Көшеде бетпердемен жүрген қыз

23 млн адам вирус жұқтырды: әлем елдерінде не болып жатыр

426
Бейжің тұрғындарына көшеде маскасыз жүруге рұқсат берді, ал Берлинде мектеп оқушылары вирус жұқтыра бастаған, Ливанда тағы да жалпыұлттық карантин жарияланбақ – төрткүл дүниеде не болып жатқанын Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз

НҰР-СҰЛТАН, 23 тамыз – Sputnik. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы адамзат екі жылдан аз уақыт ішінде індеттен құтылады деп болжап отыр. Соңғы деректерге сүйенсек, әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 23 миллионға жуықтады, 800 мыңға тарта адам қайтыс болды. Карантиннен шыққан кейбір елдерде вирус қайта тарап жатыр.  

Оңтүстік Кореяда індет қайта өршіді

Бірнеше күннен бері Оңтүстік Кореяда вирус жұқтырғандар саны азаймай тұр. Егер бір апта бұрын күніне небәрі 20-40 науқас тіркелсе, ал қазір 200-300 адамға дейін барады.

Науқастардың көбі –  ел астанасында. Ауру ошақтарының арасында шіркеу де бар. Ғибадат үйінің басшылығы дәрігерлермен бірлесе жұмыс істеуден бас тартты. Корея үкіметі коронавирустың екінші толқынына жол бермес үшін шұғыл шаралар қабылдамақ. Билік заңға бағынбағандарды қатаң жазалауға уәде етті.

Тағы оқыңыз: "Ешкім кешірмейді": вице-премьер шұғыл шара қабылдауды тапсырды

Ел үкіметінің өтінішіне қарамастан, 15 тамызда Сеулде наразылық шерулері өтті. Акцияға мыңдаған адам қатысқан. Сарапшылар бірнеше күннен кейін вирус жұқтырғандар тағы көбейеді деп қауіптеніп отыр.

Індет қайта өрши бастаған соң, Сеулде музейлер, түнгі клубтар мен караоке-барлар жабылды.

Сонымен қатар, Кореяда ауру жұқтырған шетелдіктерді емдеу ережесі өзгерді. Енді кейбір шетелдіктер өз ақшасы есебінен емделеді.

Маска тақпауға да болады

Бейжің тұрғындарына карантин басталғалы алғаш рет көшеде бетпердесіз жүруге рұқсат етілді. Жергілікті билік Қытай астанасында вирус жұқтыру қаупі төмендегенін мәлімдеді: қалада екі апта бойы COVID-19 жағдайлары тіркелмеген.

Десе де, қала тұрғындарының көбі маска таққанды жөн көреді. Әлеуметтік ара қашықтықты сақтау талабы өз күшінде қалды.

Жуырда мемлекеттік Sinopharm корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Лю Цзинчжэнь қытайлық вакцина желтоқсан айының соңында нарыққа түсіп қалуы мүмкін екенін айтқан еді.

Жалпыұлттық карантин

Ливанда COVID-19 таралуына байланысты тағы да жалпыұлттық карантин және түнгі комендант сағаты енгізілді. Режим 21 тамызда күшіне енді, ол екі аптаға жалғасады.

Билік жаңа шаралар 4 тамызда Бейрут портында болған жойқын жарылыстың салдарын жоюға тартылған жұмысшыларға қатысты емес екенін мәлімдеді.

Тағы оқыңыз: Қырғызстан Қазақстан азаматтары үшін шекарасын ашты

Өткен аптада Ливанның денсаулық сақтау министрлігі елде бір тәулікте коронавирус жұқтырудың рекордтық өсімі тіркелгенін хабарлаған болатын.

БАҚ ақпаратынша, Бейрут ауруханалары қазір жарылыстан зардап шеккендерге толы. Осыған байланысты індетке шалдыққандарды емдеу қиынға соғып отыр.

Пандемия басталғалы Ливанда барлығы 9,3 мың адамда коронавирус диагнозы расталды. 105 науқас қайтыс болды.

Еуропа елдеріндегі жағдай

Германияда оқушылар мен мұғалімдер арасында вирус тарап жатыр. Берлинде кем дегенде 41 мектеп осыған қатысты алаңдаушылығын білдірген. Қалада білім ошақтары екі апта бұрын ғана ашылған еді.

Жүздеген оқушы мен мұғалім қазір карантинде. Ауру бастауыш, орта мектептер мен кәсіби училищелерде тараған.

