Аурухана, архивтегі сурет

COVID-19: әлемде не болып жатыр?

2623
(Жаңартылды 18:01 26.04.2020)
Sputnik Қазақстан коронавирус инфекциясына байланысты әлемде болып жатқан жағдайға шолу ұсынып отыр

НҰР-СҰЛТАН, 26 сәуір – Sputnik. Бүгінде әлем бойынша COVID-19 вирусын жұқтырғандардың саны 3 миллионға адамға жуықтады. Инфекция әр елде әрқалай таралып жатыр. Дегенмен, біразы карантин шараларын жеңілдетуге кірісті. 

Ұлы депрессияның көрсеткішіне жақындады 

АҚШ-та 1 мамыр күні карантин аяқталады. Алайда президент Дональд Трамп шектеу шараларын ұзартуы мүмкін. Оның сөзіне қарағанда, ең қиын жағдай жаздың басында болады. Сондықтан қауіпсіз кезеңге дейін  шектеу шаралары жалғаса береді. 

Дегенмен, қазірдің өзінде бірқатар штаттарда шектеу шаралары жеңілдетілді. Мысалы, Джорджия штатының губернаторы Брайан Кемп тату-салондар, шаштараздар, кинотеатрлар, боулингтер мен спа-салондардың ашылатынын мәлімдеді. Трамп бұл шешіммен келіспеді. Бірақ губернаторлардың өздігімен шешім қабылдай алатынын жеткізді. 

Бұдан бөлек, АҚШ президенті иммиграцияны уақытша тоқтату туралы қаулыға қол қойды. Оған сәйкес, грин-картамен көшіп келемін деушілер екі ай бойы елге кіре алмайды. Негізгі мақсат – жұмыс орындарын жергілікті тұрғындар үшін сақтап қалу және медициналық көмекті ең алдымен америкалықтарға көрсету.

Ресми мәліметке сәйкес, АҚШ-та жұмыссыздықтың деңгейі 20,6 жетіп, 1933 жылғы Ұлы депрессияның көрсеткішіне жақындады. Осы аптада Американың еңбек министрлігі карантин басталғалы жұмыссыздық жәрдемақысына өтінім бергендердің санын жариялады. Наурыздың ортасында 26 миллион америкалық жәрдемақыға өтінім жіберген. Ал карантинге дейін 7 миллион жұмыссыз адам болды. Осылайша, қазіргі кезде олардың жалы саны 33 миллионға жетті.

Шетелге шығуға рұқсат берді 

Еуропада Чехия бірінші болып бірқатар шектеулерді алып тастады. Тіпті, шекараны ашып, өз азаматтарына саяхаттауға рұқсат берді. Бірақ шетелге шыққандар келгесін коронавирусты жұқтырмағаны туралы медициналық анықтаманы көрсетуі тиіс, я болмаса, екі апталық карантинде отырып шығуы қажет.

Ал 27 сәуірден бастап Чехияда жоғары оқу орындарын ашылады. Бұдан бөлек, фитнес-орталықтар, зообақтар мен автомектептерге жұмыс істеуге рұқсат бар. Құдайға құлшылық ету шараларына 15 адамнан жиналуға болады. Ал көшеде 10 адам бірге емін-еркін жүре алады. 

Чехия шектеу шараларын біртіндеп алуға мүдделі. 11 мамырдан бастап сауда орталықтары, музейлер мен шаштараздар ашылса, тағы екі аптадан кейін қонақүйлер мен мейрамханалар қызмет көрсетуге кіріседі. Алайда төтенше жағдай режимі ұзартылады. Шектеу шараларын алып тастағасын оны да тоқтатады.

Сенімді тест жоқ 

Ұлыбритания халықты жаппай тестілеуден өткізу бойынша пилоттық жобаны қолға алды. Бастапқыда оған 20 мың отбасы қатысса, артынан 300 мыңға жетеді деген жоспар бар. Олар апта сайын мұрын мен жұтқыншақтан сынама тапсырып отырады. Осылайша, коронавирустың таралуына ауқымды зерттеу жасалмақшы.

