Мұхтар Шаханов

Мұхтар Шаханов 1942 жылы 2 шілде күні Түркістан облысы, Төле би ауданы, Қасқасу селосында туған.  Қазақ ақыны, драматургі. Бірнеше өлең кітаптарының және халық арасына кең тараған бірқатар әндердің авторы. Балладалары мен поэмалары дүние жүзі халықтарының 20-дан астам тілдеріне аударылған. Өлеңдерінде философиялық ой басым. Мәтінін де, музыкасын да өзі жазған "Жұбайлар жыры", "Туған күн кешінде", "Гүл дәурен", "Мен саған ғашық едім" атты әндері жүртшылыққа кеңінен таныс.

"Махаббат заңы", "Сенім патшалығы", "Сократты еске алу түні" атты драмалары республикамызда және шетел театрларында қойылған. Ш.Айтмановпен бірлесіп жазған "Құз басындағы аңшының зары" атты эссе кітабы мен "Сократты еске алу түні" атты драмасы көптеген тілдерге аударылған. "Шыңғыс ханның пенделік құпиясы" драмалық туындысы негізінде Украинаның Довженко атындағы киностудиясы екі сериялы телефильм шығарды.

Мұхтар Шахановтың поэзиясының арқауы ана тілі тағдыры, халқының тағдыры. Ақын өз елінің мемлекеттік дәрежедегі сыйлықтарынан, «Халық қаһарманы» атағынан, орден, медалдарынан жүйелі түрде бас тартты.