Германияда жазғы демалыстан кейін мектептерді қайта ашқан қалалардың бірі – Берлин. Балалар дәлізде, үзілісте және сыныпқа кірерде маска тағуға міндетті. Ал сабақ кезінде бетпердені шешіп қояды.

Кейбір қалаларда, тіпті, мұғалімдерге оқушыны тақтаға шақыруға тыйым салынды. Дене шынықтыру сабағы тек далада, таза ауада өтеді. Созылмалы ауруы бар мұғалімдерге сабақты онлайн беруге рұқсат етілді. Бұған қоса, олар айына екі рет коронавирусқа тегін тест тапсыра алады.

Испанияда жағдай мәз емес. Соңғы айда вирус жұқтырғандар саны едәуір өскен.

Елдің денсаулық сақтау министрі Фернандо Симон коронавирус бойынша ахуал ойдағыдай емес екенін жеткізді.

Тағы оқыңыз: ДДҰ ұсынысы: балаларға қай жасқа дейін маска тақпауға болады

Инфекция, негізінен, жастардың әлеуметтік ара қашықтықты сақтамауының кесірінен таралуда.

Соңғы деректер бойынша Испанияда барлығы 386 мың адам дертке шалдықты, 28 838 науқас көз жұмды.

БАҚ мәліметінше, Францияда да жағдай көңіл көншітпейді. Үш-төрт күн бұрын елде 35 жаңа ауру ошағы анықталған.

Білім министрлігінің ақпаратынша, қыркүйектен бастап мектептерде 11 жастан асқан оқушылар маска тағып жүреді. Ал бастауыш сыныптарда мұғалім бетперде киеді.

Литвада бетпердеге қатысты жаңа норма күшіне енді. Енді тұрғындар барлық бұқаралық іс-шарада – көшеде немесе жабық ғимаратта болсын, және қоғамдық тамақтану орындарында маска тағуға міндетті.

426
Кілт сөздер:
карантин, коронавирус
Тақырып:
Коронавирус эпидемиясы (1537)
Тақырып бойынша
Қазақстанда бір тәулікте коронавирус пен пневмониядан 21 адам қайтыс болды
Коронавирус пандемиясы қашан аяқталады – ДДҰ басшысы болжам жасады
Еуропарламент эмблемасы

Батыс қырғи қабақ соғыстың жаңа кезеңіне аяқ басты

49
Батыс жариялаған жаңа қырғи қабақ соғыс мүлдем жаңа кезеңге аяқ басты. Антиресейлік үндеулер өзгеше ойлайтын, пікірі мен көзқарасы ресми идеологияға қарама-қайшы келетін топтардың ізіне түсуге ұласып жатыр

Осылайша, антиресейлік санкциялар мен шабуылдардың басты мақсаты Ресей емес екеніне барған сайын көзіміз жетіп келеді, деп жазады РИА Новости.

Еуропарламенттің Ресей мен оның саясатына қатысты соңғы үндеулері тым қатал, тіпті Ресей конституциясын өзгертуге қатысты талап та бар. Алайда, Еуропалық комиссияның басшысы Урсула фон дер Ляйен Еуропарламент мінберіндегі ресми баяндамасында Ресейді тек бір жерде ғана ауызға алады. Ол "Ресеймен тығыз қарым-қатынасты жақтаушыларға қауіп төнеді" дегенге саяды. Яғни, бұл Мәскеуге емес, Еуроодақ құрамындағы мемлекеттерге, әсіресе саяси топтарға қаратыла айтылған ескерту іспетті көрінді.

Батыс баспасөзінің Ляйеннің Ресейге қатысты айтылған бірауыз сөзін іліп алып, бірінші бетке "Еуроодақтың көшбасшысы Ресеймен байланыстан сақтандырады" деп шығарудағы басты мақсаты "Кремльге қарсы" тезистерді оқырмандардың санасына барынша ұялату екені анық.  

Ал ішкі оппозицияға деген қарсылықтың күрт өсуінен шындыққа тура қараудан, оны естуден туындаған қорқынышты аңғару қиын емес. Бұған Германияның өзінде еуропалық саясаткерлер көп айыптайтын оппозиционерлер мен "өзгеше ойлайтын топтардың" барған сайын айрықша құрметке бөленіп келе жатқанын мысалға келтіруге болады. 