Үкіметтің бас медициналық кеңесшісі Крис Уиттидің айтуынша, Ұлыбританияда әлі COVID-19 вирусының антиденелерін анықтайтын сенімді тест жоқ. Ал вакцина мен науқастарды емдеудің тимді әдістері дайын болмайынша шектеу шараларын алып тастауға болмайды.

Осы аптада Италияда індетті жұқтырғандардың саны азая бастады. Карантинге байланысты жұмыссыздық деңгейі өссе де, ауыл шаруышылығы саласына 350 мың жұмысшы жетіспей тұр. Осыған байланысты Италия үкіметі 600 мыңға жуық заңсыз мигранттарды ауыл шаруашылығы мен балық аулау жұмыстарына шығаруды жоспарлап отыр. 

Испанияда шектеу шараларын жеңілдете бастады. Балаларды далаға шығаруға рұқсат берді. Оларға медициналық бетперделер тегін таратылады. Ал Франция 11 мамырдан бастап карантин режимінен біртіндеп шығуды көздейді.

Коменданттық сағат жеңілдетілді 

Сауд Арабиясы бүгіннен бастап қасиетті Рамазан айына байланысты коменданттық сағатты екі аптаға жеңілдетті. Корольдің бұйрығына сәйкес, мамырдың 13-іне дейін көтерме және бөлшек сауда дүкендері ғана емес, сауда орталықтары да ашылады. Құрылыс компаниялары мен зауыттар уақыт жағынан ешбір шектеусіз жұмыс істейді. Бірақ Меккеде және тағы бірқатар аймақта қатаң тәртіп сақтала береді. Медина қаласындағы Пайғамдар мешіті де жабық болады.

Иранда вирустың қаупі төмен бизнес нысандары жұмыс істей бастады. Алайда мейрамханалар сияқты көпшілік көп жиналатын жерлер жабық. 5 мамырдан кейін билік мешіттердің жұмысына қатысты тиісті шешім шығармақшы. Әзірше, ол нысандар да ашылған жоқ.

Түркияда коменданттық сағат енгізілген. Аталған режим, көбінесе, демалыс күндері күшіне еніп тұрады. Алайда соңғы кездері жұмыс күндеріне де тарала бастады. Жақында түрік ғалымдары COVID-19 вирусына қарсы вакцинаның сынағын жануарларға сәтті өткізіп шықты. 

Сенбілік өтті

Соңғы бір аптаның ішінде көрші Ресей Федерациясында күн сайын 4,2-6 мың науқас тіркеліп тұрған. Вирусолог пен эпидемиолог мамандардың арасында коронавирустың шарықтау шегіне қатысты сан алуан пікірлер бар. Олар шектеу шараларын тағы екі аптаға ұзарту қажет деп санайды. 

Беларусьта науқастардың саны 10 мыңға жақындады. Алайда қатаң шектеу шаралары енгізіліп жатқан жоқ. Кеше республикалық сенбілік ұйымдастырылды. Ел президенті Александр Лукашенко Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсыныстарына қарамастан, сенбілікті өткізуді кейінге қалдырмады. Ал Украинада карантин 11 мамырға дейін ұзартылды.

Науқастардың саны 3 миллионға жақындады 

АҚШ-тың Джон Хопкинс университетінің мәліметіне сәйкес, әлем бойынша COVID-19 вирусын жұқтырғандардың саны 2 миллион 900 мыңнан асты. Коронавирустан 203 мыңнан астам адам қайтыс болды. Науқастардың саны жағынан алғашқы ондыққа көрші Ресей де кіреді. Олар: 

  • АҚШ - 939 249 науқас, 52 000 адам қайтыс болды
  • Испания - 223 759 науқас, 22 902 адам қайтыс болды
  • Италия - 195 351 науқас, 26 384 адам қайтыс болды
  • Франция - 159 952 науқас, 22 614 адам қайтыс болды
  • Германия - 155 782 науқас,  5 843 адам қайтыс болды
  • Ұлыбритания - 149 559 науқас, 20 319 адам қайтыс болды
  • Түркия - 107 773 науқас, 2 706 адам қайтыс болды
  • Иран - 89 328 науқас, 5 650 адам қайтыс болды
  • Китай - 83 901 науқас, 4 642 адам қайтыс болды
  • Ресей - 74 588 науқас, 681 адам қайтыс болды.

