Бексұлтан Нұржекеұлы

Жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы 1941 жылы Алматы облысының Панфилов ауданы Ақжазық ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітіргеннен кейін "Көктал" қой совхозында жұмысшы болып істеп, 1965 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдаған. 1965–1969 жылдары қатардағы мектеп мұғалімінен Панфилов аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, 1969–1972 жылдары Қазақстан ЛКЖО Орталық комитетінің нұсқаушысына дейінгі жоғары қызметтер атқарған.

Бексұлтан Нұржекеұлының алғашқы повесі 1968 жылы "Кінәлі махаббат" деген атпен "Жұлдыз" журналында жарық көрді. Кейіннен "Бір өкініш, бір үміт", "Жау жағадан алғанда" тағы басқа кітаптары, "Өзендер өрнектеген өлке" атты тарихи-этнографиялық эссесі жарық көрді. Бексұлтан Нұржекеұлы"Құрмет", "Парасат" ордендерімен және "Еңбектегі ерлігі үшін" медалімен марапатталған. Алматы облысы мен Панфилов ауданының құрметті азаматы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

Қаламгердің "Күй толғақ", 1972; "Күтумен өткен ғұмыр", 1974; "Бір ғана махаббат", 1982; "Өзендер өрнектеген өлке", 1984; "В ожиданий", 1985; "Ерлі-зайыптылар", 1987; "Жау жағадан алғанда", 1993; "Әйел жолы – жіңішке", 1998; "Ой ұшқын", 2003 атты әңгімелер мен повестер жинағы, романдары жарық көрген.