Жақында бұл проблемаға немістің Süddeutsche Zeitung газеті назар аударды. Онда "Германияда Ресейдің мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарының ықпалы зор, бұл жерде Навальныйдың улануы көп қарама-қайшылық туғызды. Мемлекеттік телеарнаның неміс тіліндегі бөлімшесі саналатын RT Deutsch-тің мақалалары айрықша танымалдылыққа ие: Еуропаның сыртқы байланыс қызметінің деректері бойынша олар Германияның әлеуметтік желілерінде екінші орында тұр" деп жазылған.

Süddeutsche Zeitung авторлары мұндай жағдайдың неліктен болып жатқанын, сондай-ақ соңғы жылдары неміс газеттерінің танымалдығы неге күрт төмендеп кеткенін түсіндіре алмайды. Олардың пікірінше, ресейлік БАҚ-тың Еуропадағы басты мақсаты - еуропалық қоғамның ішінде  "күмән туғызу" екен. Сонда батыс журналистері қай кезден бастап мәселеге күмәнмен қарауды жаман ұғыммен теңестіретін болған? Демократияшыл Еуропа әрқашан тоталитаризм мен ресми ортақ пікірді айыптап келді емес пе? Ендеше, отандастары Ресейге қатысты көп айтылатын "улану" мен "ішкі саясатқа араласу" деген мәселелерді тек жергілікті газеттер мен телеарналардың ақпараттары бойынша ғана зерделемей, оның шынайылығына басқа БАҚ-ты саралай келе, көз жеткізгісі келсе, оған батыс журналистері мен саясаткерлері неге таңғалады?

Бұл тек Германияға ғана қатысты емес. Еуропаның қай елін алсаңыз да, жүйесіз БАҚ пен әлеуметтік желілерде "ресейшіл" көзқарастың неліктен соншалықты танымал екендігіне көз жеткізуге болады. Мысалы, чех сарапшысы Ян Шир мұны "журналистердің дайындығы мен кәсібилігінің кемшіндігімен" түсіндіреді. Демек, оларға "дұрыс бағыт беру" керек, дейді сарапшы.

Оның ойынша, мәселен, журналистерді Донбасс бүлікшілерін "сепаратистер" емес, "Ресей армиясы" деп атауға көндірсеңіз күткен нәтижеге қол жеткізуге болады.  Яғни, ең бастысы, оқырмандарға күмән мен күдік тудыратын "бұлыңғыр картина" ұсынбау. Ол үшін Чехия телеарнасының эфиріне күдік пен күмән тудырмайтын "дұрыс" сарапшыларды ғана шақыру керек, деп есептейді Шир. Бұған Навальныйға және оның улануына қатысты жәйтті мысалға келтіруге болады.

Шир және соған ұқсас сарапшылар кез келген ақыл-есі дұрыс адам Ресейдің "оккупанттары" немесе "улағыш Путин" туралы жазылған газеттерді оқи отырып, ерте ме, кеш пе мұндай "сенсациялық фактілердің" рас-өтірігін іздеуге тырысатынын түсінгісі келмейді.  Егер, оқырмандар газеттерден ештеңе таппаса, сөзсіз, басқа балама дереккөздерге жүгінері анық. Ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарының Еуропада көбірек танымал болуын міне, осымен түсіндіруге болады. Себебі, олар, ең болмағанда, белгілі бір мәселені әр қырынан қарастыруға және белгілі бір қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Ресеймен күресуші және Еуропаны "өзгеше ойлайтындардан" тазартқысы келетін батыс сарапшылары міне, осыдан қорқады.

Бұған осы аптада Италияның бірнеше аймағында өткен жергілікті сайлауды мысалға келтіруге болады. Тоскана аймағында оппозициялық "Лиганың" алдағы жеңісінен қорыққан ақпарат құралдары қайтадан антиресейлік үндеуді алға шығарып, "Ресейдің қаржыландыруы" туралы әңгімені еске түсірді. Негізгі "дәлел": бір кездері "Лигамен" байланыста болған электр компаниясы иесінің орыс әйелі бар және ол ақшасын Ресейге аударып отырған-мыс... Мұндай "жанжалдың" өзі "Лигаға" тағылған айыптарды жоққа шығарады, себебі антиресейлік айыптауларға сүйенсек, "ақша Ресейден келіп жатқан жоқ, керісінше Ресейге жіберіліп жатыр". Бірақ, олар оппозицияның Кремльмен қандай да бір байланысы бар деген әңгімеге қалай да оқырманын сендіргісі келеді.