"Мына вирус бізбен ұзақ уақыт болады"

Осы аптада Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус коронавирусқа қатысты мәлімдеме жасап, COVID-19 вирусының әр жерде әрқалай таралып жатқанын жеткізді. Мәселен, Батыс Еуропада науқастардың саны біртіндеп азайса да, Шығыс Еуропа, Африка, Орталық және Оңтүстік Америка жерінде індет бәсеңдемей тұр.

"Көптеген мемлекет эпидемияның алғашқы кезеңіне ғана кірді. Ал вирусқа бұған дейін тап болған елдерде коронавирусқа шалдығу жағдайлары қайтадан басталды. Қателік жасамаңыздар, бізге ұзақ жолды еңсеру керек. Мына вирус бізбен ұзақ уақыт болады", - деді Гебрейесус Женевада өткен баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда, алдағы уақытта эпидемия қайта жандануы мүмкін. Сондықтан шектеу шараларын жеңілдетуге асықпау қажет.

Ұйым басшысы қазіргі жағдайды 1918 жылғы "испанка" деген эпидемиямен де салыстырған. Сол кезде 100 миллион адам қайтыс болды. Алайда бүгінде жаңа технологиялардың арқасында вирусты тоқтатуға мүмкіндік бар.

 

2623
Кілт сөздер:
әлем, коронавирус
Тақырып:
Коронавирус эпидемиясы (868)
Тақырып бойынша
Тоқаев карантин жайлы: халық біртіндеп үйінен шығуы керек
Назарбаев коронавирус пандемиясынан кейін не болатынын айтты 
Тоқаев телевизиялық үндеу жариялайды
Экономиканы қалпына келтіру бағдарламасын бастау қажет – Назарбаев
Назарбаев елге қандай адамдар қажет екенін айтты 
Зертхана қызметкері

Орталық Азия мен Кавказдағы биозертханалар: көзделген мақсат пен мүдде қандай?

45
Сарапшылар посткеңестік мемлекеттер сыртқы көмекке үміт артып, эпидемиологиялық жағдайға бақылауды жоғалтады деген пікірде

Мәскеу көрші елдердің биологиялық қауіпсіздігіне көптен бері алаңдап келеді. Ал америкалықтар Қазақстан мен Арменияда және Тәжікстанда биологиялық зертханалар желісін құрды. Әсіресе, Ресей билігінің Грузиядағы Лугар орталығына қатысты көптеген сұрағы бар. Мұның бәрі Вашингтонға не үшін қажет, деп жазады РИА Новости.

Әдейі рұқсат етілуі мүмкін

Қазақстанда алғашқы коронавирус инфекциясы наурыз айының басында тіркелген. Билік шекараларды жауып, төтенше жағдай жариялады. Республиканың оңтүстік-шығысында 2016 жылы америкалықтар салған биолабораториямен осы вирус байланысты болуы мүмкін деген қауесеттер де интернетте тарала бастады.

Алматы орталық зертханасы (АОЗ) Қазақстанға тән вирус штамдарын зерттеумен айналысады. Ол қазақстандық карантиндік және зоонозды инфекциялар ғылыми орталығы базасында жұмыс істеп, денсаулық сақтау министрлігіне бағынады. Бұл Пентагонның есебінен салынғанына қарамастан, ол Қазақстанның меншігі болып саналады. Ал АҚШ бұл нысанға 108 миллион доллар бөлді.

Вашингтон бұл әрекетін АҚШ әскерилері осы аймақты белгісіз вирустық инфекциялардан қорғауға көмектесіп, зерттеу жұмыстарын жүргізеді деп түсіндіреді.

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ), ТМД мен ШЫҰ саммиттерінде Мәскеу өкілдері америкалықтар бұл зертханаларды Ресей мүддесіне қарсы қолдануы мүмкін деп бірнеше рет мәлімдеді. Бірақ қазақстандық билік жергілікті биологтардың жұмысына ешкім араласпайтынын айтып сендірді.

