Бейімбет Майлин

Бейімбет Жармағамбетұлы Майлин 1894 жылы Қостанай облысы, казіргі Бейімбет Майлин ауданындағы Ақтөбе деген жерде дүниеге келген. Бір жасқа толмай жатып әкесінен, алтыға шығарда шешесінен айырылды. Жетімдік зардабын көп көрді. Байларға жалданып, жұмыс істеді. Көрші ауылдағы медреседе екі жыл сауат ашқан.

1911-1915 жылдар аралығында Троицк қаласындағы Уәзифа медресесінде, Қостанайдағы орысша-қазақша мектепте, Уфадағы Медресе Ғалияда білім алды. Медреседе белгілі татар жазушылары Мұхит Ғафури, Ғалымжан Ибрагимовтен сабақ алады, башқұрт ақыны Сайфи Құдашпен бірге оқиды. Денсаулығына байланысты оқуын аяқтай алмай, ауылға оралады.

1916-1919 жылдары мұғалім болады, жазушылықпен шұғылдана бастайды. Әңгімелері газет-журналдарға шығып тұрады. Мәселен, "Садақ" журналына "Шұғаның белгісі" әңгімесі жарияланды.

Бейімбет Майлин "Еңбекші қазақ" (қазіргі "Егемен Қазақстан"), "Ауыл", "Ауыл тілі", "Қазақ әдебиеті" газеттерінде жұмыс істеп, басшылық қызметтерін атқарған.

Беймбет Майлин сталиндік репрессия кезінде 1937 жылы алтыншы қазанда жазықсыз "халық жауы" деген жаламен қамауға алынып, 1938 жылдың 26 ақпанында НКВД-ның түрмесінде атылды.