"Лига" жетекшісі Сальвинидің осы жылдар ішінде ешкімнің одан "рубль де, қуыршақ матрешка да таппағаны" туралы мәлімдемесі Италияның либералды БАҚ-ы мен Брюссель саясаткерлерін еш қызықтырмайды. Оның осы сөзін өзіне қарсы қолданғысы келген еуропалық либералдар идеологтарының бірі Ги Верхофстадт Еуропарламенттің мінберінде тұрып Сальвиниді "Путиннен ақша алды" деп айыптайды.

"Менің ойымша, бізге "уағыз айтқысы" келетін мұндай адамдар Еуроодақты жойғысы келеді және ол үшін ақша алады", - деді Бельгияның бұрынғы премьер-министрі.

Шын мәнінде, ішкі оппозицияға қарсы бағытталған айыптаулардың дені осыған ұқсас келеді. Алайда, ол шынымен ресейшіл ме және оның Мәскеумен байланысы бар ма, жоқ па, ол жағы ешкімге маңызды емес. Ең бастысы – қарсыластардың аузын жабу. Мұндай айыптаулар Еуропаның біраз елінде әлдеқашан сыналған.

49
студенттер

Шетелдіктерге Ресейде білім алуға квота бөлу жүйесін реформалау керек - Примаков

17
Ресейдің білім беру саласының өкілдері шетелдік студенттерге оқуға түсуге квота ғана емес, стипендия мен грант беру керек деп отыр

 

МӘСКЕУ, 25 қыркүйек – Sputnik. Көршілес және Балтық елдерінің талапкерлеріне Ресейдің жоғары оқу орындарында тегін оқуға мүмкіндік беру форматын реформалау керек, деп есептейді Россотрудничество басшысы Евгений Примаков.

РФ мемлекеттік думасының депутаты Евгений Примаков осы жылдың маусым айының соңында Россотрудничество басшысы болып тағайындалды. Ол сол кезде ресейлік агенттік қызметіне үлкен өзгерістер енгізуге уәде берген еді.

Россотрудничествоның жаңа басшысы шетелдік азаматтардың Ресейдің жоғары оқу орындарында білім алуына мүмкіндік беретін квота жүйесіндегі кемшін тұстарды атап өтті.

"Квота саны артады. Президент олардың өсетінін айтты. 2023 жылға қарай квота мөлшерін екі есеге дейін көбейту көзделген. Бірақ, біз білім және ғылым министрлігіндегі, мемлекеттік думадағы әріптестерімізбен сөйлесе келе, квотаға қатысты тетіктердің өте тиімсіз болып отырғанына көз жеткіздік", - деді Sputnik агенттігінде берген сұхбатында Евгений Примаков.

Ол, бұл ретте, тегін оқу үшін квота көп бөлінген Беларусьті мысалға келтірді. "Бірақ Ресейдің тіпті Польшамен бәсекеге түсуі қиын болып тұр" дейді ол.

 "Поляктар студенттерге тегін оқуға түсуге ғана мүмкіндік бермейді, сонымен қатар,  түрлі стипендиялар мен гранттар бөледі. Егер біз алдағы уақытта тегін оқу жағын ғана қарастыратын болсақ, поляктармен бәсекеге түсе алмайтынымыз анық. Ал квоталардың ішінде гранттар мен стипендиялардың болуы үшін жүйені жетілдіруіміз керек. Яғни, біз жастарды оқуға шақырып қана қоймай, оларға ұшақ билетін ұсыну, баспанаға немесе жатақханаға ақы төлеу жағын да қарастырғанымыз жөн", - деді Примаков.

Агенттік басшысының айтуынша, Россотрудничество шетелдік студенттердің Ресейге келіп, білікті маман атанып, таңдаған саланың мықты сарапшысына айналуына мүдделі.  Алайда, қазіргі жүйе бұл жоспарды жүзеге асыруға мүмкіндік бермей отыр.

"Кейде Ресейге келген жастар қиын жағдайға тап болып жатады. Нәтижесінде аула сыпырушы, таксист болып жұмыс істеуге мәжбүр болады. Ал бұдан мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаржының дұрыс жұмсалмай отырғанын көруге болады", – деп түсіндірді Россотрудничество басшысы. 

Сонымен қатар, ол әлі күнге дейін квота бөлу жүйесін реформалаудың нақты жоспары әзірленбегенін, бұл мәселе әлі де талқыланып жатқанынын жеткізді. Бұл салаға реформа жүргізбей, мәселе шешілмейді деп есептейді Примаков.