"Шетелдік ғалымдардың қатысуына бірлескен зерттеулер жүргізіліп, гранттық жобалар жүзеге асырылған жағдайда ғана рұқсат етіледі", – деп мәлімдеді Алматы орталық зертханасы.

2018 жылы Қазақстанда менингитпен ауыратындар саны едәуір өскенде, менингококтық инфекция штаммының Алматыдағы орталық зертханадан шыққаны туралы айтыла бастады. Сол кезде журналистер мен блогерлер америкалықтар вирустың таралуына әдейі рұқсат берген деп жазды. Осылайша, олар зертханада жасалған бактериологиялық қарудың тиімділігін сынағысы келген деп болжанды.

Ал Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі індет жоқ деп сендіріп бақты.

"Қазақстанда менингиттің 58 жағдайы тіркелсе, олардың 32-і Алматыда. Егер салыстырмалы түрде есептейтін болсақ, ДДСҰ стандарттары бойынша бұл төмен көрсеткіш", – деп мәлімдеді ведомство.

Мұның коронавирус індетімен ұқсас тарихы бар. Билік конспирологияны жоққа шығарып, дүрбелең тудырмауға шақырды.

Жабық режимдегі жұмыс

Кеңес заманында Армян КСР микробиология институты осы саладағы ірі орталық болып саналды. 90-жылдары АҚШ пен Ұлыбритания институттың ғылыми әзірлемелеріне қызығушылық танытты. Сөйтіп, армян мамандары батыс елдеріне тағылымдамадан өтуге шақырылды.

Кейінірек америкалықтар осы аймақтарда бірнеше биологиялық зертхана ашуға көмектесті. Ақшаны Қазақстандағыдай Пентагон бөлді. Бір ғана армениялық ауруды бақылау және алдын-алу ұлттық орталығын қайта жаңғыртуға он миллион доллар жұмсалды.

Ереван, Гюрми, Ванадзор, Мартуни және Ижеванда салынған ғылыми орталықтар Кавказ аймағына тән вирустар мен штаммдарды зерттейді.

Зертханалар Арменияның денсаулық сақтау жүйесінің бөлігі болып табылғанымен, бұл АҚШ қорғаныс министрлігінің қауіптерді азайту жөніндегі агенттігі үшін қолжетімді. Онда жергілікті мамандармен қатар америкалықтар да жұмыс істейді.

Армениядағы биозертханалар жабық болу арқылы Мәскеудің сынына ұшырап жатыр. Өткен күзде премьер-министр Никол Пашинян күмәнді сейілту үшін ресейлік мамандармен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюға келісті. Келісімшарттың бүге-шігесіне дейін келісілгенімен, соңғы сәтте армян тарабы құжаттан бас тартты.

Қауіпті эпидемиология

2010 жылдары америкалық биологтар ҰҚШҰ-ның тағы бір мүшесі – Тәжікстанға назар аударды. Олар жұқпалы аурулардың өршуіне әкелуі мүмкін қолайсыз эпидемиологиялық жағдайларға алаңдады. Сөйтіп, батыстың бірнеше қоры зерттеу орталықтарын құруға ақша бөлді.

Сонымен, 2013 жылы Душанбедегі гастроэнтерологиялық институтта биологиялық қауіпсіздік зертханасы ашылды. Жобаны Қытай, Мьянма, Бангладеш пен Африкада осындай нысандарды салған француздық Мерьё  қайырымдылық қоры қаржыландырды.

Француздарға, әдетте БҰҰ мен АҚШ-тың халықаралық даму жөніндегі USAID қоры көмек көрсетті. Ал инвестиция көлемі үш миллион доллардан асты.

2019 жылы олар республикалық туберкулезге қарсы күрес орталығында зертхана құрды. Оған да USAID пен Пентагон демеуші болды. Жергілікті биологтар шетелдік әріптестерінің қатысуымен Орталық Азияға тән туберкулез, безгек, гепатит және тырысқақ сияқты ауруларды зерттейді.

