Ілияс Жансүгіров

Ілияс Жансүгіров 1894 жылы 14 мамырда Алматы облысы Ақсу ауданында дүниеге келген. Анасынан ерте айырылған ол әке тәрбиесін көріп өсті. Әкесі Жансүгір аз ғана дәулеті бар, ескіше хат танитын, батырлық дастандар, тарихи оқиғалар мен аңыз-ертегілерді жақсы білетін, он саусағынан өнер тамған адам болған. 1912 жылы күзде Қарағаштағы "Мамания" мектебіне қабылданып, төрт жарым ай оқиды. Бірақ түрлі себепке байланысты оқуын тастауға мәжбүр болады. Білімге құштар жас Ілияс 1920 жылы Ташкент қаласындағы оқытушылар даярлайтын қазақ-қырғыз институтының екі жылдық курсына түседі. Осы уақыт аралығынжа "Ақ жол" газетінде корректор болып жұмыс істеп, Ғани Мұратбаевтың ұйымдастыруымен "Жас Алаш" газетін шығаруға  атсалысады.

1921 жылдың жазында қолына "институт мұғалімі" деген бір жапырақ қағазды алып, ауылына қайтады. Жетісуға оралғаннан кейін, Алматыда шыққан "Кедей еркі" газетіне бір-екі өлеңі басылған. Осы жылдың күзінде Талдықорған уезіндегі Белтоған ауылдық мектебіне мұғалім болып орналасады. 1923 жылы "Тілші" газетінде қызмет атқарды. Сол заманда жарық көрген "Жетісу әйелі", "Жас қазақ", "Сана", "Шаншар" газет-журналдарына материалдар жіберіп тұрған. Алайда олардың бірі басылса, енді бірі басылған жоқ. 1925 жылы Ілияс Жансүгіров Мәскеудегі журналистика институтына оқуға түседі.

Жансүгіров шығармалық жұмыспен қатар Қазақстан Жазушылар одағын ұйымдастыру ісіне де белсене қатысқан. Бұрынғы ҚазАПП (1926 жылы) таратылған соң, 1932 жылы Жазушылар одағын ұйымдастыру комиссиясының төрағасы болып сайланды. Қазақ әдебиетінің қалыптасуы мен алға басуына осы жылдары көп еңбек сіңірді. 1933-1936 жылдары Қазақ КСР Орталық атқару комитетінің мүшесі болды. 1935-1937 жылдар аралығында көркем әдебиет баспасында поэзия бөлімін басқарды.

1937 жылдың тамыз айында Ілияс Жансүгіров саяси қуғын-сүргін құрбаны болып, тұтқындалды. 1938 жылы шабыты шарықтап тұрған ақын 44 жасында ату жазасына кесілді. Нақақтан-нақақ атылған Ілияс Жансүгіровтің ақталғаны 1957 жылы 4 сәуірде жария болды.