2020 жылдың басында мемлекеттік думаның күн тәртібіне шетелдік студенттерге арналған квота санын 15 мыңнан 30 мыңға дейін арттыру туралы мәселе қойылды. Сол кезде думаның ТМД істері, еуразиялық интеграция және отандастармен байланыс жөніндегі комитетінің төрағасы Леонид Калашников студенттерге бөлінетін 15 мың квота Ресейдің халықаралық деңгейдегі рөлі мен гуманитарлық әлеуетіне сәйкес келмейтініне тоқталған еді.  Бұл ретте, ол тек Беларусь азаматтары үшін ғана 10 мың тегін квота бөлетін Польшаны, жыл сайын 5 мың Молдова азаматын ақысыз оқытатын Румынияны мысалға келтірген болатын.

Бүгінде Ресейге оқуға түсуге ниет білдірген шетелдік студенттердің өтінішінің саны 100 мыңға жуықтаған. Сондықтан, Ресейдің білім және ғылым министрлігі шетелдік студенттерге бөлінетін квота санын 30 мыңға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

 

 

17
Диктофон

Релизден бас тарту керек кәсіби PR маманының лайфхактары

0
SputnikPro сарапшысы онлайнды дамыту, ерекшеленуден қорықпау, адамдарға сену – БАҚ-ты алға жылжытудың негізгі ерекшелігі екенін айтады  

НҰР-СҰЛТАН, 25 қыркүйек – Sputnik. "Россия сегодня" медиа тобы баспасөз қызметінің жетекшісі Анна Старкова көрші елдердің журналистеріне неліктен релиз жазудан бас тарту керектігін айтып берді.

Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары іс-шараның ақпараттық серіктесі бола отырып, өзінің логотипін түрлі алаңдарда орналастыратын. Пандемия кезінде жағдай өзгерді. Өзін-өзі таныту үшін медиа топтың баспасөз қызметі ерекше кейстерді ойластыра бастаған.

Сарапшының бірінші ұсынысы: стандартты релиздерді жазу тәжірибесінен бас тарту.

"Адамдармен оларға түсінікті тілде сөйлесу керек. Кері байланыс орната бастасаңыз, ол нарықтың ойыншысы болсаңыз, сізді тыңдайды, сізге келіп, оқи бастайды", - деп санайды Старкова.

Сарапшының келесі кеңесі – бұқаралық ақпарат құралдары онлайнды ғана дамытпау керек.

"Мұны пандемия кезінде істей бастадық. Біз барлығы дерлік интернетті қолданатын әлемде өмір сүріп жатырмыз", - деп атап өтті маман.

Қазір, оның айтуынша, әлеуметтік желілердегі және мессенджерлердегі анонимділік танымал болудан қалып барады.

"Бізді ("РИА Новости" ХАА Телеграм каналы) оқи бастады, өйткені РИА Новости, мысалы, Лукашенконың инаугурациясында не болғанын айтты. Сол кезде ол жаңалыққа айналады, бұл тексерілген ақпарат. Шын мәнінде болған нәрсе, сыбыс емес", - деп атап өтті Старкова.  

Сарапшының тағы бір ұсынысы – ерекшеленуден қорықпау. Баспасөз қызметі пандемия жағдайында "трендтерді қарап, оларды батыл түрде пайдаланған".

"Сізбен бірге жұмыс істейтін адамдарға сенім арту керек, өйткені ең алдымен біреумен араласуың керек. Оларды алға жылжытуың керек, нәтижесінде сіздің брендіңіз алға жылжиды", - деп сендірді Старкова.

Кәсіби PR маманының бесінші кеңесі – дос болу.

"Бұл, шынын айтқанда, ең маңызды кеңес. Басқа ақпарат құралдарымен, баспасөз қызметтерімен, тіпті бәсекелестермен де достасу керек. Кофеге шақырыңыз, бранчи жасаңыз, лайфхактармен бөлісіңіз. Бұл бәріне қатысты", - деп есептейді ол.  

SputnikPro білім беру жобасының жиырма бірінші онлайн-сессиясына Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Молдова, Абхазия және Осетия БАҚ өкілдері қатысты.

SputnikPro – Sputnik халықаралық ақпарат агенттігі мен радиосының журналист, студент, баспасөз қызметі мен медиа саласында жұмыс істеп жүрген маман иелеріне арналған жоба. Оның мақсаты – тәжірибе алмасу әрі медиа саласында кәсіби байланысты нығайту.

0