Былтыр Тәжікстанның солтүстігіндегі Исфара қаласында тағы бір нысан ашылды. Ол туралы ақпарат аз, бірақ мұны да америкалықтар қаржыландырады.

"Коронавирусқа дейін Орталық Азияда эпидемиологиялық жағдай оңай болған жоқ. Гепатит, тырысқақ және туберкулез аурулары аймаққа тән сипатпен ушығатындықтан, жаңа биолаборатория қажет-ақ. Ал оған қаражат керек. Оны шетел көмегінсіз жүзеге асыру мүмкін емес", – деп түсіндірді РИА Новости порталына Душанбедегі саяси зерттеулер орталығының директоры Абдуғани Мамадазимов.

Тәжік сарапшысы америкалықтардың белсенді қызметінен күмән тудыратын нәрсені көрмейді.

"Олар әрдайым бірінші болып әрекет етеді. Егер коронавирус індетінен кейін Ресей, Қытай немесе ЕО аймаққа вируспен күресте белсенді көмек көрсете бастаса, республика билігі мұндайды қолдайды", – дейді сарапшы.

Грузин патогені

Грузия ҰҚШҰ құрамына кірмейді, бірақ Ресеймен шекаралас әрі Кавказда шешуші рөл атқарады. Ричард Лугар атындағы қоғамдық денсаулық сақтауды зерттеу орталығы Мәскеудің алаңдаушылығын тудырады. Ресей билігі Тбилиси маңындағы биолаборатория америкалықтардың мүддесі үшін әрекет етеді деп санайды.

Күдік бірден туындаған жоқ. 2018 жылы Грузияның бұрынғы мемлекеттік қауіпсіздік министрі Игорь Гиоргадзе лабораториядағы адамдарға эксперимент жасалуы мүмкін екендігін айтып, Лугар орталығында ондаған адам ем қабылдаудан соң, қайтыс болғанын растайтын құжаттарды жария етті. Ал ол жерде Пентагон тапсырысын орындайтын Американың үш жекеменшік компаниясы – CH2M Hill, Battelle және Metabiota биологтары жұмыс істеді.

Гиоргадзе зертхананың бактериологиялық қорғанысының жоғары деңгейіне назар аударды. Сонымен қатар, орталықта "зиянды заттар мен оқ-дәрілерді биологиялық белсенді материалмен бүркуге арналған жабдықтар бар. Халықты қорғауды мақсат еткен мекемеге мұндай нәрселер неге керек?" – деп сұрады экс-министр.

Ал Мәскеудегі сыртқы істер министрлігінің қарулануды бақылау және оны таратпау жөніндегі департамент басшысы Владимир Ермаков, Ресей өзімен шекаралас елде америкалықтардың биологиялық эксперимент жасауына төзіммен қарамайды деп мәлімдеді.

Ал өз кезегінде Пентагон Гиоргадзенің айыптауын сандырақ деп атады. Ресми Тбилиси болса, зертхана бейбіт мақсаттағы жобалармен айналысады, адамға тәжірибе туралы ешқандай да сөз жоқ деп сендірді. Грузия билігі Лугар орталығына ресейлік мамандардың кіруіне қарсы болмады. Бірақ, екі ел арасындағы өткен жылғы дағдарыстан кейін бұл жоспар жүзеге аспай қалды.

"Грузия ешқашан физика-химия немесе биология саласындағы зерттеулерге қызығушылық танытпаған. Бұл зертханадағы жоғары деңгейлі биологиялық қорғаныс мамандары туралы ақпарат көптеген сұрақ туғызуда. Мұндай ауыр қоздырғыштармен күресу неге керек?" – дейді РИА Новостиге биология ғылымдарының докторы, Сібір федералды университетінің профессоры Николай Сетков.

"Вектор" вирусология орталығының ғылыми жұмыстар жөніндегі бас директоры Александр Агафонов: "Лугар орталығында биологиялық қаруды әзірлеу және оларды жеткізу техникасы туралы тікелей ақпарат жоқ" екендігін айтады.

