі жағына не үшін өтті
"Бұл не деген масқара!": Бейімбет Майлин туралы қызықты деректер
Абай Құнанбайұлы ұрпағының шежіресі
"Қазақ поэзиясының құлагері" атанған Ілияс Жансүгіров туралы не білеміз?
"Халық тағдыры – карта ойыны емес": Міржақып Дулатұлы жайлы қызықты деректер
Қазақтың жері қалай заңдастырылды: Әлихан Бөкейхан туралы қызықты деректер
Теңге

Шілдеге берілетін 42 500 теңге: әлеуметтік төлемге қалай өтінім беруге болады

8643
(Жаңартылды 14:31 18.07.2020)
17 шілдеде екінші карантинге байланысты табысынан айырылған қазақстандықтарға ең төменгі жалақы – 42 500 теңге мөлшерінде әлеуметтік төлем алуға өтінім беру басталды

Әлеуметтік төлем кімге беріледі және төлем алу үшін өтінімді қалай беруге болатынын Sputnik Қазақстан материалынан біле аласыз.

42 500 теңгені кімдер алады:

  • жалақысыз еңбек демалысына шыққан жалдамалы жұмысшылар;
  • жеке кәсіпкерлер;
  • жеке практикамен айналысып жүрген тұлғалар;
  • азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшартпен істеп жүргендер;
  • бірыңғай жиынтық төлемін төлеп жүрген жеке тұлғалар.

Өтініш беруге арналған порталдар:

  • egov.kz – "электронды үкімет" веб-порталы;
  • 42500.enbek.kz порталы;
  • "Электронды үкімет" telegram-боты;
  • Aitu мессенджерінде 42500.enbek.kz қосымшасы;
  • екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары мен интернет-ресурстары.

Egov.kz арқылы өтінім беру

Өтінім Egov.kz порталында "электронды өтініш" қызметі арқылы онлайн қабылданады. "Қызметтер" бөлімінде "42 500 төлеу" қызметін басу керек. Қызметкерлер ЖСН, жұмыс берушілер БСН енгізеді. Әлеуметтік төлемді төлеу туралы немесе төленбейтіні туралы шешімді Egov.kz порталындағы жеке кабинеттен көруге болады, сондай-ақ, ұялы телефонға SMS-хабарлама келеді.

42500.enbek.kz порталы арқылы өтінім беру

Сайттың жеке бөлімі enbek.kz базасында бір реттік SMS-парольдің көмегімен ЭСҚ-сыз (электронды сандық қолтаңба) 42 500 теңге әлеуметтік көмек алуға өтінім беруге болады. Мұнда жеке кәсіпкерлерден басқа барлық кәсіпорынның жалдамалы қызметкерлері жүгіне алады.

  • 42500.enbek.kz порталына кіру;
  • "42 500 жәрдемақы алу" тетігін таңдау;
  • Өтініш берушінің аты-жөнін, ЖСН, IBAN немесе жұмыс берушінің БСН теріп, e-mail көрсетіп, үлгіні толтыру;
  • Толтырылған үлгіні жіберу;
  • Жүйе телефон нөмірін көрсетуді сұрайды;
  • Телефон нөмірін SMS-хабарлама арқылы жіберілген кодпен растау керек;
  • Өтінім жіберілді.

Жіберілген өтінім мен жеке дерек өңделгеннен кейін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамында тексерілгеннен кейін өтінім беруші қабылданған шешім туралы SMS-хабарлама алады. Ақпарат төлем тағайындау және төлеу үшін МӘСҚ-ға беріледі.

Telegram-бот арқылы өтінім беру

  • Telegram-да @Help42500Bot ботын табу;
  • "42 500 төлеу" қызметін таңдау;
  • Жеке деректерді енгізу керек;
  • Өтінім "еңбек нарығы" ақпараттық жүйесіне келіп түседі, бір күн ішінде деректер тексеруден өтеді (бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілердің өтінімдері тексеруден өтпейді);
  • Ақпарат бір күн ішінде өтінімді өңдеу үшін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ-ға "Е-Макет" ақпараттық жүйесіне түседі;
  • "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы " КЕАҚ әлеуметтік төлем тағайындау және төлеу үшін МӘСҚ-ға өтінімді жібереді;
  • Telegram-бот төлем тағайындау туралы жауап жібереді.

Әрбір өңір бойынша жеке бот бар:

  1. https://t.me/NurSultan42500Bot
  2. https://t.me/Almaty42500Bot
  3. https://t.me/Akmol42500Bot
  4. https://t.me/Aqtobe42500Bot
  5. https://t.me/AlmaObl42500Bot
  6. https://t.me/Atyrau42500Bot
  7. https://t.me/ZKO42500Bot
  8. https://t.me/JambylObl42500Bot
  9. https://t.me/Karagandy42500Bot
  10. https://t.me/Kostanai42500Bot
  11. https://t.me/Qyzylorda42500Bot
  12. https://t.me/Mangystau42500Bot
  13. https://t.me/Turkistan42500Bot
  14. https://t.me/Pavlodar42500Bot
  15. https://t.me/SKO42500Bot
  16. https://t.me/VKO42500Bot
  17. https://t.me/Shymkent42500Bot

Аймақ бойынша ботты таңдаған соң, "start" тетігін басып, кім ретінде өтінім беріп отырғаныңызды көрсетіп, әрі қарай ЖСН (жеке сәйкестендіру нөмірі) теріп, 20 белгіден тұратын банк шотын (IBAN) теру қажет.

Айта кетейік, 42 500 теңге әлеуметтік төлем алуға өтініш 2020 жылдың 1 қыркүйегіне дейін қабылданады.

Өз қызметкерлеріне өтінім беретін жұмыс берушілер (заңды және жеке тұлғалар) үшін өтінім қабылдау 19 шілдеден басталады.

16 шілдеден бастап бірыңғай жиынтық төлемді төлеуші азаматтар үшін sms-хабарлама жіберу арқылы бір реттік төлемді тағайындау бойынша проактивті қызмет көрсетілді.

Қазақстанда қатаң карантин екінші тамызға дейін ұзартылды.

8643
Тақырып:
Төтенше жағдай және карантин
Тақырып бойынша
42 500 теңге: жұмыссыз азаматтарға не істеу керек?
Сарапшылар жәрдемақыны әр балаға төлеу жайлы: "42 500 емес, 73 000 болуы керек"  
"ЕСП" төлеп, 50 000 теңге ал": ақпаратқа қатысты түсініктеме берілді
42 500 теңге: өтінім сайт арқылы неге қабылданбай жатыр
42 500 теңгеден үміттілерге SMS жолданды: ақша қашан түседі
Кімдер 42 500 теңгеге өтінімді 19 шілдеден бастап береді?