ЭКСПО-ның ашылу салтанаты бұрын-соңды болмаған отшашумен аяқталды

315
(Жаңартылды 14:18 10.06.2017)
Бұрын-соңды болмаған отшашуды жүз мыңдаған адам тамашалады

"ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесінің ашылу салтанаты бұрын-соңды болмаған отшашумен аяқталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Бұрын-соңды болмаған ғаламат отшашуды Астана тұрғындары мен қонақтары, сондай-ақ тікелей эфир арқылы ел және әлем халқы тамашалады. Әсерлі көрініс ешкімді бей-жай қалдырмады. Ғажайыпты көріністі далаға шығып тамашалағандар керемет көңіл-күймен тарқасты.

Айта кетейік, ЭКСПО-2017 көрмесінің салтанатты ашылу рәсіміне  әлем елдерінің 20 мемлекет және үкімет басшысы, сондай-ақ көрмеге қатысатын мемлекеттердің ресми делегациялары келді. 

Көрменің ашылу салтанатынан бір мыңнан астам БАҚ өкілі ақпарат таратты. Оның ішінде шетелдік 800 журналист керемет шоудың куәсі болды. 

Бір қызығы, көрменің ашылу салтанатын бүгін ғана емес, басқа күндері де тамашалауға мүмкіндік бар. 600-ден астам адам қатысатын керемет шоу 10-14 маусым аралығында жұртшылыққа паш етіледі. 

Сонымен, көптен күткен ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі 10 маусымда қалың бұқараға есігін айқара ашады. Көрме үш ай бойы 10 қыркүйекке дейін жұмыс істейді. Көрменің тақырыбы – "Болашақ энергиясы". Ол баламалы энергия көздері, "жасыл" технологиялар және экологияны сақтап қалу мәселелеріне арналған. Көрмеде әлемнің үздік технологиялары мен тәжірибесі, баламалы энергия көздерін пайдалану саласындағы жетістіктер паш етіледі. 

115 мемлекет, оның ішінде АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Франция, Германия, Ресей, Жапония, Оңтүстік Корея секілді елдер бар, сондай-ақ 22 халықаралық ұйым ЭКСПО-2017 көрмеге қатысатынын ресми түрде растады. 

315
Тақырып:
ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі (87)