"Алайда, CH2M Hill, Battelle және Metabiota жеке компанияларының қатысуы мен олардың келісімшарттық міндеттемелері туралы, мысалы, күйдіргі, туляремия және Қырым-Конго геморрагиялық қызба вирусының қауіпті бактерияларын зерттеуі елеусіз қалмауы тиіс", – дейді ол.

Осылайша, агенттікке сұхбат берген сарапшылар посткеңестік мемлекеттер сыртқы көмекке үміт артып, эпидемиологиялық жағдайға бақылауды жоғалтады деген пікірге келді. Бұл ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, пандемия кезінде зертханаларға одан сайын сақтықпен қарай бастады. Бұл ақыр соңында құрылымдардың ашылуына негіз болады.

45
Кілт сөздер:
вирус, Орталық Азия, зертхана
Ресей монетасы

COVID-19 Ресейден ақша аударымдарына қалай әсер етті

38
Ақша аудару жүйелерінде биылғы көктемде трансшекаралық ағындардың көлемі төмендеген. Кейбір компанияларда сәуірде Ресейден көршілес елдерге аударымдар 50%-ке дейін азайып кеткен

НҰР-СҰЛТАН, 30 мамыр – Sputnik. Мұндай көрсеткіштер көптеген еңбек мигрантының еліне оралуымен немесе пандемия салдарынан жұмыссыз қалуымен байланысты болған. Sputnik ақша аударымдары нарығында не болып жатқанын анықтап, негізгі ойыншылардың саланы қалпына келтіру жөніндегі болжамдарын білді.

Сәуір айында аударымдар көлемі жартылай қысқарды

Сәуірде нарықта Ресейден көршілес елдерге трансшекаралық аударымдардың айтарлықтай төмендегені сезілді. Егер наурыз айында төмендеу 5-10% болса (2019 жылдың наурызымен салыстырғанда), онда сәуірде, "Золотая корона – Денежные переводы" сервисінің директоры Иван Ситновтың айтуынша, ол 50% жеткен. Мамыр айының көрсеткіштері 25-30% деңгейінде.

Осыған ұқсас үрдіс "Юнистримде"де тіркелді. Sputnik-ке халықаралық ақша аударымдары жүйелерінің президенті Ксения Чернышева хабарлағандай, 2020 жылдың сәуірінде ақша аударымдарының көлемі наурызбен салыстырғанда 34% -ке азайған. Мамыр айында сәуірмен салыстырғанда шамамен 10% көлемінде өсім байқалады.  

"Ресейден көрші елдерге трансшекаралық аударымдардың көп бөлігі – мигранттар тапқан және өз отбасыларына жіберетін ақша. Сәуірде көптеген шетелдік жұмысшы өз еліне оралуға мәжбүр болды немесе бос отырып күтті. Яғни, олар үйіне ақша жібере алмады", - деп түсіндірді "Финам" компаниялар тобының сарапшысы Алексей Коренев.

Western Union баспасөз қызметі, керісінше, сәуірде наурызбен салыстырғанда ақша аударымдарының төмендегені байқалғанын атап өтті. Бұл процесс қазір де жалғасуда.

Елдердің экономикаларына соққы

"ТМД елдерінің көпшілігі үшін Ресейден ақша түсімі бюджетті едәуір толықтырады. Бұл валюта кейбір сыртқы сауда операцияларын жүргізуді жалғастыруға көмектеседі. Сондықтан ақша аударымы үлкен рөл атқаратын елдер үшін, ең алдымен Қырғызстан мен Тәжікстан үшін экономикаға үлкен соққы болды", - деп қорытындылады Ситнов.

"Тәжікстан мен Қырғызстанның экономикасы Ресейден ақша аударымдарына айрықша тәуелді, бұл елдерде келетін ақша аударымдарының үлесі ІЖӨ-нің үштен бірін құрайды", - деп толықтырды Чернышева.

Ал трансшекаралық трансферттер көлемінің төмендеуі Ресей экономикасына әсер етпейді.

Саланы қалпына келтіруге не көмектеседі

Иван Ситновтың айтуынша, ақша аударымдары нарығының қалпына келуіне екі фактор әсер етеді: жеке тұлғаларға қызмет көрсету орталықтарын ашу және халықаралық әуе рейстерін қалпына келтіру.  

"Біз мамырда Мәскеуде карантинге байланысты кейбір шектеулер алынып тасталғанын, көптеген пункт жұмыс істей бастағанын, белгілі бір өсім бар екенін байқап отырмыз. Шекараларға қатысты айтсақ, олар маусым басында, адамдар Ресейге ақша табу үшін ұшып келуі тиіс кезде жабылған болатын. Шекаралар ашылғаннан кейін жағдай жақсарады. Бұл мүмкін бір айда, мүмкін екі айда болуы мүмкін, болжау қиын. Бәрі коронавирусқа қатысты жағдайға байланысты", - деді "Золотой короны" өкілі.

Алексей Коренев "ақша аударымдары сегменті еңбек нарығы қалпына келе бастаған кезде өзінің бұрынғы көрсеткіштерін тез қалпына келтіреді" деп болжайды.  

"Қазір құрылыс және жол жөндеу жұмыстары толығымен басталады. Жұмысшы күші қажет, демек мигранттар Ресейге қайтып келеді. Мәселе басқада – еңбек нарығы айтарлықтай өзгеруі мүмкін", - дейді сарапшы.

ТМД Экономикалық даму іскерлік орталығының бас директоры Владимир Савченко да ақша аударымдары "жағдай ушығып кетпесе екі-үш айда қалпына келетін" өндірістік белсенділікке тікелей байланысты екенін баса айтты.

38
Кілт сөздер:
коронавирус, Ресей
Тақырып бойынша
Қазақстан мен Ресей әлемдегі ірі азық-түлік жеткізушіге айналуы мүмкін – Келімбетов
Теңгенің тағдыры не болмақ – экономистер болжам жасады
ЕАЭО-да газ транзитіне бірыңғай тариф енгізіле ме?
"Біз үшін үлкен сын-қатер": Келімбетов мұнай бағасына қатысты пікір білдірді
Аурухана қызметкері

Қазақстанда тағы 476 адам коронавирус жұқтырды

502
Өткен тәулікте вирус жұқтырған 476 адам анықталды, өсім қарқыны 4,6 процентті құраған, ауырғандардың ең көбі Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында

НҰР-СҰЛТАН, 31 мамыр – Sputnik. Қазақстанда бір тәуліктің ішінде індетке шалдыққан тағы 476 адам тіркелді, деп хабарлайды жедел штаб.

"Өткен тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған тағы 476 адам тіркелді. Өсім қарқыны – 4,6%", - делінген хабарламада.

Оның ішінде:

  • Нұр-Сұлтан қаласы – 149 (7,6%)
  • Алматы қаласы – 117 (4,7%)
  • Қарағанды облысы – 44 (5,3%)
  • Батыс Қазақстан облысы – 41 (7,1%)
  • Маңғыстау облысы – 31 (13,8%)
  • Қызылорда облысы – 25 (7,2%)
  • Шымкент қаласы – 22 (2,7%)
  • Қостанай облысы – 12 (7,3%)
  • Атырау облысы – 12 (1,2%)
  • Жамбыл облысы – 7 (1,9%)
  • Түркістан облысы – 6 (1,7%)
  • Шығыс Қазақстан облысы – 5 (4,4%)
  • Алматы облысы - 4 (1,1%)
  • Ақмола облысы – 1 (0,7%).

Республикада вирус жұқтырғандар саны 10 858 адамға жетті. 5220 адам жазылып шықса, отыз сегіз науқас қайтыс болды.

502
Кілт сөздер:
коронавирус
Тақырып:
Коронавирус эпидемиясы (868)
Тақырып бойынша
Нұр-Сұлтанда коронавирус жұқтырған 14 науқас жансақтау бөлімінде жатыр 
Сұлтанғазиев қай облыстарда коронавирус жұқтырғандар саны артқанын айтты 
Дәрігер салонға барғанда коронавирус жұқтырудан қалай сақтану керектігін айтты
Кентауда коронавирус жұқтырған әйел дені сау бала туды